Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Елорданы Астанаға көшіргеннен бері тартылған инвестицияның көлемі 6 трлн теңгеден асты. Соның 2 трлн теңгесі бюджеттен бөлінді. Бұл ретте қазынаға түскен салық түсімі қазірдің өзінде 4 трлн теңгеден асты. Бұл – мемлекет жүзеге асырған ең тиімді жоба. Көріп отырғанымыздай, мемлекеттің Астана құрылысына салған шығысы ақталды. Бұған қоса, былтыр Астана бірінші рет бюджетіміздің донорына айналып, 900 млрд теңгеден астам қаражат аударды. Түсімнің 75 пайызы қаладағы барлық жұмыс орнының жартысын қамтамасыз етіп отырған шағын және орта бизнестен түсуде», – деп мәлімдеді жуырда өткен Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте.
Бас қаланың 2015-2016 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуында жағымды жетістіктер аз емес. Солардың бірқатарына кеңірек тоқталайық.
ШОБ үлесінен Астана көш басында
Астана бойынша әрбір жан басына шаққанда өңірлік жиынтық өнімнің өсім көлемі 3 428,0 мың теңгені құрайды. Бұл – орташа республикалық көрсеткіштен (1 588,5 мың теңге) 2,2 есеге артық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жиынтық өнім өсімінің қарқыны 5 пайызға жетті. Бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.
Сондай-ақ елорда өңірлік жиынтық өнім өсіміндегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі бойынша да көш бастап тұр. 2014 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 61,8 пайызды құрады. ШОБ саласында 99,2 мың жұмыс істейтін субъекті тіркелген, өсім көлемі – 6,4 пайыз. ШОБ саласында жұмыс істейтін азаматтардың саны 2015 жылы 287,7 мың адамға жетті, бұл сан 2014 жылға қарағанда 9,8 пайызға артық. ШОБ-тің қарқынды дамуы нәтижесінде жаңа жұмыс орны көптеп ашылуда. Мысалға, өткен жылы бас қалада 18 389 жаңа жұмыс орны ашылды. Соның ішінде 74 пайызы немесе 13 490-ы – шағын бизнес субъектілері. Атап айтарлығы, қалада жұмыссыздық жоқ деуге болады. Себебі жұмыс іздеген 950 адам тіркелсе, оларға 3 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылып отыр.
Ескі және апатты үйлер болмайды
Қай қалаға барсаң да, оның көркін бұзатын ескі және апатты үйлердің бар екенін көресің. Мұндай үйлер Астанада да бар. Алайда қала билігі 2017 жылы осы мәселені түпкілікті шешуге тәуекел етуде. Қазіргі кезде апатты үйлерді бұзуға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Оған сәйкес, қала әкімдігі апаттық жағдайдағы үйлерді бұзып, орнына «шаршыға шаршы» әдісімен жаңа пәтер ұсынады. Негізінен алғанда, бұл жобаға әбден тозығы жеткен, 1940-1970 жылдары салынған үйлер кіреді. Ресми мәлімет бойынша 2017 жылдың соңына дейін бас қаладағы 228 апатты үйді бұзу жоспарланды. Ондағы 3500-ден астам отбасы жаңа қонысқа көшіріледі. Құптарлығы, бұдан кейін Астанада ескі және апатты үйлер болмайды.
Сонымен қатар қала билігі тұрғындар бау-бақша еккен жерлерді сатып алып, жол салып, инженерлік желілерді іске қосуда. Мысалы, өткен жылы 17 нысан салу үшін 682 бақша учаскесі сатып алынды. Биыл 27 нысанға арналған 423 бақша учаскесін сатып алу жоспарлануда.
Жағымсыз иістен құтыламыз
Әрине, Астанада әлі шешімін таппаған түйткілді мәселе аз емес. Соның бірі – желді күнгі жағымсыз иіс пен Есілдің сол жағалауын су тасқынынан қорғау. Жағымсыз иісті жою мәселесіне мемлекет басшысы бұл жолғы кеңесте тағы назар аударды. Айта кетелік, жағымсыз иіс Талдыкөл су жинағышындағы лайдан шығады. Жуырда қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы 2016 жылдың соңына дейін Талдыкөл толық лайдан тазартылып, жағымсыз иістің жойылатынын хабарлады. Құзырлы мекеме басшысының орынбасары Тимур Әбжанов су тазалау шарасы нәтижесінде көлдің көлемі 55 млн текше метрден 37 млн текше метрге дейін қысқарғанын айтады. Ол «Былтыр су тазалауға арналған қосымша блок пайдалануға берілді. Талапқа сәйкес су санитарлық және гигиеналық нормаға дейін тазартылады. Бұл оны Есіл өзеніне құюға мүмкіндік береді. Австриялық технологияны қолданып жатырмыз. Тәулігіне 136 мың текше метрге жуық таза су шығарылады. Күніне бірнеше рет суға мониторинг жүргізіледі» деді.
