Ерлан Әлібаев: Бірлігі бар ауылда еріктілік дамиды

23 тамыз 2023, 13:09

«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – көне заманнан келе жатқан халқымыздың дәстүрі. Сондықтан бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Халқымызды осындай бірлікке шақыратын «асар» дәстүрі бар. Бұл құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», — дейді біздің халқымыз. Волонтерлардың да басты қызметі жұмылып, қызмет ету».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгінде қоғамға қайтсе де пайдасын тигізгісі келетін ерікті жастардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің әрбір өңірінде волонтерлік ұйымдар құрылып, белсенді жастардан құралған топ түрлі бағытта еріктілік істі дамытуда. Бұл орайда, әсіресе, Түркістан өңірінің жастарын айрықша атап өтуге тұрарлық. Облыстағы ірі қалалардан бөлек, аудандар мен ауылдарда, тіпті шалғай елдімекендерде белсенді жастар волонтерлер тобын құрып, қайырымдылық істі өзінің туған өлкесінде дамытуда. Біз Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы «Қызылтаң» еріктілер клубының жетекшісі Ерлан Әлібаевпен сұхбаттасып, осы аудандағы волонтерліктің бет алысы жайында сұрап-білдік.

— Ерлан мырза, «Қызылтаң» еріктілер клубы қашан құрылды? Волонтерлік ұйымның мақсаты жайлы айтып өтсеңіз?
— Біздің «Қызылтаң» еріктілер клубы 2023 жылдың қаңтар айында құрылды. Ауыл жастары бірігіп, ауылымыздағы қарт кісілерге көмектесу мақсатында алғашқы жұмысымызды бастадық. Ұйымның басты мақсаты — халықтың әлеуметтік қорғансыз бөлігіне гуманитарлық қолдау көрсету, саяси әлеуметтік мәдениетін және ерікті азаматтық белсенділік ұстанымын қалыптастыру. Алғашында басты міндетіміз жалғыз басты қариялар мен көп балалы отбасыларға жыл бойы гуманитарлық көмек көрсету болды. Біздің жұмысымыз қақаған қыста басталғандықтан, ауылымыздағы қарт адамдардың ауласын қардан тазарттық. Қысқы отынын дайындауға көмектестік. Одан бөлек, ауданымыздағы кәсіпкерлердің қолдауымен аз қамтылған отбасыларға, көп балалы отбасылдарға азық-түлік себетін тараттық. Міне, біздің кішкентай ғана еріктілік ұйымымыздың алғашқы жұмыстары осылай басталды.

— Қазығұрт жастарының ерікті болуға белсенділігі қандай? Білуімізше, бұл ауданда волонтерлік ұйымдардың қатары көп.
— Шынында да, біздің ауданда еріктілер ұйымы көп. Сонымен қатар біздің өңірде ауылдар мен елді мекендер көп шоғырланған. Ауыл тұрғындары да өте еңбекқор. Өзім жастардың ерікті болуға деген белсенділігін өте жоғары бағалаймын. Біздің ұйымдағы жастар үлкен кісілерге көмектескісі келіп, әрқашан қол ұшын созуға дайые тұрады. Әр волонтер өз жұмысын зор фқыласпен атқарады. Біздің еріктілер тобымыз 14 адамнан құралған. Олардың барлығы өзінің туған жеріне пайдасын тигізуді көздейтін жалынды жастар. Сондай-ақ біздің ауылымызда «Әжелер алқасы» бар. Біз осы ұйыммен бірлесіп, жастарға тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге көрсету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар осы ұйыммен бірлесіп «Қыз сыны», «Үздік келін», «Жігіттің сұлтаны» сынды жарыстарды жиі ұйымдастырамыз. Ондағы мақсатымыз — ауыл тұрғындарына қуанышты көңіл күй сыйлаудан бөлек, жастарымызға салт-дәстүрімізді дәріптеп, рухани тәрбие беру. Еріктілер ұйымы болғаннан кейін, ауылымыздың экологиясы мен тазалығына да айрықша мән береміз. Өзімізбен бірге ауыл тұрғындарын да қатыстырып, сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны қоқыстан тазартамыз. Сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтын ұстануға тарту мақсатында әр дүйсенбі сайын футбол ойыны өткізіледі. «Дүйсенбілік футбол» атты спорттық шараға ауылымыздың белсенді жастары мен спортпен айналысатын жастары тұрақты түрде қатысады. Қазыналы қарттарды құрметтеу біздің ұйымның басты мақсаты деп жоғарыда атап өттім. Қарияларымызға сый-құрмет көрсетіп, барынша көмектесу біздің міндетіміз болып қала береді.

— Ұйымның алдағы жоспарымен бөліссеңіз. Елімізде волонтерлікті әрмен қарай дамыту үшін тағы қандай жұмыстарды қолға алу керек деп ойлайсыз?
— Біздің волонтерлік топ алдағы уақытта да игі істерімізді жалғастыра бермек. Ең бастысы, ауыл тұрғындары бірлікпен ынтымақтаса отырып, бізге де көмектесіп, волонтерлікті дамытуға көмектесуде. Бірлігіміз артқан сайын- еріктілік те дамиды. Асарлату дәстүрі біздің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Ал қазіргі еріктілердің жұмысы- осы дәстүрдің жалғасы. Тек заман ағынына сай жаңа форматқа ауысты. Еріктілік алдағы уақытта да дами түседі.
— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз