Қазақстанда 940 адам радикалды райынан қайтты. Бұл мәлімет Алматы қаласында өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2017 жылғы қорытынды есебінде ресми жарияланды.
Аталған басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, діни істер және талдау бөлімінің мәліметіне сәйкес, еліміз бойынша 940 адам дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына қайтқан. Дәстүрлі діни мектепті таңдаған азаматтар саны бойынша Ақтөбе облысы бірінші орында. Бұл облыс бойынша 308 адам радикалды діни көзқарасын өзгерткенін ресми мәлімдеген. Алматы қаласы бойынша 127 адам тура жолға түсіпті. Қарағанды облысында 123 адам ханафи мәзһабын таңдаған.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Жат ағымға кеткен азаматтарға уағыз-насихат, түсіндіру шараларын жүргізу — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағытының бірі. Бұл бағыт бойынша жұмыс жыл сайын жанданып келеді. Имамдар теріс жолға түскен азаматтармен бірнеше сағат сұхбаттасады, кездеседі, түсіндіру шараларын жүргізеді. Сонымен қатар, дін қызметкерлері деструктивті діни ағым өкілдері арасында мәдени, рухани, спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Мақсат — жамағатты мешіт төңірегіне топтастыру, бірлікке, ізгілікке ұйыту. Соның нәтижесінде 940 адам дәстүрлі дінге оралды. Бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғаса береді», — деп атап өтті.