Астана әкімдігі биыл Есілдің сол жағалауын су тасқынынан қорғау мәселесін шешті. Оған дәлел, 2015 жылы екі тазартқыш нысан (31-ші көшедегі және Мыңжылдық аллеясындағы жаңбыр суына арналған кәріз), бір коллектор (Шұбар кентінде) іске қосылды. Биыл 27-ші көшедегі нөсер суын ағызатын кәріз жүйесі – ТН-27 (тазартқыш нысан) пайдалануға беріледі. Бұған қоса, шағын Талдыкөл аумағында су ағызатын коллектор салынып жатыр. Сауран, Сығанақ, Сарайшық көшесінде, Тұран көшесінен Нұра-Есіл каналына дейін су ағызатын коллектор мен су соратын станса құрылысының жобасы бекітілді. Осындай тазартқыш нысан Қорғалжын тас жолында, Бейсеков көшесінде, «Көктал» шағынауданында, С.Сейфуллин көшесінің басында салынады.
Суық аялдамада бүрсеңдеп тұрмайсыз
Астанаға қонаққа келген қазақстандық пен шетелдік бас қаламыздағы жылы аялдамаға қызыға да, қызғана да қарайды. Басында тұрғындардың түсінбеушілігін туғызған бұл жобаға қазір халық дән риза. Өткен жылы жолаушы ең көп шоғырланатын аялдамада жабық түрдегі 27 павильон салынды. Бұл павильон жолаушыны жаңбыр, қар, жел, аяз сияқты жағымсыз ауа райынан қорғап қана қоймай, жаңа қызмет түрін ұсынуда. Мысалға, аялдамада тұрып-ақ, тегін Wi-Fi-ды пайдалана аласыз. Бұл аялдама бейне бақылау, ақпараттандыру және желдету мен жылу беру жүйесімен жабдықталған. 2016 жылы тағы да 55 осындай жылы аялдама салу жоспарланып қойыпты.
Түйткілді мәселенің бірі – жедел жәрдемнің кешігуі болатын. 2015-2016 жылдарға арналған Астананың жедел жәрдемін дамыту іс-шараларының кешенді жоспарын іске асыру аясында бұл мәселе де оң шешілді. Жедел жәрдем жұмысын тұрақтандыруға төмендегі іс-қимыл жағымды ықпал етті. Біріншіден, қаланың әртүрлі ауданында 14 қосымша жедел жәрдем стансасы ашылды. Екіншіден, ауыр халдегі науқасқа тез жету үшін жедел жәрдем көлігі ІІД-нің оперативті орталығымен тығыз байланыс орнатты. Кәсіпорын ұжымының жұмысын жақсартуға әлеуметтік мәселенің де тез шешілгені әсер етті. Жедел жәрдем қызметі жұмысшысының баласы 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етілді. Биыл 30 қызметкер жаңа баспанаға ие болды.
Үш ауысымда оқыту туралы
Жыл сайын елордада жаңа мектеп, балабақша көптеп бой көтереді. Мәселен, әрқайсысы 1200 орындық 4 жаңа мектептің пайдалануға берілуі нәтижесінде үш ауысымдық оқыту жүйесі жойылды. 2016 жылдың басында кезекке сәйкес астаналықтарға балабақшадан 8500 орын бөлінді. Қалада мұншалықты көп орынның бөлінуі алғаш рет тіркеліп отыр. Оған себеп, 2015 жылдың өзінде 2340 орындық 10 балабақша іске қосылды. Соның ішінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 380 орындық 2 балабақша пайдалануға берілді. Қорыта айтсақ, қала дамыған сайын тұрғындардың әл-ауқаты да жақсара түсетіні сөзсіз. Соның дәлелі, қазір елордада орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 75-ке жетті.
Төлен Тілеубай,
Астана