jasqazaq.kz

Халыққа жұмыспен қамту бағдарламалары таныстырылды

28 шiлде, 17:59

Мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалана білген адам масыл болмайды. Өйткені әрбір жәрдем – нақты нәтиже үшін беріліп отыр.

Шымкент қаласында халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Соның бірі – Абай ауданының Мансап орталығы мен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған көшпелі ақпараттық акция. Бұл жолы мамандар халық көп шоғырланатын “Алаш” базарында тұрғындармен жүздесіп, жұмыспен қамту шаралары туралы кең көлемде ақпарат ұсынды.

Іс-шара барысында жұмыссыз жүрген азаматтарға және еңбекке қабілетті жандарға мынадай бағыттар бойынша нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді:

Тұрақты жұмыс орындарына орналастыру тәртібі, субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу мүмкіндіктері, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама алу шарттары, мемлекеттік гранттар мен өз кәсібін бастауға арналған қолдау құралдары, өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы жөніндегі ақпараттар.

Азаматтарды жұмыспен қамту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Дегенмен, мемлекеттік қолдауға арқа сүйеп, әрекет етпей отыру – бүгінгі қоғам үшін тиімсіз. Сондықтан мамандар бұл жолы тек ақпарат ұсынып қана қоймай, әр азаматты еңбекке белсенді араласуға, масылдық көзқарастан арылуға шақырды.

«Қазір жұмыссыз қалып қойған азаматтардың көпшілігі мамандықтың жоқтығынан немесе ақпараттан бейхабар болуынан зардап шегіп отыр. Ал мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қысқа мерзімді оқулар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар – осы олқылықты жоюға арналған нақты қадамдар. Бастысы – ниет пен әрекет керек», – дейді Абай ауданы Мансап орталығының маманы Ерлан Мұратов.

Ақпараттық акцияға қатысқан тұрғындардың көпшілігі өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, бағдарламаларға қатысу тетіктерін нақтылап алды. Әсіресе, грант алып, өз ісін бастау, қысқа мерзімде наубайшы, тігінші, шаштараз сияқты кәсіптерді игеріп, табыс табуға болатынын естігендер ерекше қызығушылық танытты.

– Көптен бері жұмыс таба алмай жүргенмін. Қазір өз ісімді ашқым келеді. Осындай кезде мамандардан нақты бағыт-бағдар алу – біз үшін үлкен көмек. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысу ойымда жүрген, енді нақты қайда, қалай жолығу керектігін білдім, – дейді қала тұрғыны Айгүл Исаева.

Мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалана білген адам масыл болмайды. Өйткені әрбір жәрдем – нақты нәтиже үшін беріліп отыр. Бұл бағыттағы ақпараттық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Шаһар билігінің бастамасымен базарлар мен адам көп жүретін орындарда осындай кездесулер өткізу тұрақты түрде жүзеге асатын болады.

Мақсат – еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыссыздықтан арылтып қана қоймай, оларды белсенді өмір сүру салтына баулу, табыс табуға, қоғамға пайдалы болуға итермелеу. Бүгін түсіндірілген бағдарламалар – ертеңгі табысты кәсіп пен тұрақты жұмыстың бастауы екенін әрбір азамат жете түсінгені жөн.

Бибайша Нұржанқызы, 

Шымкент 

Бүгін, 11:48
"Қауіпсіз шот" жоқ! Бас прокуратура алаяқтардан сақтануға шақырды
24 желтоқсан, 10:54
2025 жыл: мәдениет саласындағы даму мен жаңару кезеңі
22 желтоқсан, 13:50
Қызылорда облысына биыл 750 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды
17 желтоқсан, 14:07
Алматы жастары экомәдениетті қалыптастыруда көш бастап тұр
17 желтоқсан, 13:59
Мерей Оңғаров: Алматыны газдандыру 100 пайызға жақындады
16 желтоқсан, 14:00
Алматы: Жылу жүйесі қыс маусымына дайын
15 желтоқсан, 14:01
Алматының индустриалдық аймағы – даму драйвері
12 желтоқсан, 17:21
Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында пластик қақпақтарды жинау бойынша эконауқан өтеді
12 желтоқсан, 12:32
Алматы: «Таза Қазақстан» экоакциясының жыл қорытындысы