jasqazaq.kz

Ерлан Әлжанов: Өмірлік қиын жағдайға тап болған әр азамат қоғамнан тыс қалмауы керек

16 қазан, 12:15

Қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен инклюзия – өркениетті елдің дамуының айнасы. Әсіресе, өмірлік қиын жағдайға тап болған, тұрғылықты жері жоқ немесе құжатсыз жүрген азаматтарға қолдау көрсету маңызды жұмыс саналады. Осы мақсатта Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» жұмыс істейді.
Jas Qazaq тілшісі аталған орталықтың директоры Ерлан Әлжановпен сұхбаттасып, орталықтың қызметі мен атқарылып жатқан істер жайында сұрап-білді.

– Ерлан мырза, орталықта жыл сайын қанша адам қабылданады және олардың арасында мүгедектігі бар азаматтардың үлесі қандай?
– Біздің орталық  160 орынға арналған. Жыл басынан бері 200 адамнан өтініш түсті. Оның ішінде 78 адам өз еркімен, 42 адам денсаулық сақтау ұйымдарының жолдамасымен, 3 адам әлеуметтік ұйымдардан, 69 адам құқық қорғау органдарының жолдамасымен, ал 8 адам мобильді әлеуметтік патруль қызметінің рейдтік іс-шаралары нәтижесінде қабылданды.
Қазіргі таңда 146 азамат уақытша жатып, біздің қызметтерді алуда. Оның 109-ы – ер адам, 37-сі – әйел. Қызмет алушылардың ішінде 26 адам әртүрлі топтағы мүгедектер, 22 адам зейнеткер, 6 адам пробация қызметінің есебінде тұр немесе бас бостандығынан айыру орнынан босатылған. Сондай-ақ, 35 адам жұмыссыз, 57 адам КСРО паспортын жоғалтқан немесе түрлі себеппен құжатсыз қалған азаматтар.

Әлеуметтік бейімдеу барысында орталық қандай психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді?
– Қызмет алушылар орталыққа түскен күннен бастап психологиялық диагностикадан өтеді. Мінез-құлық ерекшелігіне қарай палаталарға орналастырылады және психологиялық көмек көрсетіледі. Түрлі тақырыптағы тренингтер өткізіліп тұрады.
Сонымен қатар, әр қызмет алушының қажеттіліктері бағаланып, әлеуметтік жоспар жасалады. Біздің заңгер маман алғашқы күні-ақ әр азаматпен сұхбаттасып, олардың құқықтары мен міндеттері, мекеменің ішкі тәртібі жайлы түсіндіреді.
Биыл 178 адамның құжаттарын рәсімдеу және құқықтық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді.

Тұрғын үйсіз қалған немесе масылдыққа бейім азаматтарды еңбекке баулу бағытында қандай шаралар атқарылады?
Еңбек дағдыларын қалыптастыру үшін арнайы еңбек бөлмесі жұмыс істейді. Мұнда әйел азаматшаларға арналған тоқыма және қолөнер үйірмесі бар. Алдағы уақытта шеберхана ашуды жоспарлап отырмыз. Онда қызмет алушылар токарлық және ағаш өңдеу жұмыстарын үйренетін болады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған әр азамат қоғамнан тыс қалмауы керек.
Қаладағы еңбек жәрмеңкелеріне қатысып, қызмет алушыларды жұмысқа орналастыру шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Мысалы, қазіргі таңда бір азамат диспетчер, біреуі слесар-сантехник, тағы бірі қонақ үйде тазалаушы, біреуі көмекші, ал тағы бір қызмет алушы іс жүргізуші ретінде тұрақты жұмысқа орналасты.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға бейімделуіне қандай жағдай жасалған?
– Қазір орталықта 26 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың әрқайсысына жеке жұмыс жоспары жасалған. Қажеттілігіне қарай оңалтудың жеке бағдарламалары негізінде санаторий-курорттық ем қабылдауға немесе медициналық ұйымдарда емделуге жағдай жасаймыз.
Медициналық ұйымдармен меморандум түзілген, соған сәйкес мейіргер мамандар күнделікті тексеруге алып барып, денсаулығын бақылап отырады. Бүгінде 6 азаматқа мүгедектік жәрдемақы рәсімдеуге көмек көрсетілді.

Қайырымдылық ұйымдарымен немесе ҮЕҰ-дармен бірлескен жобаларыңыз бар ма?
– Иә, әріптестік бағытында бірнеше ұйыммен жұмыс істейміз. Соның бірі — «Сана Сезім» әйелдер бастамалық қоғамдық бірлестігі. Бізбен бірге жеке басын куәландыратын құжаты жоқ азаматтарды құжаттандыру бойынша бірлескен жобалар атқарылуда.
Сонымен қатар, «Жанин-KZ» және «Қауысбек Тұрысбеков» атындағы қорлар мереке күндері орталықта тұратын азаматтарға арналған іс-шаралар ұйымдастырады.
«Әлеуметтік дүкен» жобасы арқылы қызмет алушыларға таза, киілген киімдер тегін беріледі. Алдағы уақытта өзге де қоғамдық бірлестіктерді тарту жоспарланып отыр.

Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

17 қазан, 12:01
Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көше тазалаудың жаңа форматы енгізіледі
16 қазан, 18:24
Алматыда коммуналдық техника паркі жаңартылып, жаңа қар ерітетін кешендер ашылып жатыр
16 қазан, 16:33
Медеу ауданында тұрғындардың өтінішімен 280 метрден астам баспалдақ жаңартылды
16 қазан, 16:13
Дархан Сатыбалды ауа сапасын бақылау мен заңсыз қоқыс орындарын жоюды тапсырды
06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу