«Хайп» емес, байып керек

07 қазан 2022, 11:05

Әңгіме қазақстандық блогердің спутниктен түсірілген фотоны жариялап, еліміздегі мұздықтар еріп, келешекте суға деген тапшылықтың ақыры араздыққа ұластырады деген пікірі хақында.

Рас, елімізде мұздықтардың еруі, судың басым қоры сырттан келетіні блогердің байбаламына дейін де басы ашық жайт болатын. Блогер һәм журналист К.Павлов Іле Алатауының мұздықтарын Таразға жақын тұсынан түсіріп алған. 2017 жылғы және биыл түсірілген суреттерді қарағанда, айырмашылық бірден көзге көрінеді: арада өткен бес жылда мұздықтар еріп, қожыр-қожыр жартастар жалаңаштана бастағанын байқайсыз.

Дегенмен аттан салып, қоғамды дүрліктіретіндей мәселе емес. Не нәрсенің де байыбына бармай жатып, «сәуегейлік» жасаған блогердің сөзінің қаншалықты жаны бар?

Бәзбіреулер «күн жаумай су болатындай» елімізде мұздықтар ерісе, суға деген зәрулік аңқамызды кептірмейді. Мұздықтардың еруі, қалпына келуі – табиғи құбылыс. Бұл пікірді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің гидротехника, мелиорация және бизнес факультеті, су ресурстары және мелиорация кафедрасының меңгерушісі Ербол Сарқынов та қостап отыр. «Бұл соншалықты дүрлігетін проблема емес, шүкір деу керек. Қазақстанда жер асты суларының қайнар көзі жеткілікті. Мұздықтардың еруінен ауыз судың тапшылығы орын алады деп байбалам салу тіпті де орынсыз. Еліміздің су көзінің 70 пайызы көршілес елдерден келеді. Біз Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан ағып келетін өзен суларын пайдаланамыз. Трансшекаралық келісім жасалған, бәрі заң жүзінде қатталған.

Таудың мұзартындағы мұздықтардың еруін табиғи құбылыс деп қабылдаған жөн. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді қазақ. Уақыт көшімен, мезгіл мезетінде мұздықтар ериді, қайта қалпына келеді. Мұздықтардың еруін, тау басындағы өзен-көлдердің құбылысын зерттейтін арнайы институттар, мекемелер бар. Мамандар үнемі қадағалап, бақылап зерттеу жүргізіп отырады», – дейді Е.Сарқынов.

Бұдан гөрі су көзін тиімді пайдаланудың тетігі қалай үйлесім табатынына бас қатырған дұрыс шығар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та су қорын тиімді пайдаланып, ысырапшылыққа жол бермеу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Тіпті тіршілік көзін тиімді пайдалануды үйлестіретін Су ресурстары комитетін экология министрлігінің құрамында қалатынын, жауапкершілік жүгі ауырлайтынын да нық айтқан-ды. «Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен, шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды», – деген Мемлекет басшысының үлкен жауапкершілікті арқалайтын комитетке сенім артуы тегін емес. Өйткені су тапшылығының қатері төнбейді деп арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Зерттеушілер 2040 жылға қарай су көздерін тұтыну, қажетсіну көрсеткіші 50 пайыздан асады деген пікірді алға айтып отыр. Трансшекаралық өзендердің жағдайы да біздің суға деген зәрулігіміздің басты кепілі. Бастауын Қытайдың Қас, Күнес өзендерінен алатын Іле, мұхитқа құятын Ертіс өзендерінің суын азайту һәм молайту жұңғолықтардың жүрек қалауына байланысты. Сырдария Өзбекстан мен Қырғызстаннан сылдырап ағып келеді. Шу өзені де айырқалпақ ағайындардың территориясынан өтеді. Батысты шиырлап жатқан Жайықтың жай-күйі ормандай орыстың уысында. Ертістің суы азайса – Зайсан көлі, Іленің аузын буса – Қапшағай мен Балқаш, Сырдарияны сығымдаса – Арал теңізі, Жайықтың жарлауыты құрғаса, Каспий теңізінің суы сарқылады.

Бізде «Су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бар. Онжылдықты қамтитын бағдарлама түзудегі мұрат – трансшекаралық өзендердің тағдыры – тұтастай мемлекеттің тағдыры екенін жете түйсіну. Өйткені су – тіршіліктің қайнар көзі ғана емес, нәрі, қуаты. Сөз басында ысырапшылдық дедік қой, суды тиімді пайдалану аса маңызды қазір. Біз бұл күнде су көздерінің 68 пайызға жуығын ауыл шаруашылығына жұмсаймыз да, 30 пайыздайы өндіріске құйылады. Шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікті өтеуге аз ғана су көзі кетеді. Тіршілік көзін үнемдеп жұмсау дегенді үнемі айтып жүрген жанның бірі – Нариман Қыпшақбаев. Он жылға жуық Қазақстанның су шаруашылығы және мелиорация министрі болған маман трансшекаралық өзендерден алатын судың қорын тиімді пайдаланып, үнемдеу, ысырапшылыққа жол бермеу тапшылық қатерін сейілте түсетінін айтады.

Біз ауыл шаруашылығы мақсатындағы су көзін тиімді пайдаланудың тиімділігін арттыруға күш салғанымыз абзал. Әйтпесе, Н.Қыпшақбаев айтқандай, ірілі-ұсақты каналдар арқылы егіс даласына жіберілетін су көлемінің 20 пайызға жуығы егіс басына жетпей жерге сіңіп кетеді екен. Бұл каналдардың тозығы жетіп тесіліп, ойылып, опырылып бүлінуінен орын алып отыр.
«Су кодексі» тұжырымдамасын талқылау кезінде де бұл мәселе атаусыз қалған емес. Қалай болғанда да, тұшы суға деген тапшылық тек біздің елдің алқымынан алып отыр деуге келмейді. Осы күнде су мәселесі бүкіл әлемнің мазасын қашырып тұр.

Қуаныш Нұрданбекұлы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген