Дәу алма қаласында

16 ақпан 2018, 10:57

Жанат виза алуға көмектесетін фирмада істейді. Талайлардың шетелге баруына қолқабыс жасаған. Шаруасына тиянақты, қағазға ұқыпты. Жуырда мұхиттың ар жағына жол түскенде соған жүгіндік. Құжатты таңғы сегіз жарымда тапсыратын болдық. Межелі уақытта Шәкең (Шәмшидин Пәттеев, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры) мен Дәурен (Д.Қуат, Abai.kz порталының Бас редакторы) үшеуміз АҚШ Бас консулдығы орналасқан ғимараттың алдына жиналдық. Біздің топтағы Нұрекең (Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің Бас редакторы) біз сияқты кезек күтпейді. Ол өткен жылдың соңында Нью-Йоркке барып қайтқан. Біз сияқты 5 жылдық виза дәметпейді. 10 жылға бір-ақ алып қойған. Өзі айтпақшы, «Бұлақтың басынан» талай нәрсені көріп келген.

Адам ығы-жығы. Дені жастар. Немересін ерткен қарттар да кездеседі. «Үнемі осылай көп пе?» деп сұрадым Жанаттан. Оның айтуынша, американ визасына өтініш жасайтындардың қарасы қашанда мол. Америкаға барам деген арманы орындалмай, жылап шығатындар да жетерлік. Соңғы кездері Шымкент пен Жамбылдан келіп, туристік виза алғысы келетіндердің қарасы көбейіпті. «Не білімің жоқ, не тіл білмейсің ғой. Онда барып не істейсің? деп сұраған. «Барып такси айдаймын. Какая разница, мына жерде де айдайтыным сол такси. Ол жақта машина жаңа, ақшасы да көп» дейді екен әлгілер. Бірақ «шопыр келді екен» деп рұқсат қағазды ұстата қоймасы анық.

Американы қол жетпес арман қылған біздің БАҚ. Әсіресе, соңғы жылдары орыстілді сайттарда шетелдікке күйеуге шыққан бойжеткен, полицей, жүргізуші, шағын кәсіпкер, жұмысшы және студенттің Сэм ағай «үйіндегі» жұмаққа бергісіз өмірі туралы жазбалар қаптап кетті. Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, сарыны біреу – «бізде жаман, шетелде бәрі керемет». Тіпті, жұмыссыздың өзі шалқып өмір сүреді…

Шынымен сондай ма? Қарап отырсақ, бай-бағландар мекені Нью-Йоркте қайыршы көп. Сүйектен өтетін ызғарлы желдің өтінде, тастай суық асфальттің бетінде күн ұзақ отырады. Тіленші өзінің кім екенін, не үшін алақан жайып отырғанын алдындағы қағазға жазуды ұмытпайды. Times Square алаңына апарар жолда кездескен мына пақырдың жазғанына сенсек, өзі әскери ардагер, үйсіз-күйсіз, мүсәпір-міскін.

Көше мәдениетінен хабардар екенін білдіргісі келсе керек, «Мазалағаным үшін кешірім өтінемін» деп ақталады. Көрпесін тасқа төсеп, ұйықтап жатқандар да бар. Дәурен екеуміз осыдан 15 жыл бұрын әріптесіміз Марат Мадалимовтың басынан өткен оқиғаны еске түсіріп, бір күліп алдық. Канадамен шекаралас Сиэтл қаласындағы көшеде келе жатқанбыз. Мәкең тынымсыз. Жан-жағын түгел шолып келеді. Өзіне жымия қарағанның бәріне «Хай!» (сәлем) дейді. Қыз кездессе бұрылып қарап, көзімен шығарып салады. Сөйтеді де «Эх, мына жерде сұлу қыз көрсек, 100 доллар тауып алғандай қуанатын болдық қой» дейді әзіл-шыны аралас. Бір кезде Маратты таппай қалдық. Құжынаған көліктің арасынан өтіп, қарсы бетке жетіп қалыпты. Жол шетіне жантайған қайыршының қасына барды да, іле-шала кері қайтты. Ақша жинайтын құтыға ештеңе тастамады. «Не болды?» дедік жарыса. «Қайыршыға жаным ашып барып едім. Сөйтсем, қолында «крутой» телефон. Ондай «сотканы» бірінші рет көріп тұрмын. Ее, сенің жағдайың жақсы екен ғой» деп ештеңе бермей кеттім» деді күліп.

Дәу алма (Нью-Йорк) қаласында ауданды «боро» деп атайды. Бес боро бар. Аумағы жағынан ең үлкені – Куинз. Ең кішкентайы – Манхэттен. Шағын деп қорашсынбаңыз. Әлемдегі аса ірі қаржы және бизнес орталығы. Алпауыттардың ақшасы айналып, кірісі еселене түсетін жер. 90 жылдай бұрын Американы астаң-кестең еткен, жуанды жіңішкертіп, жіңішкенің белін үзген тоқырау осы аралдағы биржада басталған. Арал демекші, голландтар оны байырғы тұрғындардан небәрі 60 гульденге (24 доллар) сатып алған деседі. Оның өзінде ақша емес, арзан әшекей моншақ, айна-тарақ берген көрінеді. Мына ескерткіш сол сауда-саттыққа арналған. Бүгінгі есеппен арал бағасы 50 млрд долларға жуықтайды деп естідік.

Атауына қатысты жорамал да аз емес. Солардың біріне жүгінсек, үндіс тайпасының тілінде Манна-Хата, яғни «Мас болған жер» немесе «Бізді улаған мекен» деген мағына береді. 1524 жылы жағалауға алғаш аяқ басқан флоренциялық Ж. Веррацанно жергілікті тұрғындармен тіл табысып, айырбас сауданы қыздырады. Үндістерден кәрі құрлықта қаны жерге тамбайтын қымбат аң терісін алады. Оларға «отты суды» ұсынады. Сау адамды тентек ететін мұндай ішімдікті татып көрмеген аралдағылар көпке дейін ес жия алмайды. Ұрпағы бәлеге ұрынбасын деген шығар, бұл жерді «Бізді улаған мекен» деп атапты. Үндістердің трагедияға толы кейінгі тарихы көрсеткендей, отарлаушылар ержүрек, намысшыл халықты тұқыртып, жігерін құм қылу үшін тентек суды жойқын қару ретінде пайдаланды.

«Ақшаң болса, қалтаңда, талтаңда да талтаңда!» дейтін қазақтың қанатты сөзі осы қалаға қаратып айтылғандай. Бәрі жасыл қағазға байланысты. Ақшасы көп қымбат борода тұрады. Үйдің бағасы емес, салықтың деңгейі маңызды. Қалталылар тұратын Лонг Айлендте салық мөлшері жылына 38 мың долларға жетеді. Ал Бруклинде – 5-6 мың $. Қысқасы, қарама-қайшылықтар мекені. Көшеде арбасын сүйретіп, ыңыршағы айналған кембағалды да, 1 млн доллардың әшекейін таққан әжейді де көре аласыз. Зейнеткер – осында баяғыдан тұратын бай әулеттің өкілі. Ондайларды кейде «ескі ақша» деп атайды екен.

Иә, мұнда ақша табуға мүмкіндік мол. Такси жүргізушісі болғысы келетін біздің жігіттер бекер айтпайды. Сағатына 15-тен 35 долларға дейін табуға болады. Бұған шай-пұлды қосыңыз. Мәшине жолда бұзылса, қайтемін?» деп алаңдамайсыз. Бізге енді келіп жатқан TOYOTA 60-тар көшеде такси көлігі боп жүр. Жұмысқа кіру үшін емтихан тапсырады. Шаһарды бес саусағындай білуі керек. Ағылшын тілін меңгеруі тиіс. ТМД аумағынан барғандар үшін ең басты қиындық – тәртіп пен ережеге бағыну. Біздегідей сықырлаған ескі көлігінің ішіне адам толтырып жүретіндерді мұнда кездестірмейсің. Жолда жүру ережесін екі рет бұзып, айыппұл төлегендер лицензиямен қоштасады. Көліктің ішінде темекі тарту, есікті ашып жерге түкіретіндерді қандай жаза күтіп тұрғанын көз алдыңызға елестете беріңіз. Бір қызығы, жерлестеріміз шетте жүргенде өзін әдепті ұстайды. Осыған орай, белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов «Біздің азаматтар неге шетелде жүргенде түкірмейді?» деген сауал тастап, оған өзі жауап беріп еді. Бар мәселе – заңның орындалуында. Салықты аз төлеу үшін табысын жасыру, сатушының клиентке чек бермеуі, таразыдан жеу, мерзімі өтіп кеткен тауарды амалын тауып өткізіп жіберу, бензинге су қосып сату, тапсырысты дер кезінде орындамау секілді әккі амалдардың Америкада асуы неғайбыл. Міне, сондықтан мұхиттың ар жағына асыққандар заң мен талапқа бағынуы тиіс. Өйткені, «Бәлен жерде алтын бар, барса, бақыр да жоқ екен» деп тауы шағылып жатқандар да табылады.
Айта кеткен жөн, Америка бір күнде осылай бола қалған жоқ. Қайта әлгінде тізбелеген келеңсіздіктер мен келте қулықтың көбі бізге Батыстан келгенін еске сала кетейік. Сенбесеңіз, O`Генриді оқыңыз. Осы Нью-Йоркте дүниеден өткен жазушының кейіпкері емес пе еді, жапон шиесінің көшеті деп кәдімгі қарағаштың шыбығын сататын? Немесе, «Әмиянның түбіндегі ақшаңды әкелсең, он еселеп қайтарамыз» дейтін «пирамида» деген пәленің қабырғасын қалағандар ше? Америка жүздеген жылдар бойы алаяқтармен алысты. Ақыры заңның үстемдігіне қол жеткізді. Кеңестік жүйенің менталитеті мен капитализмнің кесірлі құбылыстарынан біртіндеп арылып жатқан еліміздің ондай күнге жетеріне еш күмәніміз жоқ.

Америкаға барып, ақпарат құралдары туралы айтпай кеткен жөн болмас. Бұдан бұрынғы сапарымызда әлемге әйгілі «Нью-Йорк Таймс» газетінде болып, редакцияның жұмысымен танысқанбыз. Тілшілер құлаққаппен отырады екен. Телефонның дауысы өзгелерді мазаламас үшін осылай жасапты. Бұл жолы барудың сәті түспеді. Есесіне, «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жігіттерді бастап, редакция басшыларымен жүздесіп қайтты. Басылымдар арасында байланыс орнату жайын сөз етіпті. Сол «Нью-Йорк Таймсты» вокзал ғимаратындағы дүкенде көрдік. Бағасы 3 доллар деп тұр. Әдетте, дүкендегі тауардың құны нақты бағаны көрсетпейді. 5.99 десе, оған қосымша құн салығын қоса төлейсің. Газетке олай емес. Баспасөз қосымша салықтан босатылған екен ғой деп түйдік.

Срайыл Смайыл

Байқауымызша, американдық БАҚ қазіргі билікті көп сынайды. Атақты «Тайм» журналының осы айдағы мұқабасы America Alone (Америка жалғыз қалды) деген жазумен шықты. Мұның себебін бір-екі ауыз сөзбен түсіндіру қиын. Жан-жақты талдауды қажет ететін күрделі тақырып. Оған реті келгенде тоқтала жатармыз.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?