
Қай арнаны қоссақ та, интернетке кіріп әлеуметтік желіні ақтарсақ та, аты жаман індеттің адамзатқа тигізген кесірін көріп-біліп көңіл бұзылады. Үрейге берілдім демеймін, бірақ көңілімде алаң болатынын да жасырмаймын. Еңсеңді езіп жіберер ондай жаңалықтардан арылып, бір сәт әсері бөлек әңгімемді сіздерге ұсынғым келді.
– Бекетай, «Өмірдің өзі – өлең, адамның бәрі – ақын», – деп бастады Омар ағам сөзін. –Өмірдің өзі екшеп берген нәрсеге ғана ақыл-ойыңның күшін жұмсауың керек. Ақындығымды білесің, әншілігімді айтсам, күлесің. Адам баласының саналы ғұмырын әнсіз елестету мүмкін емес. Әнді жанымызға серік еткен халықпыз ғой. Бүгінде әнші де көп, ән де жетеді. Жалпы, әу демейтін қазақ жоқ. Әншілер сияқты біздің театр саласындағы актерлер де вокалдан арнайы сабақ алады, сынақ тапсырады білесің, өзің де тапсырған шығарсың.
Біздің кезімізде студия Әуезов театрының ішінде болатын. Анау айтқандай ән ырғағын есте сақтау қабілетім онша емес, дауысым да шамалы. Вокалдан қатты қиналушы едім. Десе де, сынақтың аты – сынақ, сабақтың аты – сабақ. Емтиханның кезінде арнайы комиссияның отыратыны тағы бар. Ол кезде вокалдан беретін мамандар консерваториядан келетін. Ондағылардың көбі – орыстар, сосын – шалақазақтар. Оқу бітіретін жылы болатын. Таңдаған үш әнімнің бірі – Мұқағали ақынның сөзіне жазылған кең тынысты атақты «Сарыжайлау» әні. Вокалдағы «октава» дегенді ұға бермеймін, нашарлаумын. Неше октава, қай жерде «аттама» – онысын дұрыс білмеймін. Ән қайырмасындағы созатын жерінде біресе – ерте аяқтап, біресе – тым ұзақ «әндететінімді» білген ұстазым: «Емтихан кезінде «Жазира-а-а» деп әнді бастаған соң менің қолыма қара, саусағымды бір-бірлеп бүгіп белгі берем», – деп сынақ үстінде көмектесетінін айтты. Емтихан тапсыратын күні қара костюм-шалбарымды киіп, галстугімді тағып керемет болып келдім. Пианиноның қасында тұрып комиссия мүшелеріне кәнігі әншідей басымды иіп сәлемдесу ишаратын жасадым. Содан кейін ғана әнді қатырып айтатын адам құсап «Сарыжайлауды» бастап кеттім. «Жазира-а-а!» – деп дауысымды созған күйі ұстазымның саусағына қарайын… Алтыншы саусақ бүгіле бергенде әннің сөзін қара басып ұмыттым да қалдым. Емтиханның аты емтихан ғой, дауысымды созған күйі баяулап келіп әннің әуенін бұзбаған күйі: «Желбір жекен желіп жүрген жайлауда біз бір бөкен, Сарыжайлауым», – деп Нұрғиса ағаның әнін бетім бүлк етпей халық әнінің сөзімен «ұрып» айтып шықтым. Ән тыңдап отырған комиссия мүшелерінің ән сөзінде тіпті шаруасы болған жоқ. Әбден қара терге түстім. Әйтеуір қысылтаяңда жол тауып, өзімді-өзім «сүйредім» солай. Ұстазымның да октавасы «түгел». Емтиханды тапсырып сыртқа шықсам, есіктің сыртында тұрғандар күлкіден қырылып жатыр. Іштегі шалақазақтарға бәрібір болғанымен сырттағы достарға бәрібір емес қой… – деп Омар ағам әңгімесін аяқтады. Ән жайлы әңгіме бола қалса, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», тапқырлық танытқан әріптесім Омар аға Қиқымов айтқан осы бір әңгіме еске түсіп, еріксіз езу тартқызды.
Тіршілік атаулыға жан бітіп, күн жылынып ағаштар бүр жара бастағанда үйден шықпай тәртіпке бағынып, індеттің өршіп таралмауына барлығымыз атсалысайықшы. Жаратқан жақсы күндерде жолығуды тезірек нәсіп етсін деп тілеймін! Кезекті тағы да Омар ағама берейінші:
Кездеспесек те күнде біз,
Жанымызбен біргеміз…
Аман болсын еліміз,
Аман болсын іргеміз.
Қастарыңдамын қашанда,
Өйткені БІЗ БІРГЕМІЗ!