jasqazaq.kz

Digital Bridge 2025 аясында 41 меморандумға қол қойылды

07 қазан 2025, 17:51

Қазақстан Digital Bridge 2025 аясында бірқатар келісімдер жасау арқылы ақпараттық технологиялар мен инновациялардың жаһандық қауымдастығындағы елеулі рөлін айқындай түсті. Форум барысында мемлекеттік органдар, ірі компаниялар, халықаралық технопарктер және басқа да ұйымдар IT-инновацияны дамытуға бағытталған 41 құжатқа қол қойды.

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Freedom Bank Kazakhstan, Yandex Qazaqstan, Binance, 3D Global Limited сынды халықаралық компаниялармен, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ секілді ұлттық ұйымдармен бірқатар меморандумға қол қойды. Құжаттар цифрлық қаржыны дамыту мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.

Маңызды оқиғалардың бірі – Astana Hub халықаралық инновациялық кластері мен робототехника саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Қытайдың UNITREE компаниясы арасындағы меморандум болды. Тараптар Астанада alem.ai жасанды интеллект орталығының базасында мамандандырылған робототехника зертханасын ашуға уағдаласты.

Форум аясында тағы бір маңызды қадам – Astana Hub пен әлемдік стартап-экожүйелерді талдайтын StartupBlink платформасы арасындағы әріптестік болды. Қазақстан тарихта алғаш рет Global Startup Ecosystem Index 2025 рейтингінде Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші орынға шықты, ал Astana Hub – Top Startup Hub in Central Asia мәртебесіне ие болды. Құжат стартап экожүйесін бірлесе дамытуға, тәжірибе алмасуға және қазақстандық технологиялық компанияларды халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған.

Жалпы, Astana Hub Digital Bridge 2025 аясында жеті меморандумға қол қойды. Олардың қатарында Түркиядағы GEN Türkiye ұйымын басқаратын және әлемнің 178 елін қамтитын жаһандық GEN Global кәсіпкерлік желісінің мүшесі Habitat Association ұйымымен әріптестік туралы келісім бар. Бұл құжат кәсіпкерлерді қолдауға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Түркия инновациялық экожүйелері арасындағы байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университетпен меморандумға қол қойылып, студенттердің Astana Hub экожүйесіне қол жеткізуіне, стартаптарды қолдау бағдарламаларына қатысуына және практикалық дағдыларын дамытуына жол ашылды.

Сондай-ақ Astana Hub резиденті Biometric.Vision биометриялық компаниясы мен inDrive жаһандық қалалық сервис платформасы да серіктестік туралы келісім жасасты. Ынтымақтастық inDrive-қа жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. Бұл шешімдер пайдаланушылардың қауіпсіздігін арттыруға ғана емес, бүкіл платформаның инновациялық дамуына серпін бермек.

Еске салайық, Digital Bridge 2025 халықаралық форумы 2–4 қазан аралығында Астанада өтуде. Бұл – Орталық Еуразиядағы технология және жасанды интеллект саласындағы ең ауқымды іс-шара, ол әлемдік индустрия көшбасшыларының, инвесторлардың, сарапшылардың және стартаптардың басын қосты.

Биылғы форум серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында ұйымдастырылды. Барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылды.

JQ-Aqparat

Сурет: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 

 

17 наурыз, 15:22
Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде
16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
13 наурыз, 16:07
Тіршілік нәрі - судың нарқы қашанда қымбат
12 наурыз, 15:28
Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
11 наурыз, 12:19
«Таза Қазақстан» акциясы биыл өз жалғасын таппақ
10 наурыз, 15:21
Сұңғат Есімханов: Елімізде 163 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді