Гиппократқа берген антың қайда?

15 сәуiр 2016, 16:21

Астанада ұзаққа созылған «Ақ халаттылар ісіне» нүкте қойылды. №2 перинаталдық орталықтың екі дәрігері – акушер Владимир Калашников пен анестезиолог Григорий Азаров 1 жылға темір торға қамалды. Жазасын өтеген соң 2 жыл дәрігерлік қызмет атқара алмайды. Сот екеуін толғағы қысып, ота үстелінде көз жұмған Ақмарал Тұрсынбаеваның өліміне кінәлі деп тапты. Бірақ дәрігер қауымы бұл үкімді әділетсіз деп танып, әріптесін қорғауға қол жинауда.

Қайғылы оқиға осыдан екі жыл бұрын болған. Толғағы келген әйел кесір тілігі арқылы босандырылады. Бірақ жас ананың халі күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жеткізілген. Ақмаралдың денсаулығына салғырт қараған дәрігерлер дұрыс диагноз қоймаған. Нәтижесінде қансыраған келіншек ота үстелінде жан тапсырады. «Ақ халаттылар ісі» бойынша қылмысты тергеуге Ақмаралдың туыстарының арызы себеп болыпты. Сөйтіп екі жылға созылған тергеу биыл 7 сәуірде аяқталды. №2 Алматы аудандық соты Қылмыстық кодекстің 114-бабының 4-тармағы бойынша (медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіби міндеттеріне салғырт қарауы) үкім шығарды. Алайда дәрігерлердің сендіруінше, жас әйел ми тамырларының тромбозынан көз жұмған. Төрт сараптама жасаған марқұмның туыстары бұған сенбейді.

«Ақ халаттылар ісіне» қатысты шығарылған үкім қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біз осыған орай, құзырлы мекемеге бас сұғып, Астана қалалық сотының судьясы Сайран Әлімбаевамен аз-кем әңгімелестік. – Бұл қылмыстық істі өзім қарамағандықтан және үкім заңды күшіне енбегендіктен, ештеңе деп баға бере алмаймын, – деді ол.
– Сайран Мәмиқызы, сотта дәрігердің жіберген қателігі туралы қылмыстық іс көп қарала ма?
71-4-6– Көп қаралмайды. Мысалы, 2014 жылы 19 мамырда №2 Сарыарқа аудандық соты елордалық екі дәрігердің ісін қарады. Онда адам өлімі орын алған. Бірақ тараптардың татуласуы нәтижесінде дәрігерлер қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Мына үкімде босанатын әйелдің өліміне себепкер болған дәрігер қателігі. Мұндай іс республика бойынша да өте сирек кездеседі. Оның өз ерекшелігі бар. Көбінесе үкім шығарғанда сот сараптамасының қорытындысына жүгінеді. Яғни кімнің кінәлі екенін тергеу кезінде сараптамашы анықтауы керек. Кісі өліміне дәрігердің іс-қимылы себеп болды ма, әлде басқа жағдай ма…
– Қателік жіберген дәрігердің жазасы тым жеңіл емес пе? Қайткенмен де адам өлді ғой?
– Дәрігердің кінәсін анықтау сотқа да қиын. Себебі дәрігер де адам өмірін сақтау үшін күреседі. Бұл адам өлтірейін деген пиғылмен жасалмайтын қылмыс. Абайсызда қателікпен жасалатын қылмыс. Кісі өлтіру мен абайсызда жасалатын қылмыстың арасы жер мен көктей. Бірақ қоғамда мұндай жағдай кездеседі. Дәрігердің қателігін назардан тыс қалдырмас үшін жауапкершілікке тарту керек. Осындай қылмысты болдырмау және оның алдын алу үшін.
– Айтыңызшы, Сіздің судьялық тәжірибеңізде осындай оқиға кездесті ме? Сіз қандай үкім шығардыңыз?
– 18 жылдық судьялық тәжірибемде кездесті. Қылмыстық істі қарап, 2 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығардым. Бірақ істі қарау өте ауыр болды. Себебі жәбірленуші әйелдің баласы өлі туған. Өзі бірнеше жыл бала көтере алмай, бармаған дәрігері, алмаған емі жоқ. Сөйтіп бала көтеріп, тегін дәрігерге сенбей, қызметі ақылы білікті дәрігердің көмегімен босанғысы келеді. Жеке кәсіпкердің «Фемина» деген перзентханасына барады. Босануына алдын ала қаншама ақша төлейді. Өзінше жақсы күтіммен, жақсы жағдайда босанамын деп ойлаған. Сот барысында анықталғаны, «білікті» дәрігер әйелді босанатын мерзімінен бірнеше күн бұрын шақырып алады. «Мен демалысқа кетуім керек еді, сондықтан сізді ерте босандырайын» деп толғақ шақыратын укол береді. Сөйтіп, табиғаттың заңына қарсы шыққан. Ал әлгі әйелдің баласы іште тұншығып, өлі туған. Мен жәбірленушіге өте жанашырлықпен қарадым. Одан кейін бала көтере ала ма, алмай ма, белгісіз ғой. Сол себептен мұндай қателікті кешіруге
болмайды.

Қылмысы – көп, сотталғаны – жоқ

Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша, елімізде дәрігер қателігі қылмыстық жолмен жазаланатын істер қатарына қосылды. Айтарлығы, ақ халаттылардың қолымен жасалатын қылмыстық іс көп қозғалғанымен, оның ішінде сотқа дейін жететіні бірді-екілі ғана. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен алынған мәліметке сүйенсек, 2016 жылдың үш айында Қылмыстық кодекстің 114-бабының 4-тармағы бойынша елімізде 441 қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде бар-жоғы 7 ғана сотқа жолданыпты. Бірақ ешқайсына түпкілікті үкім шығарылмаған. 2015 жылы кәсіби міндетін дұрыс атқармаған дәрігерлердің үстінен 642 қылмыстық іс қозғалып, соның ішінде 2 іс бойынша ғана сот үкім кескен.

 

Тақырыпқа орай!

8 қаңтар Алматы

«Сұңқар» медицина орталығында мейірбикенің кінәсінен ер адам өлді. Біліксіз мейірбике 1988 жылы туған М.Садықовқа «Цефазолин» антибиотигінің екпесін алдын ала тексермей салған. Науқас анафилактикалық шокқа ұшырайды. 10 минутта келген реанимобиль бригадасы науқастың жүрегіне екі рет жан бітіргенімен, артынша науқас көз жұмады.

4 наурыз Орал

Батыс Қазақстан облысында 4 жасар Даниел Капеллинидің өліміне қатысты сараптама қорытындысы жарияланды. Оған сәйкес баланың дәрігер кінәсінен өлгені анықталған. Бала өлімінің себебін зерттеген мамандар екі нәрсеге жағасын ұстаған. Бірі – Даниелге көмей безін алып тастауға ешқандай ота керек болмаған. Екіншісі – ота жасаған дәрігердің оған еш құқы болмаған. Баланың қанында тромбоцит деңгейі төмен болғанына қарамастан, Даниелдің анасы Айгүлді отаға көндірген лор-дәрігер Расул Камкиевке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ ол сотталған жоқ, бар болғаны ота жасау қызметінен шеттетілді.

4 сәуір Семей

Семейлік дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай, Владимир Деминді мүгедек етті. 40 жастағы В.Демин екі жыл бұрын ауырып, дәрігер шақырады. Ауруханада оған мида кесел бар деген диагноз қояды. Сөйтіп, өңірлік онкодиспансерге есепке тұрғызады. Тіпті ақ халаттылар оған 2-3 апта ғана өмірің қалды деп қорқытыпты. Ал 7 айдан соң тексерілген Владимир миында ешқандай кесел жоғын анықтайды. Ол шын мәнінде қабақ астына құйылған қаннан зардап шеккен. Нәтижесінде нейрохирург пен онкологтың қателесуінен Владимир бірінші топтағы мүгедекке айналды. Ол қазір өздігінен жүре алмайды және жұмысқа жарамсыз. Сотқа арызданғанымен, талап еткен 8 млн теңгенің орнына бар-жоғы 330 мың теңге өтемақы өндіріп алыпты.

3,5x4,5

Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде