Елдігімізді қадірлейік!

21 қантар 2022, 11:45

Қаңтардағы оқиғаның неден тұтанғаны, бейбіт түрде басталған наразылық шеруінің соңы содырлық сойқанға ұласқаны әлем алдында айпарадай ашылды.

Оқиғаның қандай сипат алғаны, қандай қасіретке әкеп соққаны айтылды, мемлекеттің тұтастығын турап, Тәуелсіздігіміздің тамырына балта шауып, елдігімізді төңкеруге ұмтылғандардың опасыздығы ордамызды ойран ете жаздады. Кінәлілер, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандар жазаланар, айыптылар қамалар. Бірақ бейбіт заманда, ай мен күннің аманында оққа ұшқандардың, күштік құрылымдарда еңбек етіп, елдің тыныштығын күзетуге анттасқан азаматтардың арасында шейіт кеткендердің, бейбіт митингке шықпаса да, көшеде қаңғыған оқтан опат болғандардың орны тола ма? Күні кеше 19 миллионнан астық деп алақайлап едік, қаңтар қанды қасаптан 225 адамның қаза тапқанын билік ресми мәлімдеді. Олардың көпшілігі сойқан салған содырлар. Әскеріміз бен күштік құрылым қызметкерлерінен 19 адам мерт болды. 4 578 адам қаңтардағы қақтығыста жапа шеккен. Басым көпшілігі жарақат алған. Полиция мен Қарулы Күштер қызметкерлерінен 3 393 адам жараланды. Аз адам емес, әрине. Зардап шеккен, жараланған жандардың тезірек сауығып кетуін тілейміз.

 

Қаңтардағы қақтығыста Алматы қаласы қатты бүлінді. Содырлар мен ел ішін алатайдай бүлдіріп, іріткі салушы топ жолындағысын жайпап, топан судай таптап өтті. Сындырды, қиратты, бүлдірді, тонады. Онымен де тынған жоқ – от қойып өртеді.

ҰҚШҰ тыныштықты күзетті

Қайбір күні Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі журналистерге Алматының қираған, өртенген нысандарын көрсетті.

Ең алдымен ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) әскерлерінің алдыңғы легін шығарып салу рәсіміне қатыстық. Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан елдерінен келген бітімгершілік күш сарбаздары елдеріне қайтты. Бірнеше күн Алматының стратегиялық маңызы зор нысандарды күзеткен сарбаздар елдеріне аттанды. Бейбіт митингті майдан алаңына айналдыруды көздеген содырлар күштік құрылым өкілдерін ажалға байлап, тіпті екі сарбаздың басын шауып тастағанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-дан қолдау көмек сұрады. Әрине, өз еліміздің азаматтарына қарсы қару кезеніп, оққа байлау үшін емес. Мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған, адамдарды айуандықпен өлтірген террористерді тойтару үшін әскерімізге демеу көрсетсін деді. Ел ішінде ҰҚШҰ әскерінің келгенін құп көргендер де, қарсы болғандар да табылды.

1992 жылдың 15 мамырында Өзбекстанның астанасы Ташкент төріндегі талқылаудан кейін құрылған ҰҚШҰ-ға Армения, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кірді. Кейін Әзірбайжан, Грузия, Беларусь елі қосылды. Ұйымға кірудің мерзімі бес жыл. Одан ары қарай ықыласың болса, тағы да ұзартасың. Кейін Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдері ұйымнан шықты. Ұйымның басты миссиясына мүше мемлекеттердің ішінде болатын террористік қауіп-қатер, қақтығыстарды болдырмау, лаңкестікпен, экстремизммен күресу, заңсыз қару, есірткі тасымалдаушыларды, ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтау секілді ауқымды істер кіреді. Ұйым құрылғалы отыз жылға жуық уақыт өтті, соның ішінде алғаш рет өзінің миссиясын атқарып отыр.

Бүлінген, оқ тескен көліктер

Алматыдағы аласапыранда төрт жүзге жуық көлік бүлінген. Оның ішінде 47 автокөлікті өртеп жіберген. Оқ тесіп, басқа да залал келген, тоналған машиналар да бар. Олардың дені Көкжиек ықшамауданындағы автотұрақта тұр.

Алматы қалалық құтқару қызметінің бастығы Бейсеғали Жүнісов автотұраққа әкелінген көліктердің басым көпшілігі іске жарамайтынын айтты. «Алматыдағы оқиғадан кейін қақтығыста отқа оранған, оқ тиген, қираған көліктерді әр көшеден әкелдік. Райымбек даңғылының бойынан өртеніп тек қаңқасы ғана қалған арнайы техникаларды, басқа машиналарды Сәтбаев, Желтоқсан, Назарбаев, Төле би көшесінен жинадық. Республика алаңынан 32 көлікті алдық. Төле би көшесіндегі Форте банктің кеңсесін сүретін ауыр тракторды да осында алып келдік, иесі келіп әкетті. Оны да бұзақылар ұрлап айдап кеткен екен. Оқ тескен, қан іздері бар машиналардан саусақ іздері алынып жатыр», – деді.

Автотұрақта тек өртенген, қираған оқ тескен көліктерден өзге ұрланған, соғылған, жоғалған машиналар да бар. Жоғын іздегендер осы жерден тауып алып жатыр.

Ер адам Lexus көлігінің сынған терезесін бүркемелеп қарап жүр. Суыртпақтап сөзге тарттық. «Екі машинамызды әуежайдың автотұрағына 28 желтоқсанда қойғанбыз. Бүлікшілер екеуін де өртеп жіберіпті. Біреуінің тек қаңқасы қалған, қайта мынаны толық жанбай өшіріп алдық» деді. Аты-жөнін, көліктің кімге тиесілі болғанын айтудан бас тартқан адам өзінің тек жүргізуші екенін, бастығы шетелге ұшып кеткенін жеткізді.

Автотұрақта қан сіңген, автоматтан атылған оқ бір емес, бірнеше жерден тесіп өткен, өртеніп жарамсыз болып қалған инкассацияның, әскерилердің, полицияның көліктері де көп. Байыптап қарауға жаның түршігеді.

Өрт сөндірушілерге тап берді

Алматыдағы содырлардың опасыздығы ешқандай ақтауға келмейді. Өртенген ғимаратты сөндіруге, адамдарды қауіпсіз жерге эвакуация жасауға аттанған өрт сөндірушілерді де қуып жүріп сойылға жыққан, ол аздай, оқ жаудырған. Осындай кесе-көлденең кесірін тигізушілердің зауалынан бірнеше ғимарат, кәсіпкерлік нысанның оты сөндірілмей жанып кетті.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандандырылған жасақ бөлімінде аласапыран кезінде залал келген өрт сөндіру техникалары тұр. 19 көлік бүлінген. Алты автокөлікті тартып алып кеткен, оның тек біреуін ғана өрт сөндірушілер қайтарып алған, бесеуін бүлікшілер өртеп жіберген. Төтенше жағдай кезінде өрт сөндіруге алпыстан астам қоңырау түскен, соның тек жартысын ғана қамти алған. Құтқарушылар 28 мекеменің өртін сөндіріп, 125 адамды эвакуациялады.

Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова:

«Өртенген, қираған көліктердің фото, видео материалды жинақтап полиция департаментіне жолданады. Бүлікшілер біздің өрт сөндіру қызметінің көліктерін тартып алғанда, қызметкерлеріміз күрес кезінде жарақаттанды», – дейді.

Сойқан салғандар өздері өртеген ғимаратты сөндіруге жеткен төтеншеліктерді қуып жүріп ұрған. Көліктерін тартып алып, тіпті оқ атып жаралаған. Төтенше жағдай департаментінің басшысы отырған көлікке де оқ тиген.

Д.Қонаев көшесіндегі өртті сөндіріп жатқандарға шабуылдағандар тартып алып кеткен. Өрт сөндірушілер көлікті іздеп, Достық даңғылының бойынан «Қазақстан» қонақ үйінің маңынан тауып әкелген.

Отқа оранған әкімдік

12 қаңтарда туғанына 110 жыл толған Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды басқарып тұрған кезеңде бой көтерген қалалық әкімдік ғимараты да қаңтардағы қасіретте отқа оранды. 1980 жылдары салынған ғимаратта қырық жылдың ішінде қаншама тарихи шешімдер қабылданып, еліміздің егемендігіне қатысты құжаттар талқыланды. Осыдан қырық жыл бұрын сәулетшілер К.Монтахаев, В.Ким, М.Павлов бастаған құрылысшылар өздері жобалап, сызып берген, «Ш» әрпінің үлгісіндегі ғимаратты кейінгі ұрпақ өртеп жібереді деп ойламаған да шығар. Бетоннан құйылған қабырғаны әсемдеуге Маңғыстаудың қышын да алдырып, әдіптеген нысанды бүлік салушылар әп-сәтте күлге айналдырды.

Журналистер тобы аралап көруге барғанда өрт толық сондіріліп, жөндеу жұмыстарына дайындық басталып та кеткен еді. Шаң көзді аштырмайтыны өз алдына, бірнеше күні жанған өрттің ысы, күйіктің иісі де кеңсірігіңді қарып өтеді. Соған қарамай, жанталасқан жұмысшылар тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.

Алматы жайлы қала басқармасының басшысы Сапар Нұрашев:

«Ғимарат түгел өртенгендіктен нысанның жағдайын қазір айту ерте. Тазарту жұмысы біткен соң жобалау шаруасы іске асады, техникалық зерттеу жүргізіледі. 22 мердігер компанияның 700-ге тарта жұмысшы тартылды. Толықтай қалпына келтіруге 5-6 ай уақыт қажет шығар», – деді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров штаб отырысында әкімдікке келген шығын 20 миллиард теңге екенін айтты.

Бүлік кезінде бүлінген нысандардың шығыны әлі де есептеліп жатыр.

Алматыда 240 нысанға шабуыл жасалған. Толық өртке оранған ғимараттардан сырт есік-терезесі сынған, жартылай өрт тиген нысан да бар. Мемлекетке қарайтын 27, шағын және орта бизнес иелерін тиесілі 216 ғимарат бүлінген. Қалалық прокуратура ғимаратына 2 миллиард, полиция департаменті мен аудандық басқармаларына 205 миллион, экологиялық бекеттерге 163 миллион, медициналық мекемелерді 2 миллион теңге көлемінде зиян шектірген.

Бір түнде – 27 шабуыл

Алматы қалалық полиция департаменті орналасқан ғимарат пен Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу аудандарының полиция басқармалары қаңтардағы аласапыранда шабуылға ұшырады. Қарулы жасақ бір емес, бірнеше мәрте басып алмаққа бекініп топтанып келіп, топырлата оқ жаудырған.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов содырлар бір түнде 27 мәрте шабуыл жасалғанын айтты. Бесінші қаңтарда кеш басталғаннан алтысына ауған түнде қарулы топ полиция департаменті мен аудандық бөлімдерге топтанып келген. Алдымен қарсылықсыз берілуді талап еткен. Алматы қаласындағы бірнеше қару-жарақ дүкенін тонағаны бар, өздерінің қаруын асынғандар да жүрген. Полиция ғимараттарын басып алуға әрекеттенгендер өрт қойып, әр тұстан оқ жаудырған. Содырлардың тыңғылықты әзірленгені сондай, тек бір нүктеден ғана лап бермей, әр тұстан андағайлап шабуыл жасаған. Ондағы ойлары полиция ғимаратын басып алса, қару-жарақтың қоймасына ие болады. Егер сондай жағдай орын алса, не болар еді, арғы жағын ойлаудың өзі қорқынышты.

Полиция департаментінің ғимаратына жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үй тұрғындары түсірген видеода көрсетілгендей, шабуылдаушы топтың қарасы тым қалың болған. Арнайы дайындық көрген, иненің көзінен өтетін кезептер, тіпті мергендерін көпқабатты үйлердің төбесіне тұрғызып, полицияларға шабуылды үдеткен. Кескілескен ұрыс кезінде Алмалы аудандық полиция басқармасының екі қызметкері қаза болды.

Түнімен атысқан департамент ішіндегі полицейлердің таңға жуық оғы таусылған. Қ.Таймерденов ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан көмек сұрап, ұлттық гвардия броньды техникамен оқ-дәрі әкелгенін де айтты.

Біз көзімізбен көрген Алматыдағы жағдаятты баяндап отырмыз. Бүлік кезінде еліміздің бірнеше қаласындағы мемлекеттік мекемелер отқа оранып, сауда орындары, дүкендер, жанар-жағармай құю бекеттері, банктер тоналып, кеңселері қирады. Қоғамдық сананың азғынданғаны, араны ашылғандардың қираған ғимараттардың ішінен дүние-мүлікті дорбалап та, арбалап та тасығаны өз алдына бөлек әңгіме. Қаңтар оқиғасы үлкендер үнемі айтатын «Аспанымыз ашық болсын» дейтін сөздің қадірін айқындап бергендей.

Тәуелсіз еліміз аман, жұртымыз тыныш, мемлекетіміздің іргесі бүтін болсын!

Қуаныш Көшек
Суреттерді түсірген автор

Марат Тақабаев, Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы:

«Халық көшеге не үшін шықты? Қымбатшылық туралы айтамыз деп шықты. Бірақ арандатушылар кіріп, бейбіт шеру қанды қырғынға ұласты. Адамдар бір-бірін жаппай тонай бастады. Қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған халықпыз. Ата-анамыздың «Біреудің ала жібін аттама» деген сөзін тыңдап өстік. Осы сөзді немерелеріне айтып, тәрбие беретін апаларымыздың өзі дүкенді немересімен бірге тонап жүрді. Бұл өте ұят нәрсе. Болар болмас дүние үшін таласудың соншалықты не керегі болды? Мұның барлығы тәрбиені төмендетіп алғанымыздан. Бұрын тәрбиеге ерекше мән берілетін. Саяси лекторлар Үкіметтің қаулы-қарарларын халыққа сауатты түсіндіретін. Мен өмірлік тәжірибемнен көрген-түйгенімді айтайын. Біз ауылда колхоз, совхоз дегенді бекер тараттық. Ауылда да, қалада да қазір адамдар бос. Алматыны қиратқан жастардың әрекетіне қатты қиналдым. Олар өзінің атасы, әкесі жасаған дүниені қиратты. Егемен ел болдық, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды деп қуанып жүрдік. Алдағы уақытта осы кеткен кемшіліктерден сабақ алып, түзетуіміз керек. Үкімет те жаңа бағдарламалар қабылдап жатыр ғой, сол бағытта біз де еліміздің әрі қарай дамуына үлес қосуымыз керек. Ең алдымен, Егемендігімізді сақтап қалуымыз керек. Біз қазба байлықтарға бай — елміз. Жан-жақтан көз тігіп отырғандар көп. Сондықтан Мемлекет басшысының әрбір бастамасына қолдау білдіріп, қабылданған оң шешімдерге түсінікпен қарауымыз керек. Көп нәрсе халыққа да байланысты».

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?