jasqazaq.kz

Инвестициялық имиджге нұқсан келмесін

29 сәуiр 2022, 11:52

Two business partners handshaking flat vector illustration. Cartoon businessmen concluding agreement for success. Partnership, teamwork and negotiation concept

Жан-жақты сараптан өтпеген тәжірибе, салық пен заң саласындағы шалт қимылдар. Бұл кез келген инвесторды сөзсіз ойландырады. Әйтеуір, қолымызды кеш сермеп жүрмейік…

Ережені есепке алмау

Соңғы кезде қайсыбір саладағы ережелер мен регламенттерді «модернизациялау» керек деген идея жиі айтыла бастады. Бәлкім, игі мақсатты көздейтін де шығар. Бірақ мұндай «ойынның» арты неге әкеп соғатыны бастамашылардың миына да кіріп шықпайды.
Осы орайда біраз елдің тәжірибесіне көз салған артық болмас еді.

Капиталдың сыртқа ағылуы – кез келген экономика үшін қауіпті. Тіпті төрт аяғын тең басқан мығым экономика үшін де. Ойланбай жасалған оқыс қадам инвесторды үркітуі мүмкін. Асыра айтқандық емес, бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Өйткені ондай құбылыс ең алдымен әлеуметтік тұрақтылыққа соққы болып тиеді.

Әрине, түйткіл өзінен-өзі туындамайды. Әдетте оған салық немесе экономикалық қызметті реттеу саласындағы әлеуметтік-популистік тәжірибелер түрткі болады. Сондай тәжірибені қолға алдың екен, бітті. Инвестор атаулы елден кетіп, капитал сыртқа жылыстай бастайды. Кез келген инвестор үшін, кәсіпкерлердің тілімен айтқанда, ойын ережесінің бұзылуы тұрақтылықтың шайқалуы дегенді білдіреді. Тұрақсыздық салықтың жоғарылауынан да жаман, ол бәрінен де жаман. «Ереже өзгереді» деген хабардың өзі осы кезге дейін салық және инвестиция жұмағы болып келген мемлекеттен кетуге мәжбүрлейді.

Капиталдың сыртқа әкетілуіне төмендегідей шешімдер ықпал етеді:
• салықты реттеудегі «конфискациялық» ұстаным
• банк жүйесіне сенімсіздік таныту
• бизнес жүргізуге кепілдік беретін біртұтас және мығым заңнамалық базаның болмауы
• мемлекеттік басқаруға кездейсоқ саяси факторлар мен популистік идеялардың әсер етуі.

Мұның ақыры қандай болмақ? Тәжірибе көрсеткендей, бюджет түсімін ұлғайтуға ұмтылу, сайып келгенде, кірісті кемітеді. Бизнес мұндайда өзіне қолайлы жаққа ойысуға ыңғайланады. Мәселен, офшорға. Иә, мұндай тәжірибенің нәтижесі жақсы емес: инвесторлар қашады, капитал сыртқа ойысады, инвестиция азаяды. Осының бәрі әлеуметтік коллапсқа әкеп соқтырады.

Негізі капиталды сыртқа әкету – күрделі де көп сатылы технология. Бизнес иелері түрлі қитұрқылыққа барады, небір амал-айланы ойлап табады. Қаржы транзакциялары түрлі елдегі бірнеше компаниялар арқылы өтуі мүмкін. Соның бәрі офшорға апарады.

Дамыған елдердегі көптеген компаниялар әр кезде салық жүйесінің тұрақсыздығы мен қатал регламенттен қашып, капиталын офшорға әкеткені мәлім. Биліктің бизнеске салық жүгін көбейтуі (әдетте бәріне емес, шенеуніктерге табысы жоғары сияқты болып көрінетін жекелеген бөліктеріне) капиталдың сыртқа жылыстауына түрткі болады. Мексика, Бразилия, Түркия, Ресей және өзге де ірі дамыған елдер әр кезеңде осындай жағдайды бастан кешірді.

Инвестор үшін жұмақ

Бизнес орта мен салық климаты тұрақты біздің еліміз осы кезге дейін инвесторлар үшін жайлы болды. Көрші елдермен салыстырғанда, бізде бизнесті реттеу мен салық саясаты қай жағынан алып қарасаң да тиімді. Әрине, мұндай мемлекет – инвесторлар үшін нағыз жұмақ. Сондықтан жоғарыда айтылған кейбір елдердің тәжірибесін бізге қайталауға болмайды.

