Ғылым өндіріске жұмыс істеуі керек

23 қараша 2018, 16:42

«Ғылым өндіріске жұмыс істеуі керек». Мұны ғалымдар ғана емес, мемлекеттік мекемелердің басшылары да биік мінберден айта бастады. Ал отандық ғылым өндірістің талабына сай дамып жатыр ма? Жас ғалымдар ғылымға қандай үлес қосуда? Осы секілді өзекті сауалдарға жас ғалым, химия ғылымдарының PHD докторанты Қайрат Кеңес жауап береді.

Jas qazaq: Қайрат, жас ғалымдардың арасында ғылым жүгін арқалап жүрген маман-химиксің. Қазір қай саланы зерттеп жүрсің?
Қайрат Кеңес: Қазір қалдықтарды жою бойынша ғылыми жұмыспен айналысып жүрмін. Нақты айтқанда, радиация қалдықтарын иммобилизациялауға (радиациялық қалдықты залалсыздандыру –ред.) арналған материалдарды синтездеу. Бұл үшін жаңа керамикалық материалдарды алу, бұдан бөлек, радиациялық қалдықтарды көмуге арналған қоймалар үшін конструкциялық материалдарды синтездеу жасалады. Елімізде қалдық көп. Әсіресе химиялық қалдық басым. Көмілмей, ашық жатқан зиянды қалдық қанша ма? Семей, Балқаштан тартып айтсам, қазақ даласында аяқ басқан сайын қалдыққа кезігесіз. Біздегі қалдықты тиімді пайдаланып жатқан шетелдік компаниялар да бар. Мәселен, мұнай кеніштерінен жылына 2,2 миллион тонна күкірт қалдығы шығады. Оны Қытай, Ресей сияқты бірқатар елдерге сатып жатыр. Қытайлар оны өңдеп, күкірт қышқылын бізге және өзге елдерге қайта сатады. Күкірт қышқылын «химияның наны» деп атайды. Демек, біз «ұн» беріп, «нан» сатып алып жатқан жайымыз бар.
Жобамды толыққанды зерттеу үшін байқауға қатысқанмын. Шетелдің ғалымдары сараптау нәтижесінде 33 балл берді (ең жоғары балл –36). біздікілерге ұнамаған болуы керек, грантты ұтып ала алмадым.
Jas qazaq: Бізде ғылыммен айналысуға қажетті құрал-жабдық толық па?
Қайрат Кеңес: Химия, физика, металлургия ғылымын зерттеу үшін маманға қажетті құрал-жабдық, толыққанды зертхана қажет. Ондағы жабдықтар 1950-60-жылдарғы емес, ХХІ ғасырдың өнімі болғаны абзал. Мысалы, сізде «Жигулидің» қосалқы бөлшектері болса, одан «Mercedes» құрастыра алмайсыз ғой. Салыстырмалы түрде айтқанда, ғылымның қазіргі жағдайы дәл осындай. Біздің қолымызда «Жигулидің» заттары бар. Ал одан әлем мойындайтын ғылыми жаңалық ашуға міндеттіміз. Не «Mercedes», не «Toyota» жасап шығаруымыз керек.
Jas qazaq: Ғылыммен жан-жақты айналысуға, оны дамытуға мүмкіндік аз делік. Ал ғалымдардың деңгейі қандай?
Қайрат Кеңес: Биыл Ресей ғалымдары оптикалық компьютер жасауды қолға алуда. Оны 30 жыл бұрын қазақ ғалымы жасаған екен. Бірақ ол жобасын іске асыруға мемлекеттен ақша ала алмай өмірден өтіпті. Бұл дерек жуырда Қазақстан ғалымдарының басқосуында айтылды. Сол жиында тағы бір дерек сөз болды. Мысалы, медициналық томография аппаратының отаны – бұрынғы Қазақ ССР Ғылым Академиясына қарасты физика-техника институты. Өйткені, аппараттың ең алғашқы технологиясын жасаған қазақ ғалымы. Жаңалық сол кездегі «Наука и жизнь» журналында жарияланған. Оны американдықтар су тегінге алыпты. Кейін АҚШ ғалымы медицинадағы серпінді жобасы үшін Нобель сыйлығын иемденеді. Қазір медицина томографиясын әлемге АҚШ сыйлады деп жүр. Жалпы, өзге елдің ғылымына үлес қосып жатқан қазақ ақыл-ойының жемісі жеткілікті.
Jas qazaq: Неге шетелде?
Қайрат Кеңес: Бізде базалық білім мықты. Талантты жастар көп. Сол жас ғалымдар өздері ойлап тапқан дүниені жасап шығарайын десе, мүмкіндік жоқ. Зертханалық құрал-жабдық, қондырғы, техника, технологияның бәрі ескі. Ғылымды қаржыландыру жүйесі дұрыс емес, қаражат инновациялық не жаһандық маңызы бар ғылымды зерттеуге толық жұмсалмайды.
Jas qazaq: Жыл сайын зерттеулерге арналған грант жеңімпаздары анықталады. Солардың әлемдік ғылымдағы үлесі қандай?
Қайрат Кеңес: Олардың ғылымдағы орнын анықтау үшін әлемдік деңгейдегі ғалымдардың мақалалары шығатын журналдардағы материалына қараймыз. Кімнің қандай мақала жазып жүргенін іздейміз. Әлемдік деңгейдегі журналдар 4 деңгейге бөлінеді. Еліміз бойынша 22091 ғалым бар. Оның 210-ы ғана шетелдік журналдарға 5 мақаладан шығарыпты. Бұны неге айтып отырмын? Бұл 20 мың ғалымды әлем мойындамайды деген сөз. Бірақ бәрі мемлекеттен өздерінің жобасына ақша алып жүр. 5 жылда 4700 ғалым шетелдік журналдарға небәрі бір мақала ғана шығарған. Оның 20 пайызы ғана алғашқы автор. Қалған 80 пайызы – екінші, үшінші автор. Екінші, үшінші автор дегендер кімдер? Олар шетелдің бір ғалымымен бірлесіп, оған көмекші ретінде жұмыс істейді. Мақаланы шетелдік ғалым жазады. Журналға жарияланған мақаланың артына мұның да атын тіркеп қояды. Олар осыған мәз! Мұндайларды қазақ «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дейді.
Jas qazaq: Өзің зерттеу жұмыстарыңды қалай жүргізіп келесің?
Қайрат Кеңес: Магистратура оқып жүргенде күн батареясын жасаумен екі жыл айналыстым. Бірақ жұмыс істей алмадым. Бір сынақ жасау үшін бір апта уақыт кетеді. Оны сараптамадан өткізу үшін тағы бір апта қажет. Сөйтіп, екі апта күтіп жүргеніңізде күн батареясының тиімділігі төмендейді. Себебі оның құрамында органикалық заттар бар. Оларды вакуумде сақтау керек. Іркіліс болуынан жұмыстың бәрін өз уақытында істей алмайсың. Соңында ойлаған нәтижеге қол жеткізу қиын. Екі жылға созылған жұмысымды Оңтүстік Кореяға барып, бір аптада аяқтадым. Жұмысыңды аппараттың бір жағынан сынасаң, екінші жағынан, нәтижесін көресің. Өте ыңғайлы.
Тағы бір мысал айтайын: Бірнеше ғалым бірігіп, жобамызға білім және ғылым министрлігінің үш жылға берілетін грантын ұтып алдық. Бір жылға 12 миллион теңге беретін болды. Жобаны іске асыру үшін елімізде жоқ бір химиялық қоспаны шетелден алдыруға 3,5 миллион теңге кетті. Осыдан кейін ойлап көріңіз, отандық ғылым қалай дамиды?
Jas qazaq: Әлемдік тәжірибе қалай?
Қайрат Кеңес: Дамыған елдерде ғылым мен өндіріс ұштасқан. Мемлекет ғылымға бөлетін қаржыны алдын ала ойластырып, оның өндіріске қажеті бар ма, жоқ па немесе қанша жылда нәтиже беретінін жан-жақты қарастырады. Сол бойынша грант бөледі. Біздің үкімет ғылымды қаржыландыруға 3 жылда 35 млрд теңге бөлді. Ал биыл Алматыдағы жерасты жолдарын жөндеуге 3 айда 5 млрд теңге кетіпті. Осы екеуінің қоғамға, мемлекетке, елдің болашағына беретін пайдасын салыстырып көріңізші! 35 млрд теңгені барлық ғылыми жобаларға, 22 091 ғалымға бөліп көріңіз. Қаншадан айналатынын айтудың өзі күлкілі.
Jas qazaq: Ғылым саласында жең ұшынан жалғасатын жағдайлар бар деп естиміз. Өзің мұндай жағдаймен бетпе-бет келген кездерің болды ма?
Қайрат Кеңес: Парақорлық бар. Дәл қазір сізге нақты адамның немесе белгілі бір ғылыми институттың атын атап, түсін түстеп бере алмаймын. Бір нанды бөліп жеп жүрген соң, ешкімді қаралағым келмейді. Бірақ бары анық. Мысалы, сіз 12 миллион теңгелік жоба ұсындыңыз дейік! Бірақ ақша беретін тиісті министрлік сізге тең жартысын ғана ұстатады. Себебі, пәлен жоба қаржыландырылды деп есеп беру керек. Ал толығымен берейін десе ақша жетпейді. Ал сіз 12 миллион теңгенің жұмысын істеп, есебін өткізесіз. Алмаған ақшаға жауап беріп, ішпеген тамаққа тиын төлегенмен бірдей шаруа. Биыл бір ғылыми институт ғылымға бөлген барлық қаржының 23,5 пайызын ұтып алды. Бұл – 1 млрд 384 млн теңге. Бірақ олар жобаны бағалайтын сараптама кеңесінен төмен баға алғандар.
Өткен жылы 4,5 мың жобаның 1096-ы мемлекеттен бөлінген қаржыны ұтқан. Меніңше, аз ақшаны тауыққа шашқан тарыдай қылғанша, жақсы жобаға, мықты ғалымға, өндірісте бар ғылымға ақшаны көбірек бөлу керек. Сонда әлгі ғалымдар да өз жұмысын соңына дейін жеткізе алады.
Jas qazaq: Ғылым саласында ақша бөлудің нақты жүйесі, тәртібі бар ма?
Қайрат Кеңес: Гранттық бағдарламаға ұсынылған жобалар алдымен шетелдегі ғылым көрсеткіші саналатын «Хирша индексі» бойынша бағаланады. Содан кейін жобаның маңызын үш сарапшыдан тұратын ғылыми кеңес қарайды. Олардың бір жобаны талдауына біздің қазынадан 250 доллар төленеді. Енді былтырғы ұсынылған 4500 жобаға кеткен қаржыны өзіңіз есептеп көріңізші!
Шетелдік ғалымдардың сұрыптауынан кейін өзіміздің Ұлттық ғылыми кеңес қарайды. Болат Кеңес деген ғалымның гранттар туралы жазған сараптамасы бар. Ол ғылымдағы ақша бөлудің тәртібін нақты деректермен, дәл сандармен көрсетеді. Мәселен, кейбір жобалар шетелдік ғалымдардың көңіліне толып, толық балл 36-ны алады. Өзіміздің ғалымдар да оған толық балл қояды. Бірақ ақша ала алмай қалады. Неге?
Jas qazaq: Онда грантты бөлудің тетігін жетілдіру керек шығар?
Қайрат Кеңес: Иә, солай ету керек. Әйтпесе, бізде кейбір жобаларға қаржының қалай бөлінетіні түсініксіз. Бейнелеп айтқанда, бір ғалым құтының қақпағын ойлап тапты дейік. Ол келесі жылы әлгі қақпақты екі бұрап жабатын қылып грант ұтады. Арғы жылы үш бұрап жабылатын жасайды. Одан кейінгі жылы үш рет алдыға, бір рет кері бұрап жабатын жасайды да, тағы да ұтып алады. Сөйтіп, бір қақпақты 5 жыл бұрап жүреді. Міне, осындай жобаларға ақша бөлініп отыр.
Jas qazaq: Ғылымдағы ақша бөлудің шетелдік тәжірибесі қалай?
Қайрат Кеңес: Шетелде ғылым мен өндіріс ұштасқан. Одан бөлек, Еуропада ғалымдарын ұстап отыру үшін мемлекеттен жылына 300 мың доллар ақша бөлінеді. Бұл жобаларға бөлінетін қаржыдан бөлек. Ал Ресейде 93 мың доллар бөлінеді. Біздегі үлес 10 мың доллар ғана. АҚШ-та ғылыми жобаларға жылына 511 млрд доллар бөлінеді. Қытайда – 451 млрд доллар, ал бізде – 35 млрд теңге. Мұны долларға шақсаңыз, қанша болатынын айтудың өзі ұят.
Jas qazaq: Әңгіме арасында шетелге кеткен қазақтың жас ғалымдары туралы айтып өттің. Салыстырмалы түрде айтшы, олардың саны көп пе?
Қайрат Кеңес: Нақты санын зерттеп көрген жоқпын. Бірақ жеткілікті. Жастардың сол жақтан қайтқысы жоқ. Неге? Біріншіден, шетелде әлеуметтік жағдай жақсы. Табыс біздегіден бірнеше есе көп. Ғалымдар тапқан табысына жақсы өмір сүреді. Сананы тұрмыс билеген заман ғой қазір. Менің жетекшімнің бір студенті Жапонияда магистратураны, докторантураны оқыды. Қазір Австралияда жұмыс істейді. Жетекшім оны Қазақстанға шақырды. Бірақ келмеді. «Қазақстанға барсам ғылымның дамуына қалай көмектесе аламын? Не құрылғы жоқ, не алған білімімді іске асыратын мүмкіндік жоқ» деді. Ол рас, Қазақстанда ғалымдар жобадан ақша ұта алмаса, бір университетке мұғалім болады. Еңбекақыңыз – 110-120 мың теңге. 70-80 мың теңгеге пәтерге тұрасыз. Қалған 40 мың теңгемен ғылыммен айналысасыз ба, әлде бала-шаға бағасыз ба? Сондықтан, ағылшын тілін білетін талай мықты жас ғалымдар ғылымды тастап, шетелдік компанияларға кіріп кетті. Кейбірі мұнай саласында жүр.
Jas qazaq: Қайрат, шешімін таппай отырған ғылым саласындағы түйткілдерді тізіп айттың. Енді осыларды шешу үшін не істеу керек?
Қайрат Кеңес: Біздің елде ғылым саласына бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 0,8 пайызы ғана. Бұл өте аз. Ғалымдарға берілетін жалақыны молайтып, парақорлықты жоймай, жас ғалымдардың мүмкіндігін пайдаланбай, ғылымның көсегесі көгермейді.

Сұхбаттасқан Жарас Кемелжан

 

Диас Тастанбеков – жас ғалым.

Ол магистратураны «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден оқып келген. Аэропоника технологиясы бойынша өнімге зерттеу жүргізген маман. Бұл технология 1960 жылдары пайда болыпты. Қазір әлемнің дамыған елдері осы технологияның рахатын көріп отыр. Нақты айтқанда, аэропоника деген – өсімдікті топырақсыз өсіретін технология. Аэропоника технологиясында өсімдік тамырына қажетті дәрумендерді су арқылы береді. Өсімдік топырақтағыдай өседі. Шығын аз, өнім көп. Ғарышта да ғарышкерлер осы технологиямен өнім алған.

Ол – Қазақстандағы 100 жаңа есімге енген. Қазақ-Британ техникалық университетінің полимер материалдар зертханасының меңгерушісі. Диас мұнда полимердің екі түрін – медицинада қолданылатын табиғи жолмен ыдырайтын және күн батареяларында пайдаланылатын жартылай өткізгіш түрін зерттеп, өз жобаларын жасады. Оның ішінде сөйлейтін қоқыс жәшігі, көп мәрте пайдалануға болатын синтетикалық қағаз бар.
Жас ғалым «Zertis Agro» Эко ферма 4.0» табиғи таза өнім өндіру бойынша бизнес идеясына грант алып, оны сәтті жүзеге асыруда. Диастың тағы бір жаңа жобасы робототехникамен тығыз байланысты. Қазіргі таңда математика, физика, химия салаларының оқытылуына көңілі толмайды. Ол «Мектеп жасындағы баланы есеп шығар деп емес, робот жасаймыз деп қызықтыру арқылы ғана ғылымды жете түсіндіруге болады», – дейді.

Мәулен Бектұрғанов та жас ғалым.

Қазақстанда алғаш рет бионикалық қол протезін жасаған. Протез бұлшық еттердегі нерв жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бионикалық қол сенсор арқылы басқарылады. Жасанды қолдың көмегімен қолды ашып-жұмуға, білекті қозғалтуға, компьютер тышқанын басқаруға, күнделікті тұрмысқа қажет құралдарды ұстауға болады. Адамның табиғи қол атқара алатын функциялардың ең маңыздыларын атқаруға мүмкіндігі бар.

Ғалым ең алғаш мемлекеттен берілетін субсидия арқылы ақша алып, зерттеу жұмысын жүргізген. Қазір медицинаға бөлінетін тендерге қатысып, тапсырыс бойынша протез жасап жүр. Шетелдің өнімімен салыстырғанда бағасы 3 есе арзан, сапасы бірдей. Ол «Алғашында бионикалық протез жасай бастағанымда «Әлемде аналогы бар қолды не үшін жасап жатырсың?» дейтіндер болды. Біздің қазақстандықтар осындай протездерді шетелден тым қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр. Көпшілігінің қалтасы көтере бермейді. Іздеуге де мүмкіндіктері аз. Сондықтан, мен қолжетімді бағада отандық өнім шығаруға бел будым», – дейді.
Мәулен – MBionics компаниясының негізін қалаушы. Мәуленнің Қазақстан ғылымына әкелген жаңалығы көптеген адамдардың қалыпты өмірге қайтып оралуына септігін тигізді. Қазіргі уақытта жас ғалым мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдететін көптеген жаңалықты ашуды мақсат етіп жүр.

Бүгін, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?