E–GOV – ең қолайлы жүйе

01 маусым 2018, 15:00

Бұрын көлік сатып алсақ, құжатын рәсімдеуге бір күн де жетпей қалатын. Тіпті жаңа туылған сәбидің туу туралы куәлігін, жеке құжатты жасату үшін де апталап, айлап есік қағып, табалдырық тоздыратынбыз. Қазір бәрі оңай. Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметі – халықты қағазбастылықтан құтқарған бірегей жоба. Біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалы қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Жаңыл Амантайқызы Әпетовамен ХҚКО – дағы цифрландырудың жаңа үрдістері  мен осы саладағы жаңа бағдарламалар төңірегінде сұхбаттастық.

Jas qazaq: Жаңыл ханым, «Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО)» жұмыс істегелі халықтың мемлекеттік қызметтерді пайдалануы анағұрлым жеңілдегендей. Дегенмен, «ЦОН» деп аталып кеткен осы мекеменің қызметі туралы ақпарат берсеңіз.

Ж.Әпетова: Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы – еліміздегі  интеграцияның нышаны. Орталық конституциялық талап пен нарықтық қоғам талаптарына сай, азаматтарға қолайлы негізде 2007 жылы өз жұмысын бастады. Халықтың құжат мәселесін реттеуде орталықтардың ашылуы – үлкен құбылыс болды. Бұрын бір анықтама алу үшін бітпейтін кезек пен түрлі кабинетке алтын уақытын сарп ететін халық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы барлық құжатын бір демде реттеу мүмкіндігіне ие болды.

Мемлекеттің даму сатысы жоғарылаған сайын халықтың сұранысы да арта түсетіні белгілі. Көпшілік «бір терезе» деп атаған бұл мекеме, түрлі жаңғыртулар мен оңтайландыруды бастан өткере отырып, бүгінде ешкім күтпеген жетістікке жетті. Алғаш құрылғанда 25 мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен орталық, бүгінде 548 қызмет түрін көрсететін үлкен мемлекеттік корпорацияға айналды.

Мемлекет басшысы 2015 жылдың 19 қарашасында «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» аясында, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру туралы» Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді.

Соның нәтижесінде, Канададағы Canada Service және Аустралиядағы Centrelink үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылды. Мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялап, ел азаматтары мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын етті.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылымында 2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өз жұмысын бастады. Жаңа мемлекеттік корпорация төрт мемлекеттік кәсіпорынды біріктірді: халыққа қызмет көрсету орталығы, жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы, жылжымайтын мүлік орталығы және мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы. Бірыңғай құрылым республика бойынша 21 мыңнан астам қызметкерді біріктірді, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының «Тиімді мемлекеттік басқару», яғни 8-бағыты аясында мемлекеттік электрондық қызметтерді дамытуға басымдық берген еді.

Jas qazaq: ХҚКО-да қандай электрондық қызмет түрлері көрсетіледі?

Ж.Әпетова: Электрондық қызмет көрсетудің фронт-офистердегі жайына келсек, халыққа ыңғайлы қызмет көрсету мақсатындағы «Электрондық кезек» жұмысынан басталды. Бұл жұмыстың мақсаты – көрсетілетін қызмет түрінің сапа деңгейін көтеру, ХҚКО-да жұмыстың нәтижесін көрсетіп отыратын «негізгі нәтижелілік көрсеткішін» (KPI) айқындау. Ол бойынша орталық қызметкерінің қызметін бағалау ережесі анықталады. Мысалы, қызметкер азаматтармен диалог жүргізу кезінде сабырсыздық, дөрекілік танытып немесе қызмет көрсету уақытын талапқа сәйкес пайдаланбаса, қызмет көрсету аяқталған соң жұмысына баға бере алады.

Ал жалпы мемлекеттік қызметке келсек, «Электронды үкімет» бағдарламасындағы электрондық қызметтер (е.gov.kz сайтындағы жаңашыл істер) алға басуда, яғни ол халық арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрі. Соның ішінде көптеген анықтама автоматтандырылды. Мұнымен қоса, әлеуметтік маңыздағы қызмет түрі де жетілдіріліп келеді. Бұл үдеріс әлі де жалғасуда. Азаматтар үйінен шықпай-ақ, интернет желісі арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны, бір реттік смс-хабарламаны пайдалана отырып, электрондық анықтама мен басқа да электрондық қызмет түрін осы аталған порталдан ала алады. Интернет желісі болмаған жағдайда, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) бар өтініш беруші ХҚКО-ға келіп, қоғамдық қолжетімділік пункті арқылы электрондық қызмет түрімен бірге салық, өсімпұл, жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеу және т.б қызметті кассаға кезекке тұрмай-ақ пайдалануға болады. Қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияның әрбір фронт-офисі өзіне-өзі қызмет көрсету Connection Point секторымен жабдықталған. Ол жерде «электрондық үкімет» порталы және басқа да мемлекеттік ресурстарға шығу мүмкіндігімен қамтамасыз етілген жұмыс орындары ұйымдастырылған. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында азаматтар өз бетінше ЭЦҚ алуға өтінім беруге, сондай-ақ 700-ден астам электрондық қызмет пен сервис алуға мүмкіндігі бар.

Jas qazaq: Мұның бәрі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстар ғой сонда?

Ж.Әпетова: Дұрыс айтасыз, мұның бәрі Елбасы міндеттеген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыс. Бұл ғана емес, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында үнемі оңтайландыру жұмысы жүргізіліп, мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып, «бір терезе» қағидаты бойынша бизнес-процесті «бір өтініш» принципіне көшіру жұмысы жүріп жатыр. Өмірлік қажетті мемлекеттік қызметтер проактивті тәсілмен ұсынылуда. Мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасы болып табылатын цифрлық ХҚКО ашу және басқа да көптеген жұмыс қолға алынуда.

Jas qazaq: Мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен ұсыну дегеніміз қандай тәсіл?

Ж.Әпетова: Проактивтілік деген – өркениеттің басты белгілерінің бірі. «Проактивті формат» қағидасы қандай? Біз мемлекеттік қызметке бастамашылық ету керек екенін білеміз. Енді азаматтар қызмет алуға жүгінбейді. Мұнда мемлекет телефон арқылы мемлекеттік қызметті алуды ұсынады.

Өткен жылдың соңында жүзеге асқан бірегей жобаның бірі – бала тууға байланысты мемлекеттік қызметті проактивті тәсілмен ұсыну қызметі болды. Бұл жобаға сәйкес, жаңа босанған әйелдер телефон арқылы сәбиін тіркетіп, туу туралы куәлік жасатып, балабақшаға кезекке қойып, тіпті тиесілі жәрдемақы рәсімдей алады.

Балалы болған ата-анаға туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақы тағайындау үшін шот нөмірін және балабақшаға кезекке қою үшін мекенжайын көрсету ұсынысымен автоматты түрде смс-хабарлама келеді. Нәтижесінде, өтініш беруші ХҚКО-ға дайын құжатты алып кету үшін ғана барады. Әйтпесе, үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады. Алдағы уақытта тағы да өмірлік жағдайлар бойынша бірқатар мемлекеттік қызметті проактивті форматқа көшіру көзделген.

Jas qazaq: Жаңа өз сөзіңізде «бір терезе» әдісінен «бір өтініш» қағидатына қадам бастық дедіңіз. Осыны да толығырақ түсіндірсеңіз?

Ж.Әпетова: Иә, тұрғындар мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне бармай-ақ бірнеше қызметті бірден алу мүмкіндігі бар. Біз бұрын «бір терезе» десек, енді «бір өтініш» қағидатына қадам бастық. Бірнеше қызметті бірден алу, яғни композиттік қызмет түрі азаматтар үшін уақыт үнемдеу жағынан ғана емес, қаржылық тұрғыдан да тиімді. Мысалы, жер теліміне қатысты төрт түрлі қызмет «Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру» деген атаумен бір мемлекеттік электрон-дық қызметке тоғыстырылды. Тағы бір мысал, мүгедектікті белгілеген жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптаманың шешімі бірден электрондық үкіметтің порталына қойылады да, осы мәліметке сәйкес, мемлекеттік корпорация жәрдемақыны тағайындап, ал жергілікті атқарушы орган қажетті көмекті (мүгедектерге арналған арба, т.б.) көрсете береді. Осылайша, қызмет алушы екі органға бармай-ақ, көп құжаттың орнына бір-екі құжатты ғана жинайды.

Jas qazaq: «Цифрлық ХҚКО-ның» әдеттегі орталықтардан қандай айырмашылықтары бар?

Ж.Әпетова: Мемлекеттік корпорацияның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі – азаматтар мен бизнеске цифрлық нұсқада қызмет көрсету. Сол себепті, мемлекеттік қызметті ұсынудың жаңа нұсқасы болып табылатын «Цифрлық ХҚКО-лар» ашу қолға алынуда. Мұнда азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орынды, өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары және арнайы стенд-павильондағы планшет арқылы электрондық өтініш береді. Осыған мысал ретінде Алматы қаласындағы Алмалы аудандық ХҚКО-ны айтуымызға болады. Бөлім осы жылдың басында мекенжайын Сүйінбай даңғылындағы «Мерей» сауда кешеніне ауыстырумен қатар, айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Енді бөлім бір реттік смс құпия сөзін пайдалану арқылы немесе жеке куәлікпен электрондық қызметті алуға арналған 37 орындық цифрлық қызмет секторымен, сонымен қатар 4 қоғамдық қол жеткізу пунктімен жабдықталған. Мұнан басқа, ХҚКО-да egov.kz, elicense.kz, goszakup.gov.kz және басқа порталда өз бетінше мемлекеттік қызметті алу мен жұмыс істеу дағдысын үйренгісі келетіндерді оқытуға арналған сынып жабдықталған.

Jas qazaq: «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында тағы қандай қызмет іске қосылды?

Ж.Әпетова: «Азаматтарға арналған үкіметті» қағазбастылықтан құтқаратын «Анықтамасыз қызмет» сервисі іске қосылғанын айтуымызға болады. Енді азаматтар мемлекеттік мекемеге мекен-жай анықтамасын, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке тіркелген құқық және жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтаманы қағаз жүзінде апаруға міндетті емес. Электрондық үкімет порталында «Анықтамасыз қызмет» – Paper free сервисі іске қосылған. Пилоттық жобаға сәйкес, смс-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, үшінші тұлғаға ақпараттық анықтама ұсынуға мүмкіндік береді. Paper free – қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, мемлекеттік мекеме мен жеке ұйымға электрондық үкімет арқылы анықтама беру қызметі. Бұл қызмет түрі ХҚКО қызметкерлерінің қатысуынсыз өтеді. Ал азаматтар жеке мәліметін беру-бермеу жөнінде шешімді өздері қабылдап, смс-хабарлама арқылы жауап береді.

Мысалы, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушылардан мекен-жай анықтамасын сұратады. Нәтижесінде миллиондаған ата-ана ХҚКО-ға ағылады. Енді Paper free сервисі бойынша, оқу орындары электрондық үкімет порталынан қажетті құжатты сұрата алады. Ал қызмет алушы, яғни ата-ана смс-хабарлама арқылы электрондық анықтама алуға бір реттік рұқсат бергенін растап, фронт-офиске бару міндетінен құтылады.

Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. «Анықтамасыз қызмет» механизміне сәйкес, мүдделі тұлға электрондық үкімет порталында авторизациядан өтуі тиіс. Содан соң «Үшінші тұлғаның анықтама алуы сервисі» бөлімін таңдап, қай азамат туралы мәлімет алғысы келеді, соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазуы керек. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа смс-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру немесе бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда азаматтарды онлайн-тіркеу бір жүйеге түсті. Бұрынғыдай сағаттап кезек күтудің қажеті жоқ. Небары 10-20 минутта тіркелуге болады. Бұрын электрондық үкімет порталы арқылы тіркелгенде 10 пайыз АЕК көлемінде мемлекеттік баж төлеу міндеттелетін, жаңа ережеге сәйкес енді салық төленбейді. Сондай-ақ бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт офисіне келіп, жеке куәлік чипына тіркеу туралы дерек жазбасын енгізу үшін көші-қон қызметкеріне жүгіну қажет еді. Бүгінде портал арқылы тұрғылықты жер бойынша тіркелу рәсімі жеңілдеді.

Жылжымайтын мүлік иесі және тіркелетін азамат egov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін, тіркелуші өтініш беріп, меншік иесі өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен растауы тиіс. Өтініш берілгеннен кейін дерек шамамен 10 минутта өңделеді. Содан кейін тіркелген мекен-жай бойынша анықтама алуға тапсырыс беру мүмкіндігі беріледі. Бұл қызметке электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар кез келген азамат Қазақстанның барлық аймақтарында қол жеткізе алады.

Тағы айтарымыз, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы SmartPay провайімен бірге пилоттық тәртіпте fastpay.kz онлайн-сервисін іске қосқан. Бұл қызмет түрін қолма-қол ақшасыз есептесуді қалайтын азаматтар қолдана алады. Елімізде кең таралған 37 мемлекеттік қызмет ақысын банк картасы арқылы ғана емес, WebMoney, Qiwi және WalletOne электрондық әмияны арқылы да төлеу мүмкіндігі артты. fastpay.kz онлайн сервисінің көмегімен көлік, жер және мүлік салығын, әкімшілік айыппұл мен жол ережесіне қатысты айыппұлды төлеуге болады.

Қызмет алушылар кассаға кезекке тұрмай-ақ, интернет желісі қосылған смартфон немесе басқа да гаджетпен www.fastpay.kz сайтына кіріп, тиесілі мемлекеттік қызметке шұғыл түрде төлем жасай алады. Төлем жасалған соң азаматтың электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті мен электрондық поштасына электрондық чек бекітілген хабарлама келіп түседі.

Автокөлік иелері үшін жасалған жағымды іс – жүргізуші куәлігін электронды үкімет порталы арқылы ауыстыру мүмкіндігі. Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба талап етіледі. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЭЦҚ—мен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қатар фотосурет пен қойған қолының скансуретін де жолдап, мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы – 1,25 АЕК (3007 теңге) құрайды.

Сондай-ақ, биыл қосылған смс-хабарландыру қызметін де айтуға болады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің әзірлігі туралы хабарландыру, яғни сізге құжатыңыздың дайын екені туралы бірден смс келеді. Бұдан өзге, мобильді қосымша үшін жұмыс жүргізілуде. Telegram-бот жұмыс істейді, онда сіз жақын жерде орналасқан ХҚКО-ны, оның жүктемесін көре аласыз, сондай-ақ онлайн режимде брондау жасап, алдын ала белгіленген уақыт бойынша өзіңізге ыңғайлы ХҚКО-ға келе аласыз.

Сонымен қатар, күні кеше Корпорация басшысы хабарлаған жаңа жобаны да айта кеткен жөн. Жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтар өзі туралы жеке ақпаратты толық бақылай алатын жоба жасалды. Басқаша айтқанда, тіпті ХҚКО қызметкері де жеке мәліметтерді көре алмайды. Оператор қандай бір жеке мәліметке қол жеткізу үшін азаматтардың смс-рұқсатын алуы тиіс.

Бұл жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде мәліметтерге қолжетімділікке тыйым салу функциясы іске қосылады. Әрбір портал қолданушылары осы функция арқылы өзінің жеке мәліметіне қолжетімділікті қоса алады және жауып тастай алады. Бұл орайда, тыйым салу функциясын тек жеке кабинет арқылы ғана жасауға болады.

Екінші кезең – жеке мәліметтерге қолжетімділікті жабу функциясын өшіру үшін смс-сервисті іске қосу. Егер қолжетімділік бұғатталған болса, азаматтың ЖСН-нын жүйеге енгізген кезде ХҚКО операторы қолжетімділікті ашу туралы смс-хабарлама алады. Көрсетілетін қызметті алушыдан смс-рұқсатын алған жағдайда ғана фронт-офис жұмыскері қандай да бір мемлекеттік қызметті көрсете алады.

Бұл жаңа сервистер – мемлекеттік қызметке қолжетімділікті арттырып, халыққа қызмет көрсету саласын цифрландыруға жасалған қадам.

Jas qazaq: Расында, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда көп жұмыс жүргізіп отыр екен. Енді мақсат – азаматтардың осы мүмкіндікті пайдалана білуіне жағдай жасау, цифрлық сауаттандыру жұмысын жүргізу де назардан тыс қалмайтын шығар.

Ж.Әпетова: Әрине, енгізіліп жатқан жаңашылдықты Қазақстан азаматтары игеруі үшін де көптеген жұмыс жүргізілуде. Жаңағы айтқан цифрлық ХҚКО-ларды ашу да осы мақсаттан туындап отыр. Онда тақырыптық дәріс өткізетін сынып ашылып, белгіленген кестеге сәйкес, цифрлық сауаттылық дағдысын арттыру бойынша сабақ өтеді. Одан тыс, корпорация мамандары мекеме мен ұйымға, университет пен институтқа, колледжге, мектепке барып жаппай цифрлық қызмет алу дағдысына оқытуда.

Міне, аталған игі шара тек мемлекетіміздің өсіп-өркендегенін, барынша дамыған ірі елдер қатарына кіруге күш жұмсап, еңбек етіп жатқандығын ғана көрсетіп қоймайды. Бұл ілгерілеушілік Елбасымыз айтқандай, «Басты байлығымыз – халықтың қамы мен жағдайын жақсарта түсу» екендігін дәлелдей түседі. Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтардың уақытын үнемдеуді көздеп, қызметті жылдам әрі тиімді жалғастыру үстінде. Халыққа цифрлық қызмет көрсетуде корпорацияның бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi мен бағыт-бағдарында көңiлге қонымды iс көп. Өйткенi жол – айқын, мiндет – нақты.

Сұхбаттасқан

Жарас КЕМЕЛЖАН

Цифрлық Қазақстан жобасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» Жеке қорымен іске асырылады.

 

 

Бүгін, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
Бүгін, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
11 сәуiр, 15:02
Түркістан: Полиция ұрлық жасағандарды жылдам табады