Ғибратты ғұмырдың жетпіс жетінші көктемі

04 мамыр, 21:28

 

Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Марат Нағұмановтың есімі елге етене таныс. Ол бар саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне бағыштап, төл әскерімізді құруға сүбелі үлес қосқан, қазақ офицерлерінің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған абзал азамат.

Біздің кейіпкеріміз қатардағы солдаттан генералға дейінгі қиындығы мол жолды кителіне кір жұқтырмай абыроймен өткен адам.  Қарапайым қазақ баласының қатардағы сарбаз кезінде-ақ «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталуы көп нәрседен хабар берсе керек. Ол кейін әскери оқу орнына түсіп, Кеңес Армиясы сапында полковник дәрежесіне дейін көтеріліп, «КСРО Қарулы күштері қатарындағы Отанға қызметі үшін» орденін омырауына тақты. Кейін елге оралып, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетовтің қол астында қазақ әскерін құруға белсене кіріседі.

1992 жылдың 24 ақпанында И.Конев атындағы Алматы жоғары командалық әскери училищесіндегі қызметін бастап кетеді (бұл оқу орны қазір С.Нұрмағамбетов атындағы ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің әскери институты).

Кадр тапшылығына қатысты бір ғана мысал. Сол жылы аталған оқу орнын бітірген 200-ден астам лейтенанттың тек 22-сі Қазақстанда қалды, ал соның 12-сі ғана қазақ болатын. Кейін Киев, Харьков, Қазан, Саратов сияқты басқа әскери училищелерден қазақ жігіттері ауысып келе бастады. Бүгінде олардың алды генерал, полковник шенінде әртүрлі жоғары қызметтерде жүр.

 

Уақыт өте келе полк-дивизия-корпус буынында кадр жетіспеушілігі байқалды. Ірі әскери бөлімдердің командирлерін өзімізде оқытуды қолға алу қажет болды. Сондықтан Марат Сералыұлы Алматы жалпы әскери училищесін ҚР Қарулы күштерінің Әскери академиясы етіп қайта құру қажеттігі туралы құжатты Президенттің атына дайындаумен тікелей айналысты. Қазіргі Ұлттық қорғаныс университетінің іргесі солай қаланған болатын.

Бұдан кейін М.Нағұманов ҚР ҚК Жалпы мақсаттағы әскерлері қолбасшысының орынбасары, Қорғаныс министрлігінің департамент бастығы ретінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды жолға қойды.

Генерал М.Нағұманов запасқа шыққаннан кейін де «ҚР Қарулы күштері ардагерлері» ұйымы төрағасының орынбасары, ҚР Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектеп» РМҚК бас директорының орынбасары, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің бақылау кеңесінің мүшесі ретінде елге қызмет етуден, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруден қол үзбей келеді.

Қазір «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін салу туралы ұсынысты көтеріп жүр. Оның себебін ардагер былайша түсіндіреді:

— Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған бір жарым миллион қазақстандықтың 630 мыңнан астамы майданда опат болды, 270 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кетті. Қаза тапқан жауынгерлердің жерленген жерлері де белгісіз. Олардың аты-жөндерін түгел қалпына келтіру енді мүмкін емес. Осыған байланысты, Ұлы Жеңістің 80 жылдығында «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін орнатуды ұсынып отырмыз. Осылайша біз бостандық жолында қаза тапқан боздақтардың алдындағы азаматтық парызымызды орындаймыз. Бұл ескерткіш соғыста хабар-ошарсыз кеткен немесе қайда жерленгені белгісіз барлық қазақстандықтардың рухына тағзым ететін көпшілік орынға  айналар еді.

ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Марат Нағұмановтың өзі де майдангердің ұрпағы. Жастармен кездесулерде, патриоттық іс-шараларда атамның майданнан жазған хат еді деп бір-екі шумақ өлең оқып қалатын. Жақында Марат ағамен сөйлескенде сол хаттың толық нұсқасы бар ма деп сұрадым. Құдай оңдағанда бар екен.

Аттандық ел қорғауға орыс-қазақ,

Жолында бұл соғыстың көрдік азап.

Бейнет түбі рахат деген сөз де бар ғой

Немісті басып алып қылсақ мазақ.

