Қант төңірегіндегі қиқу басылар басылмас, ұры желдей ой-қырды кезген қаңқу сөз ас атасына қарай ойысты. Алдымен диірменшілер дабыл қақты. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында диірмендердің елеулі бөлігі істемей тұрған көрінеді. Олар елімізде «бір жарым аптаға ғана жететін бидай қоры бар» дейтін күмәнділеу мәліметті көлденең тартты.
«Біз екі-үш аптадан бері бидай сатып ала алмай отырмыз. Себебі, ұсыныс жоқ. Осының нәтижесінде ұн бағасы қымбаттайды. Қымбатшылықтан қашып құтылу мүмкін емес. Өйткені біз өндіретін өнімнің өзіндік құнының 85 пайызы шикізатқа тәуелді» делінген астық өңдеушілер ұйымы таратқан суыт мәлімдемеде. Сол-ақ екен, түймедейді түйедей етіп көрсеткісі келетіндер «нан қымбаттайды» деп байбалам сала бастады.
Шикізаттың жоғын айтып, қаптың түбін қаққысы келетіндердің пікірі «күмәнділеу» дейтініміз, жыл сайын миллиондаған астықты қамбаға құятын Қазақ елінде «бидай тапшылығы» дейтін түсініктің өзі қисынсыз екенін бәрі біледі. Дегенмен диірменшілер бекер аттан салмағанын айтады. Қазақстан астық өңдеушілер одағының вице-президенті Әлихан Талғатбек тілшілерге мұны былай түсіндірді: «Біздің мақсатымыз – байбалам салу емес. Ескерту. Мәселені жоққа шығара алмаймыз. Қазақстандықтарды ұнмен қамтуға ай сайын 280 300 тонна көлемінде астық керек. Қазір шикізат сатып ала алмай отырмыз. Бағаны тоннасына 150, 160, тіпті 170 мың теңгеге дейін көтердік. Ұсыныс жоқ. Бірақ ескертетін жәйт, олай болған жағдайда ұн да қымбаттайды. Сондықтан астық экспортына шектеу енгізуді ұсынып отырмыз. Өйткені бас-аяғы он күнде теміржолмен 165 мың тонна астық шетке шығып кетті».
Ал диқандар мұндай уәжбен келіспейді. Олар мұндай жағдайға бұған дейін бидайды терістік көршіден сатып алып отырған диірменшінің өзі кінәлі деп есептейді. Ресейден дән тоқтаусыз келіп тұрған кезде жергілікті шаруаның өніміне сұраныс болмапты. Отандық бидайдың орнына шетелдік өнімді жөн көрген. Мәскеу әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттеріне астық экспортын биылғы 15 наурыздан 30 маусымға дейін тоқтатқаны мәлім. Қазақстан астық одағы шетелдік арзан шикізаттан қағылған диірменші ендігі жерде шығынды жергілікті бидайдың есебінен толтырғысы келеді деп есептейді. Осы ұйымның ресми өкілі Евгений Карабанов диқан бейнетінің зейнетін көргісі келетінін, жұмсалатын шығынның орасан екенін айтады. Ол: «Егін егу жұмысына арналған ресурс еселеп қымбаттады. Мен сізге жіліктеп те айтып бере аламын. Тыңайтқыштар 1,8 пайызға, зиянкестерге арналған жабдық 2 жарым есеге, тұқым 1,7 пайызға, қосалқы бөлшек 3 есеге қымбаттады. Сондықтан астық өсірушілер қазіргі нарықтағы бағаға өнімін сату арқылы шығынын өтеуге тырысады. Ал біздегі баға қымбат емес. Егіншілер тек еңбегінің ақысын ғана алғысы келеді», — дейді.
Салаға жауапты ауыл шаруашылығы министрлігі ахуалдың тұрақты, жағдайдың толық бақылауда екенін мәлімдеді. Дау-дамай астық өсіруші мен өңдеушінің ортақ мәсілеге келе алмауынан туындаған көрінеді. Сатушы мен сатып алушы баға бойынша тіл табыса алмапты. Қазір отандық бидайдың тоннасы 160 мың теңгеге саудаланып жатыр. Осы мәселеге түсініктеме берген вице-министр Айдарбек Сапаров жоқ жерден жік шығарып, байбалам салмауға шақырды. Оның айтуынша, елде астық жеткілікті. Биылғы 1 сәуірдегі көрсеткіш бойынша, қамбадағы дән 6,5 миллион тоннадан асады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға, сондай-ақ сыртқа жөнелтуге де толық жетеді. Бұған қоса, Азық-түлік корпорациясының қорында 800 мың тоннадан астам астық бар. Қажет болып жатса, оны ішкі нарыққа жіберуге болады. Егер өңірлерден сұраныс түсіп жатса, қордағы астықты арзан бағамен жөнелтіледі. Сәрсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында министрліктің агро азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова әлеуметтік нан бағасын тұрақты күйде ұстап тұру үшін ішкі нарыққа арзандатылған бағамен астық жіберілетінін хабарлады. Оның айтуынша, әкімдіктер алдағы егін орағына дейін 275 мың тонна көлемінде баға төмен бидайға тапсырыс берген. Бүгінге дейін өңірлерге 36 мың тонна бидай арзан бағамен жіберіліпті.
Айта кеткен жөн, астық әлеуметтік ұн санатына жатады, яғни әлеуметтік нанға ғана жұмсалады. Демек ас атасының құны қалыпты күйінде қала береді. Ал өзге ұн өнімдерінің бағасының өсуі әбден мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы мәселеге орай «Әлеуметтік нанға ұн жеткілікті. Бірінші сұрыпты 400 грамдық әлеуметтік нанның бағасы сақталады. Оған біз 275 мың тонна бидайды өзіміздің қорымызда сақтап, өңірлерге солардың сұранысымен жіберіп отырамыз. Қалған ұн өнімінің бағасы бидай бағасымен байланысты болады» деді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты тұрақтандырып, бағаны ауыздықтау мақсатында 15 сәуірден 15 маусымға дейін астық пен ұн экспортына квота енгізеді. Шаруалар тек 1 миллион тонна дән мен 300 мың тонна ұнды шетке жөнелте алады. Сонымен қатар, астықтың 10 пайызын арзан бағамен ішкі нарыққа сатуға міндетті.
Диқан мен диірменші арасындағы келіспеушілікке қатысты Е.Қарашөкеев те өз пікірін білдірді. Ол: «Біз бидай, не ұн өңдейтін өндірушілер арасында келісіссөз жүргізе алмаймыз. Шу көтеріп отырғандардың 80 пайызы, ұн өңдейтіндердің 80 пайызы экспортқа шығарып отыр. Сол себепті олар өзара келісуі керек», – дейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері елдегі элеваторларда қанша астық барын тексерген деседі. Оның нәтижесіне жүгінсек, бидай тапшылығы болған емес, болмайды да.
Талап Тілеген