Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адами қасиеттер мен ұлттық құндылықтарды арттырудың тиісті шараларын нақты көрсеткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында елге еткен еңбегімен көпке үлгілі қазақстандықтардың есімін танытуды тапсырды. Ұлт көшбасшысы «ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістік¬терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн» деді.
Осыған орай, еліміздің түкпір-түкпірінде халқына деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін ісімен көрсетіп жүрген жандардың тізімі жасалып, «100 жаңа есім» жобасына ұсынылды. Олардың сол атқа лайықтылығын барша халық растауы үшін ашық дауысқа салынды. Жобаның арнайы сайты жасалып, Қазақстанның кезкелген тұрғыны ұсынылған тұлғаларға өз дауысын берді.Көп ішінен ең үздік шыққан 102 тұлғаны 1желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде Елбасы өзі құттықтады. Өнер, спорттың майталмандарын, озық ойлы, орақ тілді би-шешендерді, білімімен ғылым жолында көпті мойындатқан ғалымдарды тудырған Әулиеата өңірінен аталмыш жобаға әр салада ісімен үздік танылғандар ұсынылып, солардың сегізі «Қазақстандағы 100 жаңа есімінің» қатарына енді.
Елбасы айтқандай, Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен «Қазақстандағы 100 жаңа есімге» Жамбыл облысынан қоғам бағыты бойынша Сембек Сейдәзімов пен Ғалым Арыстанбаев, спорт саласынан Зульфия Габидуллина, Ақжүрек Таңатаров, Бауыржан Исламхан, мәдениеттен Ерлан Бақтыгерей, бизнестен Әбдібек Пошкаев, медицинадан Марат Саршаев кірді.
Сембек СЕЙДӘЗІМОВ
Сембек Әбітайұлын жамбылдықтар қоғамдық істерге қосқан үлесі арқылы жақсы таниды. Тараз қаласындағы кірпіш зауытының жұмысы алмағайып шақтарда тұралап қалғанда Сембек Әбітайұлы қолға алып, ісін ілгерілетті. Іскер азамат «Кирпичник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры ретінде кәсіпкерлік қырын танытты. Көптеген тұрмыстық жағдайы аз қамтылған жандарға көмегін аямады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының мүшесі, филиал жанындағы жемқор¬лыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы тұрғысынан да қарапайым халықтың мұңын жоқтап, келелі істерді жүзеге асыруға атсалысты. Жетімін жылатпаған халқымыздың ұлылығын көрсетіп, аталмыш саяси партияның «Бақытты балалық шақ» жобасына демеуші ретінде қатысып, әке-шешесінен айырылған Екатерина Шуригинаның атына «Цесна банктен» арнайы есепшот ашып, қаржылай салым салып тұрады. Ол бұдан да өзге тұрмыстық жағдайы аз қамтылған талай азаматтарға қол ұшын беріп, Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысына демеушілік көрсеткен атымтай жомарт.Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Гродеково ауылдық округіне қарасты Қызыл¬дихан ауылына көпір салып берді. «Тараз–Қырғызстан» бағытындағы автожолға 120 «КамАЗ» құм төсетіп, тегістетті. Жасөспірімдерді білімпаздыққа ынталандырумақсатында әр тоқсан сайын үздік оқитын оқушыға арнайы стипендия тағайындап, ал орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген түлектерге жыл сайын 40 000 теңге көлемінде сыйақы беріп келеді.
Ғалым АРЫСТАНБАЕВ
Ал, көпбалалы әке, үлгілі отағасы, полиция сержанты Ғалым Арыстанбаев жұбайы Әлиямен бірге ата-анасынан айырылған 8 баланы өз қамқорлықтарына алып, тәрбиелеп отыр. Бұл балалардың ішінде қазақтан өзге әзербайжан, қытай, өзбек, сыған, орыс, ұйғыр, татар ұлтының бүлдіршіндері де бар. Бүгінде Арыстанбаевтардың шаңырағында өз балаларымен қосқанда 11 балдырған өсіп келеді. Татулығы жарасқан жанұя «Мерейлі отбасы» байқауындаІ орынның биігінен табылды.
«Менің жанұям үлкен. Мен мұны әрқашан армандап келдім! Әйелім Әлия мені қолдады, отасқанымызға 10 жылдан асты. Біз бір-бірімізді сүйеміз және бір-бірімізді толықтырамыз, барлығының дені сау, жағдайлары жақсы, ал бұл ең маңыздысы. Жанымда балаларым, анасы, туыстарым. Иә, мен ең бақытты адаммын!», − дейді Арыстанбаев.
Оның айтуынша, балалар бір-біріне құрметпен қарайды. «Балаларым еліміздің лайықты азаматы болып өседі деп үміттенемін. Көпбалалы әке бастапқыда кішігірім қақтығыстардың болғанын айтады. «Бастапқыда оларға қиынға соқты, әсіресе қыздар жағы, оларды бөліп, ренжітіп қоятын, ал қазір − бірлігі жарасқан отбасымыз! Менің балаларым оларға бауыр басып қалды, тіпті қайсысының өз балаң, ал қайсысының өз балаң емес екенін де ажырата алмай қалатын жағдай болады, бір-бірін құрметтеп қарасады», − дейді ол.
Зульфия ГАБИДУЛЛИНА
Зульфия Габидуллина – тағдырдың сынағына қайыспай, қайсарлық танытқан тұлғалардың бірі. 1971 жылы жол апатына ұшырап, омыртқа, бас, қол және аяқ жарақатын алған ол кездескен кедергілерге мойымады.
Спортпен 1990 жылдан бастап шұғылданып, бірнеше әлемдік рейтинг бойынша дүниежүзінің ең үздік сегіз жүзгіштерінің қатарынан көрінді. Еңбекқорлығымен 2013-2015 жылдардағы әлем чемпионаттарынан күміс және 3 мәрте қола жүлдесін иеленіп, әлемнің 12 мәрте рекордсмені атанды. Жігерлілігімен көпті мойындатқан Зульфия Раухатовна Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарының алтын жүлдесін иеленіп, еліміздің көк туын көке көтерткен жеңімпаз.Бүгінде Зульфия Габидуллина 156 медаль мен 200 грамота, дипломның иегері.
Бұдан бөлек, Зульфия 2020 жылы Токиода өтетін Паралимпиада ойындарына да қатысып, онда да Қазақстанның көк туын желбіретуге ниетті.
Ақжүрек ТАҢАТАРОВ
Жамбылдық спортшылар қатарынан өзіндік биік орынын қалыптастырған азаматтың бірі – Ақжүрек Таңатаров. Ақжүрек Жамбыл облысы Қоған ауданы Құмарық ауылында 1986 жылы дүниеге келген. Сол ауылда 3-ші сыныпқа дейін білім алып, 1996 жылы әкесі оны күреске қатысып, спортшы болсын деген ниетпен қалаға көшіпті.
Шынашақтайынан шымыр денелі Ақжүрек Тәуелсіздіктің елең-алаңында еркін күрес секциясына жазылады. Азат елдің асқақ ойлы азаматы сол бір бала шағында Олимпиада ойындарында атой саламын деп ойлады ма екен?! Сол жылдарыЕрмахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов бастаған жамбылдық жампоздар Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиада ойындарында-ақ абыройын асырып, қос бірдей жүлдемен оралды. Боксшы ағаларының жеңісті жорығы тұла бойы намыстан жаралған Ақжүректі де спорт залға жетектеп келген еді. Мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қоржынына Олимпиада жүлдесін салу.
Ақжүрек – Қазақстанның еңбексіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы, Азия чемпионы.
Ақжүрек Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. АқжүрекТаңатаров Дели төріндеөткен Азия чемпионатында 70 келі салмақта алтын алды. Жерлесіміз ширек финалда монғолиялық Хатанбатаар Даваатсеренді ұтса, жартылай финалда жапониялық Моможира Накамураны 11:7 есебімен тізе бүктірді. Финалда Ақжүрек өзбек балуаны Ихтиор Новрузовты да 11:7 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды.
Бауыржан ИСЛАМХАН
«Қайрат» футбол командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан 2016 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік футболшысы атанды. Байзақ ауданында дүниеге келген спортшы футболмен 10 жасынан бастап айналысқан. Қабілеттілігімен көзге түсіп, ұлттық құрамаға шақырылған Бауыржан Исламхан жастар құрамасы сапында «Достастық кубогінің үздік ойыншысы» атанды. Кәсіпқой футболшы ретіндегі мансабын «Тараз» футбол клубында бастады.«Тараз» сапындағы алғашқы маусымында – 27 ойын өткізіп, 2 гол соқты.
Ерлан БАҚТЫГЕРЕЙ
Бүгінде жеке ісін ашқан дирижер Ерлан Бақтыгерей Астана қаласындағы Академиялық филармония симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі ретінде өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді. Ш.Қажығалиев атындағы 1-ші Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты атанған ол Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын тау», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операларын сахналаған. Халықаралық ұйымдастырушылармен бірге түрік әлеміндегі композиторларға арналған «Түріксой» концертін ұйымдастырып, талантын жаңа қырымен танытты. Өнермен, кәсіпкерлігімен белгілі Ерлан Бақтыгерей 7 баланың әкесі.
Әбдібек ПОШКАЕВ
Ірімшік зауытының директоры Әбдібек Пошкаев кәсіптің көзін тапқан азамат. Осы зауыт 2012 жылы тоқырауға ұшырап, тоқтап қалғанда ізденімпаздығымен қайта іске қосты. Сол еңбектің нәтижесінде бүгінде «Бурный ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдері көптің сұранысына ие болды. Өнімдері өз елімізбен қатар Ресейге экпортталады.
Марат САРШАЕВ
«Орталық клиникалық аурухана» АҚ-ның нейрохирургі Марат Саршаев халық денсаулығын қорғаудағы еңбегімен үздіктер қатарынан табылды. Қазірде әлемдік деңгейде күрделі мәселеге айналған инсульт ауруымен күресуге Марат Аманғалиұлының қосқан үлесі зор. Бірінші санаттағы дәрігер 2015 жылы «Ең үздік жас дәрігер» атағын иеленген.
«Еңбек ер атандырады» деген аталы сөздің тағы бір дәлелі міне осы жобада да анық көрінді. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігімен, қоғамның дамуына қосқан еңбегімен елінің елеулісі атанған бұл тұлғалар – облысымыздың мақтаныштары. Жүз жаңа есім қатарындағы әрбір жамбылдық жампоздардың бүгінге дейінгі жүріп өткен жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі.
Мұратхан Әлімхан,
Жамбыл облысы