Ит төбелестірудің кесірі

08 сәуiр 2016, 14:48

Қара күзден бері Қоныс пен Қайраттың басы қосыла қалса, әңгімесінің тақырыбы елдегі Есенбайдың Көкшетауға көшуі.

– Адам қалаға көшкеннен кейін жас кезінде келуі керек, – дейді Қоныс, – сонда қаланың тіршілігіне бірден бейімделіп, үйреніп кетеді. Әйтпесе жасы жер ортасынан ауғаннан кейін белгілі бір мамандығы жоқ адамға у-шуы көп қаланың не керегі бар?
– Дұрыс айтасың, – деп қоштап қояды Қайрат та, – Есенбай көп болса аула сыпырар, одан басқа неге жарайды.
Есенбайдың өз қайғысы өзінде. Әзірге ауылдағы малын сатқан ақшасы күнкөрісіне жетіп жатыр. Тек ауылдағыдай емес, қалалық жерде бойың сыймайды екен. Бірер күн ағайын-туысын аралады, бірер апта жора-жолдасының босағасын аттап, шаңырағына сәлем берді. Бірі жақтырды, бірі жақтырмады. Шақырылмаған қонақты қуана қарсы алатын ауылдағыдай ақ пейіл мұнда жоқ екен. Барар жері шектелген соң көрші-қолаңнан естіген қаланың жаңалықтарын жанына медет тұтып, сағыздай созылып өтпей қоятын уақытты өткеріп жүр еді. Бір күні Щучье қаласында ит төбелесі өтеді екен деген жаңалық сайтандай сап ете түскені. Көктен тілегені жерден табылған Есенбай қуанышы қойнына сыймай, көңілі алабұртып есіріп кетті. Щучье деген не тәйірі, жетпіс-ақ шақырым. Баяғыда елде озат механизатор болып жүргенде алған «Жигулиіне» екі немересін салып алып айтылған жерге жетіп барды. Барса иттің небір сырттаны осында екен. Ауылда тұрғанда бұл да ит баққан. Қол басындай қанден ит. «Итің жаман десе» намыстанатын қазақ емес пе, құрдастары өзіне мін таба алмай қол басындай қанден итін кеміткенде, бұл сөз тауып кететін.
– Түн баласы ауыз жаппайтын сақ, құтты қоңырау тәрізді, үйдің қасынан сабақты жіп жоғалмайды, – дейтін бұл, – тамақты да көп жемейді, бар болғаны жалғыз бауырсақ.
Ит төбелес­тіретін жерге нешетүрлі тұқым жиналыпты. Жүні түйенің шудасындай кавказ овчаркасы, ұрты жалбыраған, азу тісі ақсиған бульдог, әне біреуін қазақы төбеттер дейді.
– Ит – жеті қазынаның бірі. Қазынамызды осылай жұлмалап жатыр-ау, – деді біреу.
– Ит түгілі адамды да ережесіз белдестіріп, ақша үшін төбелестіріп жатқан жоқ па, осы Бурабайдың баурайында, – дейді екіншісі.
– Бұл еріккен байлардың шаруасы. Жарлы-жақыбай күнін көре алмай жатқанда осындай иттерді жүздеген мың теңгеге сатып алып, таза ет беріп асырап, сосын қанды қырғынға салады. Бәйгеге де кейбіреулер мың доллар бәс тігеді екен, – деді білетін біреу.
Ит төбелес аз-кем ереже белгілеп, бәйге тіккен соң басталып та кетті. Алдымен сауырында бұршақ таңбасы бар, құлағы мен құйрығы шорт кесілген қара төбет пен көкшулан төбелесті. Қара төбет мойны ересен жуан, басы қазандай, жұп-жұмыр ит екен. Аяқтары да сіңірлі, жуан. Екі көзі қып-қызыл. Алдында ит түгіл жолбарыс тұрса да тайынатын түрі жоқ. Көкшуланды ырылдап келіп, бас салды. Ырылдағанда да күркіреген дауыс көмейден емес, анау зор кеудеден шығып жатқандай.
Бойындағы әр түгі найзадай тіп-тік болып, ашу-ызасын, денесіне сыймаған долылығын байқатып тұрғандай. Атылып келді де зор кеудемен көкшуланды қапысыз соғып жіберді. Көкшулан оң бүйірлеп барып, омақаса құлады. Сол-ақ екен қара төбет шаптан алды. Зайыры бұрын жарып үйренген жырынды болды. Жұқа шапқа тісі бір тиіп еді, қара қан көкшуланның үстін жуып кетті. Ол да кеудесінде жаны бар ит емес пе, бұлқына шығып, тіреспекші. Бірден үстемдік алған қара төбет ауызды құлақ шекеге салды. Ақсиған азулар құлағы шорт кесілген шекеге найзадай қадалып босатар емес. Мына көріністі көргенде Есенбайдың қос немересі Аман мен Жолан шыңғырып жіберді. Көкшуланға жаны ашыды ма, әлде ауылдан көшкенде жұртта қалған қол басындай қара қанден естеріне түсті ме, екеуі көпке дейін солықтарын баса алмай еңкілдеп жылаған. Мынадан кейін Есенбайдың ит төбелес көріп, мауқын басар шамасы қалмады. Екеуі екі жағынан еңіреп жылап, етегін тарта берген соң ат басын қайтадан Көкшетауға бұрды.
Суық тиіп қалды ма екен Аманы мен Жоланы іңір қараңғысы үйірілген кезде ыстығы көтеріліп ауырды. Жәмилә әжесінің берген сүтінен кейін сәл-пәл тынышталып, көздері ілінді-ау. Бірақ түнімен Жоланы сөйлеп шықты. Жүйке дәрігеріне көрсету керек, – деді көршісі. Иттің төбелесін көріп, жүйкесі бұзылған ғой жүгірмектердің. Қан көрген деген оңай ма?! Жолы болғыр, Жоланды түсінде ит талап жатқандай. Ит дейді тістеніп, ит дейді ыңырсып. Таңертең Жәмилә әжесі үшкірді, аластады, келіні Күләнда дәрігерге әкетті екеуін. Есенбай енді қайтіп ит түгіл, күшік ұстаған жерге аттап баспасқа ант етіп отыр. Енді қайтсін.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде