Жастар арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы, жазғы Универсиада ойындарының жеңімпазы, ауыр атлет Альберт Линдердің қазасына қатысты спортшылардан түскен шағымнан кейін арнайы комиссия құрылған болатын. Комиссия Қазақстан ерлер құрамасының аға бапкері Сергей Седовты тергеу жұмыстары аяқталып, шешім шыққанға дейін қызметінен босатты.
Биылғы күз, күз дейміз-ау, тамызда Токио төрінде өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы сәтсіздіктен кейін-ақ қазақ спортының қазанында бұрқ-сарқ қайнаған қайшылықтар сорпа бетін бүркеген көбіктей боп қалқып шықты. Бір емес, бірнеше оқиға дүркін-дүркін орын алып, қоғамның дегбірін қашырып жатыр. Спортты мәдениеттен бөліп алып жеке-дара тізгінін түріп беру жайы бұған дейін де айтылып та, жазылып та келді. Бейбіт күнде елдің атағын аспандатып, байрағымызды желбірететін саланың айналасы қазір даудың астында. Сан тарау тармағында тамырланған жемқорлықты жүйеге айналдырып алғандардың жемсауы жұтып жатыр, тояттар емес.
Күні кеше 25 жасында талантты ауыр атлет өзінің өмірін қиды. Альберт Линдер кімге өкпеледі? Өмірден баз кештіріп, тағдырының тамырын қиятындай жағдайға не итермеледі? Семен Линдер бауырының қамшының сабындай қысқа ғұмырында тау көтеріп жүріп жинаған құнды медальдарын неліктен көмді? Іштегі запыран, бауырынан айырылған қайғының зары ғой. Оңай емес, әрине.
Альберт Линдердің қайғылы қазасынан кейін бауыры Семен Линдер мен ауыр атлет Горичева сұхбат беріп, оның өзіне қол жұмсауына жеке бапкері болған Сергей Седовты айыпты санайтынын айтқан еді. Спорттан шетқақпай көріп, жан бағу үшін көлік жөндеу орталығында, құрылыста нәпақа тапқан Альберт Линдердің келте ғұмыры 25 жасында қиылып түсті.
Оның өз өмірін қиюға не себеп екенін арнайы құрылған комиссия мен тергеу ісі анықтайды.
Қыздар боксында өршіген даудың дауылы әлі басылмай тұр.
Мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстан спортының тарихында әйелдер арасынан тұңғыш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанған Элизабет Тұрсынбаева 21 жасында спорттық мансабын аяқтады. Үлкен спортпен қош айтысуға ауыр жарақатының жазылмауы себеп. Кіндік қаны Мәскеуде кесіліп, Канада, АҚШ сынды қысқы спортқа алабөтен көңіл бөлетін елдерде шыңдаудан өткен Элизабет Тұрсынбаева 19 жасында Жапония еліндегі әлем чемпионатының күміс медалін олжалады. Жапондардың Сайтама қаласында өткен әлемдік сайыста еркін бағдарлама кезінде әлемді аузына қаратты. Жер жүзінің таңдаулы мәнерлеп сырғанаушы қыздары орындай алмай келе жатқан әдіс бар, «сальхов» деп аталады. Жалпақтап айтқанда, әуеде қалықтап, табаны жерге тигенше төрт мәрте айналу. Төрттік секіру деп тәржімаланған осы әдісті қыздар арасынан әлемде алғаш болып Элизабет Тұрсынбаева орындады. Осы даралығының арқасында әлем чемпионатының күмісіне қол жеткізді. Өткенде Тұрсынбаеваның анасы, Мәскеуде тұратын Падишахан Сұлтанәлиева жергілікті телеарнаға сұхбат беріп, қызының қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан қатысқанына өкінетінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан қысқы спорт түрі, оның ішінде мәнерлеп сырғанау сайысы бойынша әлемде держава саналмайды екен. Сондықтан да Олимпиада ойындары сынды салмағы басым додаларда спортшыға қолдау көрсету кемшін соғатын көрінеді. Анасының сыртта отырып, сынаған сөзі үшін спортшы қыз өз халқынан кешірім сұрады.
Рио Олимпиадасында күміс медаль иеленген Жазира Жаппарқұлды жұрт ұмытпағанымен, спорт шенеуніктері «тізімнен сызып тастапты». Бала күнінен темір көтеріп жаттыққан Жазира 2016 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін жарақатын емдетіп, жаттығудан қол үзді. Олимпиаданың күмісімен күптелгенде күмпілдетіп мақтау сөзбен семіртіп, өбектеген шенділер спортшының сырқаты сыр беріп, жаттығудан шеттегенде ысырып тастады. Бапкерлік қызмет сұрап, емен есіктерді қаққанымен меселін қайтарып отырған. «Күшіміз барда сарқа пайдаланып, сырқатымыз шыққанда қарайласуды сап тиды» деп ренжіген Жазира Жаппарқұлдың қазақ спортына әлі де қосар үлесі ұшан-теңіз. Соны ұмытпаған жөн.
Жұрт спортқа жауапты шенеуніктердің пікірін білгісі келеді. Шара қолданса дейді. Алайда жоғарыда айтылған дауларға қатысты мәдениет және спорт министрінің қандай да пікір білдіргенін естімедік.
Жалпы спорт саласында қордаланған мәселе көп. Инфрақұрылым жетімсіздігінен де кей студенттер дене шынықтыру сабағын заманауи үлгідегі стадионда емес, ашық алаңқайда өткізіп жүр. Сын садағына жиі ілінген саладағы түйткілдерді шешу – уақыт оздырмайтын шаруа.
Қуаныш Рахмет