Халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің «Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып – жұмғанша, Жылдам хабар алғызды» деп келетін өлеңін білесіз ғой. Ғаламтордағы әлеуметтік желіңіз, нағыз жылдам хабар алғызатын арнаңыз қазір. Қиян шеттегі Шетпеде шағырдың ұшына шегіртке қонақтағаны туралы ақпарды әлеуметтік желіге артып жіберсеңіз, алты секунд ішінде әлем естиді. Міне, ғаламтордың қуаты. «Бәлен жерде бақыр бар» деп қауесеттің қоламтасын қопсытатындардың таптырмас құралы қазір – әлеуметтік желі. Өкінішке қарай, өзінің жеке бас пайдасын ойлап, мүддесін көздейтіндер көпті адастырудың тамаша тәсілін тауып алды.
«Аңқау елге арамза молда» болғысы келетіндер «бәлен деген компанияның 100 жылдығына орай батпанқұйрық береді, осы ақпаратты он адамға таратсаң», не болмаса «осы сөздерді ішіңнен жеті рет қайталап оқып, жеті адамға тарат, сосын көзіңді жұмып-ашсаң, ақшаға көмілесің» дегендей «аффирмация» айтады. Соған сенетіндердің қатары көбеймесе, азаяр емес.
«Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман» деп қазақ ғаламтордың арбауына ілінген бүгінгі ұрпағына алты ғасыр бұрын айтып кеткен.
Жуырда «Келес ауданындағы мектептердің бірінде оқушылар төрт ауысыммен оқиды, оқу орнының ғимараты әбден тозған» деген сөз тарады. Жергілікті тұрғындар осыны айтып, дабыл қағып жатқан көрінеді. Журналистерге берген сұхбатында Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Насыр Сманов та білім ұясындағы парта мен орындықтың әбден ескіргенін жоққа шығармады. Кемшілікті түзетеміз деген уәдесін берді.
Оңтүстік оқушы саны көп, жыл сайын көбейіп келе жатқаны рас. Мектеп жетіспеуі де әбден мүмкін. Ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбек болып, Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданы Ақжол ауылындағы С.Қожанов атындағы орта мектепке хабарластық. Білім ошағының басшысы Әлібек Қадырбаев аталған мәселеге қатысты бүй деді.
Оқушылар бізде екі ауысыммен оқиды. 1976 жылы салынған мектеп 640 орындық, бүгінде 941 оқушы білім алады. «Жел соқпаса, шөптің басы қозғалмайды», бұл қауесет қайдан шықты, төрт ауысым деген ақылға қонбайды? Үш ауысыммен оқығанның өзінде түн ауғанша оқиды ғой. Төрт ауысым дегенің мүлде ақылға симайды. Біздің ауылда бұрын балабақша болған ғимарат бар. Қазір бос тұр. Осы ғимаратта шекара қызметінің бөлімшесі болды. Кейін оларға жаңа ғимарат салынып, көшіп кетті де, бұрынғы балабақша бос қалды. Ауылдағы төрт-бес ата-ана «мектебіміз тар, бала сыймайды, балабақша ғимараты мектепке берілсін» деп телеарнадан тілшілер шақыртыпты. Сол кезде осы «төрт ауысыммен оқиды» деген қаңқу тарап кетті. Бұл ақпардың жалған екенін сөз басында айттым.
Оқушы сыймайтын болғандықтан да ата-аналар мәселе көтерген шығар?
Оқушылар екі ауысыммен оқитындықтан, сынып жетпейді деуге келмейді. Кейде бір пәннен бірнеше топқа бөлініп оқығанда, рас, оқушылар қысылып қалады. Кейде сыныпқа сыймай қалатынымыз да ақиқат. Оған бола, «мектепке бала сыймайды» деп айтуға келмейді. Менің ойымша, ата-аналардың журналистерді шақыруының себебі ши шығару мақсатында емес, мәселе оңтайлы шешілсе деген мақсат шығар. Біздің ауылға жаңадан мектеп салу жөнінде мәселе ертеден қозғалған, аудан әкімінің жергілікті тұрғындармен кездесуінде де осы мәселе көтерілген. Балабақшаның ғимаратына қатысты айтайын. Біздің мектепке қарсы бетте, жолдың арғы жағында тұр. Аудан әкімі келешекте ескі ғимаратты тексеруден өткізіп, қабылдап алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балабақша ашу жоспары барын айтты. Тіпті балабақша жаңадан салынған күннің өзінде, бұл ғимарат лагерге айналады деген де жоспар бар. Осындай жоспарлы жұмыстар үстінде біз балабақша ғимаратын мектепке сұрап алсақ, онда жаңадан мектеп салу жұмысы, тіпті кейінге ысырылады. Керек десеңіз, салынбай қалуы да мүмкін. Ауыл ақсақалдары да осы мәселені қозғап, ескі ғимаратты алғаннан гөрі жаңа мектеп салынғаны тиімді деп жоғарыға өтініштерін айтты.
Қазір қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де мектепке баратын бала саны артып келеді.
Менің бұл мектепке директорлыққа сайланғаныма екінші жыл. Былтыр 1-сыныпқа үш сынып қабылдасақ, биыл 4-сынып болды. Демографиялық ахуал жақсарып келеді. Соған қуанып, тәубе дейміз.
Бұл мектеп 1976 жылдан бері білім беру ісіне қызмет етіп келеді. 45 жыл аз уақыт емес, үш жыл бұрын толығымен күрделі жөндеуден өткен.
Қауесетке қара орман халықты ілестіріп әкету тыйылмай, қаңқу сөз де сарқылмайды.
Мектеп директоры осылай дейді. Білім ошағына қатысты басқа пікір айтушылар болса, біз оларды тыңдауға дайынбыз. Біз бұл мәселені назарда ұстайтын боламыз.
Жазып алған Нұрдан Көшек