jasqazaq.kz

Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді

10 қыркүйек, 12:39

Шымкент тұрғыны Болсынай Исмаилова әжей — «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан еңбексүйгіш жан. 43 жыл Қайтпас елді мекеніндегі №58 мектепте әдіскер, неміс тілінің, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып істеп, абыроймен зейнетке шыққан. Табаны күректей жылдар бойы бір орында тапжылмай тер төгіп, аталған білім ордасының ыстық-суығын бірдей көтерген ұстаздың төрт бірдей жоғары оқу орнын бітірген дипломы бар. Өмір ағысында түрлі себептермен төрт түрлі мамандық алуды нәсіп еткен соң алған мамандығының үдесінен шығуға тырысты.

Ана сүтімен келген тәлім-тәрбие оны жастайынан еңбекке үйір болуды үйретті. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан Болсынай мектепте 5 сыныпта сабақ берген неміс тілі апайына ұқсап баққысы келді. Ұстаз болсам деп армандады. Мектепті тәмамдаған соң Шымкент педагогикалық институтының жанынан ашылған екі жылдық неміс тілі курсын оқыды. Бірден жоғарғы оқу орнына түсіп кетуіне де болар еді. Ол отбасының жағдайын ойлады. Дәл сол уақытта ағасы өз күшімен КазМУ-ге оқуға түсіп кетеді. Бір үйге екі студент ауырлық қылады, оданша дайындық курсына түсіп, бос уақытымда еңбек етіп, әке-шешеме көмектесейін деген оймен еңбек етіп, отбасына қолғабыс етеді.

«Сөйтіп жүргенде жаныс еліне келін болып түстім. Ата-енем сондай көзі ашық жандар еді. Кешкілік оқуға түсемін деп едім, бірден қолдады. Содан кешкілік оқуға түсіп, Қайтпастағы №58 мектепке әдіскер болып жұмысқа тұрдым. Алғашқы еңбек жолым осылай басталды. Жүрек қалауыммен кірген соң таңнан кешке дейін мектепте, кешкісін жалдамалы пәтерге келеміз. Жұмыстан тыс уақытта жолдасым кірпіш құяды, мен ертеңгісін кірпіштерді аударып қоямын. Жұмыста да, жеке өмірде де барлығына тынымсыз еңбекпен қол жеткіздік», — дейді Болсынай Несіпбекқызы.

45 жасында денешынықтыру пәнінің мұғалімі деген төртінші мамандығын алуына денсаулық жағдайы себеп болыпты. Оң жағынан инсульт алып қалғандықтан, қимыл-қозғалысы көп жұмысқа ауысуға тура келді. Қан қысымы ауруын әжелер ансамбліне келгенде мүлде ұмытыпты. Өйткені құдайдың құтты күні іс-шара, кездесулерден босамайды. «Ауыруға уақыт жоқ» дейді өзі.

Болсынай әже – Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Аналар алқасы «Ғасыр» әжелер тобының мүшесі. Зейнетке шыққанына екі жыл. Бірақ зейнетке шықтым деп жатқан әже жоқ. «Ғасыр» әжелерімен бір топта, бір толқында қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып жүреді. Одан бөлек, бесікке салу, қыз ұзату, тұсаукесер тойларын жүргізетін асабалық жұмысы бар. «Сіздей болса» деген ниетпен шақыратын жұрт Болсынай асабаның өнерін жоғары бағалайды.

Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы

06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу
22 қыркүйек, 15:31
TEKNOFEST 2025: Стамбулды технология ордасына айналдырған фестиваль өтті
20 қыркүйек, 23:04
PRO.NRG Fest 2025: Тамыры тереңнің бұтағы биік
20 қыркүйек, 12:12
Қала күніне орай ауданда жаңа жүргіншілер аймағы ашылды
03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке