Елік елден қайыр күтеді

27 қантар 2017, 14:28

Елден келген Есенбай құрдастан ауыл-аймақтың амандығын сұрағанбыз. Арқаның ақ боранды қысы ақырып күшіне мінгенде жол қатынасы қиындайды. Биыл қар қалың. Ағаш бауырын, жылға-сайларды жып-жылмағай қылған қалың қар жол бойындағы қоға-қамыс, тал-шілік өскен тұстарына кептетіліп аршуға мүмкіндік бермей жатыр.

–Биыл еліктің етіне бір тойдым,–дейді Есенбай кекіріп қойып,–жылдағыдай жалғыз биені ақ тер, көк тер қылып қумаймын. Қораның срытына өзі келеді. Баспалап тұрып атып аламын.

–Арық еліктің етін не қыласың? Оның үстіне обал-сауап деген бар емес пе? – деймін мен.

–Былтыр елік қуып жүріп жалғыз бие құлын тастады. Енді еліктің етін жемегенде кімнің етін жеймін,–дейді Есенбай.

Аяқты аң десе алдындағы ішіп отырған асын тастай салатын Есенбайға есті ақыл айтуды өзі артық еді. Әуелде сол биеңді дұрыстап күтіп, тайын соғымға жығып алсаң, көкежасық еліктің етіне бұрылып та қарамас едің дегім келген. Бірақ, сөзімді шығындағым келмеді.

Әйтеуір былтырға қарағанда тәубе дерлік. Былтыр желтоқсанның жуан ортасында сіркіреп жауын жауып, Арқа төсін шыңылтыр айдынға айналдырып жіберген. Иесінің бейқамдығынан жыл он екі ай өз аяғымен тебіндейтін жылқыға нәубет келіп, талайлар жүген ұстап қалды. Биылғы қыста ақырған аязы аз болғанымен қары ересен. Желтоқсанның соңында сулы, ылғалды қар жауды. Жылқы жарықтық қайратты мал ғой, қыс ортасы ауса да әлі тебінде. Тай-жабағыны қолға ұстағаны болмаса ірі мал әзірге қораға кіретін емес.

Есесіне ақ қар көк мұзбен құрсанған даланың төсінен тісіне ілінер талғажау таба алмаған елік байғұс ауыл шетін төңіректей бастаған. Тым таяп келгені иттің жемі. Арғы жағынан аштық айдап әкелген соң ауылды қарайлайды да. Жаңа жылдың алдында Щучинск қаласына маралдың кіріп кеткенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған еді. Жандары ашып нан бермек болған қала тұрғындарын біраз қуалап алыпты әлгі марал. Еркін даланың ерке аңы мүсіркегенді ұнатпады ма екен, кім білсін.

Даладағы аң-құстың жай-күйін білмек болып «Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мекемесінің бас директоры Құдабай Батықовпен хабарласқанбыз. Табиғи парктің аумағында аша тұяқты аңды қыстан аман алып шығу үшін  былайғы жұрт байқай бермейтін арпалыс жүріп жатыр екен. Орман-тоғайға бүгін салған жол сырғыма боранның салдарынан ертең-ақ жабылып қалады. Бірақ, табиғат көркі аң атаулыны аман сақтау – міндет. Ол міндет табаны күректей 160 күнге созылады. Аң азығын қапысыз дайындаған. Қысты өткеруге 130 мыңнан астам жапырақ орамалары, 154,3 тонна шөп, 45 тоннаға жуық астық қалдығы, 1,5 тонна шамасында тұз әзірленген.

Аң-құсты азықтандыру әр он күн сайын жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың қаңтар айының 20-на дейін 66 мыңнан астам жапырақ орамалары, 60 тонна шамасында шөп, 20 тонна астық қалдығы және жарты тонна тұз жеткізілген. Қазіргі күні тағылардың жайылымдық алқаптары мүмкіндігінше қардан тазартылып, аршылуда.

Басшының айтуы осындай. Бірақ, сенім аз. Қағазда қатып тұрғанымен, аң түгіл адамға жол аша алмай жатқанын көзіміз көріп отыр. Орманды алқаптың сәні – ерке еліктің аман қалуы тіпті, күтуден де емес, адам ниетінен шығар.

Қараулардың қарауылынан қағыс қалса көгілдір көктемде танакөздерін жарқырап, аяғын қаздаңдай басып құтты сурет тәрізді сұлу елік орманның ығынан самсап шыға келеді. Сол суретті көргім келіп кеткені.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

 

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды