Бұрынғылар оқу мен білімді «инемен құдық қазғандай» деуші еді. Қазіргілер білімді инемен емес, күрекпен қаза салады. Бес жыл көз майын тауыспай диплом алып шығатын, бірнеше мың доллар төлеп бір университеттің түлегі болатындар бар. Қазір қоғамда қолында дипломы бар, бірақ қауашағында қауын жаратын зердесі жоқ жастар көбейіп барады.
Біз бұған дейін диплом басып шығаратын жоғары оқу орындары туралы талай мәрте жазып, талай мәрте айтқанбыз. Енді солардың біразы лицензияларынан айырыла бастапты. Білім және ғылым министрлігі 25 жоғары оқу орнының 60 лицензиясын қайтарып алды. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада: «БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 25 жоғары оқу орнының кадрларды дайындау бағыттары бойынша 60 лицензиясын қайтарып алды. Бұл оқу орындары «Педагогикалық ғылымдар», «Өнер», «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техника ғылымдары», «Қызмет көрсету» және «Әлеуметтік жұмыс», «Әлеуметтік ғылымдар» бағыттары бойынша кадр даярлауды жүзеге асырды» делінген.
Жүргізілген тексеру жоғары оқу орындарының нормативтік-құқықтық актілерді сақтамағанын анықтады. Түрлі олқылыққа жол берілген.
Мәселен, диплом қағазының нақты есебі болмаған, талапкерлерді қабылдау, профессор-оқытушылар құрамының (ПОҚ) біліктілігін арттыру, профессор-оқытушылар құрамын конкурс арқылы алмастыру, профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесін жоспарлау, білім алушыларды қорытынды аттестаттау, диплом бланкілерін есепке алу және тағы басқа кемшіліктерге жол берілген. Мұндай оқу орындарын Мемлекет басшысы «Диплом басып шағаратын университеттер» деген болатын.
Бәсекеге қабілетсіз мамандарды осындай оқу орындары қолдан жасап шығарып жатса, кейбір алаяқтар диплом басатын цех ашып алыпты. «Бір апам бір апамнан сорақы» деген осы. Біз мына жақта біліксіз кадр дайындайтын университеттер туралы жазып жатсақ, Көкшеде көк қағазға көк дипломды бұрқыратып сатып жатыпты. Сорақы демей не дейсің? Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук «41 жастағы ер адам орта арнаулы және жоғары білім дипломдарын, жеке куәліктер мен төлқұжаттарды, Ресей Федерациясының автокөліктеріне техникалық төлқұжат пен техникалық байқау құжатын, сондай-ақ автокөлік жүргізу куәлігінен айырылғандарға жүргізуші куәлігін жасаған. Цехты тінту кезінде ноутбук, қолдан жасалған мөр, принтер мен ламинатор, ұялы телефон мен флеш-карта сияқты әртүрлі құрал-жабдық табылып, тәркіленді», – деді.
Әлгі азаматқа аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабының 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Күдікті 2004 жылы дәл осы бап бойынша жауапкершілікке тартылыпты.
Біз жазған алдыңғы оқиға болсын, мейлі соңғысы болсын, қай-қайсысы да ұрпақты сауатсыз, ұлтты мәңгүрт ететін әрекет. Қылмыстың ауыр-жеңілі болмайды. Ал білім саласындағы олқылықтың ешқайсысын кешіруге келмейді.
Жарас КЕМЕЛЖАН