jasqazaq.kz

Еден жуушы

26 ақпан 2022, 11:01

Бұл бейтаныс әйелді көптен бері білетін сияқтымын. Жүрек түкпірімде оған деген ерекше бір құрмет әзірге жасырынып жатқанымен, реті келгенде жалпақ жұртқа жария болатыны ақиқат еді. Оны үнемі үйге бұрылар мүйістен көретінмін. Мейірімді жүзі нұрланып, бар ықыласымен күлімсірегенде, «апалап» етегіне орала кеткім келетін. Ол да көптен көрмей, сағынып жүрген жақынымен кездейсоқ ұшырасып тұрғандай, ынты-шынтысымен хәлімді сұрап, бәйек болатын.

Алайда көп бөгелуге мүмкіндік бола бермейтін…

Әу бастан байқағаным, бір көрген жанды мейірім әлеміне қарай еріксіз тартып, баурап алатын қасиеті еді. Оның бойындағы кісі талғамайтын риясыз сүйіспеншілікті айналамдағы басқа адамдардан іздесем де, таппаймын. Мен де өзімнен бұрын өзгені жақсы көрсем, аяласам, ізгілік құндағына бөлесем деймін… Бірақ…

Шынымды айтсам, «амансың ба, балам?» деп емірене амандасатын жағымды үнін естімесем, сағынатын болдым… Әне, қызыл шелегін, ұзын швабрасын көтеріп келе жатыр. Бүгін де күндегі әдеті бойынша өзінің жұмысына кіріспек.

Бойы ортадан сәл жоғары, мығым сіңір, күнес қара торы әйелдің өз кезінде ажарлы адам болғанын, әлі де нұры таймаған көзінен байқау қиын емес-тін. Ол біз тұратын тоғыз қабатты үйдің еденін жуатын. Жұртты күндемесе жүре алмайтын, аюдай ақырған мазасыз көрші әйелдерге жағу қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей еді. Талай жұмысшыны болмашы іске бола сотқа сүйреп, пұшайман қылған. Бірақ бұл кісі келгелі бері бәрі басқаша. Айнала жылан жалағандай тап-таза. Көлденең жатқан ештеңе көрмейсің. Тіпті өзінің міндетіне жатпайтын жұмыстарды да артығымен істеп тастайтын. Кіреберістегі кішкене алаңқайға қойылған үш-төрт орындыққа жастар аяқтарымен отырып, шемішке шағып ластап кетеді. Осы күнгінің балалары қызық. Ертең үлкен кісілер демалатын орын-ау, басқаларға құрмет қылайық, ортақ мүлкіміз дегенді білмей ме, әлде біліп тұрып қасақана істей ме, адам түсінбейді қылықтарын. Міне, соның бәрін еш қынжылмай тап-тұйнақтай етіп, тазалап қоятын еден жуушыға құрметім күннен-күнге арта түсті.
Оны көрген сәтте ішімде алапат дауыл соғып, жан-дүнием сең соққандай астан-кестен күйге түсетінді шығарды. Кейде тылсым бір құпияның жауабын білмекке ұмтылғандай аласұратын болдым…

Сабаққа бара жатқанмын. «Әй, бала», – деген дауыстан артыма қарасам, еден жуатын апай дүкен жақтан келе жатыр екен.

– Асығыссың ба, – деді әдетінше жымиып…

– Лекцияға ғой…

Бажайлап бетіме қарады да:

– Дәлізден жақсы иіс шығып тұр ма? – деді. Төртінші қабаттан лифтісіз түсіп шығатын әдетім-тұғын.

– Иә, – дедім ризалығымды білдіргендей күлімсіреп.

– Қымбат ұнтақпен жудым. Тұрғындардың көңіл-күйлері көтеріңкі, сергек жүруі үшін, – деді.

– А-а – деп таңғалсам да, асығып тұрғандықтан, қоштасып жөніме кете бердім. Бірақ күні бойы апайды ойлаумен болдым. «Дәлізден жақсы иіс шығып тұр ма?» – деп, ту сыртымнан қарап тұрғандай…

Сол күні үйге кеш қайттым. Өнер, өмір, махаббат жайлы шым-шытырық ойларға берілдім. Бірақ, ешқайсысының да байлауына жетіп, иіріміне терең бойламадым. Көз алдыма тек еден жуушы елестей берді, елестей берді… Сол-ақ екен көңіл айдыным жарқырап, жаңа туған сәбидей қам-қайғысыз күйге енгенімді өзім де сезбей қалдым…

Сенбі күні болатын. Басым қазандай болғанша ұйықтаппын. Түстеніп алған соң, таза ауамен тыныстамақ болып далаға шықтым. Апай арқа тіреуіші бар орындықта ойға шомып отыр екен, мені байқаған жоқ. Бір кезде селк етіп бойын жинап алды да, жан-жағына қуыстана барлау жасады. Сонда барып көрді. Жыға танымағандай, оң қолын маңдайына апарып, күнді көлегейлеп анықтап қарады.

– Сәлеметсіз бе!

– Амансың ба, балам, – деді елжірей сөйлеп. Үнінде болымсыз діріл бары байқалады.

– Ауырып тұрсыз ба?

– Ауырғаннан Құдай сақтасын. Неменеге ауыруым керек, жаны таза адам ешқашан ауырмайды, ауруды елең құрлы көрмейді, – деді.

Орынсыз сұрақ қойғаныма ыңғайсызданып қалдым. Соны сезгендей тыныштықты өзі бұзды.

– Ешкімге қарыз емеспін, борыштар да емеспін! – деді сенімді түрде. Қапелімде не дерімді білмей, жылы жымидым!

– Шынымен солай, бірақ сен түсінбейсің апаңды. Сен емес, сенің әкеңдей, тіпті атаң-әжеңдей кісілер де менің әлеміме ене алмайды. Мазақ қып күледі. Күстәналайды. Бірақ мені ішкі түйсігім алдамайды. Өмірімде ешбір адамға қиянат жасаған емеспін. Соған тәубә деймін. Қазір өліп кетсем де арманым жоқ. Адам өлімге дайын болуы керек, балам! Жаман апаң, осы тұрысында ажалды шат-шадыман күліп қарсы ала алады, себебі жүрегіме, көңіл-күйіме тыныштық орнаған адаммын…

Мұндай күрмеуі қиын сұрақтарға әлі бас қатырып көрмеген мен байғұс шошып кеттім. Оның «Ажалды шат-шадыман күліп қарсы ала аламын» деген сөзі зәремді зәр түбіне жеткізді. Сасқанымнан не дерімді білмей, дауысым тұтығып;

– Қойыңызшы, апай, не көрінді сізге? Өлім туралы айта бердіңіз ғой, – дедім отырған орнымнан қозғалақтап. «Немене, өлмейтін шайтан емеспіз ғой, өлеміз! Бірақ таза, ешкімге борышты болмай, қарыз арқаламай өлу керек!» деген сөзді сенімді түрде нық айтты. Содан екі қолымен бетін ысқылап, көзіндегі жасты жеңінің ұшымен сүртіп алды.

– Дұрыс айтасыз, – дедім бағанағыдай емес, үрейлі сөздерге құлағым үйрене бастап. Шынымен де, өмірде адам деген атқа кір келтірмей ғұмыр кешкеннен артық бақыт бар ма, сірә? Онсыз да өмірдің заң мен қисынға бағынбас бұралаң-соқпақтары аз емес қой. Неге бір-бірімізді итше талап, ар-ұятымызды саудаға саламыз? Сонда соның бәрі атақ-абырой үшін бе? Құдай-ау, сол атақты алып жүру қиын екенін түсінетін уақыт жеткен жоқ па? Қарапайым еден жуатын адамның биік парасатына сүйініп, басымды идім! Бұл бір күн немесе аяқасты пайда болатын қасиет емес. Әу бастан адам өзін-өзі жетілдіріп, іштей дайындалғанда ғана, қол жеткізетін бекзат бітім болса керек-ті.

Сол күннен бастап, ол менің ең жақын адамдарымның біріне айналды. Оны көргенде өз әжемді көргендей бас салып, құшақтай кететін әдет таптым. Бір күні әкем мен шешем апаймен әңгімелесіп отырғанымды көріп:

– Жынды кемпірде нең бар, бұдан былай оған жолаушы болма! – деп қатаң ескерту жасады. Оның ешқандай да жынды емес, сау екенін, тек әр күні танысын-танымасын адамдарға жақсылық, мейірім көрсетуді өзіне парыз санайтынын айтып, қанша дәлелдесем де, ата-анамды сендіре алмай дал болдым…

– Екінші рет сол кемпірдің жанынан көрсем аяғыңды сындырамын, – деді шешем. Әкем де анамның сөзін қайталады. Ашуланғаным сонша, оны жынды деген адамдардың өздерінің естері дұрыс емес, нағыз оңбаған, дүниеқоңыз пенделер! – дедім түтігіп. Бұл менің алғаш рет ата-анамның орынды-орынсыз ескертпелеріне қайтарған жауабым еді. Менен ондай мінез күтпегендері анық. Сол күні олар қырғи-қабақ болып қалды. Әкем әлдекімдерді сыпыртып боқтады. Мен де тымырайып, өз бөлмемнен шықпай жатып алдым. Сап-сау адамды «жынды» деп кемсіткендері несі? Өз ісіне келгенде дәл осындай мәттақан адамды қоғам болып құрметтеуіміз керек екенін дәлелдегім келді. Бірақ кімге, не үшін, қалай?..

Адам жаны – жұмбақ жаратылыс. Әсіресе, бүгінгі қоғамның беталысы мүлдем басқа. Бір қарағанда пенделердің бәрі бірдей көрінгенмен, олардың тыныс-тіршілігі, өмір сүру қағидасы бір-біріне кереғар. Ақ пен қараның айырмасындай. Тек өздері бақытты, қалталары қалың болса болды. Өзгелердің тағдыры қызықтырмайды. Ал еден жуушы апай сияқты ақжүрек, абзал жандарға біз осы алаңсыз, бейбіт өміріміз үшін қарыздармыз…

Тазалықшы деп мұрнымызды шүйіре қарағанымызбен, ол да өзіне тән бір кісілік бақыттың дәмін татқан аяулы жар, ардақты әже. Оны аялап, мүсіркеудің еш қажеті жоқ. Ішер ас, киер киімге жарымағандықтан, еден жуып жүрмегені бесенеден белгілі нәрсе. Екі ұл, екі қызы баяғыда үй болып, өмірден өз орындарын тапқан. Немерелері мектеп құшағында. Ара-тұра ертегі айтып, тапсырмаларын орындауға көмектесіп тұрады. Бір айыбы – омалып үйде отырғанды жек көреді. Өзіне қуаныш сыйлайтындықтан, ерікті түрде еден жууды таңдаған. Себебін ешкімге айтқысы да, түсіндіргісі де келмейді. Өмір өзгелерге жақсылық жасағанда ғана, анағұрлым шуақты болатынын ішкі түйсігімен сезіп, жүрегіне тыныштық орнаған жан.

Міне, біз аспаннан іздеп жүрген береке мен бірлік жүрегімізде екенін қайдан білейік? Көптің ақылы жетпей титықтаған жан тыныштығын қарапайым ғана еден жуушының бойынан көргеніме қайран қаламын.

– Әр адам жүрегіндегі кір-қоқыстан арылса, ортамызға бақыт күліп келеді, – деп еді бір сөзінде. Шындықтай өткір сөз санамның түпкірінде жатталып қалыпты.

Кеше кешкісін оны сырттай бақыладым. Бүкшеңдеп орындықтарды сүртіп, сыраның бөтелкелерін, темекі тұқылдарын қоқыс жәшігіне ерінбей әлденеше рет апарып төкті.
Оңтайлы сәтті пайдаланып, сәлем бердім.

– Ертең жастар отырып әңгіме-дүкен құрғанда, тап-таза боп тұрсын дегенім ғой, – дейді ентіге сөйлеп.

– Күнде тазалайсыз, шаршаған жоқсыз ба?

– Жоқ, шаршағаны несі, балам! Апаң шаршамайды, – деді жымиып…
Сол күні апай маған бірде күрсініп, енді бірде жүзіне күлкі ойнап ұзақ әңгіме айтты.
Бақ шіркін адам баласының басына қонғанынан ұшқаны тез-ау, сірә! Ойлап тұрса, ол кез керемет шақтары, асыл дәурендері екен ғой… Лезде өте шығыпты. Уақыт қандай жүйрік десеңізші? Бақытты күндерінің дәл осындай қысқа, жол ортадан үзілер деп еш ойламаған-ды. Десе де, отағасының жүрегінен секем алатын, ақыры сол күдігі шындыққа айналды. Асылынан ерте айырылып қалды…

Бақытты шақтарында дүниеге мастанып, пенделіктің жетегінде кеткен жоқ. Жаратушы сыйлаған ерлі-зайыпты өмірді қысқа болса да, мәнді өткізді. Ұрпақ сүйді. Тек сол құлыншақтардың қызығын жолдасы көре алмады.

Тағдырдың ісіне амал нешік? Өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көрді. Жылап жүріп балаларын жеткізді. Өткенге оралса, өкініштен гөрі, шүкірді көп айтатыны сондықтан.

Жолдасы – әдеби ортаға ерте танылған сатирик еді. Сықақ өлеңдері газет-журналға жиі жарияланатын. Атағы жер жарған ақын-жазушылар жас деп қомсынбай, жақын тартып, тең тұстастарындай сөйлесетін. Өзі де от еді! Қандай орта болмасын өзін еркін, азат ұстайтын. Соған сай, білім-білігі де бар-тұғын.

Ойлап отырса, қыз бен жігіт боп көп жүрмепті де. Батыл жігіттің сөзінің төркінін түсінген соң, пәк сезіміне қылау түсірмей, тұрмысқа шығуға бірден келісімін беріпті. Бойы құрықтай ұзын, ат жақты, мұнтаздай таза киінген батыр тұлғалы азаматты ұнатып қалғанын жасыра алмаса керек.
Ақылы көркін асқақтатқан сұлудың нәзік әлеміне оңай жол тапқан сатирик ақын да мәз. Бақ құсы қолына қонғанына ерекше қуанып, дос-жаран, ағаларының басын қосып, мейрамханада шағын той жасап, атап өтті.

– Ол бір керемет кез екен ғой, – дейді апай көз алдынан келмес күндердің елесі өтіп бара жатқандай шаттанып. – Иә, – деймін жігі бұзылмаған әңгімені әлі де айта түссе екен дегендей бейіл тантып. Апай дәл осы тұста тамағын қырнап, бір жөткірініп алды да, ары қарай дәриядай жайылып сала береді.

– Әкем мен шешем дүниеден ерте озды. Жалғыз ағам ақкөңіл, жуас болғанмен, жеңгем нағыз көкбеттің өзі болып шықты. Жолдасының жер-жебіріне жетіп, қарғайды да отырады. Кіріп-шыққанымды сөз қылып, ала көзімен ішіп-жеп, маған да шүйліге бастады. Онымен алысып, береке таппасымды білдім де, ағамның алдынан өтіп, Алматыға кетуге бекіндім. Сабақ үлгерімімнің жақсы, талабымның барын білетін көкем бастабында туыс не таныс жоқ бейтаныс шаһарға жібергісі келмеді. Бірақ ата-анама «Оқытамын, сендердің жоқтықтарыңды білдірмеймін, жетімдіктің тақсыретін тартқызбаймын» деген уәдесі есіне түсті ме, қарсы болған жоқ. Сөйтіп, қалаға келіп, құжаттарымды КазПИ-ге тапсырып, тіл-әдебиет факультетіне түстім.
Ол кездің жастары ғылым-білімге, өнерге ерекше құштар еді. Бір күні факультеттің ұйымдастыруымен үлкен жазушымен кездесу өтті. Қасына келбетті жас жігітті ерте келіпті. Сөз кезегі келгенде сықақ өлеңдерін оқып, терең ойға шомып отырған көпшілікті бір серпілтіп тастады. Бәріміз елең ете қалдық. Сол күннен бастап, жас сатириктің жазғандарын құр жібермей оқитын болдым. Әрнені сылтауратып, өзі де факультетке жиі келе бастады. Белсенді студент едім, қолымнан келгенше көмектесіп жүрдім. Бір жолы театрға шақырып келіпті. Содан өмір-драмамыз басталды да кетті ғой.

Арада екі-үш ай өткенде әрі жары, әрі оқырманы болып шыға келдім. Тағдырдың бұйрығынан асып қайда барамыз… Сөйтсем, ағаң оқуын үш жыл бұрын аяқтап, әдебиет әлеміне енді-енді ғана араласа бастаған кезі екен. Кітаптары шығып, таныла бастады. Үй алдық. Балаларымыз бірінен кейін бірі өмірге келді. Қолтықтасып әдеби кештерге, той-томалақтарға бірге барушы едік. Жылына Қырым асып, демалып қайтатынбыз. Бұл күнде соның бәрі түс сияқты елестейді. Балалар ержетіп, қызығын көреміз деп жүргенде кетіп қалды. Жүрегінде бұрыннан кінәрат бар екен, ақыры сол алып тынды. Еліне, халыққа рахмет! Мектепке, көшеге атын берді. Тіршілігінде өзін бірде-бір сыйлыққа ұсынған емес. «Қу темірдің не керегі бар, өлмейтін дүние жазсақ, сол атақ қой» дейтін үнемі. Таза жүріп, таза кетті. Егер, менің бойымда кісіліктің жұрнағы болса, сол кісіден жұққан. Мен жар ғана емес, шәкірт те болдым. Үйіміздегі ең үлкен байлығымыз жиған кітаптарымыз еді. Не бір ғұламалардың жауһар дүниелерін оқып, өмір мәнін түсінуге тырыстық. Адамды кітап тәрбиелейді. Қазіргі жастар соны білулері керек.

Жолдасым кеткенде қатты қайғырдым. Жыл бойы көзім құрғамады. Маған қарап, балаларым да жылай беретінді шығарды. Уақыт емші екен, «өлгеннің артынан өлмек жоқ» екенін түсіндім де, балаларды жеткізудің қамымен көп бейнеттендім. Бірақ бәрін жеңдік. Бұл күнде перзенттерім үйлі-баранды. Өз қолдары өз ауыздарына жетеді. Маған «Еден жууды доғарыңыз, ұят болады», – деп айта-айта жалықты. Мен де қасарысқандай дегенімді істеп көнбей-ақ келемін. Бойымда қуат-күшім барда жұртқа қызмет ете бермекпін. Соңғы кездері жүрегім тіпті де тыныштыққа бөленгендей, ұйқым да реттелді, көңіл-күйім де орнықты. Есіңде болсын, жүрегі таза адамның бойында кісілік пен кішілік қатар жүреді. Иман – деген сол шырағым! Егер, ол қасиет болмаса, онда оның адам болып өмір сүре алмағаны анық, – деді.

Мен мұңайып отырып қалдым. Күн қып-қызыл боп, көкжиектен құлап барады. Жердегі қыбыр-жыбыр лас тірліктен жиіркеніп, қызарып кеткендей көрінді.

– Аман бол, балам! – деген дауыстан селк етіп бірден есімді жидым. Ол шелегі мен швабрасын көтеріп орнынан қозғалды.

Мен оны бұрыннан танитын сияқтымын…

Ерғали Бақаш

23 шiлде, 7:21
Түркістан: Шардарада ауыз сумен қамту мәселесі қаралды
23 шiлде, 7:18
Түркістан: Шардарадағы жүгері зауытында 500-ден астам жұмыс орны құрылады
21 шiлде, 21:57
Түркістан: Ауыл шаруашылығын дамытуда көш бастап тұр
21 шiлде, 21:56
Түркістан: Жарты жылда өзіндік кіріс көлемі артты
21 шiлде, 12:41
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы жаһандық қауіпсіздікке үлес қосуда
20 шiлде, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
20 шiлде, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң
19 шiлде, 21:21
Түркістан: Қоғамдағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі
19 шiлде, 20:49
Түркістан: Төлеби ауданының экономикалық әлеуеті қаралды