«Asia Trafo» — трансформатор жабдығын шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі зауыт. Жылдық қуаты – 12 000 МВА. Кәсіпорын өндірісінде прогрессивті және экологиялық таза технологиялар қолданылады. «Asia Trafо» үздік өндірісімен, өнімінің жоғары сапасымен 2023, 2025 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақстанның үздік тауары өңірлік көрмесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Шымкентке сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы зауытқа барып, аралаған болатын.
Зауыттағы жұмыс процесі туралы Jasqazaq.kz тілшісіне «Asia Trafo» ЖШС Конструкторлық-техникалық бөлімінің инженер-конструкторы Дина Тәжібай егжей-тегжейді айтып берді.
Шымкенттегі «Asia Trafo» ЖШС — кернеуі 110, 220, 500 кВ, қуаты 500 МВА-ға дейінгі күштік майлы трансформаторлар мен автотрансформаторлар, сондай-ақ реакторлар шығаратын әлеуеті жоғары өндіріс орны. Дина Тәжібай: «Зауытта 250 адам елімізді трансформатормен қамтамасыз ету үшін тер төгіп жүр. Олардың орташа жалақысы – 650 000 теңге. «Asia Trafo» – қазақстандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндірушісі құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. Зауыт өнімдері Қазақстанда алғаш рет өндіріліп, еліміздің күрделі жоғары вольтты жабдықтарды өндірудегі әлеуетін айқындайды», — деді.
Қазақстан Республикасы үшін бірегей зауыттың құрылысы 2017 жылы басталып, 2019 жылы іске қосылған. «Asia Trafo» Шымкент қаласының «Тассай» индустриалдық аймағында 12 гектар аумақта орналасқан.
Зауыттың негізгі өнімдері – кернеуі 110, 220, 500 кВ, қуаты 500 МВА-ға дейінгі күшті майлы трансформаторлар мен автотрансформаторлар, сондай-ақ электр жеткізу желілері үшін жоғары вольтты шунттау реакторлары. Зауыттың жобалық қуаты жылына 12 000 МВА-дан асады. Өнім өткізу нарығына Қазақстан, ТМД елдері кіреді, сондай-ақ Шығыс Еуропаға табысты жеткізу тәжірибесі бар.
«Жаңа өнім түрін шығаруға талпыныс жасап көрдіңіздер ме?» деген сауалымызға Дина Тәжібай былай деп жауап берді: «Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарына (ҒЗТКЖ) ерекше назар аудара отырып, зауыт жыл сайын жаңа өнім түрлерін меңгеруде. Мысалы, 2023 жылы «Asia Trafo» компаниясының қазақстандық инженерлері еліміз тарихында алғаш рет қуаты 250 000 кВА, кернеуі 500 кВ болатын үш фазалық автотрансформатор жасап шығарды. Өнімнің жалпы салмағы 295 тоннаны құрады. Автотрансформатордың жалпы ұзындығы 13 метрден, ал биіктігі 10 метрден асады. Бұл – еліміздегі ең ірі автотрансформатор түрінің бірі. Өнімнің жалпы салмағы 295 тоннаны құрады. Соңғы бес жылда «Alageum Electric» компаниялар тобы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) 3 миллиард теңге бағыттады».
Сондай-ақ ол кәсіпорынның қандай стандарттарға сай жұмыс істейтініне тоқталып өтті. Аsia Trafo кәсіпорны – бұл заманауи технологиялар, жоғары дәлдікпен автоматтандырылған жинақ және өндірістің әр кезеңінде сапаны қатаң бақылауды ұштастыратын бірегей өндіріс орны. Зауыттағы барлық өнім Қазақстанда алғаш рет шығарылады. Мұның өзі республикада күрделі жоғары вольтты жабдықтарды өндіру мүмкіндігінің бар екенін көрсетеді. Өнімдер ISO және IEC сияқты халықаралық стандарттарға сай сертификатталған, бұл оның жоғары сапасын және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді.
Зауыт өнімдері қазірдің өзінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей сияқты елдерге экспортталып жатыр. Жақын арада Кавказ бен Таяу Шығыс нарығына шығуды, сондай-ақ Шығыс Еуропа бағытында экспортты дамыту жоспарланған. Дина Тәжібайдың айтуынша, экспорт көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Ал бұл шетелдік серіктестердің қазақстандық инженерлік өнімге деген сенімін көрсетеді.
«Сонымен қатар, біз өндірістік қуаттарды, әсіресе, өте жоғары кернеулі трансформаторлар сегментінде кеңейту мүмкіндігін қарастырудамыз. Қазіргі уақытта әлеуетті серіктестермен ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізілуде», — дейді ол.
Зауытта өндіріске прогрессивті және экологиялық таза технологиялар енгізілген. Конструкторлық құжаттаманы әзірлеуден бастап шығарылатын бұйымдарға сервистік қызмет көрсетуге дейінгі заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету және машина жасаудың әлемдік көшбасшыларының жұмыс тәжірибесі негізінде өндірісті басқарудың жаңа жүйесі орнатылған. Зауыт аумағында 1500-ден астам жеміс ағаштары отырғызылған. Asia Trafo зауыты 2020 жылы өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы «Жасыл кеңсе – 2020» II Республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Бұл марапат кәсіпорында энергия үнемдеу мен ресурстарды тиімді пайдалану қағидаттарына негізделген экологиялық жауапкершіліктің жоғары деңгейін растайды.
Бізді қызықтырғаны — осындай бірегей зауыт үшін маман даярлау мәселесі. Дина Тәжібай ең алдымен инженерлік әлеуетті дамыту – зауыт қызметінің негізгі бағыттарының бірі екенін айта келе: «Өз кадрларын даярлау мақсатында зауыт дуалды оқыту жүйесі аясында Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. 2023 жылы зауыт базасында Satpayev University «Энергетика» кафедрасы ашылды. Өз мамандарын даярлау мақсатында Alageum Electric компаниясы 2012 жылы Кентау қаласында өзінің колледжін ашты. Бұл колледж электротехникалық салаға жыл сайын 100-ден астам сұранысқа ие мамандарды даярлап шығарады. Қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік пакет қарастырылған, ал басқа қалалардан келген мамандарға тұрғын үй, ақылы тәжірибе мен өндірістік практика ұсынылады» , — деді.
Айта кетейік, «Alageum Electric» компаниялар тобы әлеуметтік жауапкершілігі бар холдинг ретінде соңғы үш жылда демеушілік және қайырымдылыққа 6,9 млрд теңге бөлді. Негізгі жобалар арасында – Ұлттық спорт түрлері федерацияларын демеушілік ету, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Қазақ тілін дамыту қоры, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қайырымдылық көмек көрсету, Шымкент қаласы мен басқа да өңірлердегі қалалық нысандарды реконструкциялау сияқты жобалар бар.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дина Тәжібай — инженер-конструктор. Зауыттағы инженер-конструктор — ойлап табушы, яғни трансформаторларды ойлап табады, есептеумен айналысады. Сызбасын жасайды. Жалпы барлық үдерістерді қарастырады. Өзінгің айтуынша, қазір 220 келілік, 250 мың МВА трансформатордың жобасы дайындалуда. Бұл жерде үлгі де, идея да, шығармашылық дейсіз бе, бәрі бар. Сан мен физика ұғымдарынан құралған бәріне ортақ сол бір заңдылықтарға сүйеніп жұмыс істейді. Физика, индукция, т.с.с. толық заңдары бар.
Сондай-ақ әр трансформатордың өз жабдығы болады. «Сол жабдықтардың сызба нұсқасына қарап отырып, біз өзіміздің нобайымызды дайындаймыз. Кейін оны құрастырушылар, яғни подстанцияларда эксплуатация жасайтын мамандар оны басшылыққа алады. Қазіргі таңда трансформатор құрастыру ісінде қуат сақтауға айрықша мән беріледі. Сонымен қатар бұл қондырғылар энергияны үнемдеп қана қоймай, атмосфераға зиянды қалдықтарды аз таратады», — дейді ол.
Зауыт бірнеше цехтан тұрады екен. Біз Дина Тәжібайдан сол цехтардың өндірістік жұмыс процесі туралы сұрадық. Ол: «Орау цехында қуаты азайғанда, кернеуін көтеріп, сол арқылы ұзақ жерлерден тасымалдай аламыз. Трансформаторға келген кезде, керісінше, қуатын көтеріп, кернеуін түсіреміз. Сол арқылы біз әрі қарай зауыттарға, жеке үйлерге, қалаларға жеткізіп береміз.
Оқшаулағыш бөлшектерін дайындау бөлімінде бұрын техниканың барлығын өзіміз бірнәрсе етіп амалдайтынбыз. Қазір технологымыз мұнай арнасын жасатып берді. Арнайы детальдармен К120 пен 02 бөлшегін желіммен жабыстырамыз. Бұдан шығатын бөлшекті НУ200 екі жүз деп айтады. Рейкілерді машинадан өткізіп, таскісін алып аламыз. Алғаннан кейін тазалап, желімдеп, өлшемін шығарамыз.
Қазір ауыл арасында жарыққа жүктеме көп. Біз сол жүктемені азайту үшін қуаты күшті 220, 500, 600 МВА болатын үлкен трансформатор шығарып жатырмыз. Бұл бізге өте қажет», — деді ол.
Дәнекерлеу-дайындау учаскесінде дәнекерлеуші трансформатордың табанын кеседі. Ал бояу учаскесі цехына бірінші металлопрокат келеді. Дайын болған өнімдер осы учаскеге жеткізіледі. Трансформаторларды зауыттағы мамандар құрастырады. Айта кеткен жөн, осы зауытта шығарылып жатқан трансформатор — электротехника саласындағы соны жаңалық. Осы орайда Дина Тәжібай: «Үлкен өндіріс ошағының өнімі мұнай өңдеу, құрылыс саласында да, жәй үйімізде де үлкен сұранысқа ие. Егер маған «Өз Отаныңа деген отансүйгіштік сезіміңді қалай көрсетесің?» десе, мен жұмысымның, шығарып жатқан өніміміздің сапасын айтар едім. Екінші жағынан, зауытымызға түсіп жатқан тапсырыстарды уақытылы орындауды алға тартамын», — деп атап өтті.
Оның айтуынша, зауыттағы сынақ зертханасы да — Орталық Азияда теңдесі жоқ сынақ зертханасы. Мұнда 25 түрлі трансформатор сынақтан өткізіледі. Барлық стандарттарға сынақ жүргізіледі. Үш фазалы, бір фазалы трансформаторлар тексеріледі. 110 киловольттан 500 киловольтқа дейін әр түрлі қуаттылықта 16 мың киловольт амперден бастап 250 киловольт амперге дейін тексереді. Кернеу беретін өз жүйесі бойынша үш фазалы трансформаторда 120 киловольтқа дейін кернеу бере алады. 4 000 амперге дейін тексере алады. Бұл құрылғымен ауыр соққы, қысқа тұйықталуды тексереді. Трансформатордың импульстік кернеу генераторы деген — найзағай импульсін имитация жасау арқылы 2200 кернеу беру.
Дина Тәжібай: «Күнделікті өмірімізге қажеттінің барлығы электр энергиясына байланған. Мәселен, қалаларды сумен және жарықпен қамтамасыз ету үшін сорғылар қолданылады. Егер жарық өшіп қалса, олардың жұмысы тоқтайды. Біздің еңбегіміз зая кетіп жатқан жоқ, себебі күн сайын нәтижесін көріп жүрміз. Соған қуанамыз», — деді.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Шымкент қаласы