Ербол Сәлім: Жастар саясатының тиімділігі ел дамуына серпін береді

02 тамыз 2023, 14:26

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жастардың креативті экономика құру жолында қосар үлесі зор екенін айтқан болатын. Тіпті «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген атаумен біртұтас ұлттық жоба әзірлеу қажеттігін де тапсырған. Мемлекет басшысы жастардың құлшынысын бәсеңдетіп алмай, олардың өз мақсат-мұраттарына жетуін барынша қолдау көрсету қажет екенін де жеткізген еді. Расында да, еліміздегі жастар саясатын орнықты, байыпты жүргізудің маңыздылығы өте зор. Осы жайтты негізінен Түркістан облысының жастары білім алатын Медицина академиясының жастар орталығына жетекшілік ететін маман, Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының басшысы Сәлім Ербол Қалтұрсынұлымен сұхбатымызда тереңдей қамтыдық.

– Әдеттегідей, алғашқы сауалымызды өздеріңіз қызмет ететін медицина академиясының жанынан құрылған жастар орталығының тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз. Ел келешегінің кепілі жастарымызды бір арнаға тоғыстыру идеясы қайдан туындады?

– Біздің бұл ұйымның құрылғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Академия жанынан 2010 жылы студенттентік өзін өзі басқару ұйымы (кейін «Болашақ» академия жастары орталығы деп аталды) құрылды. Ұйымның ережесін бекіту туралы ғылыми кеңесте медицина факултетінің деканы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қарабек Ағабекұлы Ағабеков арнайы баяндама жасап, мақсат-мұратын, бағыт-бағдарын айқындап айтты. Міне, сол күннен бастап жұмысын тұрақты жүргізіп, Түркістан облысындағы жастар арасында мемлекеттік саясатты дұрыс жүргізілуіне өзіндік үлесімізді қосып келеміз.

– Екінші сауалымыз да жастар саясатының тиімді жұмысына қатысты еді. Жаңа өзіңіз айтқан, одын 13 жыл бұрын құрылған орталықта, яғни Медицина академиясындағы жастар саясаты қалай жүргізілуде? Облыстың әлеуетінің артуына жастардың қосып жатқан үлесі қаншалықты?

— Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жастар саясаты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес жүргізілуде. Оқу жылы басында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқарамасының тарапынан жастар саясаты туралы кешенді жоспар бектіледі. Сол жоспардың негізінде барлық кафедралар және орталықтар өздерінің тәрбе жұмысы бойынша жоспарларын түзіп, нақтылап алады да, сол жоспар бойынша оқу жылы аяқталғанша жұмыс істейді. ОҚМА оңтүстік өңірдегі бірегей медициналық жоғарғы оқу орны болғандықтан, облыс көлеміндегі медициналық шараларға белсенді қатысады және ұйымдастырады. Осы жұмыстардың барлығында да біздің академияның жастар орталығына мүше студенттеріміз араласады. Сөзіміз жалаң болмасын, бір-екі мысал келтіре кетейін. Былтыр Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен 25 қазан «Республика күніне» орай, Арбат демалыс аймағында қала тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында «Еріктілер акциясы» өткізілді. Акцияға оқу орнымыздың белсенді студенттері атсалысып, қала тұрғындарының қан қысымы мен адам ағзасындағы қант мөлшерін тексеріп, кеңес берді. Адам өміріне немесе денсаулығына кенеттен қауіп төнгенде оның өмірін сақтап қалу үшін қолданылатын қарапайым шараларды көрсетті. Міне, біздің болашақ медицина саласының мамандары өздерінің академияда қандай білім алып жатқандарын облыс тұрғындарына осындай игілікті істерімен паш етті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі өткен жылғы 17-21 қазан күндері Қостанай облысында жас ұрпақты қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға тарту мақсатында дәстүрлі «Бірлік» халықаралық жастар лагерін ұйымдастырды. Республикалық деңгейде ұйымдастырылып отырған «Бірлік» халықаралық жастар лагеріне Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының белсенді студенттері, «Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігінің жетекшісі, ЖМО-09-20 тобының студенті Нұрболат Мейірбеков пен ЖМҚБ-01-20 тобының студенті Мағжан Нышан шақырту алды. 5 күндік «Бірлік» халықаралық жастар лагерінде біздің студенттеріміз КХА жастарының әлеуетін дамытуға бағытталған, оның аясында аймақтық және халықаралық қатысушылардың пікірталас алаңдары, оқыту тренингтері, мотивациялық кездесулер, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысты. Сонымен бірге Қостанай облысының мұражайлары мен көрнекті жерлеріне саяхаттады.

– Академия студенттері қайырымдылық іс-шараларға да белсенді қатысады екен.

– Дұрыс айтасыз, осы жылдың басында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жастар саясаты бөлімінің ұйымдастыруымен медицина колледжінің белсенді студенттері «Жетім көрсең, жебей жүр» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Бұл акцияның мақсаты «Жетім» сөзінің мән-мағынасын аша отырып, студенттердің өмірге деген құштарлықтарын, қызығушылықтарын ояту, жетім ақысын жемеуге, өмірден өз орындарын таба біліп, айналасына қуаныш сыйлай білуге үйрету, жетімге көмек қолын соза білуге дағдыландыру, жетімге құрметпен қарауға, жәрдем көрсетуге, мейірімділікке, ізгілікке, өмірге жақсы көзқараспен қарауға, өмірді қадірлей, бағалай білуге тәрбиелеу. Қазақ халқының кеңпейілдігі, дархандығы «жетімін жылатпаған» мейірімділігінен аңғарылады ғой.

Тағы бір игі бастаманы да біздің жастарымыз іске асырды. Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасы және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жанындағы медицина колледжінің белсенді студенттерінің ұйымдастыруымен Оңтүстік мөлтек ауданында (бұрынғы Чапаевка) орналасқан қарттар үйінде қайырымдылық концерті өткізілді. «Я волонтёр» ұйымының мүшелері өнерлерін көрсетіп, қарияларымызды қуанышқа бөледі. Көңілдері көтерілген қарттарымыз ән салып, жастарымызға бата берді. Біздің тараптан сыйлықтар ұсынылып, ата-апаларымызға денсаулық тіледік. Осы әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасы мен қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының қолдауымен академияның белсенді студенттері мен жастар саясаты бөлімі, кафедра оқытушылары қаладағы сәбилер үйіне барып қайтты. Қызметкерлер балаларға керекті шөп дәрілер мен дәрумендер сыйға тартты. Сәбилер үйі әкімшілігі академияға үлкен алғыстарын білдірді.

– Дұрыс екен, жастар саясатын орнықты жүргізіп келе жатқан орталықтың атқарған жұмыстары туралы кеңірек тоқталсаңыз.

– ОҚМА АҚ Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен жоғары оқу орындары мен бірлесіп, оңтүстіктегі «Өзін-өзі басқару ұйымдары арасындағы» ынтымақтастық және тәжірибе алмасу бағытындағы» бірінші форумы өткізілді былтыр. Форум мақсаты: жоғары оқу орындарындағы тәрбие жүйесін жетілдіру; оқу орны студенттері арасындағы дебатты дамыту; еріктілікті дамыту; студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының бірегей форматын қалыптастыру. Форумға «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы Е.А.Жүнісбек, Өзін-өзі басқару жүйесін дамыту жобасының жоба менеджері Е.Д.Байжігітов, Ж.Ташенов атындағы университеті, Орталық Азия Инновациялық университеті, Шымкент Университеті, Мирас Университеті, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы Университеті, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық Университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті, академияның тәрбие және жастар саясатына жауапты мамандары мен белсенді студенттер қатысты. Іс-шараны Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының басшысы Е.Сәлім ашып берді. Ары қарай белсенді студентіміз Аружан Әліайдар «Болашақ АЖО» құрылымы жайында баяндама жасады. Барша ЖОО-дары осы бастаманы көтерген ОҚМА АҚ ұжымына зор алғыстарын білдірді. Өткізіліп отырған форум студенттерімізге жаңа серпін мен жаңа жетістіктерге жол ашатынына сеніміміз мол! Жастар саясаты Түркістан облысында тиімді жүргізіліп жатқанының айқын дәлелінің бірі осы форум дер едім. Былтыр ОҚМА белсенді студенттері мен еріктілері жалпықалалық марафонға қатысты. 5-ші рет өткен осы шараға «Болашақ» АЖО ұйымы ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысты. Спорттық іс-шараға кәсіби спортшылар және қала тұрғындары қатысты. Марафонды ұйымдастыруға ОҚМА-дан 170 ерікті-студенттер мен қызметкерлері қатысып, 45 студент алғашқы көмек корсету бөлімдерінде болды. Әл-Фараби алыңының бойымен Қонаев көшесіне дейінгі 5, 10, 21 және 42 қашықтыққа жүгіруге әр түрлі жастағы мыңнан астам адам қатысты.

– Жастар орталығына қазығы қағулы болғандықтан да өзіңізден сұрайын, түркістандық студент жастар, яғни медицина академиясында оқитын болашақ дәрігерлер қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласа ма?

– Әрине, Түркістан облысының түлеп, түрленіп, жаңаруы бәріміз үшін де зор мәртебе. Былтырғы оқу жылы басталғанда Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы күзгі абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары бойынша жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырды. Сенбілікке 56 қызметкер, соның ішінде факультет декандары және кафедра оқытушылары мен 200 студент қатысты. Тазалау жұмыстары академия ғимаратының айналасында орналасқан барлық тұрғын үйлердің аумағын қамтыды. Сенбілік студент жастардың еңбекке деген құлшынысын арттырып, ұжымдық жұмысқа тәрбиелейді.
Студенттеріміз спортқа да бір табан жақын. 2022 жылдың 17 қазан күні «Барыс» спорт клубының ұйымдастыруымен 25 қазан «Республика күніне» орай академияның ұйымдары арасында шағын футболдан турнир өткізілді. Аталған шара қаламыздағы Аламан футбол алаңында өткізіліп, жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Былтырғы жылдың 21 қазан күні ОҚМА үлкен мәжіліс залында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастырумен 25 қазан «Республика күніне» орай салтанатты іс-шарасы өтті. Былтырдан бастап «25 қазан — Республика күні» ұлттық мереке ретінде қайтып оралды. Нақтырақ айт¬қанда, 1990 жылы 25 қазанда Тәуелсіз Республика декларациясы қабылданған мейрам күні деп белгіленген болатын. Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен 25 қазан – «Республика күні» мерекесіне орай, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының алдында мемлекеттік ту көтеріліп, ән ұран шырқалды. Оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Мария Ұласбекқызы Анартаева оқу орнымыздың қызметкерлері мен студенттерін құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Іс-шараның соңы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділерімен бірге ұйымдастырылған автошеруге ұласты. Автошеруге оқу орнымыздың жастарынан бөлек қала тұрғындары да белсене кірісті.
Былтырғы жылдың 28 қазанында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры, профессор Мырзабек Мырзашұлы Рысбеков мен Болашақ АЖО-ның жаңа құрамымен таныстыру және жетістікке жеткен белсенді студенттерді марапаттау мақсатында кездесу өтті. Жаңадан сайланған белсенді студенттеріміз бұл кездесуді асыға күтті. Сонымен қатар 25 қазан «Республика күні» қарсаңында өзінің ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған Шымкент қалалық «Ассамблея жастарының» төрағасы, ЖМО-09-20 тобының 3 курс студенті Мейірбеков Нұрболат Нұрғалиұлын және «Бірлік» халықаралық жастар лагеріне қатысып, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» КММ-нен алғыс хат алған ЖМҚБ-01-20 тобының 3 курс студенті Нышан Мағжанды, республикалық жарыстардан орын алған белсенді студенттерді құттықтады.

Өткен жылғы қазанда ОҚМА үлкен мәжіліс залында ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың қолдау көрсетуімен, «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» және «G-38 Жастар көшбасшылар Қоғамдық Қорының» ұйымдастыруымен «SMART STUDENT» атты интеллектуалды сайысы өтті. Сайысты ОҚМА ректоры профессор Мырзабек Рысбеков ашып, жеребе тастау рәсімінде қай команда бастайтынын анықтап берді. Сайысқа облыстағы сегіз бірдей жоғарғы оқу орындарының командалары қатысты. Іріктеу ойындарынан сүрінбей өткен оқу орнымыздың құрамасы жартылай финалда да өздерінің үздік екенін бір дәлеледі. Ақтық мәреде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бақ сынасты. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы 2-ші орын иеленді. Алда бұдан да жемісті де жеңісті күндеріміз көп боларына сеніміміз мол.

Сондай-ақ былтырғы қараша айында ОҚМА үлкен мәжіліс залында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен, А.Байтұрсынұлының 150 жылдық және Ш.Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы аясында факультетаралық «Жас толқын 2022» байқауы өтті. Аталған байқау мақсаты жас өнерпаздарды анықтау, дарынды жастарға қолдау көрсету, студенттердің бір-біріне деген достық, сыйластық сезімдерін арттыру. Байқауда «Үздік ән», «Үздік би», «Үздік поэзия», «Үздік жайдарман», «Үздік аспаптық өнер», «Үздік көрініс», «Үздік жүргізушілік», «Үздік топтық ән» номинациялары бойынша бақ сынасқан студент жастар ерекше белсенділік танытып, факультеттер намысын жоғары дәрежеде қорғап шықты.

– Сіздер болашақ дәрігер мамандығына шәкірт баулып, оқытып келесіздер. Халықтың медициналық сауатының биіктеуіне сіздердің қосар үлестеріңз орасан.

– Жаратушы иеміз «сақтансаң сақтаймын» деген. Өткен жылы біздің жастар орталығы ОҚМА үлкен мәжіліс залында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасы мен Акушерлік және гинекология кафедрасы және «Айкөркем» қыздар кеңесінің ұйымдастыруымен «Мезгілсіз жүктіліктен сақтану» тақырыбында қыздар арасында кеңестік тренинг-семинар өткізілді. Кездесуге спикерлер Акушерлік және гинекология кафедрасының ассистенті Гүлмира Орынбекқызы Ақбердиева, академияның резиденттері Ақсәуле Әбдіманапқызы Әзімханова, Динара Ералықызы Ерланова, 4 курс В-ЖМҚА -03 -19 тобының студенті Айнұр Ілес, 4 курс В-ЖМОБ-11-19 тобының студенті Амалия Құттықожанова және академияның 1-3 курс студент қыздары қатысты. Сонымен қатар студенттеріміздің экскурсиялық сапарларға шығу мүмкіндіктері де мол, академия басшылығы тарапынан зор қолдау көсретіліп отырады. 2023 жылдың 27 қаңтар күні Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен, академия студенттері «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары» мұражайына барып қайтты. Аталған шараның мақсаты — қазақ халқының көгінде құйрықты жұлдыздай жарқырап, шұғылалы із қалдырып кеткен, ел-жұртын жалын жүрегімен жылытып өткен, халықты ізіне ерте білген, «Жастықтың жанартауы» Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, коммунистік жастар интернационалының қайраткері Ғани Мұратбаев туралы мағлұмат алу, сондай-ақ сол уақытқа тәуелсіз ел ұрпағының көзімен баға беру. Академия студенттері коммунистік жастар интернационалының қайраткері, Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев туралы тың мағлұматтармен танысып, өмірі жайлы бейнероликті тамашалап қайтты.

Биыл 7 наурызда академияның үлкен мәжіліс залында «8 наурыз -Халықаралық әйелдер күніне» арналған мерекелік концерт өткізілді. Оқу орнымыздың ректоры М.Рысбеков кіріспе сөз сөйлеп, осынау жарқын мерекенің көктемнің алғашқы айының басында келуін, жақсылыққа теңеді. Ол өз сөзінде: «Қашаннан бергі дәстүріміз бойынша, біз бұл күні аналарымыз бен апа-қарындастарымызға, қыздарымызға ең ыстық құттықтауларымыз бен ізгі тілектерімізді жолдайтынымызды жеткізді. Сіздерге шынайы көңілден зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс тілейміз», — деді. Іс-шара академиямыздың белсенді студенттері мен жастар бөлімі ер азаматтарының әуелеген әндерімен, аспапта ойнау өнерлерімен жалғасын тапты.

– Академия жастарының интеллектуалдық сайыс, өре бәйгелеріне қатысу жағы қалай?

– Осы жылдың 8 сәуірінде «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «ТОР-жарған» интеллектуалды-спорттық сайысы өтті. Сайыста Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Медицина жастары» командасы бірінші орынды иеленді. Сайыстың мақсаты: Жастардың бойына лидерлік қабілеттерді дарыту, студенттердің интеллектуалды деңгейін арттыру, волонтерлік қозғалысқа ынталандыру. Біздің академия студенттері бірінші орынға ие болып,сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Осы жылдың көктемінде денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Түркістан облысына келген іс-сапары барысында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына келді. Оқу орнымыздың ректоры профессор Мырзабек Рысбеков мұражайды көрсетіп, академиямыздың тарихымен, жеткен жетістіктерімен және алдағы уақыттағы жоспарларымен таныстырды. Ғылым қызметкерлері күніне сәйкес келген іс-сапарында вице-министр қоғамдағы дәрігерлердің орнының қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп, алдағы уақытта да белсенді жұмыс істеуге шақырды және пандемия уақытынан кейінгі статистиканы айтып өтті. Сөзінің соңында Тимур Сұлтанғазиев ОҚМА ұжымына қажырлы еңбек, шығармашылық табыс тіледі.

Сонымен қатар Қазақстан студенттер Альянсының республикалық төрағасы Ұ.А. Наукен Түркістан өңіріне іс-сапармен келді. Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының басшысы ретінде өзім күтіп алып, академиямыздың мұражайын көрсетіп, оқу орнымыздың тарихына қысқаша шолу жасадым. Өз кезегінде төраға Ұлан Наукен білім алу үшін академияда барлық жағдай жасалғанына көз жеткізіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен танысты. Бұл іс-сапардың басты мақсаты Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Қазақстан студенттер Альянсы арасында бірлескен меморандум қабылдау болатын. Оқу орнымыздың ректоры профессор Мырзабек Рысбеков осы меморандум арқылы екі жақты атқарылатын және бірлескен іс-шараларды өткізуге дайын екенін айтып өтті.

Сондай-ақ биылғы 26 сәуірде ОҚМА-ның үлкен акт залында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасы және Шет тілдер кафедрасының ұйымдастыруымен «1 мамыр — Қазақстан Халықтарының бірлігі күніне» арналған мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шараны ректор, профессор М.М.Рысбеков ашып беріп, академия ұжымы мен студенттерін маңызды мерекемен құттықтады. ОҚМА Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен, «Студенттік экспедиция Қазақстанның киелі жерлерінде» атты тұжырымдама бойынша академияның белсенді студенттері – ежелгі Ұлы Жібек жолы тармақтарының бірінде орналасқан киелі қала Түркістанға барды. Тұжырымдама шеңберінде студент жастар Қазақстанның тарихи және естелік киелі орындарын зерттей отырып, өз ой-өрісін кеңейтеді, ұлттық бірегейлікті, Қазақстанның біртұтас халқын қалыптастыруға жәрдемдеседі. Қазақстанның киелі жерлері — қазіргі және болашақ ұрпақ үшін қорғалуы тиіс елдің құнды игілігі. Биылғы 4 мамыр күні Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «7 мамыр — Отан қорғаушылар күні» мен «9 мамыр — Жеңіс күніне» орай Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының үлкен мәжіліс залында мемлекеттік ту көтеріліп, ән ұран шырқалды. Сонымен қатар, академия студенттерінің арасында «Еркін ел ұрпағы» тақырыбында жалпыұлттық патриоттық диктант жазылды. Ары қарай іс-шара салтанатты кешпен жалғасын тапты.

– Сіздердің оқу орнында оқитын жастар облыс әкімдігімен байланыс орнатып, бірлескен іс-шаралар өткізе ме?

– Оқу орнымыздың контингентінің басым бөлігі Түркістан облысының студенттері болғандықтан, аудан, ауылдарда өткізіліп жатқан іс шараларға да қатысып отырамыз. Жергілікті басқарушы орган, яғни әкімдікпен тығыз байланыстамыз.

– Медицина академиясының жастар орталығына жетекшілік етіп келесіз. Жастардың қоғамдық-саяси шараларға қатысу белсенділігі қалай? Наурыз айында өткен Парламент Мәжілісінің сайлауына өзіңіз басшылық ететін жастар қаншалықты үлес қосты?

– Наурыз айында өткен Парламент Мәжілісінің сайлауына студенттер оқуда болғандықтан, белсенді түрде қатыса алған жоқ, оның ішінде волонтерлар ғана сабақтан тыс уақыттарында түрлі партияларға өздерінің көмектерін ұсынды. Кәмелет жасына толған студенттер Парламент мәжіліс сайлауында өздерінің таңдауын жасады.

– Еліміздің болашағы жастардың қолында. Өзіңіздің замандас, қатарластарыңыздан не күтесіз, жастар қандай болуы керек?

– Біздің замандастарымыздан отанға деген адалдықты, кәсіби біліктілікті, білімділік пен тәрбиені, еліне деген шынайы сүйіспеншілігін, жаңа технологияларға деген ұмтылысын, елімізді экономикалық және рухани жоғары деңгейге көтере білу қабілетін күтеміз.

– Түркістанның облыс болып құрылып, жеке бөлініп шықанына бес жыл болды дедік, бес жылдағы өзгерістер, жаңарып, жаңғыруы, түлеп-түрленуі сізді де қуанта ма?

– Түркістан облысының шаңырақ көтеріп, орталығы рухани астанамыз Түркістан қаласының болуы көптеген оң өзгерістерге алып келді. Бұл тарихи шешім оң өзгеріске бастады. Шымкент қаласы өз бетінше мегаполис ретінде қарқынды дами бастады. Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде керемет түрленіп, туристердің сүйікті қаласына айналды. Облыста орналасқан аудандарға да қолайлы мүмкіндіктер туды. Шымкент қаласында шоғырланған белсенді жастардың көпшілігі Түркістан қаласына ауысып, онда да өресі биік өскелең ұрпақтың тамаша мектебі пайда болды. Сондықтан да біз келешекте Түркістан облысының тым жаңа, жарқын келбетін көреміз деп сенемін.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жазып алған Қуаныш Рахмет

08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады