Бүгінде ерекше күтімді қажет ететін балалардың денсаулығын қалпына келтіру, өмір сапасын жақсарту – еліміздегі маңызды әлеуметтік бағыттардың бірі. Дәл осы мәселе бойынша Jas Qazaq тілшісі Шымкент қаласы «№1 оңалту орталығының» басшылығымен тілдесті.
Орталықта ерекше балалардың әрқайсысы жаңа өмірге қайта қадам басуға мүмкіндік алады. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Мейрамкүл Бауланқұлқызының айтуынша, мұнда балаларға сапалы әрі кешенді оңалту қызметі көрсетіледі.
– «Қазіргі таңда Шымкент қаласы Оңалту орталығының неврология және ортопедия бейіні бойынша балаларды оңалту бөлімшесінде 90 тәуліктік стационарлық төсек-орын қарастырылған. Сонымен қатар амбулаторлы емханалық көмек бойынша күн сайын 30 бала травматология және ортопедия бейіні бойынша оңалтудан өтеді», – деді Мейрамкүл Бауланқұлқызы.
Орталықтың басты ерекшелігі – балаларды кешенді оңалтудан өткізу жүйесі.
– «Медициналық оңалтудың құрамында емдік дене шынықтыру бөлімі бар. Мұнда жеке және топтық жаттығулар, механотерапия, түрлі тренажерлармен жұмыс, велотренажер, вертикализаторлар, емдік массаж жүргізіледі. Сондай-ақ физиотерапия бөлімінде электрофорез, парафинотерапия, магнитотерапия, дарсонваль, биаптрон, ультракүлгін сәулелендіру, тұз шахтасы мен Пассейдон ваннасы сияқты әдістер қолданылады», – деді ол.
Бұл тек медициналық көмекпен шектелмейді. Баланың психологиялық және әлеуметтік бейімделуі де басты назарда.
– «Педагогикалық оңалту бөлімінде психокоррекциялық жұмыс, логопед және дефектолог сабақтары, эрготерапия мен Монтессори терапиясы жүргізіледі. Мүгедектігі бар балалармен ойын және музыка терапиясы арқылы да жұмыс істейміз. Мұндай тәсілдер баланың эмоциялық дамуына, өзін еркін сезінуіне көмектеседі», – деді орталық басшысы.
Мейрамкүл Бауланқұлқызының сөзінше, орталықта жыл сайын 2400-ден астам мүгедектігі бар бала оңалтудан өтеді. Бұл – жүздеген отбасының үміті мен қуанышы.
– «Біздің негізгі мақсатымыз – сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсету, инновациялық технологияларды пайдалану және балаларды тұрмысқа бейімдеу. Біз әрбір баланың өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын дамытуға, отбасымен бірге оң нәтиже көрсетуіне күш саламыз. Әр науқас қабылдау кезінде командалық бағалаудан өтеді, реабилитация потенциалы анықталып, жеке оңалту бағдарламасы тағайындалады», – деді дәрігер.
Орталық мамандарының жұмысы – тек емдеу ғана емес, рухани қолдау көрсету. Әр бала үшін жеке мақсат қойылады.
– «Әр баланың кішкентай да болса нәтижеге жетуі біз үшін үлкен қуаныш. Баланың алғашқы қадамын, алғашқы сөзін есту – бізге шабыт сыйлайды. Сондықтан оңалтудың соңында балалардың тұсауын кесіп, тілашар рәсімдерін өткіземіз. Бұл – олардың жаңа өмірге қадам басқанының белгісі», – деді ол.
Мұнда мүгедектігі бар балаларды еңбекке бейімдеу мен кәсіби бағдар беру де қарастырылған. Маманның айтуынша, әр қызметкер баланың жеке ерекшеліктеріне қарай бағыт беріп, оның әлеуетін ашуға тырысады.
– «Ата-аналарға арналған арнайы оқыту мен психологиялық қолдау жүйесі бар. Қимыл-қозғалысында бұзылысы бар немесе дамуы кешеуілдеген балалармен жұмыс істегенде, аналарға үй жағдайында баламен бірге жаттығу жасауды үйретеміз. Қажет болған жағдайда психолог кеңесі беріледі. Өйткені балаға көмектесудің ең тиімді жолы – ата-ананың да белсенді қатысуы», – деп түйіндеді сөзін Мейрамкүл Алтаева.
Олжас Әбдіхалық
Сурет: chitajka53.ru