Қазақстан көп жылдар бойы инвестициялық климаттың классикалық жағымды үлгісі саналады. Өйткені салық тым жоғары емес, нақты және тұрақты регламент бар. Бұл біздің үкіметімізге шетелдік, сондай-ақ жергілікті капиталды көптеп тартып, басымдық берілетін салаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Шетелдік инвестиция негізінен мұнай саласында десек те, инвесторлар туризм және ойын-сауық бизнесіне, банк секторына, инфрақұрылым, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығына да қызығушылық танытуда. Біздің еліміз инвестор атаулыға қолайлы болғандықтан, 2008-2010 жылдардағы әлемдік дағдарыс кезінде де экономика тұралаған жоқ. Экономикасы дамыған ірі мемлекеттер тығырыққа тап болғанда, біздің экономика өсіп жатты. Бұрын қызығушылық танытпаған компаниялар келе бастады. Дәл осы қазақстандық реттеу әдісі экономиканы капиталмен толықтыруға мүмкіндік беретін артықшылыққа айналды. Әлбетте, мұның бәрі елдің өсіп-өркендеуіне септігін тигізеді. Ережемен ойнағысы келетін тәжірибеқұмарлар шыққанға дейін…

«Жер астынан жік шықты»

Жекелеген салада «бірдеңені өзгерту» идеясы жоқ жерден пайда болмайды. Шындығын айтқанда, мұндай идеяның ешқандай стратегиялық мағынасы да жоқ. Ол тек популистік мәнге ие.
Кейбір экономистер ойын-сауық және туристік салада (нақты айтқанда, ойын-сауық индустриясында, оларды бұрынырақта екі арнайы экономикалық аймақ деп бөлек шығарған) ережені өзгерту идеясын талқылағанда, жекелеген мүдделі топтардың лоббистік пиғылы бар екенін айтады. Олардың мемлекеттік басқару мен реттеу саласына қатысы да жоқ.

Бұлар – мықты қорғаушысы бар бизнес-құрылымдар. Нақты айтқанда, мемлекеттік жобалардың арқасында күнелтуге дәндеген топтар. Олар өз лоббистеріне сүйенеді. Ондай пысықайлар саусағын да қимылдатпай ақша табу үшін жуырда ғана Мемлекет басшысы сынаған «бүркеме» кеңселер мен компанияларды пайдаланады. Олар қайтсе де өз пайдасы үшін бұрыннан қалыптасқан ережелер мен талаптарды өзгертуге ұмтылады.

Дегенмен түйткіл оларға қарап тұрған жоқ. Бұл құрылымдар ештеңе шешпейді де. Бірақ олардың популистік ұраны қолдау тауып кете ме деген қауіп бар (соған да жетіп қалды). Егер олардың идеясы қолдау тапса, онда біздің инвестициялық тұрақтылығымызға нұқсан келгені келген. Тек ойын-сауық қана емес, басқа салаларда да инвесторлар арасында дүрбелең басталады.
Бүгінде әлгі топтар тықпалап отырған идеялар мен бастамалар әзірге тар сипатта. Олар букмекерлік бизнес саласын «жаңаша» реттеуге бағытталып отыр. «Жаңалық» авторлары букмекерлер мен олардың клиенттеріне әлдеқандай салық салмақшы. Ал ол ақша жеке бір ЖШС-ның қоржынына құйылады. Айналып келгенде, олар пайда табудың классикалық формасын енгізбекші.

Бәлкім, букмекерлік және ойын-сауық индустриясына бұл соншалықты өзгеріс әкеле қоймас. Кілтипан басқада. Егер осы ат төбеліндей топтың идеясын шынымен-ақ заңға енгізсе, тағы да қайталап айтамыз, инвесторлар мазасыздана бастайды. «Есің барда, елің тап» деп тайып тұруы да ғажап емес.

Өйткені инвестор ертеңгі күні өздерінің бизнесіне қай жақтан соққы тиетінін күтіп отырмайды ғой. Ойын-сауық индустриясы бюджетке миллиардтаған табыс құйып, қарқынды өсіп жатқан шикізаттық емес сала екенін айту керек. Бүгін осы салаға жаңа ереже енгізілсе, ертең қай салаға кезек келеді? Тәжірибеқұмарлар мұнай, металлургия немесе машина жасау саласында да ережені өзгерту керек деп шықпасына кім кепіл?

Қарап отырсақ, популистік идеяны жалаулатқандар – экономиканың иісі мұрнына да бармайтындар. Бұл адамдар тіпті нені «реттегісі келетінін» де білмейді! Осы мәселені көтеріп жүрген кейбір депутаттар мен шенеуніктер букмекер мен ойын индустриясын ажырата да алмайды. Басқасын былай қойғанда, лото, казино немесе тотализатор дегенді букмекерлік кеңседен айыра алмайды! Олар букмекерлік бизнестің бюджетке қомақты қаржы түсіретінін естімеген сияқты. Әрине, мұнай мен металлургиямен салыстыруға да келмейді. Дегенмен тұншықтыратындай аз да емес. Оның үстіне, бұл салада ірі шетелдік инвесторлар да бар. Демек ереже өзгерсе, шетелдегі бүкіл инвестициялық қауымдастық құлақтанады деген сөз. Елде жұмыс істейтін басқа бизнеске де құлаққағыс. Түркия мен Мексика сияқты, капитал жаппай офшорға ағылғанда, ел экономикасына тиімді болмайтыны айтпаса да түсінікті.

Мамандардың айтуынша, ойын-сауық индустриясында жаңа регламент енгізілген жағдайда, бір апта өтпей-ақ бизнес ортада дүрбелең басталады. Оған жол бермес үшін, қайдағы жоқ, күмәнді компанияларға жұмыс істейтін популист-лоббистердің аранын жабатын кез келген шығар?

Олжабек Байқуатов

09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады