Ел арасында айтары бар, орынды, оқшау сөзімен көрініп жүрген қариялар баршылық. Солардың бірі де бірегейі – көрнекті ғалым Амангелді Айталы. Жоғары оқу орнында дәріс беретін білікті маман, білімді азамат, айтулы қоғам қайраткерімен болған әңгімеміз бүгінгі білім сапасы, болашағынан үміт күткен жастарымыздың білімдарлығы, келешек көкжиегі төңірегінде өрбіді. Әңгіме арасында Сирияға кетіп адасып жүрген қаракөздер туралы да сөз болды.
Jas qazaq: Амангелді аға, білім және ғылым министрі соңғы сұхбаттарының бірінде осы салада жемқорлықтың бар екенін айтыпты. Сіз де сабақ бересіз, оқытушысыз. Жемқорлықтың білім саласын жайлауының салдары қалай болып жатыр?
А.Айталы: Пара алатын оқытушы «Мен пара аламын» деп айтпайды. Бұл арада мына нәрсенің басын ашып алайық. Білім саласын жемқорлық жайлап алды деу – қате. Білімнің әлсіреуі немесе ғылым саласындағы кейбір түйткілдер жемқорлықтан туындап жатқан жоқ. «Диплом сатылады екен», «Баға сатылады екен» деген әңгімені жоғары жаққа жеткізетін адамдар бар. Мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жұмыс істеймін. Бізде диплом сатылған емес. Диплом сатылатын жер бар болар. Алайда «Жоғары оқу орындарында жаппай диплом сатылып жатыр» деу – оқытушыларды қаралау. Барлық педагогтарды қаралау. Әрі-беріден соң осыны айтып отырған министр өзін-өзі қаралап отыр. Осындай қаңқу сөзді естіген қарапайым адам «Оқып қайтемін? Университетке барсам, дипломды сатып алмаймын ба?» деп ойлайды. «Бір тал құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз осындайдан шыққан екен ғой.
Jas qazaq: Аға, сіздің неге шыр-пыр болып отырғаныңызды түсінемін. Оқытушы болған соң, өзіңізге күйе жаққыңыз келмейді. Алайда ақшаға баға қою, дипломды ақшаға жаздыру деген сияқты дүниелер университеттерде бар емес пе?
А.Айталы: Сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын. Бір қора қойдың ішінен бір-екі қотыр саулық шығады ғой. Бұл да сондай әңгіме. Бірақ оқытушы-ұстаздардың бәрі ақша алады екен деу – түбірімен қате. Көпке топырақ шашу, бұл. Қазір оқытушылар емтихан алмайды. Студенттер емтиханды компьютер арқылы тапсырады. Диплом жазатындар да, дипломды көшіретіндер де бар. Бірақ бәрі емес.
Jas qazaq: Бірнеше жыл бұрын әкім-қаралар, шенеуніктер жаппай оқып, диплом алып кетті. Кейбір әнші-әртістер үшін де магистратура мен докторантураға түсу «модаға» айналды. Бұған не дейсіз?
А.Айталы: Әкімдер мен кейбір бастықтарға диссертация жазып беретіндер болды. Оны жоққа шығармаймын. Қазір азайды. Бұл бірнеше жыл бұрын болған жағдай. Диссертация, кандидаттық дегендер кейбір министрдің немесе әкімдердің кеудесіне тағатын «значок» сияқты болды. Алайда сол өткен жағдайға қарап, қазіргі оқытушыларды күстаналау дұрыс емес. Сол сөздің арасында мен де кетіп қаламын. Оған жаным, арым төзбейді.
Jas qazaq: Сізге өз көзіммен көрген бір жағдайды айтып берейін. Биыл бір танысым биология бойынша PHD докторантураны бітіріп, диссертация қорғады. Қатарынан 5 жыл қорғай алмай жүрген. Жетекшілері «Граматикасы дұрыс емес. Қазақшалап жазып кел» деп бірнеше рет қайтарған. Маған келді: «Журналиссің ғой. Қазақшалап берші» дейді. Екі түн отырып жасап бердім. Үш жыл оқыған, бес жыл қорғай алмай жүрген, маған мүлдем бейтаныс биология пәнінің диссертациясын журналист редакциялап, қайта жазып шықты. Осыдан кейін білімнің сапасына бірдеме айтудың өзі ұят сияқты?
А.Айталы: Өзі жазбаған ба?
Jas qazaq: Арнайы сайттан алған көрінеді.
А.Айталы: Міне, мәселе қайда жатыр? Олар Ресейдің диплом сататын, диссертация жазып беретін сайттарынан сатып немесе көшіріп алады. Оны компьютерге салып, автоматты түрде аударады. Бірақ бұл жерде пара жоқ. Бұл – плагиат. Бұл жемқорлық емес. Бұл білімнің сапасы, білімнің саудасы.
Jas qazaq: Білімде плагиат көп пе, қалай ойлайсыз?
А.Айталы: Қазір плагиатор деген аппарат шықты. Жақсы жұмыс істейді. Мысалы, жазған еңбегіңіздің қанша пайызы плагиат, соны дәлме-дәл анықтайды. Бұл мұқтаждықтан, яғни плагиаттың көптігінен шыққан дүние ғой. Алдымен, Еуропада пайда болды. Бірақ бір кездері диссертацияларын қорғап алған министрлердің, олардың орынбасарлары мен әкімдердің – біреуінің жұмысы плагиатр аппараттың тексеруінен өткен жоқ. Ал Батыс елдерінде қорғаған еңбегін плагиат аппаратынан өткізіп, жұмысынан алып жатыр. Бұл талап бізге келсе, қаншама шенеуніктің дипломынан айырылатынын бір Құдай біледі. Сол дөкейлер аудиторияға келіп, бір сағат лекция оқи алмайды. Өйткені білім деңгейі жетпейді оған.
Jas qazaq: Осыдан 5-6 жыл бұрын әртістер, эстрада әншілері магистратура мен докторантураға жаппай түсті. Не қажеттілігі болды деп ойлайсыз?
А.Айталы: Еш қажеттілігі жоқ. Олар ғылым магистрі болып, университетте сабақ бере алмайды. Оларға «Мен магистрмін, не болмаса ғылым доктормын» деген атақ қана керек. Осыны сүзгіден өткізу керек. Ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әртіс неге магистрант болады? Оған неге мемлекеттің грантын беруіміз керек? Ол бәрібір ғылыммен айналыспайды, жаңалық ашпайды. Бірақ ол мемлекет бөлген тегін грантпен оқиды. Оның орнына ақшасы жоқ, ғылыммен айналысқысы келетін жасты оқытсақ, мемлекетке беретін пайдасы мол болар еді. Яғни мемлекет білімге бөлген ақшасын анау студент арқылы қайтарып алар еді. Әртіс пен әншіге кеткен ақша – құмға құйған сумен тең.
Қара рецензент деген болады. Дүрмекпен қорғалып кеткен диссертация, докторлық жұмыстарды сол арқылы да анықтауға болады. Министрлік соны да қолға алмай отыр.
Jas qazaq: Білім туралы сұрақ болған соң, тағы бір сауал туып отыр. Бүгінгі білім деңгейі мен өзіңіз студент кездегі жастардың білім деңгейін салыстыра аласыз ба? Мысалы, қазіргі магистр немесе PHD ғылым докторы бұрынғы аспирантура мен ғылым кандидатының деңгейіне жете ме?
А.Айталы: Бұл адамына байланысты. Мысалы, биыл Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне магистратураға тапсырған студенттердің біразы сынақта құлап қалды. Жалпы, магистратураның мән-маңызы кетті. Магистратураның білім сапасы да нашар. Жұмыс істеп жүріп, жүрдім-бардым оқиды. Сөйтіп жүріп, жүздеген-мыңдаған магистранттар шықты. Олар оқуға қалай түсті? Оны тексеріп, тергеп отырған министрлік жоқ. Арнайы комиссия құрып тексеру керек еді.
Тағы да қайталап айтамын. Жастардың арасында білімділері бар. Әсіресе, жаңа технология саласында, жаратылыстану пәндерінде озық мамандар жоқ емес. Ал филология, тарих сияқты қоғамдық пәндерді оқып жүрген жастардың арасында ізденбейтіндер, кітапханаға бармайтындар, сөйтіп, ілініп жүріп магистр, PHD ғылым докторы болатындарды көзіміз көріп жүр.
Jas qazaq: Қазір магистр немесе PHD ғылым докторы көп. Бірақ ғылым саласында аты озып, жалпақ әлемді мойындатқан жас ғалымды байқай алмаймыз. Неге?
А.Айталы: Бір жігітті білемін. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетке тарих факультетінің магистратурасына түсті. 2 жыл оқыған. Оны бітіріп, тағы екі жыл бір діни университетте теолог болып білім алған. Екі дипломы бар. Тарихтан магистратураны қорғаған. Теолог дипломы тағы бар. Ақтөбеге қайтып келді. Сол жігітпен жұмыс істеп көрдім. Деңгейі өте төмен. Мен әлгі жігітке «Шырағым, сен екі кеменің құйрығын ұстап, далада қалғансың ғой. Не тарихшы емессің. Не дінтанушы емессің» – дедім. Өзі екі дипломының барына нанады. Соған риза. Тарихтан болмаса, дінтанудан сабақ береді. Бұл – қулық. Білімдегі жеңіл жүрістілердің алаяқтығы. Қысқасы, мұның бәрі білімдегі инфляция. Теңге қалай құнсызданса, білім де солай құнсызданып кетті.
Білім саласындағы ақша – ата-аналардың қаржысы. Мемлекет білімнен әлдеқашан теріс айналған. Ал грантқа берілетін қаржы студенттің білім алуына толық жетпейді. Ең соңғы технологиямен оқуына, ғылыми әдебиетпен білім алуына, көптеген лаборатория эксперимент жасауға жетуі керек. Тіпті шетелге барып, іс-тәжірибеден өтуге, тарих факультетінде оқитын студенттер үшін археологиялық қазба жұмыстарға қатысуға, этнографиялық экспедицияға шығуға жетуі керек. Бірақ ол оған да жетпейді. Тіпті студенттің қарынның қамын ойламай алаңсыз білім алуына да жетпейді. Міне, осындай түйткілдің себебінен білім құлдырап кетті.
Кеңес үкіметі кезінде бір фермада 400 сауын сиыр болса, соның қырық шақтысы ғана сүтті болатын. Қалғаны санақты толтырып жүреді. Қазіргі білім жағдайы солай. Мемлекет 4-5 ұлттық университетке ғана ақша бөледі. Қалғаны өз жанын өзі бағып отыр.
Jas qazaq: Бір деректерден көзім шалып қалды. Бүгінгі күні 2 миллионға жуық адам өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Олардың арасында мыңдаған, он мыңдаған магистрлер бар, жүздеген PHD ғылым докторы жүр. Осыдан келіп көптеген салада білімі жоқтар жұмыс істейді. Кейбір жақсы жұмыстарға білімі барлар бара алмайды.
А.Айталы: Ондай қайшылық бар.
Jas qazaq: Былтыр екі студенттен сұхбат алдым. Бірі – Алматыдағы әлдебір университеттің докторантурасын бітіріп, диссертациясын қорғаған. Екіншісі – шетелден оқып келіп, ғылыммен айналысып жүрген жас маман. Бірінші жігіт үш жыл бойы диссертациясына қажетті экспериментті ала алмапты. Зертханадағы құрал-жабдық, қажетті химиялық қоспалар аз болған. Соңғы курсында Оңтүстік Кореяға барып, өзімізде үш жыл бойы қол жеткізе алмаған нәтижені екі аптада алып, диссертациясын жазып қайтыпты. Ал екіншісі шетелден оқу бітіріп келіп, еліміздің ғылымға бөлінген тендері арқылы топырақсыз, сусыз қызанақ өсірмекші болады. Бірақ үш жыл салпақтап жүгіргенде, оған 1 миллион теңге әрең бөлінген. Оның 300 мың теңгесін салыққа, анау-мынауға ұстап, қолына 700 мың теңге тиіпті. Ал оған талап еткен жұмыстың көлемі әлгі 700 мың теңгенің бірнеше есесі. Ғылымда осындай кемшілік пен қарама-қайшылықтар бар емес пе?
А.Айталы: Ғылыми лабораториялық базаға ақша бөлінбейді бізде. Тіпті қарастырылмайды. Сондықтан, көптеген ғылыми эксперимент жасауға мүмкіндік жоқ. Сіз айтып отырған адам – бір адам ғой: Қазақстанда үш жыл эксперимент ала алмаған, Кореяға барып диссертациясын жазып келген. Адам – біреу, нәтиже – екі түрлі. Университеттер мен студенттердің саны жағынан мақтанғанымызбен, білім сапасы жағынан ұяттымыз.
Jas qazaq: Депутат болдыңыз. Парламенттегі ең өткірі сіз болдыңыз. Сол ақжағалылардың арасында 5 жылда бір ауыз сөз сөйлемей, басын изеп, ұйықтап кететіндерін де болған шығар? Аты-жөні түгілі, түр-түсі де белгісіздерін кейде телеарнадан байқап қаламыз. Олар қалай депутат болған? Ай сайын миллион теңгеге жуық еңбекақы төлеп отырған соң, билік сол ақшаның өтеуін неге сұрамайды?
А.Айталы: Бұл ақшаны кім талап етеді? Билік олардан 5 жыл бойы тып-тыныш отырғаны үшін, үндемегені үшін, парламентте дауыс көтеріп, «тәртіп» бұзбағаны үшін мақтайды. Сол үшін ай сайын миллион теңгеге жуық айлық беріп отыр. Журналистер арасында да бар ондайлар. Билікке қарсы сөйлемесе, бәрі дұрыс деп бас шұлғып отырса, жақсы жалақы алады. Қай салада болсын, ондайлар бар. Бұл – заңдылық. Ал «Неге осындай депутаттар отыр?» деп мәселе көтеретін халық. Сайлау жүйесі де оған жол бермейді. Депутатты партия сайлайды. Партияға жақпаса, оны алып тастай салады. Мәселенің түйіні осында.
Jas qazaq: Осы кемшіліктің бәрі қазақ болмысының өзгеруінен емес пе? Мысалы, бұрын біз қызтеке дегенді естігеніміз болмаса, көрмейтінбіз. Қазір қызтекелер өздерін ашық жарнамалайды. «Көгілдірлер» туралы әңгіме, тіпті қорқынышты. Ал сәбиін сататын көкек аналар мен ажырасқан жастардың саны үйленгендерден асып кеткенін айтудың өзі ұят. Бұған қалай жеттік?
А.Айталы: Демократия деген бар, оны еркіндік деп түсінеміз. Демократия деген шексіз. Біздің кейбір азғындап кеткен жастарымыз соны пайдаланғысы келеді. Қызтекелер мен көгілдірлер үшін демократия деген осындай азғын өмір. Батыс осындай азғындықты да демократия деп түсінеді. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы – мұсылман. Сондықтан, заң қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, құндылықтарын ескеруі керек. Демократияның өз жөні бар. Ол ұлттық құндылықтармен үйлеспесе, ондай демократия апатқа алып келеді. Әдетте біз Батыстың саяси демократиясын алмаймыз, ал мынандай жағына келгенде адам құқығы, анау-мынау деп шыға келеміз. Батыста әкесі де, қызы да демократияны қолдайды. Қызы айтады: «Әке-шеше, мен кәмелет жасқа толдым. Енді өз денеме өзім қожамын. Тәнімді сатамын ба, жезөкшелер үйіне барамын ба? Өзім білемін» – дейді. Сол жезөкшелер үйінде демократияны қолдайтын қызы мен әкесі кездесіп қалуы мүмкін. Өйткені демократия ғой. Міне, демократия деген желеумен Батыс көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып қалды. Халық қолдамағанды демократия деу – қателік. Тыйым болмаған жерде мемлекеттің тыныштығы кетеді.
Jas qazaq: Сіз Ақтөбеде тұрасыз. Өзіңіз тұрған қаладан Сирияға жиһадқа кеткендер өте көп. Бұл неден: географиялық жақындықтан ба, әлде соқыр сенімнің жетегі ме?
А.Айталы: Сирияға кетіп жатқандар жалғыз қазақстандықтар емес. Әлемнің 80 елінен бар. Мұның арғы түбі – діни ынтымақтастық дегеннен келіп шығады. Осыған ұқсайтын бір мысал айтайын. Ауғанстан өзімен-өзі отырған бейбіт ел еді. Совет үкіметінің әскері басып кірді де, ауған елінің ішкі ісіне араласты. Ауғанға соғысқа барған әскери шені бар ардагерлер «Біз интернационалдық борышымызды өтедік» – дейді. Дұрыс. Оларды Совет үкіметі жұмсады, барды. Қазір бізге басқа елдің, басқа діннің адамы келіп «Бұлай өмір сүрулеріңе болмайды. Ислам дінін ұстанбаңдар» десе, сіз не істейсіз? Соның айтқанына көнесіз бе? Совет Одағы кезінде 15 мемлекетке біздің әскерлер көмектесуге барған екен. Ішкі мәселесін шешуге. Бірақ біреуінде ойлағаны болмады, айтқаны орындалмады.
Сол дәстүр, сол ынтымақтасты желеу ету – қазіргі Сирияға кетіп жатқандардың да бойында бар. Бұлар да өздерін мұсылмандарға көмектесуге бара жатырмыз деп түсінеді. Бұл жалған бауырластық, жалған ынтымақтастық, рухани таяздық. Қысқасы, ілгеріден жалғасып келе жатқан сүйекке әбден сіңген дерт. Мен мұны осылай салыстырамын.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Жарас Кемелжан