
Алматыда өткен референдум барысында елеулі заң бұзушылықтар тіркелген жоқ, ал дауыс беру процесін ұйымдастыру сапасы бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда жақсарған. Мұндай пікірді жазушы, экономист және қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов білдірді. Ол тәуелсіз байқаушыларды оқытуға қатысып, сонымен қатар қаладағы дауыс беру барысын жеке өзі бақылаған.
Оның айтуынша, ел бойынша референдумды мониторингтеу жұмысына «Халық үні» қоғамдық бірлестігінің дайындықтан өткен еріктілері тартылған.
«Қазақстан бойынша біздің коалиция мен бастама аясында шамамен екі мыңға жуық байқаушы жұмыс істеді. Олар бұл іске материалдық сыйақы үшін емес, азаматтық ұстаныммен қатысты. Елдегі маңызды кезеңге үлес қосу ниетімен келген жастар болды. Біз оларға арнайы оқыту өткізіп, бақылау тәртібі мен заң талаптарын түсіндірдік. Соның нәтижесінде қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті», – деді Бекнұр Қисықов.
Ол өңірлер бойынша сайлаушылар белсенділігінде айтарлықтай айырмашылық болғанын да атап өтті. Кейбір облыстарда қатысу деңгейі 87–90 пайызға жетсе, Алматыда бұл көрсеткіш шамамен 33 пайызды құрады.
«Бір қарағанда 33 пайыз төмен көрсеткіш сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен мегаполистің ерекшелігін ескеру қажет: қала тұрғындары мобильді, олардың саяси үдерістерге қатысу форматы өзгеше болуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Алматыдағы бұл дерек те өзіндік маңызға ие», – деп түсіндірді ол.
Бекнұр Қисықовтың айтуынша, бақылау барысында жекелеген даулы жағдайлар тіркелген. Негізінен олар онлайн-трансляциялар жүргізу, бюллетеньдерді суретке түсіру және дауыс беру күні әлеуметтік желілерде үгіт сипатындағы жазбалар жариялау мәселелеріне қатысты болған.
«Қазіргі таңда әлеуметтік желілер белсенді дамып келеді. Кейбір азаматтар өз ұстанымын учаскеде тікелей көрсетуге тырысады. Бюллетеньді суретке түсіріп, интернетке жариялаған жағдайлар кездесті, алайда бұл заңмен шектелген. Сонымен қатар онлайн-трансляциялар төңірегінде де пікірталас болды: заңда нақты көрсетілмегенімен, мұндай әрекеттер дауыс құпиясына әсер етуі мүмкін деген нормалар бар. Сондықтан осы тақырыптар бойынша кейбір келіспеушіліктер туындады», – деді ол.
Сонымен бірге ол Алматыда бақылаушылар тарапынан бюллетеньдерді жаппай тастау сияқты ірі бұзушылықтар анықталмағанын айтты. Оның пікірінше, сайлау процесін ұйымдастыру деңгейі жыл өткен сайын жетілдіріліп келеді.
«Өткен науқандармен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу бар. Учаскелерде ақпараттық материалдар, байланыс деректері, жоспарлар және дауыс жәшіктерінің орналасуы талапқа сай рәсімделген. Ұйымдастыру жұмыстары кәсіби деңгейде атқарылған. Жалпы алғанда, дауыс беру тыныш әрі қалыпты жағдайда өтті», – деп қорытындылады Бекнұр Қисықов.
Сурет: Sputnik / Санат Имангалиев