Өгей шеше өшікпесін…

27 қантар 2017, 12:22

(Осы аптада болған оқиғаның ізімен)

Ақсайдың басы тұман…

Іргетасы отырып, жермен-жексен болған ескі ағаш үйдің алдына тозығы жеткен көк машина өкпесі өшіп әрең тоқтады. Ішінен сау етіп, үш жігіт және бір қыз шықты. Бәрінің жүзінен суық ызғар шашады. Сонан соң 10-11 жастағы баланы қолынан сүйреп түсірді. Көлік тізгініндегі жігіт сол арадан кері қайтты. Бәрінің қимылы ширақ. Баланы сүйреп түсіргендер қақпаны ашып, ағаш үйге асығыс-үсігіс кіріп жатыр.


Кіші бесін кезінде иесіз саяжайға келгендердің суыт жүрісі көршілерге таңсық сезілген. Бұлар кім? – дегендей, шарбақтарынан мойын созып қарап-қарап қояды. Қыс түскелі адам аяғы баспаған үйдің өзі де қонақтарды суық қарсы алды. Ауыр ағаш есікті жұлқып ашқан кеспелтек сары жігіттің бетін үйдің күлімсі исі мен суық леп шымшып өткендей болды. Ол сол сәт тіксініп қалған. Өзінің қандай жамандыққа бара жатқанын іштей сезініп үргерді-ау деймін. Есік көзінде жарты минуттай состиып тұрып қалды. Бірақ жетегіндегі баланың қиқар мінезін көргенде, көзі тұманданып кетті…

Өгей мінез

Өмір ауыр соққыдан қалпақтай ұшты. Құлақ шекесіне тиген жуан жұдырық жақ сүйегін сындырып жібергендей. Басын көтере бергені сол еді, аш кеңірдегіне қарулы саусақтар іліне кеткені. Шыбын жаны шырқырап, тынысы тарылып, көзі аларып бара жатыр. «Ағатай» – дегенге шамасы әрең жетті.
– Ағатай, мені неге ұрасыз? Менен не керек? – деп шырқырады 11 жастағы Өмір тамағындағы қол босай қалғанда.
– Сен сілімтіксің. Бүгін өлесің – деді әлгі сары кеспелтек көзі қанталап.
– Неге? Не бүлдірдім? – деді бала қалш-қалш етіп.
– Бәрін бүлдірдің! – деп айқайлады қара қыз.
– Жанна тәте, енді мамамның тілін алам. Қарындасымды жылатпай бағамын – деді көз жасы көл болып. «Саяжайдан отын алып қайтамыз, жолды көрсет» – деп едіңіздер ғой. Мені неге ұрасыздар? – деп жаутаңдады қаршадай ұл.
– Сенің жынды әкең менің анамды ренжітті. Сен үшін анама қол көтерген. Міне, сенің кінәң! – деді қарасұр қыз.
– Жанна тәте, әкеме айтам, енді мен үшін олар ұрыспайтын болады. Мен ауылға кетемін.
– Тәте деме! Ешкім сенің тәтең емес. Мамамды да атама! Ол саған өгей.
– Иә, білем ғой. Бірақ қазір анам, мен ол кісіні жақсы көрем, сізді де, Жандос ағамды да жақсы көрем – деп шырылдады бала…
Сол сәт «Не қарап тұрсыңдар?» – деп айқайлады әлгі қара қыз. Жаннаның бұйрығын күтіп тұрғандай, бір-бірінен аумайтын, бейне әкелі-балалы екі сары Өмірге қатар ұмтылды. Бірі тамағынан қылқындырды, бірі жеткіншектің бүйрегінен соғып жатыр.
Жатбауыр аға мен
жатжүрек тәте

Жамандыққа тас-түйін бекініп алған үлкен сарының көзі баланың жасаураған, әлсіз жанарына қадалып қалған еді, жаны ашып, жүрегі езіліп кеткендей болды. Сол сәт кеңірдегін сығымдап бара жатқан қолы босай қалған. Бала шалт қимылдап, жалма-жан далаға қарай қаша жөнелді. Есік көзіндегі өгей ағасы мен тәтесі де ұстай алмай қалды. Өзіне бір жамандықтың шынымен төнгенін сезінген жеткіншек қақпаға қарай қашты. Бірақ артынан қуа шыққан әлгі үшеудің бірі көшеге жеткізбей, қуып жеткен. Бала қорыққанын шырылдап жылап, әлгінің аяғына оралды.
– Жандос аға, мені не қыласыздар? Құтқарыңызшы мені. Сіз менің ағамсыз ғой – деп ботадай боздады. Өмірдің артынан өңмеңдеп шыққан екі сарының бірі баланың аузын жауып, бірі оны сүйреген күйі үйге жапсарлай салынған сарайға бір-ақ тартты. Жеткіншекте ес жоқ. Буын-буыны босап, дір-дір етеді. Көз алдында өзіне таныс сарай, ойнап-күліп жүрген саяжайдың ағаш-теректерінің бәрі тозақ отындай елестеді…


Бұл жолы жендеттердің шынымен жүрегі қарайып алыпты. Кіші сары торғайдың балапанындай қалшылдаған Өмірді темір етікпен бір-ақ теуіп, мұрттай ұшырды. Сосын, жаны кетіп, сілейіп қалған баланы екі қолымен шеңбектеген күйі сарайдың бұрышына қарай лақтырып жіберген. Жеткіншек сол сәтте бір есін жиғандай болды. Бірақ бір минут өтпей тамағына тағы бірдеме оралып, буындырып бара жатқанын сезді. Қол емес, жіңішке, өткір нәрсе. Баланың мойнына жыландай оралған, сөйтсе жіп екен. Бұл жолы дауыс шығару түгілі, дем алудың өзі ауыр соқты. Өмір өлім мен өмірдің арасында жанталасқан сайын қылтамағы қиылып, дүние төңкеріліп бара жатқандай ауыр күй кешті. «Ағам мен тәтеме не істеп қойдым? Өлген деген осы шығар?». Шым-шытырық қорқынышты ой Өмір қылқынған сайын үдей берді, үдей берді…
Ала жіпке асылып, сарайда салақтап біраз тұрды. Кеудесінен жан шығып бара жатқанда есік көзінен өгей шешесінің сұлбасы көрінгендей болды. «Мама» – дегісі келіп еді, кеуде мен бас екі бөлек сияқты, бір-біріне бағынбайтындай сезілді. Мамасы сияқты елестеген жан Жанна тәтесі екен. Қолында өткір кездік. Үлкен сарыға беріп жатыр. Демі үзілсе де, кеудесіндегі жұмыр жүрегі тоқтай қоймаған Өмір осының бәрін көріп-біліп жатыр…

Үзілген Өмір

Одан ары. Одан ары баланы аспақтан түсіргендер оның жүрегінің әлі де аттай тулап жатқанын көріп, сол тұстан жеті рет пышақ салды. Сонда ғана Өмірдің уыз жүзі сұрланып, көзінің нұры ұшып кеткендей болды. Сүт пісірім уақыт жалғыз баламен алысқан атпалдай жігіттер ақ тер-қара терге батты. Сонан соң сарай ішінен көр қаза бастады. Өмірдің өлі денесін соған көміп кетпек. Үй алдындағы көршісі келіп қақпаны қағып, не болып жатқанын сұрап еді, Жанна шығып бәрінің тігісін жатқызып қайтты.
Өмірдің өмірін қиғандар шаруасын қас қарайғанда аяқтап, қалаға қарай жаяу түсіп кетті. Қарт Алатау бар құпияны ішіне бүгіп, шөгіп қалған. Ақсайдың терең өзені күндегіден қаһарлы: гүрілдеп-сарылдамайды, жағасындағы алып тастарды ұрып, қорқынышты дауыс салып жатыр. «Жетім жыласа, жер жылайды» деуші еді, Өмірге жасалған қастандық пен өгей ананың тапсырмасы орындалған күні – Алатаудың басындағы әппақ бұлттардың қарны жарылып, қара аспан ағыл-тегіл жылады. Өгей шеше өшікпесін. Өшіксе, жаман…

 

Жарас КЕМЕЛЖАН
(кейіпкерлердің есімі өзгертілген)

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала