jasqazaq.kz

Елімізде шаңырағы шайқалған отбасылар азаймай тұр (видео)

05 желтоқсан 2017, 15:15

«Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» ел еді. Алайда соңғы кездері өз үйін емес, арнайы оңалту орталықтарын паналаған ана мен баланың саны күрт көбейді. Мәселен, қазір елорданың өзінде 291 адам дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Оның 91-і – әйел, қалғаны кәмелет жасына толмаған бүлдіршін. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.

Бұл бүлдіршін – дағдарыс орталығының 6 жасар тұрғыны. Тағдырдың жазуымен толық емес отбасында тәрбиеленіп жатыр. Сондықтан атын атамай, жүзін жасыруға мәжбүрміз. Тәртіп солай. Есесіне оның ақ қағазға түсірген суреті көп жайтты аңғартады. Психолог Жазира Сұлтанбекова осындай суреттерден баланың мінез-құлқын жазбай таниды. Яғни ғылымға сүйене отырып қағаздағы сұлбаларды сөйлетеді. Сол арқылы отбасындағы жағдайдың бала санасына қалай әсер еткенін анықтайды. Қажет болса, көмек қолын созады. Жазира Сұлтанбекова, балалар психологы: — Адамның психологиясы жалғыз өзіне байланысты емес. Оны өзгертетін болсаң, оның ортасын өзгертуге тырысу керек. Анасымен тікелей жұмыс жасаймыз, бауырларымен тікелей жұмыс жасау арқылы баланың өмірін 100 пайызға болмаса да, өзгертуге тырысамыз. Ары қарай баланың өзіне байланысты. Қазір орталықтағы 35 адамның 24-і бүлдіршін. Оларды жақындары алақанға салып аялаудың орнына ұрып-соғып, қиянат жасаған. Қазір олармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Жалпы дағдарыс орталығынан пана іздеушілердің саны соңғы жылдары жиілеп кеткен. Айына кем дегенде 10 адам мұндағы мамандардың көмегіне жүгінеді. Лаура Музычко – солардың бірі. Оған азаматтық некедегі жары зәбір көрсетіп, бауырындағы сәбиімен тастап кетіпті. Лаура Музычко, жәбірленуші: — Менің мұнда тұрып жатқаныма 5 ай болды. Ұлымды осында босандым. Желтоқсан айына дейін орталықта боламын, содан кейін үйге қайтамын. Осындағы мамандарға алғысымды білдіремін. Олардың арқасында менде өмірге деген сенім пайда болды. Лаура сияқты азаматынан жәбір көргендер қоғамда аз емес. Тіпті Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәслесі БҰҰ-ның назарына ілігіпті. Жақында елімізде алғаш рет ауқымды әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сұралған әйел-респонденттердің 17 пайызы – физикалық, 21 пайызы психологиялық қысымға ұшырағанын айтқан. Илейн Конкиевич, «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Қазақстандағы өкілі: — Осы мәселеге арналған диалогтар, пікірталастар ашық сипатқа ие бола бастады. Яғни қоғамда кеңінен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдарына, билікке жетті. Бұл өте жақсы үрдіс. Әрі проблеманың түпкі шешімін бірлесе отырып табуға мүмкіндік береді. Бұл мәселені Бас прокурордың өз бақылауына алғаны да қуантады. Маскүнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық, психологиялық агрессия, рухани құлдырау, құқықтық сауатсыздық және діни фанатизм. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері. Сондай-ақ «профилактикалық жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілмеуі де проблеманы ушықтыра түседі», – дейді мамандар. Салтанат Тұрысбекова, ҚР Бас прокурорының аса маңызды істер бойынша кеңесшісі: — Жергілікті органдарда бүгінгі күні профилактика дегенді әркім өзінше түсінеді. Көбінесе олар семинарлармен не болмаса флешмобтармен шектеледі. Жүйелі түрде қалай өткізілуі керек, нақты қандай қаржы бөлінуі керек, сол қаржы бөлініп тұрса, оның механизмдері, оның бақылауы – осының бәрі заңды түрде бекітіліп, айқын, ашық болып тұрса, сонда біздің жұмысымыз да тиімді болады. Ойран болған отбасылардың саны биліктегілерді де алаңдата бастады. Қазір еліміздің Бас прокуратурасы «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» бастамасын жүзеге асырып жатыр. Әзірге жобаның пилоттық нұсқасы халқының саны көп Оңтүстік Қазақстан облысында сынала бастады. Енді еліміздің барлық аймағында әкімшілік жанынан отбасы басқармасы құрылмақ. Жобаның мақсаты көп: қылмыстың алдын алу; қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікті жетілдіру; мамандар біліктілігін арттыру, қоғамдық жұмыстарды күшейту. Айналып келгенде – отбасындағы тыныштықты сақтау.

09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады