jasqazaq.kz

Еңбек — масылдық пен патерналистік тәуелділіктен арылудың ең тиімді жолы

31 шiлде, 22:38

Әлеуметтанушылардың пайымынша, қазақ қоғамындағы патерналистік көзқарастардың қалыптасуы кеңестік дәуірден бастау алған. Сол кезеңде мемлекет азаматтарға шамадан тыс қамқорлық жасап, барлық салада бақылауды өз қолына алғаны белгілі. Осы жағдай халықтың өз бетінше шешім қабылдау, дербес әрекет ету, жеке жауапкершілікті сезіну қабілеттерін тежеді. Уақыт өте келе, азаматтар мемлекетке сүйеніп, кез келген қиындықта одан көмек күтетін күйге түсті. Бұл құбылыс патернализмнің тамыр жаюына себеп болды. Адамдар өз өміріне, болашағына жауапты екенін ұмытып, бар үмітін үкіметке артатын түсінік қалыптасты. Мемлекет отбасындағы үлкен кісідей, барлық жағдайды жасап беруі тиіс деген қате ұғым көпшіліктің санасына орнығып қалды. Бұл идеяны түбегейлі өзгерту, қоғамдық санада жаңа көзқарас қалыптастыру маңызды міндетке айналып отыр.

Масылдық пен патерналистік тәуелділіктен арылудың ең тиімді жолы – еңбек ету. Қоғамда да, мемлекет деңгейінде де еңбекке деген құрметті арттыру қажет. Қол қусырып көмек күтудің орнына, адамдарға өз өмірін жақсартуға қажетті құралдарды беру әлдеқайда тиімді. Яғни, дайын ас бергеннен гөрі, соған апарар жолды, дағдыны үйрету керек. Бұл қағида бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырылуда.

Мысал ретінде, Шымкент қаласындағы еңбек нарығында жүргізіліп жатқан нақты қадамдарды келтіруге болады. Қалада жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар табысты жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін жақында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қорытындылап өтті. Ол Мансап орталығы мен Еңбек мобильділігі орталығының 2025 жылдың 9-29 шілде аралығындағы нәтижелерін жариялады.

20 күннің ішінде жүргізілген шаралардың нәтижесі көңіл қуантады. Мәселен, “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 62 адамға өсіп, жалпы 204 адамды құрады. Сонымен қатар, “Күміс жас” жобасы шеңберінде 38 адамға артып, 416 адам жұмысқа орналастырылған. Ал тұрақты жұмыс орындарына орналасқандар саны 6222-ден 6656-ға жетіп, 434 адамға артқан. Бұл көрсеткіштер еңбекке ынталандырудың нақты нәтижесі екенін дәлелдейді.

Дегенмен, барлық аудандарда жағдай біркелкі емес. Кейбір аймақтарда жұмысқа орналастыру көрсеткіштері төмен күйінде қалып отыр. Осыған байланысты басқарма басшысы Жанат Өтебаева тиісті аудандарда жұмысты күшейту, аймақтар арасында теңгерімді сақтау және инвестициялық жобаларды тиімді пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті.

Айта кету керек, 2025 жылы Шымкент қаласында жалпы саны 49 567 азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Оның ішінде 27 755 адам әртүрлі еңбекке тарту бағдарламаларына қатысуы тиіс болса, 21 758 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар қалалық даму стратегиялары, мемлекеттік концепциялар мен жеке бастамалар аясында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті 3006 адам үшін арнайы оқыту платформалары арқылы білім беріліп, қолдау көрсетілуде.

Осының барлығы қоғамдағы еңбек мәдениетін арттыруға, масылдық көзқарасты жеңуге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Жұмыссыздықпен күресудің ең тиімді жолы – азаматтарды еңбекке баулу, оларды өз қабілетін іске асыруға ынталандыру. Мемлекет те, қоғам да осы бағытта күш біріктіруі тиіс.

Фото: Егемен Қазақстан

Бүгін, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
Бүгін, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті