Маңдайын күн сүйген көне шаһар – Шымкенттің тынымсыз тіршілігі тоқтамайды. Қоғамдық іс-шаралар күн құрғатпай өтіп жатады. Сол іс-шаралардың алдында үнемі жүзінен нұр шашқан бір әжейді көреміз. Әжей деген аты, Қыздығой Жалмырзақызын әже деуге қимайсыз. Жастармен жарысып жүріп барлық іс-шараны жарқыратып атқарады. Зейнетке шықса да, тыным тапқанын көрмеппіз. Қашан хабарлассақ та, жұмыс кестесі тығыз. Еңбекпен қайнап, еңбекпен жетілген жан. Ал бүгінгі қоғамда еңбектің қадірін білетіндер де, білмейтіндер де бар. Өйткені «алма піс, аузыма түс» дейтін заманда ішер ас, киер киім, барлығы дайын. Содан кейін де «Мемлекет істеп берсін», «мемлекет жасап берсін» дейтін масылдық көңіл-күй басым болып тұр ма деген ойға қаласың. Міне, осы тұста 19 жыл мұғалім болып, ұл-қыз өсіріп, кәсіп ашып, оны дөңгелетіп, барлығын қатар алып жүрумен бірге қоғамға да қосар үлесі ұшан-теңіз Қыздығой Баишева сияқты еңбек ардагерлерін қалай үлгі етсек те жарасады.
Қыздығой Баишева Өзбекстанның Жизақ облысы, Пахтакор ауданы, Қарамырза ауылына келін болып түскен. Ата-енесі, қайынаға-абысыны, алты бала-шағасымен, қайынапа, үш қызымен, екі қайын інісі, жолдасы және өз балаларын қоса алғанда келіндік өмірінің алғашқы сатысында 26 жаны бар отбасына қызмет көрсетуді нәсіп етіпті.
«Барлығымыз таң қылаң бергеннен сағат 5.00-де тұратынбыз. 9.00-ге дейін екі тандыр нан жабамын. Күбіде сары май пісемін. Ыстық нан мен сары маймен ата-енеме, үйдегілерге самаурында қайнатылған ыстық шәй беремін. Таңғы шәйдан соң жер жаңғақ шабуға барамыз. Үйдің тірлігімен қатар өзбек мектебінде 19 жыл технология пәнінің мұғалімі болып істедім. Өзім тігінмен айналысамын. Көрші-қолаңның ұзатылатын қыздарының көйлек, нымшасын тігіп беретінмін. Кейін санасам, 26 қыздың ұзату көйлегін тігіппін», — деп келіндік өмірін еске алды кейіпкеріміз.
Қыздығой апа бүгінде 3 ұл, 1 қыздан 15 немере сүйіп, әжелік бақытқа кенеліп отырған жайы бар. «Осы өмірге әуелі Алла, сосын жастайымнан талапшылдығыммен жеттім деп ойлаймын. Айналамдағылардың көпшілігі үнемі «Жап-жас көрінесіз! Бұның сыры неде?» деп сұрап жатады. Адамның бірінші денсаулығы мықты болса, екіншіден көңіл-күйі жақсы болса, әрқашан да күліп-ойнап, адамдарға шуағыңды шашып жүрсең, жасарып жүрудің себебі сол деп ойлаймын. Ешқашан ешкімге қапа болмаймын. Үнемі жадырап жүргеннен соң келіндерім де қабағын шытқан емес. Аллаға шүкір, үш келінім бар. Отбасым өте өнерлі. Қызым музыкалық университетті бітірген. Немерелерімнің бәрі домбыра, жетіген тартады. Барлығы мектепте үздік оқиды деп мақтана аламын. Өзім бос уақытта тігінмен айналысамын. Үйде келініміз екеуміз жоқтан барды шығарып, тігіс тігіп, құрақ құраймыз. Немерелеріме көйлек тігіп, кесте тоқуды үйретіп отырамын», — деді кейуана жасарып, сергек жүруінің сырымен бөлісіп.
Қыздығой Жалмырзақызының өнегелі өмір жолына қарап отырып адам бейнеттің үстінде жүрсе қартаймайтынын, еңбекпен шыңдалатынын сөзсіз ұғынасыз.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы