Көкшетаулық азамат Білім Қазанғұлов «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне хабарласып, Екінші дүниежүзілік соғста қаза тапқан атасы Қазанғұлов Жүністің тағдырын ресейлік іздестірушілердің көмегімен анықтағанын айтқан еді. Ұшаққа билет алып, сапарға аттанғалы жатқанда пандемияға байланысты елде жаппай карантин жарияланып шекара жабылып қалады. Енді міне, арада бірнеше жыл өткен соң Ұлы Жеңістің 80 жылдығының қарсаңында көптен көкейде жүрген жоспары жүзеге асып, атасының басына барып тағзым етіп қайтқан көрінеді.
Қазанқұлов Жүніс 1908 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Әлжан (Сталин колхоз) ауылында дүниеге келген екен. Мамандығы мұғалім болған. Отыз үш жасында майданға аттанып, артында екі ұл, екі қызы қалады. 4-ші армияның 381-ші атқыштар дивизиясына қарасты 1259-ші атқыштар полкінің құрамында атқыш-санитарлық нұсқаушы болып соғысқан. Әйгілі Невель қаласын азат ету операциясына қатысады.
1943 жылы 12 желтоқсанда ауыр жаралы болып, он күнен соң госпитальда көз жұмады. Госпиталь орналасқан Туричино деревнясындағы бауырластар зиратында жерленеді
«Біз оның Жәмшит деген баласынан тараған ұрпағымыз. Ол өмір бойы әкемнің басына барсам деп армандап кетті. Бұл өзі бізге қалдырған аманаты секілді көкейде жүрген дүние еді. Жақында ғана атамның жатқан жеріне зияарат етіп басына құран оқып қайттық. Туған елдің бір уыс топырағын алып барып ол жерден дн топырағын алып қайттық. Жергілікті мектептің мұғалімі Галина Николаевна Галкина деген адамның еңбегі зор. Атамызды жатқан жерін тауып кейін архивтан мәліметтерді анықтаған да сол кісі. Дария Алексеева деген оқушысы атамыздың өмірі туралы баяндама жасап, облыстық байқауда жеңімпаз атаныпты. Жалпы жергілікті азаматтар, Гвоздика іздестірушілер тобы бізді күтіп алып, аяғымызды жерге тигізген жоқ. Қарапайым қазақ солдатына деген құрметін терең сезініп қайттық»,- дейді майдангердің немересі Білім Қазанқұлов.
Естеріңізге сала кетейік, Невель үшін шайқаста Мәншүк Мәметова өзін өшпес даңққа бөледі. 2010 жылы Невельдің қақ ортасында қазақтың қайсар қызына қолдан ескерткіш орнатылды, қаланың бас көшесі Мәншүк атында.
Қорыта айтқанда артынан ұрпағы іздеп барған тағы бір майдангердің рухы шат болған шығар. Ерлік ешқашан ұымытылмайды, ол ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жасай бермек.
Абзал Ибрагим