Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы айтқандай, «Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел».
Қоғамда заң мен тәртіптің үстемдік құруын құқық қорғау органдары қамтамасыз етеді. Бүгінде құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыруда ішкі істер саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жоғары екенін айтқан жөн. Бұл бағыттағы жұмысқа Түркістан өңірі полициясы, оның ішінде аудандық полиция бөлімшелері де қомақты үлесін қосып келеді.
Jasqazaq.kz Түркістан облысы, Сарығаш аудандық полиция бөлімінің бастығы, Есенғали Елікбайұлы Бейсебаевқа сауалдарын жолдап, жүктелген міндеттің атқарылуын, жоспарлы жұмыстың жүзеге асырылу барысын білді.
– Сарығаш аудандық полиция бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалғаныңызға да бір жылдың жүзі болды. Өткен жылдың қорытындысы, биылғы жеті айда атқарылған жұмыстарыңызды кеңінен тарқатып айтсаңыз.
– Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен биыл Түркістан облысы аумағында «Профилактика жылы» белгіленді. Осы орайда қылмыстардың санын азайту мақсатында, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамына профилактикалық жұмыстарды жандандыру, қылмыстардың алдын алу үшін күнделікті нұсқау тапсырмалары берілген еді. Осы бағытта ағымдағы жылдың басынан осы күнге дейін бірнеше шара қолға алынып, іске асырылып келеді. Атап айтқанда, «Автобус (Тасымалдаушы)», «Түңгі қаладағы балалар», «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс», «Борышкер», «Қауіпсіз жол», «Жолаушыңыз бала», «Браконьер», «Насыбай», «Тазалық», «Есептегі элемент», «Соңғы қоңырау» атты жедел-профилактикалық іс шаралары және «Ауладағы кездесу» атты акциялар жүргізілді. Аталған іс-шараларға жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылып, біраз жұмыстар атқарылды. Мұның бәрі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Сонымен қатар, әр аптаның жұма, сенбі күндері аудан аумағында «бір нүктелік» іс-шаралар жүргізілді. Жүргізілген жұмыстар жөнінде аудан тұрғындары хабардар етіліп, құқық бұзушылықтың алдын алуына септігін тигізу мақсатында БАҚ-та жарияланды.
Ағымдағы жылдың жеті айында жалпы аудан көлемінде тіркелген қылмыстардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 500-ден 437-ге, яғни 12,6 пайызға азайды. Қылмыстарды ашу көрсеткіші 83,0-ден 83,6 пайызға өскен.
Сондай-ақ биылғы жылдың жеті айы көлемінде аудан бойынша жалпы ауыр және аса ауыр қылмыстар 172-ден 127-ге, немесе 26,2 пайызға төмендеп, қылмыстың ашылымы 83-тен 87 пайызға өскен. Оның ішінде, аса ауыр қылмыстарының тіркелімі 17-ден 9-ға, яғни 50,0 пайызға төмендеген. Ауыр қылмыстардың тіркелуі 154-тен 118-ге, немесе 23,4 пайызға төмендеген.
Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 73-ден 50-ге немесе 31,5 пайызға азайып, орын алған қылмысты ізін суытпай ашу дерегі 72,5-тен 88,9 пайызға өскен. Алаяқтық қылмыстары 155-тен 92-ге, немесе 40,6 пайызға азайып, ашылымы 81,3-тен 91,2 пайызға артты.
Ауырлығы орташа және онша ауыр емес қылмыстардың тіркелімі 328-ден 294-ке немесе 10,4 пайызға төмендеген, ашылымы 73,6-дан 81,9 пайызға өскен.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесі жыл басынан 12- тамызға дейін 17 475 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 204 890 351 теңгеге айыппұл салды. Төленуі тиіс айыппұлдың 147 766 496 теңгесі борышкерлерден мемлекет қазынасына өндірілді.
Сондай-ақ бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен қыстаулар мен қоралар үнемі тексеріледі. Малды заңсыз тасымалдайтын автокөліктер тоқтатылып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406 бабымен 130 дәйек, ал тұрғындарға малдарын қараусыз қалдырғандығы үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408 бабымен 118 дәйек әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, шаралар қолданылды.
Қазіргі таңда Түркістан облысы Полиция департаменті бастығы полиция-генерал майоры Мұрат Қабденовтың тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдың басынан бастап әр аптаның жұма, сенбі күндері жүйелі түрде аудан аумағында қоғамдық және жол саласы бойынша бір нүктелік профилактикалық жұмыстары жүргізіледі. Жүргізілген жұмыстардың барысы халыққа жету үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияланды.
– Елімізді дүр сілкіндірген былтырғы қайғылы оқиға жұрттың есінде. Бес жастағы бүлдіршін қыздың қайғылы қазасынан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілді ме?
— Өткен жылдың шілде айында Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында С.Гаийбназаровтың тарапынан 5 жастағы бүлдіршін қызымызға қатысты ауыр қылмыс орын алып, резонансты жағдай туғызғаны рас. Осы оқиғадан кейін Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында профилактикалық есептерде тұрған және бұрын-соңды әр түрлі санаттағы қылмыстармен сотты болған, оның ішінде кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін сотты болған тұлғаларға қатысты тексеру жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Ағымдағы жылдың басынан бастап Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал майоры Мұрат Қабденовтың нұсқауынан кейін, аудан аумағында бірнеше рет «Есептегі элемент» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның барысында аудан аумағында тұратын, полиция бөлімінде «пробациялық бақылау», «мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған», «әкімшілік қадағалау белгіленген», «бұрын сотты болған тұлғалар», «қорғау нұсқамасы арналған», «мінез-құлқына сотпен ерекше талаптар белгіленген» тұлғаларға, сонымен қатар полиция бөліміне «маскүнем», «нашақор», «психикалық ауруға шалдыққан тұлғалар» санаттарымен және бұрын-соңды «зорлау», «кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ссотты болғандар» санаттарымен есепте тұратын тұлғалар тексерілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын тауып, профилактикалық жұмыстар күнделікті атқарылуда.
Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округінде жеті елді мекен орналсқан. Онда 23 021 тұрғын мекендесе, оның ішінде 2833 адам – басқа ұлт өкілдері. Бұл округ халық тығыз шоғырланған өңірлердің бірі. Жібек жолы кеден бекетінің маңында тұрғын үй көп, сәйкесінше, адам да көп. Осы кеден бекеті арқылы күнделікті түрлі мемлекеттерден келетін қонақтар мен туристер легі өтеді. Осы ауылдық округте жергілікті учаскелік полиция қызметінің 10 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Жібек жолы кеден бекеті үздіксіз, яғни тәулік бойы қызмет атқаратындықтан, қызметкерлер күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Сондықтан Жібек жолы ауылдық округіндегі жағдайды тұрақтандыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, резонансты жағдайларды болдырмау үшін Сарыағаш ауданы полиция бөлімі тарапынан Түркістан облысы әкімдігіне және Түркістан облысы полиция департаментіне Жібек жолы ауылдық округінен жеке штаттық қызметкерлері бар полиция бөлімшесін ашу жайлы ұсыныс енгізілді. Қазіргі таңда осы ұсыныстың негізінде Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылынан полиция бөлімшесін ашу мақсатындағы жұмыстары жүргізілуде.
Дайындаған Қуан Көшек
(Жалғасы бар)