Донбасс: дүрбелең мен бейбіт өмір

25 ақпан 2022, 12:01

Кеше таңертең Ресей Украинада арнайы әскери операцияны бастады. Кремль мұны Донецк және Луганск халық республикаларының Киев тарапынан жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін жәрдем сұраған өтінішіне орай жасалған қадам деп мәлімдеді. Ал Украина билігі бүкіл елде әскери жағдай режимін енгізді. Осы елдегі ахуалға қатысты өз пікірін білдірген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев шиеленісті бейбіт жолмен шешу үшін келіссөздер жүргізу маңызды екенін айрықша атап өтті.

Үш күн бұрын Ресей Донбасс өңіріндегі аталған екі республиканы ресми түрде таныды. Белгілі саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков күллі әлемнің назарын аударған саяси шешімге әкеп соққан себептер мен оның ықтимал салдарына қатысты талдау жасаған болатын. Оқырман назарына сол мақаланы ықшамдап беріп отырмыз.

21 ақпанда Ресейдің Донецк және Луганск республикалары тәуелсіздігін тануы әлемді дүр сілкіндіріп, оқиғаның қалай өрбитініне байланысты әртүрлі болжам жасауға түрткі болды. Батыста Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы айтыла бастады. Біраз бақылаушының пікірі ДХР, ЛХР және Ресей әскерлері бірлесіп, Донецк және Луганск облыстарының соғысқа дейінгі шекарасына ойысуы мүмкін дегенге саяды. Санкциялар мен әскери іс-қимылдың басталу қаупі Ресей қор биржасында дүрбелең тудырды.

Қалай болғанда да, Ресей президенті Владимир Путин шешуші қадам жасады. Соның салдарынан Украина төңірегіндегі ахуал түбегейлі өзгерді. Бүкіл әлемді ойландырып тастаған да осы жағдай. Былай қарасаң, Ресей дипломатиядан бас тартқандай боп көрінеді. Соған орай түрлі жағдай орын алып, ең жайсыз сценарий іске асуы да мүмкін. Сол себепті Мәскеудің шешімі әлемді, соның ішінде Ресей қор нарығын дүрліктірді.

Қалыптасқан жағдай соншалықты қорқынышты ма? Ресей билігі нені көздейді? Кеше ғана бірнеше елдегі Ресей дипломаттары Минск келісімі мен дипломатия туралы сөз қозғамап па еді? Енді неге олар егемендікті тану туралы шұғыл шешім қабылдады? Оның үстіне бұл шешім аяқ астынан қабылданды. Содан болар, оған ақпараттық дайындық жасауға да ешкім үлгермей қалды.
Донбастан босқындарды әкету де тиісті деңгейде ұйымдастырылған жоқ. Сайып келгенде, ол ДХР мен ЛХР-дың бейбіт тұрғындарына қауіп төндіргенін білдіруі тиіс еді. Украиндардың әскери қимылмен белсенділік танытқаны, жергілікті милиция бастығының ескі уазигін жарып жібергені белгілі болды. ДХР мен ЛХР билігі тұрғын үй орамдары оқ жаудырылғаны туралы мәлімдеді. Кісі өлімі бар.

Басты қорытынды – Минск келісімі келмеске кетті. 2015 жылғы шарт негізінде Украинамен келіссөз жүргізу арқылы шиеленісті реттеу мүмкіндігі де жоқ. Енді кез келген келіссөзді қайта бастауға тура келеді.

Қазіргі жағдай 2008 жылғы оқиғаны еске салады. Сол кезде грузин әскері Цхинвалиге (Оңтүстік Осетия) шабуыл жасады. Содан кейін ұзаққа созыла қоймаған Ресей мен Грузия арасындағы соғыста грузиндер жеңіліс тапты. Мәскеу Абхазия мен Осетияның тәуелсіздігін таныды. Бұл екеуі (қорғаныс және қаржыландыру) жағынан толығымен Ресейге тәуелді, оларды әлемде мойындайтындар кемде-кем десек те, салыстырмалы түрде тәуелсіз елдер саналады. Президенті мен парламентін өздері сайлайды.

Бірақ оларды Ресейге қосқан жоқ. Асылы, қосуға да болар еді. Сөйтіп қарым-қатынас саласында, соның ішінде Грузиямен, байланыс сақталып қалды. Оның үстіне, жер бетінде танылмаған басқа да аймақтар бар. Айталық, Солтүстік Кипрді Түркиядан басқа ешкім таныған емес. Онда түрік әскері тұр. Сол сияқты ДХР мен ЛХР-ді тануды әр жақты қарастыруға болады. Мәскеу уақыт өте мұның Абхазия мен Оңтүстік Осетия емес, Солтүстік Кипр түйткілі тұрғысынан көрінгенін қалайтын шығар.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, ДХР мен ЛХР-ді тәуелсіз мемлекет ретінде танудың маңызы бар. 21 ақпанда өткен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бір әскери лауазымды осы республикаларды Ресейге қосуды жақтайтынын мәлімдеп еді. В.Путин оның сөзін сол мезетте түзеді. Мұны, әрине, генералдың ұшқары пікірі деп бағалауға да болар. Екінші жағынан, қазіргі жағдайдың 2008 жылғы Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тануына ұқсас екенін Ресейдің түрде жұмсақ ескертуі деп те қабылдаған жөн. Осы жиында Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев сол кезде өзі қабылдаған шешімді еске салып, уақыт өте бүкіл қарсыластардың келіссөзге келгенін атап өтті.

Ресей әскері грузин армиясын жеңгеннен кейін Тбилисиді басып алуына болар еді. Ал бүгінгі жағдай оған ұқсамайды, ұрыс қимылдары бастала қойған жоқ. Тек ақпараттық жекпе-жекте соғыстың басталуы мен оның ауқымы туралы әңгіме сан-саққа жүгіртілуде. Осының өзі мәселені тығырыққа әкеп тіреді. Одан шығу Ресей мен Украина, АҚШ пен НАТО үшін де оңай болған жоқ.
Әрине, ешкім де жеңілгісі келмейді. Ресей өз әскерін жайдан-жай әкете алмайды. Өйткені мұны жеңіліс емес, өзін кемсіту деп қабылдар еді. Украина Минск келісімін орындауға құлшыныс танытқан жоқ. Олай етсе, ел ішіндегі Ресей жақтастарына тәуелді боламыз деп ойлады. АҚШ, әсіресе, Батыс Еуропа елдері де кикілжіңнің асқынғанын қаламады. Онда өздері «тамұқ» деп атайтын экономикалық санкцияның бәрін енгізуге тура келер еді. Бірақ олардың да кері шегініп, қауіпсіздікке қатысты Ресей талаптарымен келіспейтіні белгілі.

Мұндай талаптардың Ресей үшін де салмағы ауыр. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, АҚШ пен НАТО-ның жауабы көңілден шықпаса да, жалпы алғанда, келіссөз жүргізуге мүмкіндік беретін еді. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Лавров Батысқа келіссөз жүргізу үшін уақыт беруді ұсынды. Содан кейін ғана екі республиканың тәуелсіздігін мойындау туралы Ресей истеблишментінің ортақ ұстанымына қосылды.

Тығырыққа тірелген соң, одан шығудың қолайлы жолы болмады. Алда оқиғаның қалай өрбитіні белгісіз.

Осындай жағдайда Ресей тосын қадамға барды. Бұл шешім бәрінің болмаса да, көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Мәселен, Мәскеу енді Минск келісімі туралы сөз қозғамайды. Сәйкесінше, енді Киев те оны орындауға бас қатырмайды.

Украина өзіне бағынбайтын Донбастың бір бөлігіне шабуыл жасауға да онша мүдделі емес. Олай етсе, Ресей әскерімен қақтығысқа түсуге мәжбүр болады. Ресейге де Украинаға бас салудың қажеті шамалы. Оның ДХР мен ЛХР-ді тануы Абхазия мен Оңтүстік Осетия, сондай-ақ Приднестровье сүрлеуімен жүретінін білдіреді.

Асылы, осының бәрі Украинаға Батыстан барынша көмек алуға, ресейлік үлгімен бәсеке шеңберінде дамуға жағдай тудырады. Онда Украинадағы кез келген ресейшіл ықтимал күштер маргиналдық топқа жатқызылуы мүмкін.

Бүкіл риторикаға қарамастан, ұжымдық Батыстың иығынан ауыр жүк түскендей болғаны сөзсіз. Біріншіден, танкімен украин аумағына бойлап енетін соғыс болмайтын сияқты. Ол жайында арнайы қызметке сілтеме жасап көп айтылды. Оның орнына сағызша созылған текетірес орын алады. Түптің түбінде тараптар келіссөз жүргізуге қайта оралады. Украинаға қолдау көрсетіп, одан жаңа Оңтүстік Корея сияқты мемлекет жасауға болады. Бұл тежеу доктринасының шеңберіне сыйып-ақ тұр.

Екіншіден, Батысқа ауыр санкцияларды енгізудің қажеті де жоқ. Оған Ресей ДХР мен ЛХР-ді танығаннан кейінгі американ президенті Джо Байденнің мәлімдемесі дәлел. Санкциялар дәл осы республикаларға бағытталды. Әрине, әлі санкциялар енгізілуі мүмкін. Бірақ олар енді жеке сипатта болады, яғни бұл қуат көздерін тасымалдаушылар экспортына қатысты немесе Ресейдің қаржы нарығымен байланысты үзу дегенді білдірмейді. Әрине, Мәскеу кенеттен соғыс бастамаса. Дегенмен оған баруы екіталай. Ресей батыл қимылдап, патриоттық қоғамдастық алдындағы беделін сақтап алды. Оның соғыстан бас тартуы енді әлсіздік болып есептелмейді. Оған соғыстың керегі де жоқ. Ал аракідік санкцияға Мәскеу төтеп береді.

Ең бастысы, Ресей ДХР мен ЛХР-ға әскерін енгізе алады. Сәйкесінше, украиндар 1995 жылы Хорватияға танылмаған жергілікті сербтердің Украина республикасының жерін алуға мүмкіндік берген сценарийді жүзеге асыра алмайды. Онда Донецк республикалары төңірегіндегі бүкіл бақай есеп келмеске кетеді. Ол тағы бір Приднестровье сияқты, яғни ұзақ жылға созылатын кикілжің есебінде қалады.

Айта кеткен жөн, осыдан кейін Ресей билігінің Батыспен арадағы байланысы алшақтай түседі. Мәскеу ең батыл шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті. Сонысымен де Батыстағы қарсыластарын біраз естен тандырып тастады. Енді Кремльге ішкі саясатта да сыртқы әлемге жалтақтаудың қажеті жоқ.

Тұтас алғанда, Ресейдің ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін тануын өз беделін жоғалтпай-ақ соғысқа ұрыну қатерінен бас тарту, сөйтіп тығырықтан шығу әдісі ретінде қарастыруға болады. Бұл шешімнің нәтижесіне алдағы уақытта баға беріле жатар. Бірақ ол ұзаққа созылады. Сондықтан біраз уақыттан соң бәрі тынышталады. Соның ішінде қор нарығы да.

Сұлтан Әкімбеков,
саясаттанушы

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс