Халықтың денсаулығын сақтау мемлекет саясатындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да айтылды. Осы ретте Астана тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету үшін қолдан келгенше жан-жақты жағдай жасалып жатыр.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов бізге берген сұхбатында: «Қазір қалалық денсаулық сақтау жүйесінің алдында шешімін күтіп бірнеше күрделі міндеттер тұр. Алғашқысы халық санының белсенді өсу факторы (орта есеппен 40-50 мың адамға) және астананың қарқынды құрылысына байланысты. Бұл өз кезегінде жұмыс істеп тұрған емханалар мен ауруханаларға артық жүктеме салады. Әсіресе, акушерлік және балалар орындары тапшы. Жағдайды жақсарту үшін біз бірқатар кешенді шаралар қолға алдық. Қазіргі орын тапшылығы мен тұрғын санының өсуін ескере отырып, 2023-2026 жылдар арасында 18 нысанның құрылысын салу және қайта жаңғырту жоспарлануда. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен іске асырылатыны — 4 нысан, жергілікті бюджет есебінен – 7 нысан. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тағы да 7 нысанның құрылысы жүргізілмек», — деді.
Бүгінде мемлекеттік сектордағы денсаулық сақтау саласында 11 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді екен. Оның ішінде 3,4 мыңнан астамы дәрігерлер болса, орта медицина қызметкерлері – 6 мың шамасында және кіші медициналық персонал – 2 мыңнан астам адам.
Айта кету керек, Елордадағы денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Медицина мамандарының тапшылығын азайту мақсатында бірқатар шаралар қабылданып жатқан көрінеді. Мәселен, биылғы жылы дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға өседі деп күтілуде.
Т.Мұратовтың айтуынша, 243 орынға мемлекеттік грант бөлініп, оның ішінде былтыр оқу бітірген 151 жас маман жұмыспен қамтылған. 2023 жылы тағы 92 жас маман келмекші.
«Қазіргі уақытта медициналық жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс бойынша республикалық бюджет есебінен оқып жатқан 300-ге жуық жас мамандарды кейін медициналық ұйымдардың қажеттіліктеріне сәйкес бөлетін боламыз», — дейді басқарма басшысы.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру да бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Жақында №2 көпбейінді қалалық ауруханада жаңа госпитальдық фармация бөлімшесі өз жұмысын бастады. Бұл – Астанада алғаш рет жүзеге асырылған жоба.
«Мұндағы басты мақсат – препараттарды пациенттерге жеткізуді орталықтандырып, жүйені цифрландыру. Науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері де автоматты түрде қадағаланып отырады. Бөлімнің бірегей тұсы да осы: дәрі-дәрмекті ысырап қылмай, артық шығынның алдын алу. Сондай-ақ дәрі-дәрмекті дұрыс бөлмеу қаупі де әжептәуір азаяды. Алдын ала есептеулер бойынша, жоба жылына 400 млн теңгеге дейін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді», — дейді дәрігер мамандар.
Госпитальдық фармация бөлімшесінің жобасы әлемдік тәжірибеде кең қолданыста әрі халықаралық талаптардың бірі болып саналады. Қазір қала бойынша 9 аурухана болса, алдағы уақытта көпбейінді ауруханалардың барлығында аталмыш жүйені енгізу жоспарда тұр.
№2 КҚА бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев: «Жобаның негізгі міндеті — дәрігерлердің тағайындауы бойынша медициналық препараттарды уақтылы және сапалы дайындау, оларды медициналық ұйымның клиникалық және пара-клиникалық бөлімшелеріне жеткізу. Дәрілік препараттар клиникалық фармакологпен әр науқасқа оның жасы, салмағы, қарсы көрсеткіштері, тәуліктік дозасы және өзге де өлшемдер бойынша тағайындалады. Бұл жобаны іске асыру кезінде біздің клиникада бұған дейін жүзеге асырылған Акгюн ақпараттық жүйесінің дайындығы маңызды рөл атқарды», — деп атап өтті.
Аурухана басшысы мекеменің екі бірдей ғимаратын біріктіріп, оған қоса қабылдау бөлімшесінің хабына айналатын жаңа жобаны таныстырды. Дәл осы тұста балаларға арналған жаңа травматологиялық пункт ашу жоспарға енгізілген.
Сондай-ақ пациенттерге бір қадам жақындық – оларды қолдау қызметі, электрондық кезекті енгізу, науқастарды жоспарлы госпитализациялау алгоритмі бойынша жұмыс істейтін фронт-офис ашылды. Жақын арада барлық ниет білдірушілер онлайн режимде бос төсек-орын санын көре алатын мүмкіндік туады, бұл қызмет аурухана сайтында да қолжетімді болмақ.
Абзал Ибрагим,
Астана