Бұл — ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан ұрпаққа айтылып бүгінгі күнге жеткен майдангердің жүрекжарды, бәлкім соңғы сөзі. Ол әрине кәсіби әдебиетші немесе ақын-жазушы емес. Ол қазақ даласынан соғысқа аттанған миллионнан астам қарапайым қазақтың бірі болатын. Сондықтан өлеңінің көркемдігі жағына көп көңіл бөлмеген жөн. Ең бастысы ол соғыстағы жалпы хал-ахуал мен көңіл-күйді дәл береді, шынайы шыққан. Ауылдағы туған-туыстары мен бауырларының, достарының аттарын жек-жеке атап, сәлем жолдайды.

Майданнан жазылған хаттың аторы – қатардағы жауынгер Рауель Әжікеев. 1904 жылы Ақмола облысы Молотов ауданы (қазіргі Зеренді) Қостомар ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін ауыл шаруашылығы училищесін бітіріп, туған колхозында әуелі кеңсе хатшысы, сосын сол колхоздың төрағасы болады.

1942 жылы майданға аттанып, 61-ші армияға қарасты Суворов және Кутузов орденді Қызыл Тулы Новоград-Волынск дивизиясының 744-ші полкінің сапында шайқасып, Белев қаласын азат етуге қатысады. Сол шайқаста жарақат алып, далалық госпитальда көз жұмады. Тула облысы Белев қаласындағы бауырластар зиратында жерленген. Шамасы осы хатты сол госпитальда жатқанда жазған болу керек деп топшылаймыз.

«Тектіден текті туады, тектінің жолын қуады» дейді қазақ. Отан үшін жан берген қатардағы жауынгер Әжікеев Рауель де, бүкіл саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнаған генерал-майор Марат Нағұманов та XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста даңқы шыққан атақты Жайылған батыр Малбақтыұлының ұрпақтары. Енді мына қызықты қараңыз, Рауель Тула түбінде жатыр, ал Жайылған батыр Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Қазағымның қаны қайда төгіліп, басы қайда қалмаған деген міне, осы.

Елу жылдан астам отасып, әскери қызметтің барлық ыстық-суығын бірге татқан жұбайы Ақжібек жеңгемізге деген ризашылық сезімін Марат аға бірде Ұлыбританияның премьер-министрі У.Черчильдің сөзімен жеткізді: «Менің өмірімдегі ең үлкен жетістігім әйелімді өзіме тұрмысқа шығуға көндіре алғаным болды». Ал біз кез келген мықты еркектің ту сыртында бір мықты әйел тұрады деген қанатты сөздің өміршеңдігіне тағы да бір рет көз жеткіздік.

Өнегелі өмір, тағылымды тағдыр иесінің төмендіг сөздері ел ертеңін ойлаған әр адамға ой салуға тиіс: «Біз бірнәрсені ұмытпауымыз керек, мың жерден бақайшығына дейін қазіргі заманғы қару-жарақпен, әскери техникамен қамтамасыз етілген мықты армия болса да, бәрібір адам соғысады. Егер сол адамның жүрегі елім деп соқпаса, рухы мықты болмаса, оның жеңіске жетуі екіталай. Ендеше елім деп елжірейтін ұрпақты тәрбиелеп, өсіру – біздің ортақ парызымыз».

Қазақта Жеті саны қашанда киелі және қасиетті саналған. Біз ежелден Жеті қазынасын көздің қарашығындай сақтап, Жеті атасын жетік білген елміз. Біздің кейіпкеріміздің туған күнінің 7 мамыр — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күнімен тура келуі де тегін емес, бұл терең символдық мәнге ие дүние дер едім. Өйткені Марат Сералыұлы бүкіл саналы өмірін Отан қорғау ісіне арнады, ҚР Қарулы Күштерінің бастауында тұрды және әлі күнге дейін өзін әскери сапта сезінеді. Ғибратты ғұмырдың жетпіс жетінші көктемі құтты болсын!

Әбубәкір Смайылов,

әскери журналист

04 мамыр, 21:28
Ғибратты ғұмырдың жетпіс жетінші көктемі
30 сәуiр, 13:50
Алмасбек Нұғыман: Парламенттің қуатты болуы – халықтың қолдауынан
28 сәуiр, 14:24
Сары атлас көйлек
24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