Ерлердің денсаулығы қоғамда жиі назардан тыс қалатын тақырыптардың бірі. Алайда, урологиялық аурулардың ер азаматтардың өмір сапасына қалай әсер ететінін білу маңызды. «Jas Qazaq» тілшісі уролог, андролог Ернұр Айнаевпен сұхбаттасып, осы мәселе туралы пікірін білді.
Ернұр Айнаевтың айтуынша, уролог дәрігерлердің қабылдауында болатын ерлердің саны көбейген. Әрине, тексерілу үшін емес, көбіне денсаулығына шағымданып келеді. Үйленгеннен кейін балалы бола алмай жүргендер әйелдерімен бірге емделуге жиі жазылады.
Ернұр Айнаев: «Көзі ашық, көкірегі ояу ата-аналар өз балаларын тексертуге жиі әкеледі. Балаларда туа бітті аурулар болып жатады, экология және тамақ сапасына байланысты ауытқулар кездеседі»,- дейді.
Дәрігер ерлерде жиі кездесіп жатқан ауру түрлерін тарқатып айтты. Соның бірі простатиттің алғашқы белгілері кіші дәрет бұзылысымен, шаттың ауырсынумен және жыныстық әлсіздікпен көрінеді. Мүше әлсіздігімен келетін азаматтардың да қарасы көбейген.
«Бізде 1996 жылғы мүше әлсіздігіне шағымданған пациент болған. Біраз жерлерге қаралып, емделген. Андрология саласында бұл жағдай өте көп. Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, яғни «мен қанағаттандыра аламын ба» деген секілді ойлар мазалайды. Екіншіден, қосалқы аурулар. Оның қатарында қант диабеті, ұйқының дұрыс болмауы, көп отыратын жұмыстың зардабы,зиянды әдеттер, энергетикалық сусынды көп ішу бар.
Қазіргі таңда мұндай аурудың емі ретінде мүшеге протез салуға болады. Әлгі пациентке көмек ретінде Түркиядан профессор шақырдық. Ол кісі пациентпен кеңес өткізді. Кейіннен протез салуға келісімін берген болатын. Алайда протездің денсаулыққа кері әсері барын түсіндірген соң, одан бас тартты. Профессорымыз бұған шара ретінде психотерапевтке баруды ұсынды. Пациент психотерапевттің емінен өткен соң, психологиялық эреативті дисфункция бойынша нәтиже болғанын анықтадық. Артынша ол үйленді әрі балалы болды. Ал протездің кері әсері мынада: ол салынғаннан кейін әр адамға әр түрлі әсер етеді. Кейбірі үшін 4-5 жылға ғана қызмет жасауы мүмкін. Өмір бойы жұмыс жасап тұрады деген кепілдік жоқ. Ол пациент жас еді. Операция жыныстық органға үлкен травма жасауы мүмкін. Мүше мүлдем жұмыс жасамай қалуы немесе басқа да қабынуларды тудыруы мүмкін. Сол себепті бірден хирургиялық жолмен емделудің орнына басқа, психотерапевт секілді мамандардың көмегіне жүгінуге болады», — дейді маман.
Уролог қазіргі жастар арасында жыныстық сауаттылықтың төмен екенін атап өтті. «Қазіргі таңда жастар жыныстық сауаты өте төмен деңгейде. Сол себепті жыныстық ауруларды көптеп жұқтырып жатыр. Қарапайым қорғаныс заттарын қалай қолдану керек екенін білмейді. Мысалы, сол қорғаныс заттарын кию немесе шешу кезінде дұрыс қолданбауы, жыртылып кетуі салдарынан түрлі инфекциялық ауруларға душар болып жатады. Сол себепті жыныстық сауатты мектеп кезінен бастап түсіндіру қажет. Ұят дегенмен құтылуға болмайды. Сондықтан бәрін айтып түсіндіріп, қыз баламен анасы, ер баламен әкесі сөйлесіп, жыныстық тәрбие берген дұрыс. Зиянды іс-әрекеттердің, жыныстық қатынастардың қаупін түсіндіру қажет», — дейді Ернұр Айнаев.
Ерлер денсаулығын сақтау үшін дәрігер төмендегідей әдеттерді ұстануды ұсынады:
— Спортпен айналысу;
— Зиянды әдеттерден бас тарту;
— Дұрыс тамақтану;
— Психоэмоционалды тепе-теңдікті сақтау;
— Жылына бір рет урологқа қаралу.
«Қазір онкологиялық аурулар жасарып барады. Бұрын қуықасты безінің асқынуы 50-60 жаста анықталса, бүгінде 40 жастан асқан азаматтар жиі шағымданады. Сондықтан ерлер, ата-аналар, әйелдер де урологиялық тексерісті елемеуді доғару керек», — дейді дәрігер.
Қазір таңда бұл сала бойынша медицина дамыған. Ер адамдардың денсаулығын, организмдегі өзгерістерді, гормоналды бұзылыстарды қан тапсыруы арқылы анықтауға болады. Спермограмма арқылы ұрық сапасы мен ДНК-ның өзгеруін де бақылай аласыз. УЗИ аппараты арқылы тамырлардың кеңеюі секілді ауруларды анықтау қиын емес. Дәрігер алдымен аурудың себебін анықтап, соған сай ем-шаралар жүргізу қажеттігін баса айтып өтті.
Денсаулықты күту – өзіңе деген құрметтің белгісі. Әрбір ер азамат бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, алдын алу шараларын қолға алу маңызды.
Олжас Әбдіхалық