Мойынқұм ауданының көлемі – бүкіл Жамбыл облысы жерінің 42 пайызын алып жатыр. Мұнда адам игілігіне керекті табиғи ресурстардың бәрі бар. Оны игеру бұрындары там-тұмдап қана қолға алынса, еліміз Тәуелсіздігін алғалы бері Мойынқұм қазынасына мықтап бет бұрылды. Көптеген жаңа кен орындары ашыла бастады. Соның бірі – Мыңарал цемент зауыты. Біз «Мыңарал тас компани» ЖШС бас директоры Мұртаза Бұлұтаймен сұхбаттасқан едік.
Жас қазақ: Мұртаза мырза, сіз белгілі дінтанушы ғалымсыз. Түркия мемлекетінде тұрып келгеніңізді де білеміз. Ал еліміздің тәуелсіздігін алған сәті есіңізде сақталды ма? Оны қалай деп бағалайсыз?
Мұртаза Бұлұтай: Тәуелсіздікке қол жеткізген күн – менің есімнен мәңгі шықпас зор қуанышым еді. Алғашында Қазақ ҚСР-ның егемендігі 1990 жылы жарияланғанда төбеміз көкке жеткендей болды. Одан кейін одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін жариялап жатқанда «Қазақстан неге кешікті?» деп уайымдағаным есімде. Дәл тәуелсіздік жарияланған күні мен Түркияның Бурса қаласындағы кәсіпкерлердің жиналысында отыр едім. Телеарналардан Қазақстан тәуелсіздігін жариялады және Түркия оны бірінші болып таныды дегенді естігенде жиналысқа қатысып отырған түрік бауырларымыздың орнынан тұрып, мені құшақтап, құттықтап жатқаны әлі көз алдымда. Сол жерде әрбір фирманың атынан жеке құттықтау хат ұйымдастырып, Алматыдағы Президент аппаратының факс нөміріне жібергеніміз бар. Мен де Еуропа және Түркиядағы қазақтар атынан Елбасын құттықтап, хат жазып, оны факс және телеграмма арқылы жөнелттім. Міне, содан бері жүйткіген желдей 25 жыл өте шыққан екен. Тәу етіп келген Тәуелсіздігіңнің өмірі мәңгілік болсын, сүйікті елім Қазақстаным! – деймін, шын жүректен.
– Мойынқұмдықтар үшін негізгі күнкөріс көзі – мал. Ежелден бері солай. Кеңестік кезеңінде еліміздегі мал шаруашылығы дамыған бірегей аудан тәуелсіздік жылдары біртіндеп өндіріске де бет бұра бастады. Бүгінгі таңда аумағынан алтын, күміс, гранит, барит, көмір, қорғасын, цемент, тұз өндірілуі ауданның атын алысқа танытуда. Өңірде жаңа индустриялық жобалар іске асырылып, көптеген кәсіпорындар өз жұмыстарын қыздыра түсуде. Мемлекет қолдауымен жер қойнауынан өндірілетін қазба байлықтарды өзімізде өңдеп, дайын өнім шығара білу – бұл үлкен олжа деп білемін. Егемендіктің арқасында бұл істі де сәтімен үйлестіріп отырмыз. Өндіріс өркендеуінің – елімізді Мәңгілік елге айналдыруына зор ықпалы бар. Сонымен қатар биылдан бастап, нақты жүзеге асуының тәжірибелік кезеңі басталған 5 халықтық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан да елдің күтері көп. Бұл тұрғыда да, әлемдегі дамыған 30 елдің шоғырына ену мақсаты көзделуде.
Жас қазақ: Цемент зауытының қазіргі жағдайымен таныстырып өтсеңіз?
Мұртаза Бұлұтай: Үстіміздегі жылдың шілде айында өткен телекөпір барысында Елбасының жамбылдық кәсіпкерлер ісіне риза болып: «Мойынқұмдағы жаңа өндіріс орындары өте қуантады. Себебі әр уақытта Мойынқұм халқы аз, жағдайы нашар, суы жоқ жер еді. Қазір осынау өзгерістерге бет алып, халық сонша жұмыс алып, азаматтар өндіріске тартылғаны мені өте қуантады», – деуі ауданымыздың шын мәніндегі өндірісті өңірге айнала бастағанын тағы да дәйектей түсті. Өзім басшылық етіп отырған – Мыңарал цемент зауыты да тәуелсіздігіміздің жемісі. Қазақ жерінде дәл мұндай ірі өндіріс орны бұрын-соңды болған емес. Біз бұрындары тек шикізат дайындаумен ғана шектеліп келдік. Ендігі жерде жерасты қазба байлығымызды: алтынды да, күмісті де, басқасын да – өз жерімізде өндіріп, өңдеп, экспорттауға әлеуетіміз бен мүмкіндігіміз әбден жетеді. «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС – бұл алғашқы Қазақстан-Франция бірлескен ірі цемент зауыты, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы басымдыққа ие жобалардың бірі. Бізде өндірілген цемент сапасы қазақстандық және еуропалық сапа стандарттарына әбден сай келеді. Өндіріс орны қоршаған ортаны қорғау бойынша алдыңғы қатарлы технологиялармен жарақтандырылған. Зауыт экологиялық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік нормалар мен талаптарға толықтай жауап береді.
Сонымен қатар кәсіпорында жеке сынақ зертханасы жұмыс жасайды. Цемент сапасы сағат сайын бақыланады. Кәсіпорын өнімі міндетті мемлекеттік сертификаттаудан өткен. Жеке теміржол паркіміз өнімдерімізді еліміздің кез келген аумағына жеткізу мәселесін жедел әрі еш кедергісіз шешуге мүмкіндік береді. Тапсырыс берушілер қажетті цемент түрлерін қалаған көлемінде сатып ала алады.
Жас қазақ: Зауыт жұмыс мүмкіндігін қаншалықты игере алады? Мамандардың біліктілігін арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Мұртаза Бұлұтай: ХХІ ғасыр – білімнің заманы. Сондықтан, жұмысшыларды оқыту және біліктілігін арттыру мәселесіне де айрықша назар аударумен келеміз. Біздің негізгі инвесторымыз – «Vicat» француз тобының білікті мамандары кәсіпорын ішілік тренингтер өткізіп отырады. Барлық техникалық мамандар және инженерлер үшін міндетті оқу-үйрену және біліктілікті арттыру курстары, қызметкерлерді қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау бойынша оқыту қарастырылған. Жалпы, жұмысшыларға жағдай жасау – жауапты міндеттеріміздің бірі.
Былтыр зауытымыз 1 миллион 300 мың тонна цемент өндірді. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын толықтай игеріп, еліміз нарығын қанағаттандару арқылы аз-ақ жылда Қазақстанның құрылыс материалдары өндірісі саласының көшбасшысына айналып үлгердік. Еліміз егемендікті еншілеген күннен бастап әрбір өңірде дерлік ірі кәсіпорын, зауыт, фабрикалар жаппай бой көтерді. Олардың жергілікті тұрғындарға оның ішінде, жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетуде де қол қусырып қалғаны жоқ. Шын мәнінде, еліміз өндірістерімен бірге өсіп, өркенін кеңге жая бастады.
Жас қазақ: Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы қай дәрежеде? Жалпы, зауыттың бұл салаға қамқорлығын қалай деп атай аласыз?
Мұртаза Бұлұтай: Алты жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны халықаралық жоғары талаптарға сай озық технологиялармен жарақтандырылған. Зауыттың жеке теміржол терминалы, ҚТЖ желісіне жалғану бекеті, кеңселік үй-жайлары, су тұщыту стансасы мен материалдық қоймалары, өрт сөндіру орталығы, жанармай құю және қосалқы электр стансалары, медициналық орталығы, асханасы, вахталық әдіспен қызмет ететіндер мен қонақтарға арналған мейманханасы бар. Арнайы техникалық мамандар отбасыларына арналып Балқаш көлінің жағасынан тұрғын үйлер салынып, үй жиһаздарымен толықтай жабдықталып беріледі. Зауыт қалашығы аумағының барлық қажетті инфрақұрылымы жасақталған, электр, газ, су жүйелері, интернет пен кабельдік телеарналар желілері жүргізіліп, асфальт жолдар салынған. Мұнда, сондай – ақ балабақша, мектеп, шағын маркет, дәрігерлік амбулатория, тұрмыстық қызмет көрсету орындары, кинозал, жаттығу залы, бильярд, караоке, теннис кордтары, кітапхана, басқа да мәдени-әлеуметтік кешендер жұмыс істейді. Осылай жапан далада жаңа қалашық пайда болып, күн санап көркейіп, гүлдену үстінде. Мұның барлығы тәуелсіздіктің, еркіндіктің арқасы.
Дүйсенбек АЙБЕКОВ,
Мойынқұм ауданы
Жамбыл облысы