Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір жолы — атом энергиясын ұтымды пайдалану

08 ақпан, 21:33

Энергетикалық қауіпсіздік — Қазақстанда ұзақ жылдар бойы талқыланған өзекті тақырып. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде елдің экономикалық ахуалы бұл жобаны кешенді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Қазақстанның қазіргі жағдайында бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Мемлекет басшысы коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру, дамыту жөнінде Үкіметке кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Президент елде энергетикалық инфрақұрылымның тозығы жеткенін, коммуналдық желілердің жарамсыздығын, соның салдарынан халықтың қыста жылусыз қалғанын үнемі айтып келеді. Көкейтесті проблеманың басында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі де тұр. Қазақстанның бірқатар өңірлерінде электр қуаты тапшы. Осыған байланысты биыл электр энергиясын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырым¬дамасы әзірленді. Энергетикалық инфрақұрылымның қарыштап дамуы үшін бізге алдымен энергия тапшылығын жою қажет деген пікірлерді көптеген мамандардан естуге болады. Бұл ретте атом электр стансасын салу тақырыбы қызу талқылануда. Өйткені кез келген мемлекеттің дамуы, әлеуметтік ахуалының тұрақтылығы — энергетика саласына негізделген. Мамандар жыл өткен сайын электр энергиясына деген тапшылық ұлғая беретінін, одан шығудын бірден-бір балама жолы — атом энергетикасының әлеуетін қолдану екенін жиі айтып жүр. Бұл ретте «Қазақстандық Атом Электр Станциялары» ЖШС бас инженері Асуан Сиябеков елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, атом энергиясын ұтымды пайдалану туралы ойларымен бөлісті.

Асуан мырза, елдің энергетикалық қауіпсіздігі туралы жиі айтылып жатыр. Сіздің ойыңызша осы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай іс-шараларды қамту қажет?
— Бұл сауал қазір күнде талқыланып жатыр десек болады. Бұған басты себеп — Қазақстанда негізгі қуат көздерінің жетіспеушілігі. Бүгінгі таңда елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың дені тозған. Сондықтан елдегі электр станциялары бүкіл республиканы қажетті қуатпен қамтамасыз ете алмай отыр. Бұған қоса біз 20 миллионға жеттік, жылдан жылға халық санының артуына байланысты сұраныс та ұлғайып кетті. Мәселенің түп төркіні де осында. Яғни энергетикалық қауіпсіздік дегеніміз ол мемлекеттің даму көрсеткіші.
Генерациялайтын жабдықтар туралы көпшілікке түсінікті болуы үшін тарқатып айтып өтсеңіз…
— Генерациялайтын жабдықтар деп біз ТЭЦ-терді, яғни жылу электр станцияларын және баламалы энергия көздерін айтамыз. Қазақстандағы негізгі энергия көздері — жылу электр станцияларынан алынады. ЖЭС жабдықтарының тозуы 70-80 %-ға жеткені жасырын емес. Қақаған қыста жылусыз қалған Екібастұздағы жағдайды елдің бәрі біледі. Соңғы мәліметтер бойынша энергетика өндіретін электр қондырғылары мен инженерлік желілердің 70%-ы жарамсыз күйде. Бұдан бөлек, көміртексіз экономика, таксономия деген бар, қазір Еуропа елдері түгел осыны енгізіп жатыр. Бүкіл әлемді жасыл энергия көздерімен қамтамасыз ету керек деген түйткілдер туындап отыр. Ал жасыл энергияны біз баламалы энергия көздерінен және атом электр станцияларынан ғана аламыз. Өкінішке қарай, қазір біздің жағып отырған көміріміз көмірқышқыл газы секілді көптеген зиянды қалдықтарды бөлетіндіктен оны жасыл энергия көзіне жатқыза алмаймыз. Қазіргі заманда атом энергиясы ең қауіпсіз және экологиялық таза болып табылады. Сондықтан тұтынушыларды да үлкен өнеркәсіптік орындарды да қанағаттандыру мақсатында негізгі энергия көзін салған бізге ауадай қажет. Барлық кәсіпорын, барлық өндіріс орындарынан бастап, халық тарапынан да электр энергиясына деген сұраныс өте жоғары.
Болашақта электр энергиясына деген сұраныс одан әрмен артатын болса, Атом электр станциясын салу ең басты қажеттілік болып тұр ғой?

Бұл жерде бірінші экономикалық қажеттілік болып бар. Дәл қазір біз үшін энергетикалық қажеттілік болып тұр.  Дегенмен болашақта туындауы мүмкін энергетикалық дефицитты жабу үшін өзіміздің қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек. Мәселен, тұтынушылық көрсеткіш бойынша бүгінгі таңда барлығы бірдей болып тұр. Генерациялайтын жабдықтар мен халық тұтынатын энергияның көлемі қазір теңдей деп айтса болады. Кейде пиктік уақытта, яғни адам энергияны көп тұтынатын кезде біз көршілес елдерден электр қуатын алуға мәжбүрміз. Сол себепті өзіміздің энергетикалық қажеттілігімізді жабу мақсатында бізге базалық энергия көзі қажет. Оның бір мысалы – Атом электр стансасы.

Әңгіменің бәрі АЭС салуға келіп тіреліп жатқаны белгілі. АЭС салудың қандай артықшылықтары және қандай кемшін тұстары бар?
— Негізі мұндай үлкен генерациялау жабдығын салған кезде сол өңірге оң әсер етеді. Құрылыс басталған жерге жұмыс күші керек, яғни адамдарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, құрылыс-монтаждау кезінде 7-8 мың адам еңбек етеді. Ал реакторлар іске қосылғаннан бастап 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деген ой бар. АЭС қай аумақта тұрғызылады, қай өңірде іске қосылады, сол өңір қарқынды түрде дамиды. АЭС салынған аймақтың инфрақұрылымы оң жағына қарай өзгереді. Көп елдерде атом электр станцияларын ірі елді мекендерден, қалалардан шалғайлау, алыстау жерлерге салады. Халық көп шоғырланбаған 1-2 мың ғана тұрғыны бар ауылдарға салғаннан кейін, сол елді мекеннің потенциалы артып, адамдар тартыла бастайды. Ол жерде өзге де үлкен кәсіпорындар бой көтере бастайды. Жергілікті өнеркәсіп дамиды. Бұл халықараралық тәжірибеде бар. Инфрақұрылымдық жағынан дамитыны анық. Мектеп, балабақша, ауруханалардың құрылысы қарқынды жүреді, сол жағынан әлеуметтік өсу тұстарын көруге болады.
Өңірлер дамиды, халыққа қанша жақсы болады десек те ел-жұрт арасында алып-қашпа әңгіме көп. «АЭС салу қауіпті» деген пікірге маман ретінде айтарыңыз бар ма?
— Атом электр станциясы мен атом бомбасының айырмашылықтарын көп адам түсіне білмейді. Атом электр станциясын – электр қуатын өндіру үшін салады, бұл «бақыланатын ядролық бөлінуді» қолданатын генерация көзі. Реакторда уран ядроларының бөліну процесі бақыланады және нормадан сәл ауытқу болса дереу түзетіледі. Ал атом бомбасы жарылыс туындататын энергияны шығару үшін бақыланбайтын ядролық бөліну реакциясын қолданады. Айырмашылықтары үлкен. Әрқайсының мақсаты әр түрлі.
АЭС салу жөніндегі референдум өткізуге қатысты пікіріңізді білсек?
— Былтыр 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына сәйкес, атом электр станциясының құрылысы референдумда шешіледі деп айтқан болатын. Ел Президенті энергоқауіпсіздікті қамтамасыз ету — мемлекеттің басты міндеттерінің бірі деп үнемі айтып келеді. Қазіргі таңда референдумға қатысты жарлық әлі шыққан жоқ. Нақты ақпарат жарияланған жоқ, сол себепті референдумның қашан болатыны әзірге белгісіз. Негізі, АЭС-ті салу мақсатында барлық заманауи озық технологияларды қарастырып жатырмыз. Бүгінге дейін алыс-жақын шетелдерден 13 реакторлық технологияларды зерттеп, сараптап шықтық. Көпшіліктен «Неге Жапония салмайды? Неге Америка Құрама Штаттары салмайды? деген ой-пікірлерді жиі естиміз. Негізі біз коммерциялық ұсыныстар алған болатынбыз. Мәселен, американдық-жапондық консорциум деген бар. Олардың бергені — кіші модульдық реакторлар. Қазірдің өзінде энергия тапшылығы орасан зор болып тұр. 2035 жылы дефицит ұлғаятындықтан кіші модульдық реакторлар қазір әлем бойынша эксплуатацияда жоқ. Сондай-ақ, оның қуаттылығы тек 300 мегаватт болғандықтан үлкен қуатты реакторлар болып саналмайды. Одан бөлек, Корея, Франция, Ресей, Қытай — осы төрт мемлекет заманауи реакторларды құрастырып жатыр. Қазір шорт-параққа осы 4 елдің реакторлық технологияларын енгізіп қойғанбыз. Енді осы реакторлық технологиялары бар елдермен етене жұмыс атқару жоспарда бар. Әлі қай реакторлық технологияны нақты таңдайтынымыз шешілген жоқ. Мұның барлығы бірінші референдумнан кейін белгілі болады деп үміттенем. АЭС салына ма, жоқ па енді оны референдумда халық шешеді.
Егер халық сенім артып жатса барынша қауіпсіз, сапалы станция сала аламыз ба? Жобаны мүлтіксіз атқаратын қандай мүмкіндіктеріміз бар?
— Барынша қауіпсіз, ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары, өте сапалы, ұтымды АЭС салу ол мемлекеттің өз мүддесі әрине. Атом энергияларын ұтымды пайдалану арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қатмтамасыз етуге болады. АЭС салған соң оның арғы қарайғы қызметін жүзеге асыру қажет, кадрларды, инфрақұрылымды дұрыс ұйымдастыру маңызды. Осының бәрі оң шешімін табады деп ойлаймын. Бұл жоба еліміздің еліміз¬дің энергетикалық жүйесін жаңғыр-ту, инфра¬құрылымды жаңалау үшін қажет екенін түсінуіміз қажет.
Ой-пікірлеріңізбен бөліскеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан: Сандуғаш Райым

 

29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды