jasqazaq.kz

Ғалам – «сауда соғысына» алаң

Бүгін, 10:45

Бүгінгі әлемдегі ахуалды қарулы қақтығыстан гөрі тариф төңірегіндегі текетірес дөп сипаттайды. АҚШ президенті сөзін қайтып алмаса, алдағы тамыздан бастап, біраз елге қосымша баж салығы салынады. Тізімнің басында Еуропа Одағы мен Мексика да бар. Нақтырақ айтсақ, Америкаға кәрі құрлық пен күнгейдегі көршіден келетін тауардан алынатын алым мөлшері 30 пайыз болып белгіленді. Ақ үй қожайыны мұны дұғай сәлеммен (хат) жеткізді. Трамп, әдеттегідей, «айттым, болды» демеді. Брюссельге жолдаған үшбу хат арқылы «Бұған дейін американ тауарларына жабық болған сауда базарыңыздың есігін ашып, тарифтік және тарифтен тыс саясатыңызды өзгертіп жатсаңыз, сондай-ақ, сауда-саттықтағы кедергілерді алып тастасаңыз, біз де ойланып көреміз» дейтін екіұшты емеурінмен білдірді. Ал Мексикамен арадағы түйткіл тек есірткі трафигі ғана емес, осы елмен өзара сауда-саттықтағы «әділетсіздікпен» байланысты екені баяндалды.
Трамп экспорт пен импортта тепе-теңдік болғанын қалайды: Еуропаға қанша тауар жөнелтілсе, Америкаға да сол көлемде келуі керек. Шектен асып кетсе, қосымша салық төлеуі тиіс. Оның сайлау науқанындағы «Американы қайтадан ұлы мемлекетке айналдырамыз!» (Make America Great Again- MAGA) немесе «Алдымен Америка!» (First America) дейтін ұрандары әуелі өзгені емес, өзін жарылқауды көздейді. Статистикаға сүйенсек, әлгі тепе-теңдік, шынымен бұзылып тұр. Өткен жылы Еуроодақ елдерінің АҚШ-қа экспорты 584 млрд еуроны құрады. Ал мұхиттың арғы жағынан келген тауар ақшаға шаққанда 357 миллиардтан сәл асады. Мексикамен нарықтағы ахуал да сондай. Оңтүстіктен 500 млрд доллардың өнімі келсе, көршіге жөнелтілетін тауар құны 400 миллиардқа жетпейді.
Осы арада MAGA-ның тағы бір мақсаты Ақ үйді қаржы тығырығынан шығару екенін айтқан жөн. Өйткені Батысқа баламалы экономикалық одақтардағы сауда-саттықта ұлттық валюта қолдана бастағалы доллардың бұрынғыдай ықпалы жоқ. Оның үстіне, АҚШ-тың сыртқы қарызы 37 триллион долларға жақындады. Бұл аздай, 90-шы жылдардың ортасында өндіріс ошақтарын Азияға көшіргелі тұтыну бұйымдарын сырттан сатып алады.
Тариф текетіресі Канадамен қарым-қатынастың ушығуына әкеп соқты. Трамп тіпті солтүстіктегі мемлекетті АҚШ-тың құрамына қосу жөнінде сөз қозғады. Осы тақылеттес мәлімдеме Гренландияға қарата айтылды. Әрине, Үйеңкі жапырағы елі мен сирек металы көп әлемдегі ең үлкен аралға иелік етіп отырған Дания дереу наразылық білдірді. БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықты көлденең тартты. Айта кеткен жөн, «сауда соғысының» қарулы қақтығыстан айырмашылығы – одақтасты да аямауында. Сонау 80-ші жылдардың соңында жапонның сапалы электрондық бұйымдары мен автокөлігі американ нарығын жаулап, жергілікті өнімді ығыстыра бастады. Сол кезде Ақ үй Азиядағы ең сенімді серіктес-досын кедендегі жоғары салықпен тоқтатты. Қазір Жапонияға белгіленген тариф мөлшері 26 пайыз шамасында. Осы елдердің бәрі Америкамен тонның ішкі бауындай біртұтас Батыстың ажырамас бөлшегі-тұғын. Бұлар қазір қалайда Сэм ағайды райынан қайтаруға тырысып бағуда. Әйтпесе, қымбат энергиядан кәсіпорындардың жабылуы, екі қолға бір күрек таппай қалған жұмыссыздардың көбеюі, бағаның барған сайын шарықтауы, тәтті уәдемен билікке келген жергілікті үкіметке халық наразылығының өршуі секілді келеңсіз құбылыстардың белең алары анық.
Сауда соғысының жалыны Оңтүстік Америкаға да жетті. Экономикасы қуатты «Үлкен жетіліктің» (G7) басты бәсекелесі — BRIKS-тің белді мүшесі Бразилияға бұйырғаны – 50 пайыз. Бұл көп, әрине. Содан болар, президент Луис Инасиу Лула де Силва осы тариф мөлшері алынып тасталмаса, онда елдегі американдық кәсіпкерлердің аяғына «тұсау салынатын» жарлыққа қол қойды.
Сөз жоқ, тариф «тұзағының» негізгі нысанасы – ғаламдық нарықта Американың ең басты тайталасы Қытай екені әмбеге аян. Биылғы 2 сәуірде АҚШ Аспан асты еліне қосымша баж салығын жариялады. Бейжің дереу жауап берді. Ең соңында американ салығының мөлшері 145 пайызға жетті. Қытай 125 пайыз деп белгіледі. Бұл екі жаққа тиімсіз еді. Басқасын қойып, Америкада баға күрт қымбаттап, жергілікті тауар өндірушілер Аспан асты елінен келетін сирек метал сияқты стратегиялық шикізаттан қағылады. Ар жағында банкроттың ауылы да алыс емес. Ол өз кезегінде экономиканы тұралатуы мүмкін. Мұндай жағдайда әлгі MAGA тек арман болып қалады. Трамп, тәжірибе көрсеткендей, бұрынғы президент Байден немесе Еуропадағы кейбір мәмілеге икемсіз, бірбеткей лидерлерден емес. Саудаласады, керек жерде шегіне біледі. Қытаймен текетіресте дәл солай болды. Тараптар мамыр айында Женевада кездесті. Американдықтар баж салығы мөлшерін 30, ал қытайлар 10 пайызға дейін төмендетуге уағдаласты. Көп өтпей, Трамп әріптесі Си Зиңпинмен телефон арқылы тілдесті. Өткен айда екі жақтың өкілдері Лондонда жүздесіп, өзекті мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады. Әлемдегі экономикасы ең қуатты екі ел арасындағы дүрдараздық әзірге осымен аяқталғандай. Бірақ сарапшылар «Американың тариф «тоқпағы» стратегиялық қадам ба, әлде ұзақ мерзімді амал-тәсіл ме?» деген сауалға жауап таба алмай отыр. Сол себепті, екі алпауыт арасында тағы да сауда соғысы бұрқ етіп жатса, таңданудың қажеті жоқ.
Американың өзге елдермен тариф текетіресі Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бізге «бұйырғаны» — 25 пайыз. Бірақ экспорттық тауарларымыздың басым бөлігі санкцияға жатпайды. Өйткені уран, күміс, мұнай сықылды американ экономикасына ауадай қажет стратегиялық тауарлар. Көп өтпей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев американдық әріптесіне жауап ретінде хат жолдап, еліміздің Құрама Штаттардың сауда және инвестиция саласындағы байырғы әрі сенімді серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді байланыстарды дамытуға бейіл екенін атап өтті. Президент, сондай-ақ, екіжақты сауда мәселелері бойынша Қазақстанның рационалды шешім дайындау мақсатында сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екенін айта келе, ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
Мамандар да ұлттық мүддені қорғап, бәрімен тиімді де тату байланыс орнатқан еліміздің кез келген кедергіні еңсеретініне сенімді. Соның айғағындай, күні кеше халықаралық Fitch Ratings агенттігі Трамптың тарифінен Қазақстан экономикасына зиян келмейді деген тұжырым жасады.
Срайыл Смайыл,

экономикалық шолушы

Бүгін, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
Бүгін, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң
19 шiлде, 21:21
Түркістан: Қоғамдағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі
19 шiлде, 20:49
Түркістан: Төлеби ауданының экономикалық әлеуеті қаралды
19 шiлде, 20:28
Түркістан: Төлеби ауданында кәсіпкерлік дамып, маңызды жобалар жүзеге асып жатыр
19 шiлде, 19:55
Түркістан: Кентауда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
19 шiлде, 17:32
Түркістан: Жүзім шаруашылығы қарқын алды
19 шiлде, 11:25
Экономика: Тұрақсыз әлемдегі тұрақты өсім
16 шiлде, 15:14
Түркістан: Сайрамда 32 отбасына пәтер кілті тапсырылды