Елбасы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, «ең басты құндылығымыз – тәуелсіздіктің» оңайлықпен келмегенін жас ұрпақтың есіне салып тұру — патриоттық тәрбиенің өзекті мәселесі. Тарихымыздағы әр түрлі қиын-қыстау кезеңдер, соның ішінде аштық зұлматы — миллиондаған жүректің жан жарасындай ұмытылмақ емес. Біз аштық құрбандары рухы алдында мәңгі борыштымыз. Сұраусыз, жоқтаусыз ештеңе де, ешкім де жоқ.
Бұл мәселеге орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарихымыздың осы ақтандақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды жинап, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» деген тапсырмасы жауапты мекемелерді ғана емес, еліміздің барлық азаматына терең ой салуға тиіс.
Тарихымыздағы «Ұлы жұт», «Аштық» деген атауға ие бұл зұлматты бастан кешіргенімізге ғасырға жуық уақыт болыпты. Ұлт қасіретінің ақиқаты 80-жылдардың соңынан бері ғана айтылып-жазыла бастады. Бұл жариялық ісіне Тәуелсіздік зор серпін берді.
Ендігі міндет — Аштықтың ащы шындығын кешенді зерттеу, ұлт қасіретін зерделеуден мемлекетшіл бастамаларға арқау табу, бүгінгі және болашақ жастарды тарих тағылымымен тәрбиелеу. Бұл еліміздің бірлігін бекемдеп, тұтастығын нығайтары сөзсіз. Тұңғыш Президентіміз аштық тақырыбына қатысты: «С.Елубайдың «Ақ боз үй» деген романын оқыдым, бұл мәселені ашық атап өту керек екен» дегенін ескерсек, ендігі жерде қорқақтаудың, бүгежектеудің қисыны жоқ.
ҚазОАК төрағасы, танымал тұлға Сейітқали Меңдешев деректерінде қазақ жерінде аштыққа ұрынғандар саны 1922 жылы 2 миллион 832 мың адамға жеткені айтылады. 1920 жылы халық саны 4 миллион 782 мың адам болған екен, оның 50,3 пайызын қазақтар, 31,2 пайызын орыстар, 14,4 пайызын украиндар құраған. Осы кезде Қазақстанда миллионнан астам адам соғыстан немесе табиғи апаттан емес, аштан өлген. Ал 30-жылдары нағыз қасапты қырғын қазақ халқының тең жарымын жалмаған. Аш-жалаңаш, үй-күйсіз қырылған қазақтың жартысы жер ауды, көшті, босып кетті. Солақай саясаттың құрбаны болған, қазақ халқының елу пайызға жуығы көмусіз қалған деген де дерек бар.
Ұлы аштық қырғыны туралы жазылған шығармалардың кез келгенін қарасаңыз, жан түршігерлік оқиғалар тізбегі көз алдыңыздан шығатыны даусыз. Бұл біздің білетініміз ғана, ал білмейтініміз қаншама?
Тарихшы А.Н.Алексеенко: «Әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1 млн.840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды» деп жазады. Ал тарихшы Талас Омарбековтің соңғы зерттеулерінде 1921-1922 жылдары — 1 млн. 700 мың адам, 1932-1933-жылдары — 2 млн. 300 мыңға жуық адам аштықтан көз жұмғанын айғақтайтын деректерді келтіреді.
Бәрінен ең көп қырылған — республиканың шығыс өңірі қазақтары екен. Мұнда аштық тырнағына 380 мың адам ілігіп, 65 пайызды құрапты.
Солтүстік Қазақстан аймағы жартысынан көбінен – 410 мыңнан немесе 53 пайызынан айырылса,
Батыс Қазақстан 395 мыңын немесе 45 пайызын, Оңтүстік Қазақстан – 633 мыңын немесе 43 пайызын аштық шеңгелінде қалдырыпты.
Жүздеген мың қазақ Қытай, Иран, Монғолия жағына үдере көшті. Олардың нөпірі сонша, Қытайда 1954 жылы Іле-Қазақ автономиялық округі құрылып, орталығы Құлжа қаласы болып белгіленді.
Жалпы, жойқын аштық салдарынан халқымыздың үштен бірі ғана аман қалды. Зұлмат болмағанда бүгінгі қазақтың саны қанша боларын көз алдыңызға елестетіп көріңіз…
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, Тәуелсіздіктің әр күні қасірет құрбандарына тағзым ете жүріп, екі дүниенің обал-сауабын ойлауға тиістіміз. Бейбіт күнде әр ұлттың өтеуге тиіс борыштары болады. Бүгінгі және келешек ұрпақ тарихтан тағылым алып, азаттықтың бағасы мен қадірін білуі үшін де тер төгу — парыз.
Мәселенің маңызын ескере келе, арнайы құрылған Мемлекеттік комиссияның қарауына мына ұсынысты енгіземіз:
1) 1920-1930 жылдардағы Аштық құрбандарын жыл сайын еске алып, аза тұту үшін бір күнді белгілеу. Оны «Аза тұту (немесе Азалы күн)» деп атау орынды.
2) Тарих тұрғысынан, тиісті заң жүзінде баға беру үшін ұлттық қасіреттің себеп-салдарын жан-жақты ашу бағытында кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу.
3) Мемориалдық тақта, арнайы белгі орнату, музейлік-ағартушылық, тағзым шараларын ұйымдастыру, деректі фильмдер түсіру абзал.
Көптің жадында қалған аштықты немесе басқа нәубет пен зұлматты жалпыхалықтық сипатта халықаралық деңгейге дейін көтерген елдер әлемде аз емес. Олар құрбан болғандарға арнайы рәсім бойынша жыл сайын дәстүрлі Азалы күнін атап өтеді. Бұл — олардың өз тарихына деген, отандастарының аса ауыр трагедиясына деген ерекше өркениетті тағзымы. Халқымыздың адамшылық даналығы да осындай имани шаралармен үндес. «Қараусыздың қайраты зая, Қайратсыздың айбаты зая» деген ата сөзіміз бар. Біз — өткендерге де, тірілерге де лайықты баға беріп, үмітпен, берекемен алға ұмтылған елміз.
Сондықтан Аштық құрбандарын лайықты қастерлеудің ерекше қайыры болады деп сенеміз.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты