«Еленбей қалса, сол қайғы немесе іздеушің жоғалмасын!»

01 қыркүйек 2023, 15:07

Қазақ «батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» дейді. Рас, біздің халықта қариялар мен аналарымыздың ақ батасы адамгершілік арқылы күш-қуат, рух береді, жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Алыс жолға шығарда немесе өмірдің обал-сауаптарынан тұратын әр ісімізге сәттілік тілеп, санаңды сілкіндіріп, ойыңды тереңдетіп, елдік сүйіспеншілікке жетелеп, ақ батасын беруата-бабамыздың ұлы дәстүрі, сөнбес даналық ұлағаты деп білеміз. Бәрінен бұрын, екі қолын жайып, жүрек көзін ашып, ниетін нұрландырған ақ батаның рухында адам өмірінің тағлымы мен туған халық мүддесі биік тұрады. Ұлы сыйластық пен адамды ардақтаудың бүкіл киесін ұқтыратын қазақ халқының ақ батасын кішкене кезінен естіп, көңіліне тоқып өскен баланың өрісі кең, өмірі өрелі болады. Ар-ұят, қарыз бен парыздың бағын ашады.

Ақ батаның барлығы да ойшыл, ғұлама, туа бітті даналардың шешендік талантымен шендесіп, әулиелік, ақылман, ақ-адал қасиеттерімен дараланып, сарасөз бен таза пейілдің мұхитындай адамдар жүрегіне толқынды сәуле құйып, жігеріне жігер, ақылына ақыл қосып отырған. Сондай бір ерекше сыйлы, иманды, көзінен тереңдік, жүзінен сес пен айбын ескен батагөй ақсақал айлап алысқа кетіп бара жатқан жолаушы кісілерге ақ батасын «Қарақтарым, іздеушің жоғалмасын!» деген сөбен түйін жасайды екен. Бұл ғажайып, сезімтал жүрегіңде мәңгі жатталатын бойтұмар сөзді әулие ата – Қарахан ІХ ғасырда айтып, бата берген деген аңыз бар. Содан бері «Іздеушің жоғалмасын!» деген сөздің мән-мағынасын таратып айтып, оны өмір сабақтарымен, адамгершілік жолдарымен түсіну мен түйсіну еш уақытта өз мағынасын жоғалтқан емес. Бұл тек ата-ананың бала-шағасы мен ұрпақтар жалғасын, ең зоры – сені еңбегіңе қарай құрметтеу мен қадір-қасиетіңді, жақсылығыңды білетін саналы ізбасарлардың соңыңнан ілесіп, ілтипат көрсете алатын тәрбиесіне де қатысты адамгершілік және қоғамдық мәселе.

Бұл мәселеде қазақи тәрбие, ұлттық бітім-болмысымыз, адамға деген мейірімділік, ауылдық, ұжымдық ортақ абырой, қала берді ағайындық намыс пен бірлік, ұстаздық жол адамдардың бір-біріне қарайласуы, жора-жолдастардың, жақын аралас-құралас жандардың бір-бірін іздеп, сұрастырып жүру дағдысы, мемлекет пен қоғамға айрықша еңбек сіңірген зиялы адамдар мен қайраткер кісілерді ұмыт қалдырмай, құрметтеу-тұтас елдік мінез – құлқымыз және моралдық кейпіміз болды. Әсіресе, қилы тағдырлы кезеңдерде де, бейбіт күндерде де біздің ақынжазушылар, бүкіл өнер адамдары өз шығармаларында отбасы бірлігін уағыздады. Отбасы адамға балалық шағында, не ауру-сырқауында ғана керек емес, ол оның берекесін келтіретін ұясы, құтты шаңырағы деп санамызға сіңірді. Елжанды ұрпақтар мен тәртіпті, мәдениетті, ардақты адамдар сапалы білім мен дәстүрлі тәрбие жұмыстары арқылы қалыптасты. Бұл өзгермейтін ұстаным және жас ұрпақты бағып, қағып өсіретін дәстүрдің түпқазығы болды. Алайда нарық жағдайындағы заманда қоғамдағы қарымқатынастарда өмір салтына өзгерістер еніп, біздің кейбір құндылықтарымызға басқаша көзқарас пайда бола бастады.

Ол қандай өзгерістер дейтін болсақ, ең алдымен адам сыйлау, үлкенді үлкен екен деп ізет көрсету, кішіге ілтипат білдіру, парызды қасиет тұту, әділдікке араша түсу, ардақты адамды лайықты құрметтеу секілді жақсы қасиеттерімізден кейде аздап болса да айырылып бара жатқан жоқпыз ба?! Біз бір-бірімізді іздемейміз, салқындау көңілкүйдеміз, бұрынғыдай көршіқолаңмен емен-жарқын араласа бермейміз. Ағайын-туысқанның үйлеріне шақырмаса, есігінен сығаламаймыз… қазір жиын-тойға «Құрметті ағайын-туыс, құдажекжат, достар!» деген бірізді, жалпылай жазылған шақыру қағаз сізге телефон байланысы арқылы жіберіледі. Бұған да жұрт үйрене бастады. Еш сөкеттігі жоқ. Ә, иә, тойға келер-келмейтінің тағы сұралады. Бұл да ұқыптылық. Қалай ойлайсыз, капитализмнің қатал талабына еніп, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ме, тек осылай өз білгенімізбен өмір сүріп жатырмыз ба? Сол дұрыс па? Ешкім қай дәуірде болмасын қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Ұлы Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан ақылы зор адамгершілік пен сүйіспеншілік, құшағы ашық бауырмалдық туған жер мен туған еліңнің көсегесін көгертіп, ырыздықдәулеті молайып, бақытты жұрт ететін баға жетпейтін ұлттық құндылық екенін ескерткен. Біз туған Отанымыздың мақтанышы болған ұл-қыздарымызды, тарихи тұлғалар мен руханияттың ең таңдаулы өкілдерін барлық уақытта төрге шығарып, сыйлап өтуіміз керек.

Қоғамдық ой-санаға да әділдік орнауы тиіс. Жасыратын несі бар, қазір тұлға тану, зердені жаңғырту, тарихи оқиғалардың мәніне зейін қойып, жан-жақты ұғыну жағы кемшін. Адамдар кітап оқымайды, газет-журналды ашып қарамайды, теледидарға көз салмайды, көркем фильмдерді көрмейді… деген ыңғайда жиі естіліп, жазылып жүрген жағдайлардың салдары қоғамның руханиятына, жас өскелеңнің тәрбиесіне, әрине, кері әсерін тигізеді. Бұл арада қаптаған қоғамдық ұйымдар да өз жұмыстарын тек тендр ұтып алумен шектемей, ел ішінде мақсатты әңгіме жүргізіп, ширата түсуі де тәртіп, міндет болуы керек. Әйтпесе, адамдар қазір ешнәрсеге қызықпайды, кездесулерге ықылассыз барады, мектеп оқушылары концерт көрмейді, жаңа кітаптардың тұсаукесеріне бармайды деп сарнай беретін түріміз бар, бүйте берсек, берекеміз кетеді. Кезінде халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыз «Еңбегің сіңбесе бір сәрі, ел алдында ересен еңбегің бола тұра, көзің жұмылған соң кешегі көз көргендер сені елемей ұмытып кетсе – сол қайғы» дей отырып, қазақ спортының дамуына ерекше түрде үлес қосқан мемлекет қайраткері Кәркен Ахметов, спорт басылымының бас редакторы Сматбек Төребеков, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұлов және атақты боксшы Мақсұт Омаров секілді арыстардың құрметіне жарыстар өткізіп, еске алып тұрудың маңыздылығын жазған болатын. Бұл бір ғана салаға қатысты емес…

Шераға соны меңзеген. Қазақ «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дейді. Бір кем дүние. Сондай-ақ «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деп те айтылатын есті нақыл бар. Біз осы екі сөз тіркесінен-ақ аңғаратынымыз көп, әлбетте, бір қарағанда астарлы әрі ащылау естіледі. Жақсы адамдар күнбе-күн жанымызда жүр. Біз солардың қадіріне жете алып жүрміз бе? Әлде, әркім өз-өзімен әлек пе? Қазақ қоғамына бір кісідей адал қызмет етіп, ірілердің інісі болуға жарап, жеке кісілік ұлылығымен әдебимәдени ортада абыройлы, шығармашылық таланты мойындалған, халықтың сөзін сөйлеп, адалдық қасиеттерімен, білікті қарым-қабілетімен беделді талай қайсар азаматтар мен зиялы қауым өкілдерін жете танып, оларды өз деңгейінде құрметтеп жүрміз бе? Біз неге көрнекті ақыл-ой иелері мен тағдыры қызық танымал жандардың өнегелі өмірін, ғибраты мол ғұмырын, мемлекетшіл үлгісін және қаламгерлік ізденістерін жастар тәрбиесіне пайдаланбаймыз? Мәселен, жақында қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар журналист, жас қаламгерлер үшін өз мектебін қалыптастырған тарланбоз, кісілігі мол елағасы Мамадияр Жақып ағамыз 85 жасқа толды.

Әлі күнге дейін сергек, зейінді ұстазымыз. Бірнеше толқынның алғысын алған азаматтың осы бір белесіне дейінгі өмірі тұнып тұрған шежіре, сырға толы жұмбақ. Мұны қаламдас ағайын өте жақсы біледі. Жетпіс бес жасына дейін тұрақты сұранысқа ие болған ол «Егемен Қазақстан» газеті редакциясында ең ұзақ қызмет еткен журналист. Жарты ғасыр бас газеттің шамын жақты. Бір ғана «Дүбірлі дүние» айдарымен ел тәуелсіздігінің жылдарында 2,5 мыңнан астам мақаласы жарық көрді. Халықаралық саяси шолушы болды. Қазақстанда тұңғыш рет «Ұлылыққа тағзым» жаяу сапарлар ұйымдастырып, өзі жол бастап, ұлыларымызды ұлықтау мақсатымен Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсіреповтардың мерейтойларына орай сол той өтетін өлкеде жүздеген шақырымды артқа тастап, жергілікті халықпен мәдени кездесулер өткізді. Экспедиция құрамына әйгілі жазушылар, журналистер, зерттеуші ғалымдар және қоғам белсенділері болды. Одан әрі бұл сапарлары ұлт мақтаныштары Сүйінбай, Махамбет және Шәкәрімнің мерейтойларына орай жалғасын тапты.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Қайрат Рысқұлбеков және оның серіктестерінің Жоғарғы Сот залында өлім жазасына кескен үкімнің өзін қасқайып тыңдап тұрған суреті естеріңізде ме? Бұл – тарихи сурет. Сол күндері республикалық телеграф агенттігі түсірген суретті Алматы облыстық «Жетісу» газеті 1987 жылы 19 маусым күнгі шыққан нөмірінде жариялаған болатын. Бас редакторы – Мамадияр Жақыпов. Үстемдікті үркіткен сурет және «Огни Алатау», «Коммунизи туғи» газеттерінде де басылған. Алайда қазақ басылымының бас редакторы «осы батылдығы» үшін ең ауыр жазаны алды. Жұмыстан қуылды, партия қатарынан шығарылды. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г. Колбин бюро мәжілісінде «Жақыповты идеологиялық жұмыстың маңайына жолатуға болмайды» деп қатаң тапсырма береді. Сөйтіп Қаскелең аудандық баспаханаға корректорлық жұмысқа жіберіледі.

Қиянат пен сұмдық әділетсіздікті бастан өткерген Мамадияр аға бәріне де шыдамдылық көрсетті. Ер екен! Төзімді екен! Қазақтың Шерағасы «Егемен Қазақстан» газетіне басшы бола салысымен Мамадияр ағаны алтын ұясы «Егеменге» қайта оралтып қана қоймай, бөлім редакторлығына тағайындады. Мәкеңнің мерейі одан әрі өсті. Барша қаламгерлер ол кісіні керемет адамгершілік қасиеттері мен кәсіби таланты үшін төбесіне көтерді. Қаламгер осы жылдары төрт таза әдеби кітаптың авторы атанды. Қоғам алдында сіңірген еңбегін пұлдап, мазалап жатқанды өзі де жақтыра бермейді. Бірақ… адамның өмірі адаммен ғой. Қадірін білген қандай жақсы. Қарт қаламгерді қуанышты төл мерекесі күндері жергілікті билік пен шығармашылық одақтары, басқа да жанашырлық танытуға тиісті орындар бір ауыз жылы сөз айтса да жарасымды болмас па еді-ау! Адам сыйлауды және ізгілікті болуды біз Мәкеңнен үйреніп едік… Негізі мәдениет пен жастардың қаласы Алматы мен жаңа елорда Астанада және облыс орталықтарында тұратын зиялы қауым өкілдерін қоғам өміріне араластырып, бай тәжірибесін тарату, оларды түрлі іс-шараларға тарту біршама орныққан және мүмкіндік жағынан артықшылықтары бар. Ал ауылда ше? Ауыл – ел бесігі, қазақтың тамырын тереңге жайып, жайқалған құтты мекені.

Адамдардың әне бір жылдағыдай қалаға қарай жөңкіле көшуі қазір оңтүстік өңірде саябырсығаны байқалады. Айшықты, сәулетті ауылдардың қатары көбейсе, арман-мақсатын арқаланып, балалық шағының қимас ізі қалған туған ауылына қарай тартып кететін азаматтар аз емес. Сағындырған, сағынтқан ағайынбауыр бар деп. Жақында білдік, көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы шулы қаладан жусанның иісі бұрқырап, табиғаттың сан түрлі бояуына малынған туған ауылына көшіп, бірнеше жылдан бері сонда тұрып жатыр екен. Ақындар мен батырлар елі өз жампозы Жұмабайының қаршадайынан еңбекке араласқан, жалын атқан жастық шағын да, ат жалын тартып мінген отты күндерін де, тұлпар мініп, туұстар мен сөзұстар мәртебесін де жете білетіні даусыз. Қолға түсе бермейтін құтты қонақтың нақ өзі дейтін Жұмекеңдер туған жұрты үшін интеллектуалды тұлға, мәдени өмірдің таза өкілі, қадірлі қаламгер, осы заманның танылған және қоғамдық ойдың иесі. Алатаудың аясында, айқайласа дауыс жететін сүйікті ауылы ару Алматы қаласынан жетпіс шақырым екен. Онша алыс емес. Десе де «Біздің ауылда әйгілі жазушы тұрады» деген сөздің өзі бақытты өмір ұшқындарындай сезіледі.

Мәдениет лебі есіп, кісіліктің есігі мен босағасына кие дарығандай әсерлі-ақ. Қазақ әдебиетіне «Аспанқора», «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны», «Біздің заманның Аязбиі», «Қызыл қар» роман-повестері арқылы елеулі үлес қосып, жазушылықтың биігіне шыққан Жұмекеңнің ұлттық журналистикадағы қызметі өз алдына бір бөлек. Республикалық «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінде шыңдалып, халықаралық «Заман-Қазақстан» газетін басқарған жылдары басылымның мазмұндық сипаты жаңа деңгейге көтерілді. Ал ұзақ жыл «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы қызметінде өзіндік бағытбағдар, стиль және өткір мәселелерді қозғау мәнерінде өзінің қайраткерлік зор қарым-қабілетін, сөз өнеріне деген адалдығын танытты. Қазақ телевизиясының алтын қорында сақталған «Үзеңгі жолдас» хабарының авторы және жүргізушісі болғаны да ойымызда. Қысқасы, көрнекті қаламгер, белгілі қоғам қайраткері Жұмабай Шаштайұлы қазақ оқырмандары үшін «қолда бар алтын» дәрежесінде әйгіленгені және оның туған ауылында тұруға шешім қабылдағаны – ер мінезді, адал жүректі, нағыз шығармашылық кісінің тосын әрі сүйінішті тірлігі.

Талай-талай талантты шәкірттер мен ізбасарлар тәрбиелеген журналистжазушының бұл ізгі қадамы жұртына да құт болсын деп тілейік. Ел ішінде жүрген ақыл-ой, шығармашылық иелеріне құрметпен қарайық. Өмір деген – жол үсті. Жылқы мінездес халықпыз ғой, кейде тәкаппармыз, керекті дүниені елеп, ескере бермейміз… Қоғам мен замандарда біздің азаматтардың бір-бірінің қадірін жете біліп, бір-бірінің ілтипатты іздеушісі, тіптен жоқшысы болуы шынайы бауырмалдық қасиетімізге сын және байырғы атабабаларымыздың ақ батасының тура жолы емес пе?

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
қоғам қайраткері

Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді