Индира Байдүйсенова: Еріктілік — жастар үшін үлкен тәжірибе

24 тамыз 2023, 13:18

«Соңғы жылдары елімізде ауқымды реформалар қолға алынды. Тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыс табысты болуы үшін бүкіл қоғам ат салысуы қажет, яғни мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігі өте маңызды. Осы орайда еріктілердің рөлі айрықша. Бүгінде олар қоғамның түрлі саласында белсенді жұмыс істе жүр. Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды. Біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Еліміздің белсенді жастарынан құрылған волонтерлік ұйымдардың саны күн сайын артып келеді. Бүгінде волонтерлік іс жоғары деңгейге көтеріліп, ірі қалаларды былай қойғанда, ауылдағы жастар да өз бетінше ұйым құрып, туған өлкесінде еріктілік істі дөңгелетіп жатыр. Біз Түркістан облысының белсенді жастарымен сұхбаттасу барысында, өңірдегі волонтерлік істің қарқынды дамып келе жатқанына көз жеткіздік. Қазір аймақтың әр ауданы мен шағын ауылдарында  волонтер жастардың қатары көп.  Солардың бірі — Түркістан облысы Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы № 8 колледжі МКҚК Жастар істері жөніндегі инспекторы әрі «Жақсылық жаршылары» волонтерлік ұйымының жетекшісі Индира Байдүйсеновамен арнайы сұхбаттасып, аймақтағы  ерікті жастардың жай-күйімен таныстық.

 — Индира ханым, «Жақсылық жаршылары» волонтерлік ұйымы қашан құрылды? Құрамында қанша ерікті бар? Ұйымның мақсаты мен міндетіне кеңінен тоқталып өтсеңіз.

Биыл біздің еріктілер клубымыздың құрылғанына екі жыл толады. Бір жыл бойы біздің топ қарқынды жұмыс істеді. Жастарымыз ерікті болуға асқан белсенділік танытты. Айта кетейік, біз ауданымыздағы «Жастар ресурстық орталығымен» тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Биыл біздің құрамымыздағы ерікті жастар оқуын бітіріп кетті. Енді  1-2 курс студенттерінен жаңа құрамды жасақтауға кірісеміз.

Біздің еріктілер ұйымы ең алдымен жастардың өсінесептігін тигізетін ұйым. Неге десеңіз, еріктілер қатарында  жұмыс істеген жастардың  өз-өзіне деген сенімі артады. Қоғамға етене араласуы жылдам әрі оңай болады. Өзін-өзі басқарып, ойын емін-еркін жеткізіп, «менің қолымнан келеді, мен осы істі атқара аламын» деген бала келешекте де жұмысқа тұрып кетуіне, қандай мекемеге барса да  өзін-өзі еркін ұстауына дәл осы волонтерліктің пайдасы мол деп ойлаймын. Ұйымның жетекшісі ретіндегі мақсатым — жастардың ашық болуына, жаман әдеттен жиреніп, жақсылық жасауға ұмтылып тұратындай етіп тәрбиелеу. Өздеріңіз білесіздер, ата-анасы жұмыста болып, қараусыз қалған бала жаман әдетке үйір болады.  Қазір біздің құрамымызда 40 студент бар. Жыл сайын қатарымыз жаңарып отырады.

Волонтерлік ұйымдағы ерікті жастар көбінесе қандай  іс-шараларға қатысады?

— Біздің ұйымның еріктілері аудан тарапынан ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Біздің топқа  мүше болғысы келетін студенттер алдымен өтініш жазады. Сол өтініш бойынша қатарымызға ерікті ретінде қабылдаймыз. Жастарымыз аудандағы қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып көмек көрсетеді. Ауданымыздағы жастардың күші керек жұмыстардың барлығына белсене атсалысамыз. Біздің волонтерлік ұйымының басты ұстанымы — ерікті жасты адамгершілікке, қамқорлыққа тәрбиелеу. Жастар айналасындағыларға көмектесе жүріп, өзі де үлкен тәрбие алуы керек. «Мен бүгін жақсылық жасап келдім» деген қуаныш сезімі әр еріктінің бойында болуы керек. Ең алдымен ерікті жастарды бір-бірімен араластыру арқылы, тәлім-тәрбие беру, оларды ынтымақтыққа, достыққа, бір-біріне бауырмал болу жағына да аса мән береміз. Жастарды жинап, еріктілікке жұмылдырудағы тағы бір мақсат — олардың бойындағы патриоттық сезімді оятып, Отанына, еліне, туған жеріне деген ыстық ықыласты жүректеріне ұялату.

Біздің ұйым бүгінде Төлеби аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» тығыз жұмыс жасайды. Олар жастарға арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырады. Орталықта арнайы психолог, теолог мамандар бар. Сонымен қатар әзілқой жастарға арналған «Жайдарман» клубы жұмыс істейді. Біздің ерікті жастарымыз орталық мамандары өткізген  тақырыптық іс-шараларға белсене қатысады. Психолог маман темекі шегу, есірткі мен ішімдіктен бойын аулақ салуға шақыратын семинарлар өткізсе, теолог маман жастарымызға қазіргі таңдағы ең қауіпті деструктивті дін өкілдерінен қалай сақтану керектігін түсіндіріп, дөңгелек үстел ұйымдастырады. Орталық өткізген шараларға аудан жастарымен бірге еріктілеріміз де қатысып, тәлім-тәрбие алады. Біздің еріктілер аудан өткізетін іс-шараның барлығына қатысып, өз үлестерін қосқысы келіп тұрады. Олардың бұл ниетіне қарап, жұмысымыздың жүйелі жүріп жатқанына қуанамыз. Одан бөлек, біз еріктілер клубымызға көп балалы отбасылардан, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тартамыз. Олар да ерікті бола жүріп, балалармен бірігіп уақытын тиімді өткізуге жұмсайды. Келешекте ол балалардың бойында белгілі бір мақсат қалыптасады. Өйткені олар ерікті бола жүріп, әр түрлі сала мамандарымен танысады, пікір алмасады. Болашақта «мен де осы саланы игерсем» деген ой туындайды. Қоғамға деген қызығушылығы оянады.

Ерікті жастардың қатарын арттырып,  әрі қарай дамыту үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

— Жастарға үнемі қолдау көрсетілуі керек. Сонымен қатар қолдаудан бөлек,  ерікті жастарды дамытып отыруымыз керек.Ол дегеніміз — жастарды  ұдайы ынталандырып, сый-сыяпат беріп немесе жай ғана алғыс хатпен марапаттау арқылы қолпаштап, әрмен қарай қызықтыруға болады. Осы ретте ынталандыру жағын барынша арттырсақ деймін. Меніңше, жастарға осы жағы жетіспей жатады. Ерікті жастардың өзінен белсенділерін анықтап, марапаттау сынды дүниелерді айтып отырмын. Ол, әрине, біздің тәжірибеде бар нәрселер. Жастар өз істеріне алғыс пен марапат алған сайын әрі қарай дами түседі деп ойлаймын. Сонымен қатар еріктілік іс барынша көп, кеңінен насихатталуы керек. Біз осындай игі істерді жасаған сайын, оған қызығып, осы істі өз ауылында дамытқысы келетін жастардың қатары көбейеді. Біздің волонтерлік ұйымның «Жақсылық жаршысы» деп аталуының мақсаты да осы. Жақсы бастамалардың жаршысы болып жүру. Тек жақсылық пен қайырымдылық істердің басы-қасында болу.

Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз