Жас қазақ: Есен аға, сіздің есіміз қазақ КВН-імен бірге аталады. Қазақтың табиғаты әзілді астарлап айтып, дүп жеткізеді. Ал КВН әзілдері тым шолақ, астарсыз, түсініксіз сияқты. КВН әзілдер қазақтың менталитетіне, табиғатына жат емес пе?
Есен Елеукен: Астарлап жеткізу қазаққа тән. Әрине ондай әзілдер жоқ емес, бар. Барлық топтар олай әзілдей алмайды. Кейбір әзілдерді үлкендер, ортаңғы жастар буыны түсінбей жатады. Бірақ ол әзілдің өз көрермені бар. Ол әзілді қабылдап жатқан орта бар. Қазіргі таңда ақпарат тек қана өзімізден шығып жатқан жоқ. Жан-жақтан ақпарат келіп жатыр, жан-жақтан түрлі мәдениет келіп жатыр. Ол мәдениеттің бірі біздің табиғатымызға келеді, біреуі келмейді. Біреуін өзімізге лайықтап алуға болады. Сондықтан оған қатты, жоғары деңгейде қараудың қажеті жоқ. Қазақы жақсы дүние, менталитетке сай болатын болса, ол жоғары бағаланады және сондай топтар жеңіске жетіп жатады. Ең бастысы анайы, табиғатымызға сай емес, шеңберден шығып кетпейтін әзілдер болса болды. Әрине, біздер барынша топтарға қай бағытта жұмыс жасау керек екенін үйретіп жатамыз. Бұл бірінші ретте сайыс, жарыс. Бұл маман емес. Бұлар кәсіби әртістер емес. Бұлар бар болғаны әуесқой ойыншылар. Белгілі бір уақытта ойнайды, белгілі бір жастық уақытында өмір сүреді. Кейбір топтар жастық шағында ойнап, араға жыл салып қайтып келіп жатады. Ол командалар дұрысталып қалады, себебі көзқарас өзгереді. Жайдарманды көбінесе жастар ойнайды. Сол себепті жастардан саяси, салмақты дүние күте берудің қажеті жоқ. Өзінің заманына сай кейбір топтар саяси дүниені көп айтса, кейбірі айтпайды. Бірақ қай-қайсы болмасын өз көрермені бар. Бірі дәстүрлі әнді жақсы көреді, кейбірі жеңіл ән жақсы көреді. Сол сияқты әзілдің бағытын түсінетін өз көрермені бар.
Жас қазақ: Есен Елеукен КВН-ді меншіктеп алыпты. КВН – Елеукеннің жеке бизнесіне айналған – деген сөздер бар. Осы рас па? КВН арқылы жылына қанша табыс табасыз?
Есен Елеукен: Әңгіме әр уақытта болады. Келіп тексерсін, қасымда жүрсін. Шындық айтатын болсақ былтырғы жылы бізде табыс болған жоқ. Қазіргі таңда көп ойындарымыз мемлекеттік тапсырыспен ойнатылады.
Біз билет сатпаймыз. Бұл әлеуметтік лифт дегендей. Меншіктеп алған ештеңем жоқ. Жеке бизнеміме айландырар болсам, ауыл ауылды аралап, денсаулығымды құртып, анадан мынадан сөз естіп жүрмес едім. Шынымен дүниемді тексеретін адам болса келсін, көрсетейік.
Жас қазақ: Алғашқы «Жайдарман» мен қазіргі әзілдеріңізді салыстырып айтып беріңізші, өсу бар ма, әлде?..
Есен Елеукен: Әрине, өсу бар. Егерде бұрынғы ойнап кеткен балалардан сұрасаңыз, бәрі бірдей осылай жауап береді деп ойлаймын. Жайдарманмен бірге өсу керек, нақты бақылап отырған адамға түсінікті жайт. Сөздің ашығы керек, бұрын балама түрінде көп сайыстар болған жоқ. Қазіргі таңда көп шоу бағдарламалар бар. Әзіл қалжың бағытындағы дүниелер бар. Сондықтан да өсу бар. Мысалы, әзіл-сықақ театрларын алып қарайық… Бұрын әзіл-сықақ театрлары дүрілдеп тұрған еді. Қазір олай емес. Кейбірі тіптен тоқтап тұр. Бұрынғыдай көп елді араламайды. Оның жанында Жайдарман жылдан жылға өзінің бір деңгейін ұстап тұр. Алға жылжушылық бар. Телевизиялық формат түрде де, телевизиялық жоба есебінде де. Біз бір орында тұрмаймыз. Әр түрлі жобалар жасаймыз. Әр жыл сайын өзгерістер енгіземіз. Кей жылдары мықты ойнайтын топтар көп болады, ал кейбір жылы бәсеңсіп қалады. Бірақ бағыты дұрыс. Алғашқы Жайдарман мен қазіргі Жайдарман айырмашылығы өте көп. Сахнаның безендірілуі, телевизиялық жобаға айналғаны, ұсақ дүниелердің шықпауы және сұраныстың бар болуы бұл жайдарманның деңгейінің өскендігі деп қабылдаған дұрыс.
Жас қазақ: Қазір теледидарды қосып қалсаңыз – КВН. Әзілді арзандатып жіберген жоқсыздар ма?
Есен Елеукен: Жылына эфирге жиырма ойын шығады. Аймақтық деңгейде түсіретін арналар бар. Әзілді арзандатты дегенде бағасын көрермен берер. Қайта жыл бір өзгешелік бар. Толыққанды әзілге жақын бағдарлама. Бұл жерде ең бастысы сайыс. Нақты бір әзілмен айналысатын, нанын тауып жүрген жобалар, театрлар болса, ол сұрақты қоюға болады. Біз өзіміздің жұмысымызға жауап бере аламыз, арзандатып жатқан жоқпыз. Қалғандарына жауап бере алмаймыз.
Жас қазақ: Есен Елеукен мен әлдебіреулер КВН-ді бөлісе алмай, үй ішінен үй тігіп алған сияқты. Мұны қалай түсіндіресіз?
Есен Елеукен: Басында бұл жобаны арнайы телевизиялық жоба деген сияқты көрінген еді. Негізі біздің жасап жатқан дүниеміз әлеуметтік жоба. Яғни барлық жастарға, барлық жандарға арналған. Жастардың өсіп жетілуіне арналған бағдарлама. Ал басқа жобалардың қандай бағыт екенін білмедім.
Жас қазақ: Өнер туралы бір-екі сұрақ қоя кетсек. Көпшілік қыз баланың КВН ойнағанын аса құптай бермейді. Қыздар қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, далбақтап жүгірмеу керек деп жатады. Ал қазақ КВН-інде қыздар да бар ғой…
Есен Елеукен: Жалпы мен ойнағанына қарсы емеспін. Ойнау керек, үлгі көрсететін дүниелер бар. Жақсы топтарда болды. Әрине, кейбір тыйым салынған дүниелер бар. Бірақ әдемі болып жүрген қыздарымыз ойнап жүргені бар. Жалпы бәрінің аузына қақпақ бола бермейміз ғой. Әрине, кейбір сәтсіз эксперименттер болғаны рас. Әлбетте, қыздарға ауырлау, екі есе жауапкершілік. Киім жағы бар, өз өзін ұстап тұру жағы бар. Кейбірі еркелеп ойнайды, кейбірі баланың тәсіліне салып ойнайды. Шеңбер бар әрине, дегенмен ондай қарсылыққа қарамастан кейбір қыздарымыз сәтті ойнап жүр. Мен қыздар топтарын жақсы көремін.
Жас қазақ: Қазіргі әзілкештерде тақырып табу қиынға айналған сияқты. Плагиат әзілкештер пайда болған. Ондай пысықайларға сіздің клубтың қолданатын жазасы бар ма?
Есен Елеукен: Плагиат жоқ емес, бар. Кейбір әзілдердің бағыты ұқсас болып жатады. Тақырып табу қиын деген өтірік әңгіме. Тақырып көп. Қозғалмаған дүниелер өте көп. Жалпы Жайдарман, жалпы әзілкештер ең бастысы өзектілікке көп жұмыс жасайды. Ал енді бірнеше жыл өмір сүретін әзілдер болады. Сондықтан бұл жерде сылтау тақырып жоқ деген. Кім көп еңбек етеді, сол белгілі бір жетістікке жетеді. Бұл жерде бірінші кезек айласын асырып, редакторлық жұмыстан өзінің әзілін өткізіп жіберсе, команда кінәлі емес . Дегенмен бізден гөрі көрерменнің пікірі, көрерменнің әңгімесі орнына келтіреді. Көрермен айтады, бізде өз кезегімізде шара қолданатынымыз рас. Негізгі бағасын беретін көрермен.
Жас қазақ: Әңгіме соңында, осы әзілкештермен болған бір қызықты оқиғаны айтып берсеңіз.
Есен Елеукен: Ең бірінші 2000 жылы Шымкентте жүрген кезде жергілікті ойындарды бастадық. Содан алғашқы ойынымызды Болат деген асаба досым жүргізетін. Мен сол сыртқы шаруаларды реттеп жүретін ем. Сырттағы билет сату, адам кіргізу, тыныштық сақтау деген секілді. Ол кезде телефон жоқ. Жалғыз пейджер. Пейджерді казір ешкім білмейтінде шығар. Бір күні КВН ойындарын өткізу керек болды. Бір күн бұрын уақытын белгілеп, келіскен болатынбыз. Сағат төрт болды. Уақыт өтіп жатыр, ойын бастау керек жоқ. Төрттен он бес кетті жоқ. Үйіне хабарластық үй телефонымен. Үйінде ешкім көтермейді. Амал жоқ біреудің галстугын, біреудің туфлиін киіп, сахнаға бірден шығып кеттім. Бастап сөйлеп жатырмын, жүргізіп жатырмын. Ешқандай қиыншылық болған жоқ. Себебі ол кезде мен радиода істейтін едім. Радиода «Музыкалық сағатымызды жалғастыратын мынандай әнші» деп жиі айтатынбыз. Жүргізіп тұрып соны айтып жібермесім бар ма?! Халық соған ду күлгені бар. Содан сол бағдарламаны өзім жүргізіп кеттім. Ал Болат достарымен қыдырып ұмытып кеткен екен. Сондай қызық болды.
Диана Тоқтар