«Халал туралы заң керек»

07 қазан 2016, 12:35

img_6833

«Мысалы, суды халал деп жатырмыз. Мен «Неге халал су деп айтасыңдар?» – деп сұрасам, «Біз арнайы құрылғыдан суды тексерістен өткіземіз» – деп жауап береді. Ал енді тексеруден өтпеген су харам ба? Харам емес. Онда сіз оны «халал» деп атамаңыз. Ол суды денсаулыққа пайдалы деп айтыңыз. Барлық нәрсені «халал» деп айта беретін болсақ, халалдың қадірін кетіріп аламыз»

Осы аптада «Атамекен» пікірталас клубы «Қазақстандағы халал-индустрияның жай-күйі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы Қалқаман Сарин жүргізетін алқалы бас қосуға ҚМДБ «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімінің Астана қалалық өкілі Асхат Сәлімов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аппарат басшысы Елдар Жұмағазиев пен техникалық реттеу департаментінің директоры Нұртас Өтешов, «Қазақстанның халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев, «Мүмтаз» мейрамханалар желісінің директоры Ботагөз Сейітханқызы және белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы қатысып, өз ойын ортаға салды. Клубқа қатысушылар бірауыздан «халал өнімдеріне қатысты арнайы заң қабылдануы керек» деген тоқтамға келді.
«ХАЛАЛ – ШҰЖЫҚ ӨНІМДЕРІМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ»

Қалқаман Сарин: Шыны керек, халал мәселесін көтереміз дегенде маман тапшылығын сезіндік. Біз қаласақ та, қаламасақ та, мұның түбінде адал ас арлы істің жатқандығын барлығымыз жақсы білеміз. Бірақ кәсіпкерлер жеке-жеке дамып жатқан сияқты. Заңдық жағынан тұтынушылардың құқығы қорғалған ба? Халал тауардың сапасына кім жауап береді? Бұрын халал десе тек қана ет өнімдері көзімізге елестейтін. Алайда соңғы кездері халал мейрамхана, халал монша, халал сағыз, халал су сияқты әртүрлі қызмет түрі көбейіп кетті. Халал өнімдері мен қызметінің көбейіп кетуі қаншалықты маңызды? Елімізде халал тек маркетингтік жарнамалық тәсіл ме, жоқ, әлде ол сапа стандарты ма? Міне, бүгін біз аталған сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.
Елдар Жұмағазиев: Халықтың халалға қатысты көзқарасын білу үшін арнайы сауалнама жүргізгенбіз. Оған қатысқан респонденттердің 98 пайызы халал туралы білгенімен, оны түпкілікті түсіндіре алмайды екен. Бағана өзіңіз айтқандай, қараша халықтың көпшілігі халалды шұжық өнімдері деп есептейді. Өкінішке қарай, халықтың басым бөлігі халал өнімдерге қатысты кейбір сұрақтарға жауап бере алмады. Халал туралы Оңтүстік Қазақстан облысының халқы жоғары деңгейде білгенімен, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары бұл туралы жалпылама ақпаратпен шектеліп отыр. Сауалнама қорытындысына байланысты осында жиын ұйымдастырып, халал өнімдерге қатысы бар азаматтардың пікірін білейік деп ойладық. Елімізде халал өнімдерінің дамымай отырғанына не кедергі? Басқа елдерде халал өнімдерін шығару бизнестің көзі болып кеткен. Ал біздің елде халал өнімдер мен қызметтердің болашағы бар ма, жоқ па? Қазіргі таңда халал өнімдерді сатып алғысы келетін халықтың саны көбейіп жатыр. Бұған біздің инфрақұрылымымыз дайын ба, жоқ, әлде дайын емес пе?

«ЕКІ ЖЫЛДА 65 СЕРТИФИКАТ БЕРДІК»

Қалқаман Сарин: ҚМДБ халал өнімдерін шығарып жатқан кәсіпкерлерді қатаң бақылаймыз дейді. Бірақ заң жүзінде діни басқарма талапты бұзған кәсіпкерлерді қалай жазалап жатыр? Себебі діни басқарманың құзырында «халал өнімдерін шығарамыз» деп халықты алдап отырған кәсіпкерлерді жазалайтын өкілеттілік жоқ қой. Сондықтан да басқа да мемлекеттік құрылымдармен байланыстарыңыз бар ма?
Асхат Сәлімов: ҚМДБ жанынан халал стандарттау деген бөлім ашылып, «Халал даму» деген ЖШС ашылды. Еліміз бойынша біздің әр қалада 50-ге жуық өкілдігіміз жұмыс жасайды. Өйткені, қазіргі таңда елімізде халал асқа деген сұраныс жоғары болып отыр. Ал ҚМДБ мақсаты – адал деп шығарылып жатқан азық-түліктердің шариғат талаптарына сай немесе сай емес екендігін қадағалау болып саналады. Қасиетті Құран Кәрімде «Ей, адамдар! Жер бетіндегі таза, адал нәрсені жеңдер» деп жазылған.
Ал Ержан қажы Малғажыұлының халал стандарттау бөлімін ашудағы мақсаты – халал индустрияны дамыту болып саналады. Небәрі екі жылдың ішінде біздің халал стандарттау бөлім 65 сертификат берді. Біз қадағалап жазасын беретін мемлекеттік орган емеспіз. Біз «Егер сіз харам өніміңізді тұтынушыға халал деп ұсынып жатсаңыз, Алланың алдында өзіңіз жауап бересіз» – деп кәсіпкерге насихат жасаймыз. Негізі, халал стандарт бойынша сертификат аламыз деген кәсіпкерлер «Бізді тексеруге рұқсат береміз» – деп жазып береді. Соның арқасында ай сайын өнімдерді тексеріп отырамыз.

«ХАЛАЛ СТАНДАРТТАУ ТЕК ҚАНА ДІНИ МӘСЕЛЕ ЕМЕС»

Қалқаман Сарин: Нұртас, сіз халал стандарт бойынша басқа мемлекеттердің тәжірибесінен хабары бар азаматсыз. Бізге дамыған қай мұсылман елдерінің халал стандартына сүйенуге болады? Сондай-ақ халал мәселесін тек қана діни мәселе деп қарауға бола ма?
Нұртас Өтешов: Техникалық реттеу саласында жұмыс жасап жатқандықтан, соңғы кездері халал индустрияға назар аударып жатырмыз. Халал стандарттау тек қана діни мәселе емес. Индустрия болғандықтан, халал мәселесіне жан-жақты қарауға болады. Тіпті қазіргі жағдайда халалға технология деп қарауға болады. Өкінішке қарай, университеттер халал өнімдеріне қатысты мамандарды оқытпай отыр. Қазір біз халал өнімдерді сертификаттау мәселесін айтып жатырмыз. Алайда біз әлі күнге дейін стандарт мәселесін бір жақты шеше алмай отырмыз. Өйткені, стандартсыз не істеп, не қою керек екенін біле алмаймыз. Егер стандартты бір жолға қойсақ, халал индустрия жұмыс жасай бастайды. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе, біз техникалық реттеу комитеті «Халал индустрияны қалай дамыту керек?» деген мәселеге байланысты жоспар жасаған болатынбыз. Аталған жоспар бойынша техникалық парктер ашу керек екені айтылды. Соның ішінде халал өнімдеріне баса назар аударылуы керек тұғын. Өкінішке қарай, бізде бұл жоқ болып отыр. Қазіргі таңда халал мәселесі бойынша мемлекеттік мекемеде бірде-бір эксперт-аудитор жоқ. Себебі эксперт-аудиторлар мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыс жасап жатыр. Халал индустрия болғандықтан, эксперттер тек қана шариғат жағынан ғана емес, сонымен қатар технология мен техника жағын да білу керек. Бір қызығы, ондай мамандықты жоғары оқу орындары дайындап жатқан жоқ. Сондықтан да үкімет халал мәселесіне қатысты арнайы заң қабылдауы керек.

«ТАҢБА ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК»

Қалқаман Сарин: Марат аға, біз халал десе, ең бірінші сізді еске алатын болдық. Халал мәселесі бойынша елімізде қандай проблема бар деп ойлайсыз?
Марат Сәрсенбаев: Біздің халал белгіміз әлемде мойындалған. Ал бұдан басқа еліміздің халал белгісін шетелде танымайды. Өйткені, біз халықаралық талап бойынша патент алдық. Қазіргі таңда халал индустрия дамыды. Өйткені, халал стандартын беретін компаниялар көбейіп келе жатыр. Негізінен, мен бұған өз басым қуанамын. Өйткені әрқашанда бәсекелестік болуы керек. Бір адам монополис болып, бір жерде отырмауы керек. Бірақ шешілмеген проблема көп. Жасыратыны жоқ, бүгінде халал мәселесіне үкіметтің өзі де назар аударады. Мәселен, Елбасының өзі халалға қатысты жақсы ой айтқан болатын. Соның арқасында ауыл шаруашылығы министрлігі назар аударып, бірқатар шаруаларды жасады.
Қазіргі таңда ет өнімдерінің 60 пайызы халал болып шығып жатыр. Ал бірақ соның бәрі халал ма? Бір Алматының өзінде 3 мыңнан артық халал өнім өндіретін орын бар. Мен 600 компанияға сертификат бердім. Соның 400-і бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатыр. Ал оның 200-і маусымдық жұмыспен айналысатын кәсіпкерлер болып саналады. Аталған кәсіпкерлердің шығарған өнімін тексеріп бақылап тұруға мүмкіндік бар. Алайда кейбір компаниялар оңды-солды сертификат бергенімен, оны мұқият тексеріп жатқан жоқ. Таңба туралы заң орындалмайынша, халал мәселесіне бір жақты шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан да ең бірінші кезекте таңба туралы заң болуы керек.

img_6749

«ХАЛАЛ МӘСЕЛЕСІН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰРҒЫДАН ШЕШУ КЕРЕК»

Қайрат Жолдыбайұлы: Жаңа діни басқарманың өкілі «біз сертификат береміз. Бірақ олар талапты бұзатын болса, құқықтық тұрғыдан жазалай алмаймыз. Біз тек қана моральдық тұрғыдан түсіндіреміз» – деп айтып жатыр. Менің ойымша, бұл арада бір шикілік бар. Мен осы мәселені өткенде бас мүфтиге де айттым. Мысалы, халал өнімдерін шығарамыз деген бір кәсіпорынның қожайыны орыс болсын делік. Ол адам сенің діни сеніміңізді сыйлап тұрған жоқ. Ол өзінің кәсібін дөңгелетіп пайда табуды ең бірінші орынға қойып отыр. Сондықтан да ол жерде аталған кәсіпорынның ішкі ісіне араласпауымыз керек. Араласатын болсақ, бізді алдап кетуі мүмкін. Сол себепті бұл мәселені Марат ағамыз айтқандай, құқықтық тұрғыдан шешкен дұрыс. Бас мүфтиге заң шыққанға дейін бірқатар шаруаны жүзеге асыру керек екенін айттым. Мысалы, мүфтият пен кәсіпкер келісімшарт жасаған кезде «Егер біз тексерген кезде, сіздің өнімдеріңіз халал емес екені дәлелденетін болса, оны бұқаралық ақпарат құралы арқылы жариялаймыз. Бұл сізге қара пиар болады. Сізге екінші рет халал сертификаты берілмейді» – деген тетіктер болуы керек. Бұдан кейін тағы да бір келеңсіздік орын алатын болса, белгілі бір деңгейде айыппұл төлеу жағын қарастыру қажет. Өйткені, халал сертификатын берген компанияға моральдық нұқсан келгенін қаперден шығармаған жөн. Негізінде, Қазақ елі мұсылман мемлекет болғандықтан, халал туралы арнайы заң қабылдануы керек.

«ХАЛАЛДЫҢ ҚАДІРІН КЕТІРІП АЛАМЫЗ»

Марат Сәрсенбаев: Кешіріңіздер, халал балабақша діни орда емес, ол жердің ең біріншіден, тамағы адал. Сондай-ақ балабақшада жұмыс жасайтындар өзіміздің қаракөз қазақтар болып саналады. Елімізде халал балабақша ретінде сертификат алған бір-ақ балабақша бар. Оның директоры білім беру саласының үздігі. Кезінде білім беру бөлімінің басшысы болып жұмыс жасаған. Ал балабақшаның дәрігері денсаулық сақтау саласының үздігі. Өздері білімді азаматтар. Олар ең бастысы, тамақтың адалын беріп жатыр.
Қалқаман Сарин: Халал балабақша деп айту міндетті ме?
Марат Сәрсенбаев: Әрине, міндетті. Мен өзім баламды адал тамақ беретін жерге тапсырғым келеді. Ет, сүт, нан, кондитер, жұмыртқа, бал, су, туризм, банк, қонақүй, білім, денсаулық сақтау жүйесі халал болуы керек.
Қайрат Жолдыбайұлы: Марат ағамыз халал саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген азамат. Бірақ балабақшаның тамағына қарап, оны «халал» деп атау артық болса керек. Егер бұлай айтатын болса, халал мектеп, керек болатын болса «халал қарттар үйі» – деп атауымыз керек болады. Құран Кәрімде тамаққа қатысты халал деп жазылды. Сондай-ақ адамдардың жүріс-тұрысы, мәселен, некенің адал болуы сияқты. Мәселенің халал болғаны абзал. Мысалы, суды халал деп жатырмыз. Мен «Неге халал су деп айтасыңдар?» – деп сұрасам, «Біз арнайы құрылғыдан суды тексерістен өткіземіз» – деп жауап береді. Ал енді тексерістен өтпеген су Құран бойынша харам ба? Харам емес. Онда сіз оны халал деп атамаңыз. Ол суды денсаулыққа пайдалы деп айтыңыз. Барлық нәрсені халал деп айта беретін болсақ, халалдың қадірін кетіріп аламыз.
Қалқаман Сарин: Халал кәсіпкерлікпен айналысудың машақатын Ботагөз ханымнан артық айту мүмкін емес шығар. Қазіргі таңда халал кәсіпкерліктің қандай қиындықтарын немесе қандай рахатын көріп отырсыздар?
Ботагөз Сейітханқызы: Жұмысшыларымызға дәретпен келіңіздер, – деген талап қоямыз. Клиенттеріміз арақ-шарапсыз, төбелес-кикілжіңсіз тыныштықты көріп, отбасыларымен келеді. Бірақ берекесі болғанымен, сан алуан кілтипандар ойлантып тастайды. Таяуда мемлекеттік сатып алуға қатысып, интернат тәрбиеленушілеріне тамақ жеткізе бастадық. Білім орнының технологы мәзірді өз қолымен бекітіп береді. Ал онда жазылған йогурттың шошқа майы қосылатын желатинсіз жасалуы өте сирек. Сонымен қатар елде соңғы кезде болған жағымсыз оқиғалар салдарынан бізге көзқарас қатаңдатылып, тексеру, әкімдікке шақыру көбейіп кетті.

Жиын қорытындысында қатысушылар келесі кезекте халал индустриясын дамыту мен нақты тетіктерін белгілеуде күш біріктіріп, мүдделі ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің басын қосатын дөңгелек үстел ұйымдастыру, ұсыныстарды үкімет пен парламентке жеткізу жайын уағдаласып тарқасты.

Дайындаған
Серік
Құдайбергенұлы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде