Көгершіндей бола алмаған «көкек – әке»

02 ақпан 2017, 11:52

Өткен жылы ма екен, жоқ әлде одан арғы жылы ма әйтеуір сол бір сурет жадымда жатталып қалыпты. Ұмытпасам, сарша тамыз болатын. Құс балапаны қанаттанып, талпынатын уақыт. Терезеден қарасам, көгершіннің балапаны үлкен жолдың бойында қос қанатын рабайсыз қағып, ұша алмай шарқ ұрып жатыр екен. Жол үстінен іліп әкеткісі келген қос көгершін балапанын тырнағына іліктіре алмай әуре. Ерлісі-қарсылы ағылған көп машина. Тоқтаусыз өтіп жатыр. Жазықсыз жан иесі ғой. Жол үстінен алып тастағым келді. Мен үйден шыққанша балапанды әлдебір машина басып кетіпті. Жалғыз өзін ғана емес, құтқаруға келген ата-анасымен қоса. Ішім уылжып кетті. Қос көгершін балапаны үшін өз бастарын қатерге тігіп, опат болды.

Түйсіксіз аң-құс, хайуан да өз төлінен безінбейді. Бұғанасы бекіп, қанаты қатқанша асырап өсіреді, тіпті тәрбиелейді. Ал, саналы адамдардың арасында өздері дүниеге әкелген балаларынан безу, сәбилерді тағдыр тәлкегіне тастап, қарақан бастарын күйттеп кету – жылдан жылға белең алып барады. Алимент төлеу жайы бүгінде мемлекеттік деңгейде көтерілетін өзекті мәселе болып отыр. Өзектерін жарып шыққан өз балаларын асыраудан қашып жүрген «көкек әкелер» қатары көбейіп кетті.
Ақмола облысында бүгінгі күні 11 мыңдай бүлдіршінге алимент бойынша әкелердің қарызы жарты миллиард теңгеден асып кетіпті. Олардың арасында алиментті мүлдем төлемейтіндер аз емес. Осы орайда, алиментті өндіру сот орындаушылары мен құқық қызметкерлерінің бас ауруына айналып отыр. Рас, маскүнем болып кеткендер немесе екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүргендер алимент төлей алмасы белгілі. Мұндайлармен сот орындаушылары қанша жұмыс жүргізсе де ештеңе шықпасы анық. Бірақ, алимент төлемей борышқа батқандардың бәрі маскүнемдер мен жұмыссыздар емес. Олардың арасында тұрақты жұмысы барлар, кәсіпкерлер, тіпті, лауазымды тұлғалар да кездеседі екен. Олардың алименттен жалтаруы тұрмыс тауқыметінен, жоқшылықтан болып отырмағаны кім-кімге де түсінікті. Тіпті, алимент төлегісі келмей жұмыс берушімен келісіп, ақшаның көп бөлігін қолма-қол алып жүретіндер де бар дейді Көкшетау қаласының прокуроры Арман Ризанов. Өз балаларының аузынан жырып алып пайдаланған ақша мұндай «әкелерді» қаншалықты ұшпаққа шығарар дейсіз.
Жылдан жылға өсіп бара жатқан алимент қарызы мәселесін қалай шешуге болады? Көкшетау қаласының прокуроры Арман Ризановтың айтуынша, алимент бойынша қарыз көлемінің жыл санап артуына ең алдымен, сот орындаушыларының өз жұмыстарын дұрыс атқармауы себеп болып отырғанға ұқсайды. Осы мәселені тексеру мақсатында қала прокуроры арнайы бес қызметкерді бөліп, сот орындаушыларының қоржынында жатқан 1640 істі анықтап көріпті. Сонда мына жай белгілі болған: алимент төлемейтіндердің 700-і жұмыс істейді және тұрақты жалақылары бар екен, 113 адам көрсетілген мекен-жайда тұрмайтын болып шыққан, 153 борышкер басқа облыстың аумағына көшіп кеткен, яғни олардың ісімен сол өздері тұрып жатқан аймақтың сот орындаушылары айналысуы қажет. Сорақысы сол, сот орындаушыларының папкасында жатқан 105 іске қатысты борышкер әлдеқашан бұл дүниеден өтіп кеткен болып шықты. Өлгендердің ісі қысқартылуы тиіс болса да, ол сот орындаушыларының папкасында шаң басып жата берген.
Тұрақты жұмысы, жалақысы бар 700 ата-ананы сот орындаушысы өз құзыреті шеңберінде неге жауапкершілікке тартып, алимент қарызын өндірмейді? Сот орындаушыcына заң жүзінде кең құзырет берілген. Олар борышкердің мүлкін тәркілеп, есеп-шотын жауып тастаудан бастап, шетелге шығуына тиым салуға дейінгі шараларды қолдана алады.
Мәселен Астрахан ауданында тұратын В.Садчиков деген азамат ажырасқан әйелімен бірге тұратын екі баласы үшін көп уақыттан бері алимент төлемей, қарыз мөлшері 500 мың теңгеге жеткен. Содан сот орындаушысы оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Сол-ақ екен борышкер азамат екі күннің ішінде 500 мың теңге қарызын жабады. Сонша қарызды екі күнде жабуға шамасы жеткен адамның өз балалары үшін әлденеше айлап алимент төлемеуінің себебі неде? Мұның астарында ең алдымен, қайырымдылық, жауапкершілік сияқты адами қасиеттердің жоқтығы жатқаны анық. Қылмыстық іс ашылған сәтте содан қорқып қарызын екі күнде жапқан әкенің жүрегінде өзі дүниеге әкелген сәбилеріне деген әкелік сүйіспеншілік, мейірім сезімдерінің жоқтығы көрініп тұрғандай.
Қала прокурорының айтуынша, алимент қарызына батқандардың арасында лауазымды қызмет істейтіндер мен қалталы бизнесмендер де бар. Жұмысы жоқтықтан немесе тұрмысы төмендіктен алимент төлеуге шамасы жетпей жүргендерді түсінуге болар, ал бақуатты осындай азаматтардың өз балаларын ашқұрсақ қалдырып, қарақан астарын күйттеп жүргендерін қалай түсіндіруге болады?
Прокуратура ардагерлері кеңесінің мүшесі Оңғар Сүлейменов алимент төлеуден жалтарып жүрген «көкек әкелерді» ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жариялау қажет деп санайды. Суретімен әлгіндей борышкерлерді баспасөзде жариялап, теледидардан берсе, бетінде қытығы болса ел-жұрттан ұялып, мұндай қылықтан бас тартар еді дейді ардагер. Мұның қаншалықты жемісті боларын кім білсін? Дегенмен қатары күн санап өсіп бара жатқан борышкерлерді тезге салудың бір тәсілі ретінде пайдалануға болар бәлкім.
Статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, алимент төлеушілер қатары жыл санап өсіп бара жатқанға ұқсайды. Алимент қарызы көлемінің өсуіне борышкерлердің көптігі ғана емес, алимент төлейтіндер қатарының өсуі де әсер етіп отырғаны анық. АХАЖ мәліметіне назар салсақ, бүгінгі күні ажырасушылар саны үйленгендердің 60 пайызынан асыпты. Яғни, әрбір екінші жұп ажырасады деген сөз. Олардың көбеюі алимент төлеушілер санының өсуіне, осыған орай жетім балалар қатарының артуына ықпалын тигізіп отырғаны белгілі.
Ажырасушылардың дені үйленгеніне бір жыл болмаған жастар екен. Яғни, жастарымыз отау құрып, отбасы болуға дайын емес деген сөз. Бұған тұрмыстағы қиындықтардан бөлек, психологиялық жағынан жастарымыздың отбасылық өмірге дайын еместігі, жауапкершілік, төзімділік, байыптылық сияқты отбасылық өмірге қажетті қасиеттердің бойында бола бермеуі де әсерін тигізіп отырғанға ұқсайды. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, өткен жылы отбасында зорлық-зомбылық көрген 1330 әйел полицияға шағымданған. Отбасындағы зомбылық бүгінде отбасының ауқымынан шығып, мемлекеттік өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай отбасыларының әдетте түптің түбінде шаңырағы шайқалып жататыны белгілі.
Алимент қарызын болдырмаудың негізгі жолы ажырасушылар қатарын азайту екені айтпаса да түсінікті жай. Осы орайда, жастар арасында ұлттық дәстүрлеріміз бен салт-санамызды насихаттаудың мәні зор екені даусыз. Өкінішке қарай, мектепте оқытылатын қаптап кеткен пәндердің арасында ұлттық дәстүрімізге арналған сабақтың жоқтығы жастарымыздың отбасы құруды ойыншық санап, оған жеңіл-желпі қарауына ықпалын тигізіп жатыр. Қит етсе, Батысты үлгі етіп, содан үйреніп, жастарымыздың санасын да сол батыстық мәдениетпен улап жатқан біздер осының зардабын тарта бастаған секілдіміз. Ол жылдан жылға ажырасқандар санының көбеюі, тастанды балалар мен бауыр еті баласын тағдыр талқысына тастап, алимент төлеуден жалтарушылар қатарының өсуі түрінде көрініс беріп отыр. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ. Балаға деген мейрім жоғалған қоғамның болашағы да бұлыңғыр болмақ. Ендеше, ойланайық, ағайын.

Байқал БАЙӘДІЛОВ, Ақмола облысы

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды