«Елін сүйер сеніңіз – Өз отбасын сүйе алған»

09 қыркүйек, 18:41

Қанат Бектұрсынов Түркістан облысы, Жетісай аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейді. Зайыбы Гүлбану екеуі сегіз баланы тәрбиелеп отыр. Ішкі істер органдарында 16 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан отағасы өз отбасы үшін отқа да, суға да түсуге дайын. «Менің отбасым, жақындарым – ең қымбат жандар. Келіншегім екеуміз балалардың тәрбиесі мен тәртібіне ерекше мән береміз, олар өз елінің лайықты азаматы болып өссе екен», — дейді тәртіп сақшысы.

Кім не десе де, елімізде Қанат Бектұрсынов сияқты отбасын айрықша қадірлейтін жандар көп. Өйткені «Елін сүйер сеніңіз, өз отбасын сүйе алған» демекші, ерлі-зайыптылардың бір-бірін құрметтеп, ұл-қызына жақсы тәрбие беруге ұмтылуы – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бүгінгі күні жалғасын тауып отырған тамаша дәстүрге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Оның бір айғағы — 2013 жылдан бері елімізде Отбасы күнінің атап өтілуі. Бұл мерекенің басты идеясы да сол – отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасы мен неке ұғымдарын өскелең ұрпақтың санасына мықтап сіңіру. Соңғы кезде ұлтымызға жат нәрселерді насихаттау белең алғанын ескерсек, отбасы құндылықтарын дәріптеуге мемлекет тарапынан маңыз берілуі құптарлық іс.
Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл мерекенің жаңа тұжырымдамасын бекітті. 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтіп, әр күні түрлі тақырыпқа арналды. Оның ішінде отбасы дәстүрі, некені жоспарлау сияқты мәні зор тақырыптар бар. Бүкіл елде мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, бір миллион адам қамтылды.

Сондай-ақ жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қорытындысы шығарылатыны белгілі. Астанада өткен салтанатты рәсімде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзі оқылды. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құруда отбасы институтына қолдау көрсетудің маңызына тоқталып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап көрсетті.
Президенттің құттықтау хатында: «Мерейлі отбасы» байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады», — делінген.

«Мерейлі отбасына» еңбек династиялары, бала асырап алған отбасылар, волонтерлер мен меценаттар қатыса алады. Биыл 11-ші рет өткізілген бұл байқауға қатысу үшін ел өңірлерінен 3339 өтініш келіп түскен. Әр аймақтың өз жеңімпазы бар. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде: ««Қазақстандағы әр отбасы – еліміздің тірегі, жүрегі. Сіздердің байқауға белсенді қатысып, жеңімпаз атанып отырғандарыңыз мен үшін қуаныш. Әр отбасы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп отырған балаларының қызығын көре берсін!» — деді.

Айта кеткен жөн, Отбасы күніне орайластырылған әлеуметтік зерттеу еңбекқорлық, адалдық және үлкендерге құрмет – жас ұрпаққа үйретілетін басты құндылықтар екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 62,7 пайызы өзара құрмет, қамқорлық жасауды маңызды деп біледі. Екінші орында — махаббат (43,2 %), үшінші орында — балалар (38,7%).

Отбасы құндылықтарының құрымайтынына басқа қандай дәлел керек?

Наргүл Мырзахмет

Суреттер: Мәдениет және ақпарат министрлігі

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?