Еңбек пен ақылға арқа сүйеу

04 қараша 2016, 12:01

230 адамнан құралған арнайы «десант» жұмысы қорытындыланды. Бір ай көлемінде олар не тындырды, Ақтөбе өңірінде қандай мәселе шешілді, алдағы уақытта не істемек? Осы және өзге де жайттар сапарды қорытындылауға арналған үлкен шара барысында егжей-тегжей айтылды.

20161028144453_img_6667

Кіріспе сөзді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев алды. Бір ай көлемінде халық арасында мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, басқарма, департамент басшылары, т.б. жұмыс жасады. Бір айға созылған сапардың мақсаты мен мәнін түсіндіріп өткен ол сөз кезегін еліміздің Бас прокуроры Жақып Асановқа берді.
«Бұл топтың құрамында 230 маман болды. Көбісі мемлекеттік қызметкерлер емес, арамызда дәрігерлер, ғалымдар мен дінтанушылар, қаржыгерлер, кәсіпкерлер, имамдар бар. Бұл сапарға көп қаржы жұмсалмады. Шығынды Астанада тұрып жатқан ақтөбелік кәсіпкерлердің бірі өз еркімен көтерді. Мұндай ауқымды шара елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұрын-соңды осындай формат мүлдем болмады. Бір айдың ішінде 2,6 мың шара ұйымдастырылды. Бес аудан мен Ақтөбе қаласында біраз үйге ат басын бұрдық. Олардың жағдайын білуге тырыстық. Рас, бір айда барлығын аралап тауысу мүмкін емес. Дегенмен, 145 мың адам осы шараға жұмылдырылды. Демек, әрбір алтыншы ақтөбелік қамтылды деген сөз», – деп бастады сөзін Бас прокурор.
Оның айтуына қарағанда, әлемде радикализмнің кесірінен көптеген мемлекет бүлінуде. Мықты деген елдің өзі қара жамылып отыр. 65 миллион босқын үй-жайын тастап, далада қаңғырып жүр.
Ол «Осы сұмдыққа қарсы тұру үшін ауызбіршілік қажет. Әрбір отандасымыз саяси тұрғыда сауатты болу керек. Әлемдегі болып жатқан қауіпті біліп отырғаны жөн», – дейді.
Жақып Асановтың келтірген мәліметіне сүйенсек, сапар аясында Ақтөбе облысы бойынша 314 түсіндіру жұмысы ұйымдастырылған. Оған 22 мыңға тарта адам қатысыпты. Кездесу ауруханалар мен оқу орындарында, мешіттер мен кәсіпорындарда өткізілген.

20161028144539_img_6676
Бас прокурор «Ауылдарға барғанда үйлерге кіруге тырыстық. Жұмысқа қалай тұруға болатынын сұрастырып жатыр. Субсидия, несие, жәрдемақы алу тәртібін түсіндірдік. Медициналық көмек алу үшін не істеу керегіне дейін айттық. Көрсеттік, оқыттық», – дейді.
Арнайы топ өкілдері ауыл-аймақты аралап жүріп, көп нәрсеге көздері жеткенін айтады. Ең алдымен, экстремизмнен аулақ болуға, адасқандарды дұрыс жолға түсіруге назар аударған. Басты құндылығымыздың ең алдымен тәуелсіздік, салт-дәстүріміз бен бала-шағамыз екенін айтады. Осы аталғандарды қорғау керектігі айтылған.
Ол «9,5 мың жасқа лаңкестердің адамдарды алдап, өз қатарына қалай тартатынын түсіндірдік. Ватсап пен фейсбук арқылы ислам дініне түк қатысы жоқ видеолардың зиянды екенін айттық. Балалармен жұмыс жасайтын 720 оқытушыға теріс ағымға түсіп кеткенді қалай анықтау керектігін үйреттік. Тәжірибелі сарапшылар діннен адасып жүрген 766 азаматпен жеке-жеке сөйлесті. Кейбірінің бетін бері қайтардық», – дейді.

20161028144611_img_6682
Жақып Асановтың пайымынша, енді олармен жұмысты жалғастырған жөн.
«Ашығын айтайын, бізге экстремизм туралы көп сұрақ қойылды. Олар кімдер, неге мұндай қылмыстар жасап жатқанын білгілері келеді. Балаларын теріс ағымдардан сақтау жолын сұрайды. Әрине, мұның барлығы қазіргі жастар үшін қажет. Жалпы, ақтөбеліктермен жұмыс жасау барысында көп жайтқа өзіміз куә болдық, көз жеткіздік. Осы мәселелер бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін мұның барлығы біз үшін аса маңызды, – деп атап өтті Бас прокурор.
Ауқымды шараның екінші бағыты – бизнесті дамыту. Бұл салада кедергі көп. Ақтөбеліктердің жартысына жуығы ауылдық жерде тұрады. Ешқандай инвестор ауылға инвестиция салғысы келмейді. Салғысы келсе де, ауылдық жерлерде белсенділік танытатын ешкім жоқ.
«Сондықтан, бір-ақ жол бар, Абай атамыз айтып кеткендей, «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Ауыл азаматтарының жағдайын жақсартамыз десек, олардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыруымыз керек. Тап осындай оймен 108 ауыл әкімін арнайы дайындықтан өткіздік. Оларға тұрғындармен қалай жұмыс істеу керектігін, кәсіпке қалай жаппай тартуға болатынын, тұрғындарды қалай ояту керегін, оларға ой салу керектігін үйреттік. Құр сөзбен емес, қолдарына пайдалы ақпараттарды бердік. Онда 850 бизнес-идея тізімі жазылған. Қарапайым қаржы есебінен, бизнес-жоспарлар әзірлеуге дейін қамтылған. Мемлекеттің беріп отырған мүмкіндіктерін түсіндіру керек, ауыл әкімдері халықтың кеңесшісі, көмекшісіне айналуы керек», – дейді өз сөзінде прокурор.
Айтуынша, кәсіпкерлік жөнінде 81 семинар өткізіліп, оған 1000-нан астам адамға кәсіпкерлікті қалай бастап кету керектігі, шаруаны қалай ұйымдастыру керектігі үйретілген. 237 әйел визаж бен жарнама негіздері бойынша шеберлік-дәрістен өткен.
Өз кезегінде, Астанадан келген мамандар орта және шағын бизнес нысандарын аралап, ондағы мәселелерге үңілді. Мәселен, Жақып Асановтың айтуына қарағанда, Қаратөбе шаруа қожалығында үш ай көлемінде электр жарығы болмаған. Қарызы үшін трансформаторын токтан ажыратып тастаған. Алайда кәсіпкер борышын өтегеннің өзінде, жарықсыз қалып отырса керек. Арнайы топ өкілдерінің араласуынан кейін мәселе дереу шешімін тапты.
«Осы уақыт ішінде даму институттары жалпы құны 5 миллиард теңге болатын 227 жобаны қарай бастады. «Даму» қоры арқылы Балмағамбетова есімді кәсіпкерге бизнесін дамытуға 530 миллион теңге берілді. «Рамазан» фирмасына азық-түлік өндірісін ашуға 525 миллион теңге субсидия бөлінді. Даму институттары 125 жобаны қолдап, 3,1 миллиард теңге көлемінде несие берді. Қалған 1,9 миллиард теңге несие алдағы уақытта кәсіпкерлер арасында үлестіріледі, ол үшін құжаттары пысықталуда. Жеке кәсіпкер Сүйіналиннің мал шаруашылығы дамыту үшін 2,2 миллион теңге алу жөніндегі өтініші бір күнде қанағаттандырылды», – дейді прокурор өз есебінде.
Жасыратыны жоқ, субсидия алуда заң тұрғысынан кедергілер де бар болып шықты. Мәселен, жеке кәсіпкер ет цехына субсидия сұрағанымен, оның өтініші қолдау таппады. Өйткені өндіретін ет көлемі талапқа сәйкес келмеген.
Ереже солай екен. Сондықтан бұл талаптың дұрыс еместігі жайлы ертең Астанаға жеткен соң мәселе көтеретін боламыз, – деп сөз берді Жақып Асанов.
Шараның үшінші бағыты – әлеуметтік мәселелер. Делегациямен кездескен 4,6 мың адам нақты көмек сұрапты.
«Ақтөбе облысында республика бойынша алғашқы болып, ауыл әкімдері үшін арнайы ақпараттық база әзірленіп жатыр. Онда тұрғындардың жағдайы, отбасы құрамы, мал басы, жұмысының бар-жоғы, әлеуметтік көмек алатыны-алмайтыны, жанұяда мүгедек адамның бар-жоғы, т.б. мәліметтер болады. Әкімдер ауылдағы әрбір отбасыдағы жағдайды біліп, тиісті көмек беруге тиісті. Бұл дегеніңіз – болашақта бірде-бір мұқтаж адам мемлекет назарынан тыс қалмайды деген сөз», – дейді баяндамашы.
Айта кетейік, арнайы топ Ақтөбе облысының 5 ауданында 522 мүгедектің үйіне барған. Олардың 136-сына көмек көрсетілді. Мүмкіндігі шектеулі 44 адамға протез бен арба берілді. 6,5 мың көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек алу тәртібі түсіндірілді. Ембі қаласында бір тұрғынның денсаулығы қаралып, мүгедектігін жаңадан рәсімдеу үшін жолдама берілді.
Көп жағдайда азаматтар мемлекеттік жәрдемақы алу жолдарын білмейтін болып шыққан. Төрт баласы бар әрі жағдайы нашар ана мемлекеттен жәрдемақы алатын болды. Оған дейін азаматша ондай көмектің барын білмесе керек.
Ақтөбе облысын бір ай бойы «Денсаулық» медициналық пойызы да шарлап шықты. Бес ауданды аралаған пойыз дәрігерлері 5279 адамды карап шыққан. Оның 1921 адамы ем қабылдау үшін медициналық мекемелерге жолдама алыпты. 14 899 мектеп оқушысы профилактикалық тексеруден өтті. 1 055 оқушы емделетін болды. Астана мен Алматы қалаларынан келген мықты дәрігерлер келді. Олардың қатарында 5 профессор, 8 доцент, 12 медицина ғылымдарының кандидаты бар. Олар 9637 адамды тексеріп шықты. 1800-іне көмек көрсетілді. 301 адам республикалық орталықтарға жолдама алды. 770 науқас сол жерлерде емделді.
«Мәселен, профессор жерлестеріңіз, Серік Ақшолақовқа Астанада кезекте тұрғандар бар. Тіпті сонау шетелден жазылып, айлап кіре алмайтындар аз емес. Серік Қуандықұлы 12 ақтөбелікті тексеріп, оның 6-уына Астана қаласында ота жасайтын болды. Ғылыми кардиология институтының мамандары Мұғалжар ауданында шеберлік дәрісін оқыды. Тұрғындарға консультациялар берілді. Астаналық профессор ДЦП-ға шалдыққан 4 жастағы балаға операция жасап, сәбидің қолы толық қимылдайтын болды. Жүрегі сыр берген жандарға нақты диагноздары қойылды. Өткен бір ай көлемінде аудандарда 56 операция жасалыпты. Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз. Олар жылы кабинеттерін тастап, үйлерін тастап, бір ай көлемінде ауыл-аймақты аралады. Ақтөбеліктердің өмірі мен денсаулықтары үшін күресті. Сіздердің жақсылықтарыңыз пациенттеріңіздің тілектерімен еселеп оралсын, – дейді Асанов.
Жұмыссыздық деңгейі де сапар аясында назардан тыс қалмады. Бес ауданда бос орындар жәрмеңкелері өткізілді. Оларға 701 жұмыссыз азамат барды, 123 адам жұмысқа орналастырылды. Жалақы ала алмай жүрген жұмысшылар да жағдайларын айтты. 150 мекеменің басшысымен кездесулер өткізіліп, 232 жұмысшыға 9 миллион теңге көлемінде еңбекақылары төленді.
Ауқымды шараның тағы бір бағыты – діни ахуалды жақсарту болатын. Бұл бағытта 149 шара өткізілген. 20 мың адам қамтылыпты. Басты мақсат – мешіттердің жұмысын жақсарту екен. 61 имам аттестациядан өтккізілген, әрбір алтыншысы сыннан сүрінсе керек. Жергілікті 20 имамның діни біліктілігі жетілдірілді. Бес мешітке имам тағайындалды. Мешіттерге келгендерден түсетін садақаның мөлшері белгілі болатын болды.
Имамдардың беделін көтеру мақсатында «Имамның бір күні» атты фильм көрсетілді. Бұл бағытта жасалатын шаруа көп. Жалпы, бүкіл республика көлемінде терроризмге қатысты роликтер мен фильмдер көрсетілді. «Есігімді қаққан кім?» спектаклі теріс идеяға уланып, Сирияға кеткен отбасы жайлы баяндайды. Осы қойылымды барлық мектептер мен орта және жоғары оқу орындарында көрсету керек.
Жиынды облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қорытындылады. Осы бағыттағы жұмыс енді астаналық меймандарсыз жалғасатын болады. Қалған жеті ауданға қараша айының ортасына таман арнайы делегация шығып, қарапайым тұрғындармен кездесетін болады. Облыс басшысы арнайы топ құрамына алғыс білдірді.

Асқар Ақтілеу,
Ақтөбе облысы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде