Экономикалық одақта саяси мүдде күйттеу кімге тиімді?

22 мамыр 2020, 10:45

Сүт өнімдерін өндірумен айналысатын біздегі бір шаруа серіктестігі былтыр Ресей нарығынан кететінін мәлімдеді. Себеп – біреу. Кедергі көп. Терістік көршіге әупірімдеп апарған шектеулі өнімнің өзін «жарамсыз» деп сатқызбайды. Серіктестік өкілдері ақпарат құралдарына біздегі сауда орындарында Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше Ресей мен Беларусьте өндірілген сүт пен ірімшіктің толып тұрғанын, оларға есіктің айқара ашық екенін айтып, «неге?» деген сауалды көлденең тартып еді.

Кеден бекетінен тауарын өткізе алмай, тауы шағылған отандық кәсіпкердің жанайқайын жиі естиміз. Мұндай көпе-көрнеу бұра тарту жөнінде біз де газетімізде жазғанбыз («Комбайнның кілті көршіде», «Жас қазақ» №36, 2013 жыл, «Одақтасың осы болса» №29, 2013 жыл, «Бұл заңға қарсымын!» №44, 2018 жыл).

Экономикада ортақ өріс қалыптастырып, еркін әрі кедергісіз тауар тасымалын қамтамасыз етуге тиіс еді бұл одақ. Бес жыл бұрын мамыр айының соңында іске кіріскенде бірлестіктің мақсаты мен мұраты осындай деген. Бұл жетіде интеграциялық бірлестікке мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қазіргі ахуалға байланысты бейнеконференция жүйесімен. Еуразия экономикалық комиссиясы (ЕЭК) осы жиынға «2025 жылға дейінгі Еуразия экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжат жобасын талқылауға ұсыныпты.

Бір қызығы, комиссия өкілдері аталған құжатты «президенттер қабылдады» деп жалпақ жұртқа алдын ала жариялап тастады. Сірә, кеңсесі Мәскеуде орналасқан осы мекеменің ұйғарымын «бәрі бірауыздан қабылдай береді» деген сенімге арқа сүйесе керек. Олай болмай шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Комиссия өкілдері Стратегияны мемлекеттер басшылары қабылдады деп алдын ала жар салды. Меніңше, олай деуге әлі ерте. Президенттерге оны талқылап, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік берілуі керек. Әйтсе де, ЕЭК бәзбір өкілдерінің «біз құжатты дайындадық, қабылдау – президенттердің ісі» деп менменшілдік танытатын жағдайлар болып тұрады», – деп ащы шындықты жайып салды.

Қазақстан басшысы ең алдымен бірлестіктің ішкі нарығында тауардың кедергісіз әрі шектеусіз тасымалын қамтамасыз ету қажеттігін қадап айтты. Бұл жер-жерді жайлаған індет экономикаға жайсыз тиіп тұрған қазіргі кезеңде көкейкесті міндет болып тұр. Тауар қозғалысына қатысты тағы бір мысал. Күні кеше оңтүстіктегі диқандар 300 мың тоннаға жуық қырыққабатты одақтас елдердегі тапсырыс берушілерге жібере алмай қиналды. Бұған «карантин кесірі» деді. Әйтеуір, Үкімет шұғыл шара қолданып, көкөністі рәсуа қылмай, елдегі тұтынушыларға таратты. 500 тоннасы Беларуське жөнелтілетін болды. Негізгі міндеті өзара сауда-саттық үрдісін үйлестіріп отыру болып табылатын әлгі комиссия, міне, осындай жағдайда іске белсене араласуы керек еді. Айта кеткен жөн, сауда-саттықты тежейтін кедергінің көп екенін кезінде Ресей президенті В.Путин де мойындаған болатын.

ЕЭК ұсынған Стратегияда оғаш, дұрысы, қисынсыз бір ұсыныс бар. Ол – таза экономикалық интеграция мәселесімен айналысатын осы комиссияның құзыретіне білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларын беру жөнінде. Еске сала кетейік, одақты құруды көздейтін келісім жобасы дайындалғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құжатқа экономикаға жатпайтын басқа салалардың енгізілмеуін табандылықпен қорғап қалған еді. Қ.Тоқаев мемлекеттің тәуелсіздігін бәрінен жоғары қоятын сол сабақтастық бағытын жалғастыратынын дәлелдеді. Одаққа мүше елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың көпқырлы екенін қаперге салды. Оның экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық қатынастарды да қамтитынын атап өтті. Президент мемлекеттің ұстанымын «Аталған мәселелерді бесжақты форматта Еуразия экономикалық комиссиясын қатыстыра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындатады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын Еуразия экономикалық комиссиясының құзыретіне толығымен беру оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Бұл 2015 жылғы Еуразия экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді», – деп дипломатиялық тілмен дәл жеткізді. Геосаяси мүддені күйттеп кеткен мұндай Стратегияны ұлттық қоғамдық ой-пікірдің қабылдамайтынын, сондай-ақ құжаттың үкіметтер мен парламенттердің дербес құқығын шектейтінін де ескерте кетті.

Комиссияның өз өкілеттігін кеңейткісі келген ниеті де іске аспай қалды. Көбіне Кремльге иек артатын бұл мекеме одақ мүшелерінің басқа елдермен өзара сауда-саттық бойынша жүргізетін екіжақты келіссөзіне үшінші тарап ретінде қатысудан дәмелі екен. Қ.Тоқаев бұл мәселені асықпай зерттеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, сарапшылар мен мамандар арасында қызу талқыланған кейбір тауар түрлерін міндетті түрде таңбалау мәселесінде де еліміздің ұстанымы айқын. Мемлекет басшысы қазіргі дағдарыс жағдайында одақтың шығынды көп қажет ететін осы шешімін орындау соншалықты қажет емес деп есептейді. Бүгінгі ахуал одан да маңыздырақ көлік-логистика жүйесін жетілдіру, цифрландыру өрісін кеңейту, бизнесті қолдау, барлық ресурсы жұмыс орындарын тұрақтандыруға және сақтап қалу сияқты міндетті шешуді талап етіп отыр.
Жалпы, мұндай интеграциялық бірлестіктің жемісті жұмыс істеуі үшін басты критерий мүше мемлекеттер арасында өзара тең, өркениетті, ең бастысы, әділетті қарым-қатынастың орнауы шарт екені белгілі. Ал ЕАЭО-да өзара сыйластыққа негізделген мәмілелі байланыстың ауылы ұзақ боп тұр. Оның бірсыпырасы айтылды. Біртұтас экономикалық кеңістіктегі тариф саясаты да бұлыңғырлау. Мұны Беларусь басшысы А.Лукашенко жиі ауызға алады. Ол өз елінің табиғи газды одақтас Ресейден 127 долларға сатып алатынын, ал Мәскеудің Германияға «көгілдір отынды» 80 долларға беретінін «парадокс» деп бағалады.

Осылайша, комиссия үкілеп әкелген Стратегия жобасы мақұлданбай қалды. Бұл экономикалық одақты саясиландыруға бағытталған тағы бір әрекеттің қолдау таппағанын көрсетеді.
Ресейдегі бұрынғы кеңестік жүйені армандайтын күштер бұған дейін де ЕАЭО шеңберінде «ортақ валюта, ортақ азаматтық енгізейік» деп талай рет бастама көтерді. «Үлкен аға» болудан дәмеленіп жүргендер әлі де баршылық. Әлгі құжат мазмұнына саяси реңк беру Мәскеу стратегтерінің қазіргі қысылтаяң сәтте қоғамдық пікірді басқа арнаға бұру, сол арқылы ұпай жинауға тырысу болуы да мүмкін. Болгардың бір саяси шолушысы мұндай құбылысты «Кезекті дағдарысты еңсергісі келетін Кремльдің саясаты үнемі суырып салма әдетінен жаңылмайтын джаз оркестрінің өнерін еске түсіреді» деп сипаттап еді. Бәлкім, біліп айтқан шығар. Ірі алпауыттар арасында «ықпал соғысы» өршіп тұрған аймақта орналасқан еліміз үшін экономикада да көпқырлы саясат ұстану – көкейкесті мәнге ие.

Срайыл Смайыл

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?